Есімнен мәңгі кетпес күндердің бірі – қыркүйек айының он сегізінші жұлдызы. Бұл қазақ поэзиясының хас жүйрігі, ақтаңгер ақын Жұматай Жақыпбаевтың өмірден озған күні, ғарыш төріне жұлдыз болып қонған күні! Дәлірек айтсақ, жамбасы жерге тиген, жүрегі Күнді сүйген күні! Мен Жұма ағам туралы ойға батсам болды, әманда, екі түрлі қалыпта боламын. Біріншісі – жер ортасы жасқа да жетпей, бұл жалғаннан ертерек көшіп кеткен ерен сезімді, ер жүректі ақынның кермек татыған келте ғұмырына деген өкінішке де, өкпеге де ұқсамайтын, тым сызды, тым сазды, ауыр, бейдауа сезімге бөленетінім. Ал, екіншісі – көзі тірісінде-ақ көпшілік жұрттың көкейіне жыр-жауһарын қондырып, «нағыз ақын» деген сөзге ие болғанына жан жұбатып, жақсы бір ойларға кенелетінім. Жұматай ақынның тірі кезіндегі атақ-даңқы ресми түрдегі көтермелеу көрмесе де, сол кездегі сыншылар да оның ақындық қуатын біле тұра көңіл бөлмесе де, жаны таза, жүрегі пәк жас ақындар оны «көзі тірі ұлы ақын» деп бағалады. Бас иді. Қошеметтеді. Олар өздерінің гүлдей нәзік, нұрдай таза өлеңдерінен өріп, лапылдаған жүрек оттарынан ұшқын шашып, лағыл тағып, тәж кигізді, қайыңның қапталындай қайсарлықтары мен еменнің иір бұтағындай мәрттіктерінен арнап соғып тақ мінгізді. Ал, Жұматай Жақыпбаевтай жампозға одан өткен бақыттың қажеті де жоқ болатын. Иә, бір шоғыр дара ақын ағалары оған қамқорлық көрсеткенін, қатарына алып жүргенін естен шығаруға болмайды. Қазір ойыма екеуміздің арамыздағы бір сәт түсіп отыр. Жұма ағам бір қысқа өлеңін оқыды. «Басында – тәж, алтын қамқа кигені, Қаны – қара, қатал еді не деген! – Азияны Ақсақ Темір биледі, Тірісінде ешкім «ақсақ» демеген. Сары шөлде, далада өтіп сан күні, Ғазал жазған, жаны сірі не деген! – Азияда Сағди шәйір қаңғыды, Тірісінде ешкім «ұлы» демеген. Жұмыр жерге кімдер келіп, қайтпаған, Сөзі жетпей қалған жоқ қой, теңесе. Шындықты жұрт қорыққанынан айтпаған, Мүлде, тіпті, білмеген соң немесе». Өлеңін оқып болып, ағамыз менің бетіме сынай қарады. Сонан соң әңгіме бетін өз өлеңінен тез бұрып, Сағди туралы айтып кетті. Оның шерге толы шеменді өмірін, ел кезіп, жоқшылық, қайыршылық көргенін, ақырында еліне оралып, «Бустан», «Гүлстан» атты үлкен шығармаларын жазғанын, сөйтіп, мәңгілік ұлы ақын болып қалғанын бие сауым уақыт баяндап берді. Менің өзім де Сағди туралы азын-аулақ болса да білуші едім, ал Жұма ағамның әңгімесінен кейін ұлы ақынның құпия жатқан қыр-сырларына қаныға түскендей болдым. Жақсы өлеңге жанымен, жүрегімен қуанатын ақындар көп. Жалпы, ақындар деген ақкөңіл халық қой. Ал, Жұма ағамның ондай сәттегі райы, жоғарыда айтып өткенімдей, беті мен көзінен білінетін. Қатты риза болғанда, «чеканный» деп, бас бармағын шошайтатын. Біз, жас ақындар, сол бір оймақтай ғана кішкене аузынан шығатын «чеканный» мен шошайған бас бармақты көру үшін жақсы өлең жазуға тырысушы едік. «Чеканный» – әсемдік пен әдеміліктің әтуірленген түрі, анықтап айтқанда, «мықты өлең» дегенді білдіретін бір түйір алтын сөз болған соң, қалай өйтпеске?!. Жұма ағамның жас ақындарға ұстаздық етуі, ақыл-кеңес беруі, жүріс-тұрыс, киім-киіс мәдениетіне дағдыландыру үрдісі басқалардан мүлде бөлек еді. Мәселен, жаңа өлеңіңді оқып берсең, ол өлең өзіне онша ұнамаса да, соның ішінен бір «жылтырағын» дөп басып тауып алады да, айтар пікірін содан бастап, көңіліңді көтеріп тастайды, содан кейін ғана әлгі «жылтырақты» қалай шекіп, қалай шетіп әсемдеп шығу керек екеніне ерінбей, жалықпай тоқталады. Сол кезде ғана бұл өлеңіңнің болашағы бұлдыр екенін түсініп, іштей күрсініп, ерніңді тістеп отырасың. «Чеканный» болмағанын білесің. Жұматайдай өлең көркемдігіне тым қатты назар аударатын ақын кем де кем. Ол өлеңінің сыртқы пішіміне ғана емес, ішкі үйлесім мен терең тебіреністің көркем көрінісіне де қатты назар аударатын. Ұлы Абай: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші – алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?» – демеп пе еді. Осы бір аңсаулы да, шаршаулы, салмақты да салиқалы сауалға келіп тірелгенде, қалам ұстаған қай ақын болса да, тоқталып-ақ қалады. Ал, меніңше, «іші – алтын, сырты күміс сөз жақсысын» – нағыз өлеңді келістіре білген аз ғана ақынның бірі – Жұматай Жақыпбаев! Өлең өрнегін айшықтау кілем тоқудан көп қиын болар, сірә. Әрине, мен бұл жерде өлеңнің де өлеңі, кілемнің де кілемі бар екендігін ескермей отырған жоқпын, шебер, епті саусақтардың құдіретімен тоқылған кілем тінінен гөрі жан жылуынан, жүрек лүпілінен жаралған өлең өрнектері әсем де, өміршең болатынын ескерткім келіп отыр. Өлмейтін мәңгілік өлең – тума таланттың ғана туындысы. Жұматай Жақыпбаев – сондай талант. Олай дейтін себебіміз, бұл ақында, бұл ақынның шығармашылық үрдісінде өлеңге келу, машықтану, даму, толысу, өз шыңына жету деген сияқты баспалдақтар, асу бел-белестер деген мүлде жоқ. Бейнебір ғажап ақын болып, сол күйінде туыла салғандай. Ақынның өзі де дәл осыны сезінгендей, Ләйлаға арнаған алғашқы бір өлеңінде былай дейді: «Қуаныштан күліп, ойым бар шалқып, билемек, Кеттім мен сонсоң күнәсіз арман сүйрелеп. Қап-қара шашты бала ақын болып тұр екем, Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп». Осы бір шумақтың өзінде ғана ақынның періште сезімінің тасасында әулиелігі тұрғандай. Әттең, сол «қап-қара шашты бала ақын» кейіннен «шашым да шәлкез тағдырмен шатыраш ойнап, ағарды» деп жазуға мәжбүр болды. Оның ғарыш жаққа ертерек кетуіне де қоғамның, адамның, заманның, өмірдің, тіпті, өлеңнің ыстық оты орайынан өтіп, өзегін өртеп, жүрегіне түсіп кеткені себеп болған шығар. Егер ол жағалыға жағынып, талайлыға табынып жүрер болса, өмірден тым ерте кетпес пе еді деп те ойлаймын. Бұлай деп болжам жасауыма, ең бірінші, ақын ағамның тастай ауыр мінезі мен гүлдей нәзік жүрегін түсінгендігімнен, екіншіден, оның ішке жасырған көп мұңы мен қасіретін «өлең деген өсекшіге» айтып қойып, жұртқа жайылып кеткендігінен болар деген ойым жетелейді. Осы бір тұста ақынның мынау бір өлең шумақтарына назар аудармаса болмайды: «Жандарға дос та, дұшпан да болған, Құмар да болған, құштар да болған, Көзімнен бұлбұл ұшқанда арман, Иттен де қалған, құстан да қалған, Көңілім менің, көңілім! Кетсем де кейде күйіктен қаңғып, Үміткер едің биіктен барлық. Жақсылық айтар адамға құрбан, Жомарт та қылған, сараң да қылған, Көңілім менің, көңілім». * * * «Ғашықтық тәмәм болды ма, еркелік тәмәм? Қарардай әлем, Сен құсап жеркеніп маған. Намыс пен мұңнан Мысырға халифа болған Ұбақ Қыпшақтай ызадан өртеніп барам. Тағдырға мынау таусылды ақылым, демім, Ақырым қорлық болды ма, ақырым өлім? Тәуіптей емдеп, Тәңірдей жарылқа мені, Ару ақ Күнім, жұлдыздай жақыным менің!» * * * «Қайда ақылым, қайда күшім, Жеп бітіпті қиял-мұңым. Сен жұпардай пайдалысың, Мен арақтай зияндымын. «Ғашықтардың» өткірі мен – Деуші ем бұрын бұла өнерлі. Мәжнүнге көп күліп ем, Ол мені аяп жылар енді. Көрді талай күйіп те ішім, Күйген ішім: «Езбін!» дейді. Сен – әлемге сүйіктісің, Ал мені ит те көзге ілмейді». Ақынның осы іспеттес өлеңдерін оқып отырғанымда, алағай да бұлағай сезімдердің селіне көміліп, жан-жүрегімнің егіліп кететіні бар... Өз арамызда жиі болған соң, Жұма ағамның кісі күлерлік қызық қылықтарына да сан рет куә болдық. Кей кезде жас балаға ұқсап кететін. Түкке тұрмайтын нәрсеге мәз болып қуанып, кісі ренжімейтін нәрсеге ашуланып та қалатын. Бірде біз, бір топ жас ақын, ол кісінің үйінде отырғанымызда, Зайда жеңешеміз ақын ағамыздың өзіне арнап жазу үстелін сатып әкелді. Бәріміз қол соғып қуанысып жатырмыз. Сонда ең қатты шаттанған үй иесінің өзі болды. Әлгі үстелді сүйрелеп, ана бұрышқа да, мына бұрышқа да қойдық. Ең ақырында ағаның бұйрығымен әлгі үстел бөлменің орта шеніне таман орналасты. – Осылай тұрғаны тамаша емес пе? – деді отағасы мұртынан күліп. Шын масайрап тұр. – Өзінің «фигурасы» жақсы екен, – дедім мен. Расында да өзіндік бір ерекшеліктері бар үстел еді. – Иә, Зайданың фигурасы сияқты, – деп Жұма ағам да бәйбішесіне «реплика» лақтырды. Ақынның сол бір сәттік қана қуанышы түн ортасына дейін созылған думанға айналып, керемет бір кеш ретінде мәңгі есімізде қалып қойды. Бірде Мейірхан көкем (Ақдәулетов) екеуміз үйіне бара қалсақ, аға кеудесін жалаңаштап тастап, төрт қабатты сары резеңкені созғылап жатыр екен. Сірә, дене шынықтырып, бұлшық етін ширатуға кірісіп кеткен сияқты. Мейірхан: – Үлкен басыңызбен қайдағы бір жаман резеңкені созғылап жатқаныңыз не?! – деп қалжыңдап еді, мен де қарап тұрмай: – Пружина болса бір сәрі, – дедім. Ағамыз басын көтеріп, бізге онша жақтырмай қарады. Әдетте, Мейірхан екеумізді бірге көрсе, «Екі илханның бірге жүргені қандай жарасымды!» деп мәз болып қалатын. (Ол бізді «екі илханым – оң қолым, сол қолым» дейтін). Мейірхан көкемді шайтан түртті ме, білмеймін: – Әкеліңізші бері, көрейін, – деп резеңкесін сұрап алды. Алды да, орта тұстан қос қолдап ұстап, бар күшімен тартып кеп қалды. Резеңке «бырт» етіп үзіліп кетті де, тіпті, түкке жарамсыз болып қалды. Жұма ағамның сондағы ашуланғаны да есімізден кетпейді. Балаша бұртиып, біраз сөздерді де айтып тастады. Біз «бұдан да кереметін әкеліп береміз», деп зорға құтылдық. Бірақ сөзімізде тұрмай кеттік. Ағамыз да содан кейін «спортпен айналысуын» доғарды-ау деймін. Ол кісінің кей-кейде көтергіштеп қоятын гирлері де бар еді... Ұмытылмас тағы да тамаша сәтім – Жұматай ағамды ең соңғы рет көрген күнім. Мен онда ауырыңқырап қалып, ауруханада жатқанмын. Бір күні көңілімді сұрай Жұма ағам мен Мейірхан көкем келді. Үшеуміз сыртқа шығып, аурухана бағының ішін араладық, бір жерде жылғаланып су ағып жатыр екен. Жұма ағам топылиын шешіп, әлгі суға аяғын малып отыра қалды. Біз де сөйттік. Қазан айы орталап қалған кез, су салқын екен. – Күз – ең қасиетті мезгіл. Бұл кезде судың да шарапаты молаяды, – деді ол. Суды аяғымен сылдырлатып қояды. Сонан соң маған қарап: – Әбіш, ауырмау керек. Ауырмау үшін осындай табиғи емдерді білу керек, – деді. Маңайымыз сыңсыған сары жапырақ. Сол жапырақтарға қарап отырып, Жұма ағамның «Күзгі бақ. Темір шарбақ.» деген өлеңін есімізге алдық. «Қараша айы. Ақшам. Аспанда ай. Алтын мен көкке жақшаны ашқандай. Шытырлайды бақ сәл аяңдасаң, Аяқпен бопыр ақшаны басқандай» – деген шумағын оқып, «осы жапырақтар бопыр ақша болып кетсе, байып кеткендей екенбіз», деп күлістік. Мен: – Осы біз күз туралы керемет бір өлең неге жазбаймыз? Ағамыздың «Күзгі ауылда» деген ұзақ өлеңі бар. Ал менің өзімнің Мұқағалиға арнаған «Күз де келді-ау...» деген өлеңім былай басталады: Күз де келді-ау күлбеттеніп, қарысып, Қар да жауар жаңбырменен жарысып. Қайтқан қаздай тізбектелген бұл күндер, Жатар әлі жас көктеммен табысып, Сол үшін, дос, жіберейік тағы ішіп! – дедім. – Сен күз туралы жазшы. Осы бүгін-ақ жаз. Жақсы шығады, – деді Мейірхан... Осыдан бес-алты күн өткеннен кейін-ау деймін, аурухана фойесінде теледидар көріп отыр едім. Үстіндегі ақ халаты желбіреп, Бауыржан бауырым (Жақыпов) менің палатама қарай тез-тез басып өте шықты. Өңі сұп-сұр. Жүрегім бір жамандықты сезгендей қобалжып, орнымнан тұрдым. Әке-шешем қарт еді. Соларға бірдеңе болып қалды ма деймін. Бауыржан мені далаға ертіп шығып, оңашаға апарды да, бас салып құшақтап: «Жұма ағаңнан айырылып қалдық», деді еңіреп. Төбемнен жай түскендей болды. Мен жағдайды айтып, ауруханадан сұранып шықтым. Жұматай ағамның рухына арнап «Сен – Рухсың, сен – Арсың» деген өлең жазып, оны зират басында, қабір қасында оқыдым. Ол өлең былай аяқталады: Арамызда сен – Рухсың, Сен – Арсың. Ұйықтағанда түсімізде боларсың. Көзімізге жас та болып толарсың. Кеудемізге құс та болып қонарсың. Топырағың торқа болсын, Қымтаншы, Күз келді ғой, Қыс та келер... Тоңарсың. «Сен күз туралы жазшы», деп еді Мейірхан көкем. Менің сол күзде жазған өлеңім осы болды... Өзімнің кеудемде жарқырай жанып, сөнбестей сәулеленіп тұрған ерекше бір шырағым бар еді. Сол шырақ лып етіп сөнді. Кеудемнің іші қап-қараңғы түнекке айналды. Бағыма қарай, әлгі шырақ үрлеп жандырған қоламтадай қайта тұтанды. Бұл шырақ бұрынғысынан да сәулелі, бұрынғысынан да нұрлы. Өйткені, ол шырақ – Жұматай ақынның өлмес өлеңі мен сөнбес нұры, рухы ғой...
Әбубәкір ҚАЙРАН, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
АЛМАТЫ.