Мәскеу бардық, Париж астық, Бейжің ұштық, Үрімшілетіп қайтқанымыз да бар, сонда байқағанымыз, алыс сапарға тәуекел етіп, “жолаушы” атанған жампозды ең алдымен кеденшілер қарсы алады екен. Жылы қарсы алса, құжатың мен қоржын-қосқолаңыңды қас-қағымда ресімдеп берсе, тіпті, қуанып та қаласың. Ал айналаңдағы айнадай жарқыраған тазалыққа, сыбырлап қана тілдескен сырбаздыққа, қызметшіні керек еткізбейтін техника мен технологияға таңғалғаныңды айтпай-ақ қой. Сонда ойлайсың “е, біздің елдің басшысының да “Ең озық елу ел” деп, “2030” деп айта беретіні осы озық мәдениет пен озық өркениет екен ғой, ал оның... кеден мен кеден қызметінен басталатынын кім білген?!.” деп.
“Көш жүре түзеледі” деген, біздің кеден мен кеденшілердің де жағдайы жылдан жылға жақсарып, түзеліп келеді. Бүгінде Жамбыл облысындағы кедендік бақылау департаменті қазақ-қырғыз елдері аумағындағы республикалық және халықаралық дәрежедегі 10 автожолды, көпжақты байланысқа арналған 4 автожолды және екіжақты байланыстағы 6 автожолды бақылауда ұстап отыр.
Заман талабына сай кеден департаменті қызмет көрсетудің сапасын арттыру мен оның мөлдірлігіне, мемлекеттік бақылауды жүргізу, жеңілдіктер мен оңайлатылған процедураларды енгізу, әкімшілік кедергілерді жою шараларына бағытталған жүйелі әрі жоспарлы жұмыстарды жүргізуді де ұмыт қалдырмапты. Нақты айтсақ, бұл шаралардың ең бастысы бұрынғы үш кезеңдік кедендік ресімдеуден енді бір кезеңдік ресімдеуге көшу болып отыр. Бір кезеңдік ресімдеу дегеніміз, кедендік ресімдеу кезінде қосымша ұсынылатын құжаттар тізімінің едәуір азаюы, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қағаз түріндегі есеп кәртішкелерін қысқарту, біріккен бақылау сияқты кәсіпкерлерге тиімді жақтардан тұрады.
Мұнда кедендік төлемдер мен салықтарды өндіру саласындағы тәсілдер де жетілдіріле түсуде. Мысалы, халықаралық қағидаттарға сәйкес, кедендік құнды анықтау бағыты бойынша бақылау жасалып, тарифтік және тарифтік емес реттеулер қолданылып, жеңілдіктер мен преференцияларды ұсыну қатаң бақылауға алынған. Айта кету керек, үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап, елдің мемлекеттік шекарасындағы автокөлік өткізу пункттеріндегі көліктік инспекцияның функцияларын кеден органдары жүргізе бастады.
Қазақстандық кеден органдары аз уақыт ішінде тауарларын ресімдеуден өткізгісі келген сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға мүмкіндік бере отырып, халықаралық тәжірибеде қолданылып келе жатқан кедендік ресімдеулерден соң кедендік аудиттің рөлін көтеруді әдетке айналдыра бастапты. Электронды ресімдеу тәжірибесі кеңінен қолданысқа енгізіліп, кедендік жүйені ақпараттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Ең бастысы, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың артық шығындарын қысқарту мақсатында өткізу пункттерінің жұмысын жандандыра отырып, тиімді кедендік бақылау мен тиімді ресімдеулер жүргізуге жағдай жасалуда.
Қазақстанда кеден органдары құрылғалы бері ол көптеген оң өзгерістерге ұшырады. Өткен жылдар ішінде салынған кедендік бақылауды жүргізуге лайықты зәулім ғимараттар, шекара шебіндегі заман талабына сай бекеттер, бақылау-өткізу пункттері соның айқын дәлелі. Олардың мультимедиялық құралдар мен заманауи техникалармен жабдықталып, үлкен қорға айналуы да қазақ кеден қызметінің іргесі беки түскенін көрсетсе керек.
Сонымен бірге, өткен жылы есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы мемлекеттік бағдарлама аясында Жамбыл департаментін кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен жабдықтауға қосымша 188 млн. 595 мың теңге бөлінген болса, биылғы жылға 2 млрд. 972 млн., ал 2011 жылға 940. млн. 448 мың теңге бөлу көзделуде. Жалпы алғанда, Жамбыл облысына берілетін қаржының жалпы сомасы 4 млрд. 102 млн. теңгені құрамақшы.
Алмақтың да салмағы бар. Бүгінде қырғыз-қазақ елдері арасындағы тауар айналымы 57 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Өткен жылы облыс бойынша кедендік бақылау департаменті ел қазынасына 18 млрд. теңге өндірсе, ағымдағы жылдың өткен 5 айы ішінде 3,6 млрд. теңге өндірді. Жеңілдетілген тәртіп бойынша өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар екі есеге артып, жалпы сомасы 59 млн. 041 мың теңгені құрады.
Бүгінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан кедендік ресімдеу кезіндегі заң бұзушылық көбейіп тұрғаны өтірік емес. Соның салдарынан қайта өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар сомасы жылдан жылға артып келеді. Мәселен, өткен жылы департаменттің тексеру қорытындысы нәтижесінде бюджетке қосымша 122 млн. 400 мың теңге қайта өндірілген. Өткен 5 айдағы бұл көрсеткіш 72 млн. 651 мың теңге болып отыр. Үстіміздегі жылы анықталған құқық бұзушылықтардан айыппұл ретінде өндірілген сома 572 300 теңгені құраған.
Биыл сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды жоспардан тыс тексерулер кезінде ҚРҚК 214, 209 баптары бойынша 5 факті анықталып, кедендік төлемдер мен салықтардан жалтарғаны үшін 72 млн. теңге бюджетке қайтарылыпты. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 6 млн. 800 теңге болған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, өсім 65 млн. 200 мың теңгені құрап отыр.
Елбасының кеден органдарының алдына қойған кадрлық құрамды жақсарту, жұмыстарды түпкілікті өзгерту туралы талаптарын орындауда және құқық қорғау органдарының кадрлық бөлімшелерінің рөлін жоғарылату мақсатындағы міндеттер нақтылана түсті. Кеден қызметіндегі басқару жүйесін жетілдіру, құрылымдарды заманауи талаптарға сәйкес жасақтау, қызметке қабылдау кезінде сапалы жинақтау тетігін қалыптастыру, кадрлық резервтерді жасақтау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, тәлімгерлік жұмыс, кадрларды дайындау және олардың біліктілігін арттыру жолға қойылғаны байқалады.
Кеден одағына кіру барысында департаменттің штаттық құрылымы 54 адамға ұлғайтылып, жамбылдық кеденшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі 4 ауданда оң шешімін таппақшы. Ал еліміздің Кеден одағына енуі кеден органдарының иығына үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.