Дүниежүзіндегі кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Қазақстан азаматтары осыдан тура жиырма жыл бұрын дәл осындай Конституцияны референдумда қабылдады.
1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешімге келіп, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Бәріміздің де есімізде, Қазақстан халқы биік мұраттар мен құндылықтарды, тәуелсіздіктің мән-мағынасын, ұлттардың бірлігін қастер тұтып, референдумға ерекше ықыласпен қатысты. Міне, сол кезден бастап, жиырма жылдан бері тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамдағы барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың, алға қойған мақсаттардың іске асырылуының, дамудың қайнар бастауы болып келеді. Осы жылдар ішінде мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу жолдары Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылуда.
Әлемнің арғы-бергі даму тарихына көз жүгіртер болсақ, Жеті Жарғыны айтпағанда, Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Мемлекеттік құрылымды және елдік құндылықтарды айғақтайтын негізгі құжатқа 20 жыл болды. Тарих өлшеміне салар болсақ бұл аз ғана мерзім. Бірақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі алмағайып кезеңнен бері қарай жасампаз еліміздің бас заңы уақыт сынынан тайсалмай өтіп, заман талабына, дәуір ағымына лайықты екендігін жан-жақты дәлелдеді. Егер танымал саясаткерлер мен сарабдал саясатшылардың пікіріне сүйенсек, Қазақстан Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның қатарынан табылады екен. Осыдан-ақ, барша қазақстандықтар құрмет тұтатын Ата Заңымыздың басым әлеуетін көруге болады.
Ел тәуелсіздігінің тарихына көз жүгіртер болсақ, Қазақстанның егемен қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты еңбегінде мынадай жолдар бар: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімін жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын».
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болды. Алғаш қабылданған сол Конституцияның мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл негізгі құжат Президент көрсеткен мақсат бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс еді. Яғни, оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден, экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден, жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата Заңда көрсету. Алайда, осы аталған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияның жобасында барынша қамтылмаған еді. Уақыт өте келе заман ағымына, даму үстіндегі қоғам талабына қарай, Негізгі Заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Өйткені, 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы, даму үдерістері басқа күйде болатын. Сондықтан, арада екі жыл өткенде қазіргі Конституцияны отандастарымыз бүкілхалықтық референдумда бірауыздан қабылдады. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындап, паш еткен Ата Заң екі қайтара түледі.
Президент жаңа Негізгі Заңды қабылдау қарсаңында көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді. Басты мақсат – тұрақтылықты нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну болатын. Ол Еуропа, Азия, Солтүстік және Латын Америкасы елдерінің тәжірибесін таразыға салды. Өзімізде де тәуелсіздіктің бес жылдық тарихы қалыптасқан еді. Жылдар бойы ұлтымыздың, Қазақстан азаматтарының ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жойып, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін Елбасы елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін жатпай-тұрмай еңбек етті, қызмет қылды. Нұрсұлтан Әбішұлы сарабдал саясат, кемел кемеңгерлікпен дүниеге келген Ата Заңымыздың негізін қалады.
Сөйтіп, осыдан тура жиырма жыл бұрын Конституцияны қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдумға сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, олардың 89,14 пайызы жаңа Негізгі Заңды қабылдауды қолдады.
Сол кезеңде қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдау қазақстандықтардың мызғымас бірлігін паш етіп, еліміздің аумақтық және саяси тұтастығын сақтап қалуды қамтамасыз етті. Қазақстан өз азаматтарының құқығы мен бостандығын, заң жоғарылығын бекіту, демократиялық саяси жүйені құру, нарықтық экономиканы қалыптастыру жолына түсті. Еліміз тұрақтылықты, бейбіт өмірді, халықтар ынтымақтастығын бірінші кезекке қоя отырып, аяғына нық тұрды, экономика индустриялық-инновациялық даму жолына түсті, әлеуметтік проблемаларды түбегейлі шешу жүзеге асырылуда. Бүгінгі әлемдік экономикадағы ауыр жағдайда да еліміздің Ата Заңы жаһандық сынақтан сүрінбей өтіп келеді. Біздің Конституция сарабдал саяси шешімдер, заңнамалық актілер қабылдау, Отанымыздың ұлттық мүдделері мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау үшін тиімді тетіктер табуға жол ашуда. Дүниежүзі мойындаған қазақстандық даму жолынан таймай, өзіміздің стратегиялық мақсаттарымызды жүзеге асыру үшін Ата Заңда, құқықтық және саяси жүйеде барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Қолданыстағы Конституцияда алғашқы рет «Қазақстан – ежелден келе жатқан қазақ жерінде оның халқы тарапынан құрылған мемлекет» екендігі бекітілді. Осы көзқарастың арқасында ұлттық мемлекет идеясы азаматтық қоғамды құруға және мемлекеттік механизмнің тиімді жұмыс істей бастауына мүмкіндік берді. Ата Заң мемлекеттің президенттік басқару жүйесіне өтуін заң бойынша бекітті, осыған орай Қазақстандағы билік өкілеттіктерін бөлу схемасы түбегейлі түрде өзгеріске ұшырады. Бұл схема бойынша президенттік билік айтарлықтай күшейді, мұның әсерін билік өкілеттіктерінің орталықтандырылуынан көруге болады.
Дегенмен, қоғам дамуы, заман талабы, демократиялық үдерістерге сәйкес мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктер бойынша соңғы жылдары бірнеше рет реформа жасалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 18 қаңтардағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығы бойынша мемлекеттік органдар арасында бөлінетін функцияларды заңнамалық тұрғыда бекітуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы Заң бойынша 53 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тиісті министрліктерге бірлесе отырып, заңнамалық негізде яғни, биліктің жергілікті органдарының қаржылық дербестікке қызығушылығын арттыру; салықтық базаны кеңейту; «шығыстарды теңдестіру» үрдісінен «өз кірістерін жасау мүддесіне» көшіру жөнінде қосымша шаралар қабылдау ұсынылды. Парламенттің жоғарғы палатасының депутаттары халықтың ауқатты тұрмыс-тіршілігіне қажетті жағдай жасау үшін жергілікті атқарушы органдардың төменгі буындарын тұрақты және жүйелі негізде қаржыландыру туралы өзекті мәселе көтерді. Өйткені, республикалық, облыстық және аудандық бюджетте жекелеген салықтық түсімдерді биліктің жергілікті органдарының пайдасына бөлуді сатылы түрде енгізу – өңірлерді қарқынды дамытуға апарады.
Халық аманатын арқалаған Парламент депутаттары өздерінің қызметін жүзеге асыруда Конституцияға сүйенеді. Заң шығару қызметінің жемісті іске асырылуы Ата Заңымыздың іс жүзінде қаншалықты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Еліміздің заң сапасын арттырудың, құқықтық жүйесін дамытудың кепілі де – Конституция.
Конституцияда бекітілген құқықтық нормалар 1998 жылы саяси жүйенің жаңғыртылуы жолындағы маңызды бір қадам болып есептелетін жаңа түзетулердің енгізілуіне мүмкіндік берді. 1998 жылы 7 қазанда бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының біріккен отырысында Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Бұл түзетулерге сәйкес елдің саяси өмірінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейтілді.
Бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламентінің алдында тұрған мақсат – заң шығару қызметінің сапасын бұрынғыдан да арттыра түсу. Парламенттің жоғарғы палатасында осы орайда келелі мәселелер алға қойылып отыр. Парламенттік тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер өткізуді жетілдіру, депутаттардың заң жобаларын әзірлеу және заңнамалық бастамаларын жандандыру, сарапшылар қызметінің тиімділігін арттыру – және басқа да осындай мәселелер кезек күттірмей шешуді қажет етеді. Қазіргі таңда «үкіметтік сағат» аясында атқарушы билік басшыларынан сөз бен істің арасындағы алшақтықты жою, жоспарлы шараларды неғұрлым тиімді іске асыру талап етілуде. Отандық экономиканың өсу динамикасына, өсімге қол жеткізу, азаматтардың бақуатты тұрмысын және еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тетіктер үнемі іздестіріліп отыруы тиіс.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы бүгінгі жетістіктері Ата Заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Конституцияның нормативтік әлеуеттері халыққа қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында жалпыхалықтық заңдық негіз болып қала бермек. Елбасы сөзімен айтқанда: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі».
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
Парламент Сенатының депутаты.