Дүниежүзілік сауда ұйымының елімізге берері мол
Әлемдік деңгейдегі саясаткер, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатымен Қазақстан санаулы жылдар ішінде бүкіл әлем санасатын беделді, болашағы зор, дамыған 50 елдің қатарынан абыроймен көрінді. Қазіргі кезде «Нұрлы Жол» бағдарламасын басшылыққа алған еліміз өркениетті 30 елдің санатына ену жолында. Егемен еліміз өткенінен сабақ алып, бүгінгі беталысын саралап, ертеңгі бағыт-бағдарын нақты стратегиялық бағдарламалармен айқындауда.
Халқымызды кемел келешекке бастап, ел қамын ойлаған Елбасы өзінің ғаламдық деңгейдегі көшбасшылық қасиеттерімен жалпыұлттық экономиканың, оның ішінде ауыл шаруашылығының әлемдік деңгейде дамуына ықпал жасауда. Соның айқын дәлелі ретінде, жақында ғана Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына толық мүше болуын айрықша атап өтуге болады.
Мемлекетіміздің тұрақтылығын айқындайтын жаһандық сипаттағы негізгі мәселелердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Халықаралық азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) ақпараты бойынша қазіргі кезде дүние жүзінің 1 млрд.-қа жуық халқы, яғни әрбір жетінші адам азық-түлік тапшылығы салдарынан аштықтың зардабын тартуда. Әлем бойынша өндірілген азық-түліктің 30-40 пайызы өнім сапасының төмендігінен, стандарт талаптарына сай болмауынан тұтынушыға жетпейді. Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, 2050 жылы дүние жүзіндегі халықтың саны 9 миллиардқа жетеді. Демек, Жер шары халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі тіпті күрделене түспек. Бұл ретте басты салмақ ауыл шаруашылығына түсетіні сөзсіз. Осы орайда, Қазақстан аграрлы мемлекет болғандықтан, аталған проблемаларды шешуде өзінің тың инновациялық бағыттарын ұсына алады. Бүгінгі күні әлемдегі халық санының өсуі мен тұтынушылық қабілеттің жоғарылауына байланысты елімізде өңделген ауылшаруашылық өнімнің көлемін 70 пайызға арттыра отырып, халықаралық нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізудеміз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайтыны анық. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. Кәсіпорындардың шетел нарықтарына шығуы қамтамасыз етіліп, тұтынушылардың тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауына жол ашылады.
Бүгінде сауда-саттықтың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстанның ДСҰ-ға енуі сауданың жалпы қабылданған, өркениетті ережелерін сақтауды талап етеді. Сондықтан, аталған ұйымға мүше болған басқа мемлекеттер сияқты, қандай да бір қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктер орын алған жағдайда, Қазақстан осы ұйымның ережелері мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып, өз мүддесін шеше алады. Ал Қазақстан үшін бұл ұйымға мүше болудың басты артықшылығы – шет мемлекеттерден инвестиция тартуға үлкен мүмкіндіктердің туындайтыны. Қазіргі кезде шет мемлекеттерден елімізге тартылған инвестицияның жалпы көлемі 1 035,9 млрд. теңгеден асады.
Президент сенім артқандай, ДСҰ-ға ену әлемдік экономика интеграциясына, дүниежүзінің жетекші 30 елі қатарына енуге және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға барынша жағдай туғызады. Бүгінде Қазақстанның алдында ұлттық экономиканың мультипликативті тиімділігін арттыратын салаларды қарқынмен дамытуды жалғастыру міндеттері тұр. Ауыл шаруашылығы дәл осы міндеттерді іске асыру бойынша зор әлеуетке ие. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін еселеп ұлғайтудағы мүмкіндіктері мен ДСҰ талаптарын ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы зерттеулерге аса көңіл бөлінуі қажет.
Мемлекет басшысы 100 қадаммен атап көрсеткен Ұлт жоспарында экономиканың аграрлық секторын жаңартуға үлкен көңіл бөлінгенін ерекше атағанымыз жөн. Президенттік бағдарламаның 35-ші қадамында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың жолы оны нарықтық айналымға енгізу екендігі айтылады. Президент өзінің бес институттық реформасында аграрлық саланы дамытудың басымдықтарына тоқтала келе, басты мәселелердің бірі ретінде жер пайдалану мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде Қазақстан әлемдік жер ресурстарының 4 пайызын құрайтын көлемі 220 млн. гектар ауыл шаруашылығына пайдалы жерді иеленсе де, соның 9 млн. гектар мемлекеттік қорға жататын жайылымдық мақсаттағы құнарлы жері мүлдем пайдаланылмай отыр. Жердің 8 пайызға жуығы өндірістік қалдықтармен ластанып және т.б. себептермен ауыл шаруашылығына қолдану айналымынан шығып қалған.
Терең толғандыратын басты мәселелердің бірі, егістіктерде суару жүйелері тиімділігінің күрт кемуі, суару және дренаж жүйелерінің тозуы, жер асты суларын пайдалану барысында дренажбен толық қамтамасызданбағандығы және т.б. себептер жер бетінің батпақтануына және қайта тұздануына алып келуде. Осыған байланысты, елімізде кең көлемдегі жайылым жерлерді тиімді пайдалану заңнамалық деңгейде реттеуді талап етеді. Сондықтан, қазіргі кезде «Қазақстанның жайылым жерлері туралы» арнайы заң дайындалуда. Қазақстанның жалпы территориясының 67,0 пайызы немесе 187,0 млн. гектары жайылым жерлер. Ал қалпына келтірілетін жылдық мал азығының ресурсы 25,0 млн. тонна азық өлшемін құрайды немесе қоректігі бойынша, 1,0 млрд. пұт астық өндірумен тең. Дүниежүзілік банктің ақпараты бойынша, жылдық мал азығы 1,2 млрд. АҚШ долларына бағаланады. Бүгінгі күні мал азығының балансында жайылым шөптермен қамтамасыздандыру 50 пайызды құрайды, ал кейбір аймақтарда одан да төмен. Сондықтан, қабылданатын заңның біздің еліміздің мал шаруашылығын дамытуға маңызы зор.
Суармалы жайылымдық жерлерді пайдалану тиімділігін арттыруда мына мәселелер шешілуі тиіс:
Жайылымдық жерлерді суару жүйелерінің мемлекеттік басқаруда болуы; экологиялық мәселелерді шешу – су ресурстарын игеру барысында жиі және ұзақ пайдалануына байланысты суармалы жайылымдарды тоздырып жібермеу, жер асты және жер беті су көздеріне зиян келтірмеу; экономикалық мәселені шешу – суармалы жайылымды пайдаланатын шаруашылықтар иелері суару жүйесін пайдалану кезінде алынатын пайдасын, шығындарын, оның ішінде амортизациялық төлемдерін есептеп, оны өтеуі керек екенін түсінуі; техникалық мәселелерді шешу – су шығару жүйелерін техникалық негіздеу және экономикалық тиімді (электр жүйесіне тәуелсіз су қондырғылары) шараларды іске асыру мәселелерін анықтау. Оның ішінде өзектісі ескі құдықтарды іске қосу және жаңа құдықтар салу.
Бүгінде елімізде ауылшаруашылық өнімді өндірумен 189,9 мың агроқұрылым мен 1632,8 мың үй шаруашылығы айналысады. Агроқұрылымдардың жалпы санының 182,7 мыңы немесе 96,2 пайызы шаруа (фермер) қожалықтары болып табылады. Олардың 40 пайызының жер көлемі 10 гектардан аспайтындықтан, ұсақ ауылшаруашылық құрылымдарының өздері өндіретін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инновацияны ендіру, нарыққа сапалы тағам өнімдерін шығару мәселелерін дербес шеше алмайды. Сонымен қатар, олардың біліктілігі жоғары мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндіктері шектеулі. Осы және басқа да себептерге байланысты жерге иелік ету құқығы ауыл шаруашылығы өндірісі саласында білімі бар, шаруашылығы озық техникамен жабдықталған өндіріс иесіне берілуі тиіс. Жер қатынасы процедуралары ашық болып, ал тиесілі жер шаруашылықтың мамандандырылған саласына сәйкес тиімді пайдаланылуы керек.
Осы орайда Елбасы ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай жасап, ірілендірудің алғышарттарын қалыптастыру талабын қойып отыр. Осы талаптарды орындаудың басты жолы – ұсақ шаруашылықтарды кооперацияға шоғырландырып, инновациялық бағытта дамыту. Ауылшаруашылық кооперациясының экономикалық тұрғыдан тиімділігі шетел тәжiрибесiмен дәлелденген. Дүниежүзінде кооператив қозғалысы ауылшаруашылық өндiрiстің 100 пайызын, тамақ өндіру өнеркәсiбінiң 45-50 пайызын қамтиды. Кооперацияға шоғырлану – ауылдық жерде тұратын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылшаруашылық жерлердің тиімділігін және құнарлылығын арттыруға, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға ерекше ықпал етеді. Қазіргі уақытта аграрлық саладағы ғалымдар мен Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары бірігіп «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» заң жобасын дайындап, Парламент Мәжілісі қарауына ұсынды.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты жолы болып табылатын инновациялық технологияны игеру жалпы ішкі өнімнің өсуінің 90 пайызын құрайды. Қазіргі жағдайда елімізде ауыл шаруашылығы саласына инвесторлардың қызығушылығы төмен, оның үлесі 2 пайыздан аспайды. 2014 жылы ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 166,4 млрд. теңгені құрады.
Қаржының жетіспеуі ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге және заман талабына сай инновациялық технологияларды енгізуге кедергі келтіруде. Қазақстан ішкі сұранысын толығымен қамтамасыз ете алмағандықтан, кейбір азық-түлік түрлерін шет мемлекеттерден импорттайды.
Жуырда ғана Елбасы Миланда өткен бизнес-форумға қатысып, көлемі 500 млн. долларды құрайтын 20 келісімшартқа қол қойды. Соның бірі азық-түлік тағамдарын, ауылшаруашылық техникаларын өндіру. Бүгінгі таңда Қазақстанда экономиканың басым салаларына, оның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне қомақты қаржы салған инвесторларға жеңілдіктер қарастырылған. Айта кетсек, инвесторлар корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, шетелдік азаматтар үшін ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылған. Сонымен қатар, салынған нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін, жұмсалған шығынның 30 пайызын қайтарып беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Дамыған елдерде жалпы агроөндірістік кешен өнімнің 50-90 пайызы инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген. Біздің елде осы көрсеткішке жету жолында «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама», «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығын басқарудағы қазіргі жүйені қайта құру ғылым мен білімді барынша интеграциялауға және инновацияны тиімді түрде өндіріске енгізуге, ғылыми күш-жігерді түпкі нәтижеге шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Осы орайда Елбасы ауыл шаруашылығын дамытуда ғылымның рөлі орасан зор екендігін ескеріп, әлемдік талапқа сай келетін ғылымды басқарудың түбегейлі жаңа «Ғылыми саланың дамуының институттық негізі» деп аталатын моделін ұсынды. Жаңа модель ғылым келешегіне жастардың сенімін арттырды және ғылыми ізденістерде олардың зияткерлік әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік берді. Осы мақсатта 2020 жылдарға қарай ғылымды қаржыландырудың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2 пайызға дейін ұлғайту қарастырылған.
Соңғы уақытта жас ғалымдардың ғылыммен белсенді айналысуы кадрлық әлеуеттің өсуіне ықпал етті. Ғылыми-техникалық ақпараттың шетелдік ресурстары қолжетімділік жағдайға жетті. Соңғы 5 жылда ғылыми жарияланымдар саны 1000-нан 10000-ға дейін өсіп, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша сенімді түрде екінші елдер тобына енді. Елімізде бес ұлттық ғылыми және 15 инженерлік бейіндегі зертхана құрылды. Осының өзі магистрлер мен PhD докторларын дайындау барысында және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде олардың кәсіби деңгейін көтеруге септігін тигізуде.
Қазіргі кезде еліміздің аймақтарындағы көптеген фермерлер мен тауар өндірушілердің аграрлық сала бойынша тиісті білімдері болмағандықтан, кәсіби біліктері төмен. Сондықтан, біздің мамандардың көмектері мен ғылыми кеңестері осы проблемаларды шешуге барынша ықпал етуде. Бұл шаралар АҚШ пен Еуропа ғалымдарымен бірлесе отырып инновациялық жаңалықтарды, заманауи агротехнологияларды аймақтағы ауылшаруашылық саласына енгізуді жетілдіру мақсатында университеттегі «Экстеншн», «Жоғары фермерлер мектебі» арқылы іске асуда. Осы мақсатта біздің ғалымдар шетелдік озық тәжірибені кеңінен қолдануда.
Оқу орнымыздағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында және университетіміздің 6 ғылыми-зерттеу институты мен 31 зертханасында шетел ғалымдарымен бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылып отыр. Бұған қоса ауыл шаруашылығы саласында ықпалдасу мақсатында құрылған Қазақ-Корей инновациялық орталығында «Жасыл технологияларды» дамыту мәселелері зерттелуде.
Ғалымдарымыз ауылшаруашылық кәсіпорындары және шаруа қожалықтарымен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Солардың бірі «Байсерке Агро» негізінде құрылған оқу ғылыми-өндіріс орталығы. Ол түрлі ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен қатар, оларды өңдеумен де шұғылданады. Бір жағынан ғалымдар өндірісте озық инновациялық технологияларды игеруге жәрдем берсе, екінші жағынан студенттер тәжірибе алады, ал магистранттар мен докторанттарымыз ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. «Байсерке Агро» шаруашылығында жыл сайын университетіміздің үш мыңнан астам студенттері, магистранттар мен докторанттары оқу-өндірістік, технологиялық және клиникалық тәжірибеден өтеді. Елбасы Алматы облысына арнайы іс-сапармен келгенде «Байсерке Агро» жұмысымен тікелей танысып, онда атқарылып жатқан іс-шараларға оң бағасын беріп, университеттің осы тәжірибесін еліміздің білім нарығында кеңінен қолдануды тапсырды.
Ғылым, білім, өндірісті интеграциялау бағытында университет 2002 жылдан бастап жүйелі жұмыс атқарып келеді. Соның нәтижесінде білім саласына жаңа инновациялық технологияларды енгізу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тиімді механизмдерін әзірлеу, инфрақұрылымдарды дамытуға қол жеткізілді. 2011 жылдан бастап университетте аграрлық ғылыми-өндірістік «АгроДаму» консорциумы жұмыс істейді. Оның құрылымына әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар, ұлттық басқару холдингтері, «ҚазАгроИнновация» АҚ-тың 23 ҒЗИ, Білім және ғылым министрлігінің 10 ҒЗИ, тағы басқа ірі ауылшаруашылық кәсіпорындары мүше болды. Соңғы жылдары оқу орнымыз агроқұрылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде біздің түлектеріміздің 84,5 пайызы жұмысқа орналасады. 2014-2015 оқу жылынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын 12 ҒЗИ мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті бірігіп 100 магистрант, 22 докторант дайындауда.
Қорыта айтқанда, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұтқыр саясатының арқасында Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып, әлемде өз орнын нақтылап отырған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа индустриялық-инновациялық бағыттағы ұлттық экономикасын өркендетуде мүмкіндігі мол.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА вице-президенті, академик.
Алматы.