Қазақстан мұнай құбыры көлігіне – 80 жыл
Биыл отандық құбыр көлігіне 80 жыл толады. Тарих қойнауына кеткен осынау жасампаз жылдарда Қазақстанның заманауи жоғары технологиялы мұнай тасымалдау жүйесі қалай қалыптасқаны, оны құруға бар қажыр-қайратын жұмсаған мақсатшыл жандар туралы айтылар әңгіме жетерлік. Жадымызда жаңғырып тұрар кешегі күндері бүгінгі игілікті өз қолдарымен жасаған адамдар арамызда аз емес.
Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВ.
Зымыран уақыт тоқтамай жылжи береді. Қазақстан мұнай құбыры көлігінің 75 жылдығын атап өткеніміз күні кеше ғана сияқты еді, содан бері де бес жыл өте шығыпты. Осы ретте биыл 70 жылдық мерекесі қатар келген Ұлы Жеңіске қазақстандық мұнайшылардың да қосқан үлесі қомақты екендігін айту ләзім.
Бұрынғы Кеңес Одағы аумағында құбыр көлігінің тарихы ұзындығы 883 км. Баку – Батуми (диаметрі – 200 мм.) керосин құбыры тартылған 1905 жылдан басталады. Одан кейін «Грозный – Махачкала», «Майкоп – Екатеринодар», «Грозный – Туапсе», «Армавир – Никитовка» мұнай құбырлары салынды.
Қазақстанда соғысқа дейінгі жылдары байлық қоры едәуір жеткілікті барланған Ембі, Доссор, Мақат, Байшонас, Қосшағыл, Ескене, Сағыз және басқа да кеніштерде мұнай өнеркәсібінің қауырт дамуы мұнайлы өңір өнімін тасымалдау мәселесін шешуді талап етті. Шешімнің бірнеше нұсқасы ұсынылды. Соның бірі Коммунистік партияның Қазақ өлкелік комитеті мен Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Үкіметі Ембі мұнайын Кеңес Одағының еуропалық бөлігіне жеткізуді қамтамасыз ету үшін Ақтөбеге қарай мұнай құбырын тарту туралы 1931 жылы наурызда жасаған ұсыныс еді.
Соның нәтижесінде Еңбек және қорғаныс кеңесі 1932 жылғы 16 маусымда «Каспий – Ор» мұнай құбырын салу туралы» №714 қаулы қабылдап, құрылыс сол 1932 жылы басталып та кетті. Осы қаулымен Ор қаласында мұнай өңдеу зауытын салу белгіленді. Сөйтіп, бұл мұнай құбыры Ор зауытын Ембі мұнайымен қамтамасыз етуге арналды. Егер Ембі мұнайы жеткіліксіз болған жағдайда, Баку мұнайын теңізбен Атырау (Гурьев) мұнай ауыстырып құю базасына жеткізу, оны одан әрі «Каспий – Ор» мұнай құбыры арқылы тасымалдау көзделді.
Мұнай құбырының құрылысы үш жылда аяқталып, осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1935 жылы 8 желтоқсанда үкіметтік комиссия ұзындығы 708,7 км., диаметрі 300 мм., өнімділігі жылына 1 150 мың тонна «Каспий – Ор» мұнай құбырын өнеркәсіптік пайдалануға ресми қабылдады және «Ембімұнай» тресінің мұнай айдау басқармасының қарауына берді. Жылдық қуаты 1,5 млн. тонна Ор мұнай өңдеу зауыты да пайдалануға берілді.
Бұл жаңа мұнай өңдеу зауыты және мұнай құбыры кейін Кеңес Одағының экономикасын өркендетуде маңызды қызмет атқарды, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіске қосқан үлесі мол болды. Мұнай құбырының қаншалықты стратегиялық маңызды болғанын мына жайт көрсетеді. 1944 жылы мамырда №3 мұнай айдау стансасы ауданына неміс «Авбер» қарсы барлауы мұнай құбырының жұмысын бұзу үшін қиратушы топты жұмсайды. Мұнай айдау стансасы жабдықтарын түгелдей жарып жіберу, сөйтіп мұнай құбырын ұзақ уақыт істен шығару көзделген. Алайда, фашистер ойлаған мақсаттарына жете алмады, мұнай құбыры жұмыскерлерінің көмегімен бүлдірушілер тобы жойылды.
Мұнай құбырының жұмыскерлері туралы айтқанда, оның мамандары, қызметшілері және жұмысшылары соғыстың алдындағы, соғыс және соғыстан кейінгі жылдары жалпы мұнай құбыры көлігінің дамуына зор еңбек сіңіргендерін атап көрсеткен жөн. Соғысқа дейінгі жылдары құбыршылар қауымы арасына жүргізуші В.П.Авлуков, әуелі жұмысшы болып бастап, кейін «Сарықамыс» мұнай айдау стансасының бастығы болған Д.Дәулетов, А.Д.Дәукенов, А.А.Васильков, И.Я.Шлыков, К.Сақалбаев, С.П.Наумов және басқа да озаттардың есімі кеңінен танылған еді. 1941 жылы мұнай құбырында жалпы алғанда 688 адам жұмыс істесе, солардың 176-сы, яғни 25 пайызы немесе әрбір төрт жұмыскердің біреуі стахановшы және еңбек екпіндісі атанған екен. Ал 1945 жылға қарай ұжымдағы 693 жұмыскер адамның 237-сі (34%) осындай үздіктер сапын құраған.
Бұл ретте жұмыс ретіне қарай шашыраңқы орналасқан үлкен кәсіпорынның барлық бөлімшесінің жұмысын бір ырғаққа түсіріп, тұтас ұжымға айналдыра білген мұнай құбыры басшыларының да қызметі атап өтуге лайық. Олардың ішінде мұнай құбыры кеңсесінің бастығы С.А.Вазиевті, кейінгі жылдары құбыр басқармасына жетекшілік еткен Д.А.Черняевті, М.Н.Михайловты, П.А.Михайловты, В.В.Шароновты, Н.Н.Шмановты және басқаларын ілтипатпен еске аламыз. Бұл тізімді жалғастыра беруге болар еді.
Боз далада еңбеккерлердің Қазақстан мұнай өнеркәсібін және оның ішінде экономиканың күретамырындай магистральдық мұнай құбырларын жасаудағы табандылықтары таңдандырады, тамсандырады. Сұрапыл соғыс жылдарындағы өжеттілік ізашарлардың алпысыншы жылдардағы шалқар шабытына ұласты, осы онжылдықта Өзен, Қаражанбас, Қаламқас, Жетібай сияқты қоры мол ірі мұнай кеніштері ашылды. Елдің өскелең экономикасы мұқтаж тасқындаған мұнайды тасымалдау үшін лайықты көлік жүйесін құру қажеттілігі туды. 1965 жылы Гурьевке мұнай темір жол эшелондарымен жөнелтіле бастаса, 1966 жылы «Джабраил» танкері Қазақстан мұнайының алғашқы легін Каспий арқылы Волгоград мұнай өңдеу зауытына жеткізді. Алайда бұл ретте күре мұнай құбырларына айрықша мән берілді, оларды тартуға сіңірілген еңбек адам қажыр-қайратының және кәсіби біліктілігінің шежіресіне айналды.
Бүгінгі күні магистральдық мұнай құбырлары бойынша ұлттық оператор «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының иелігінде мұнай құбырларының, суағызғылардың сан тарау күрделі жүйесі, сұйыққоймалар шоғыры, мұнай айдау стансалары және басқа да нысандар бар. Осы игіліктің бәрі қазақстандық құбыршыларға жеңіл орнай қалған жоқ. Құбылмалы климат, арақашықтықтың ұзақтығы, тіпті құрамы ерекше күрделі Маңғыстау мұнайының өзі бірегей шешімдерді қажет етті.
Маңғыстау өңірінен мұнай тасымалдау үшін «Өзен – Гурьев – Куйбышев» (қазір «Өзен – Атырау – Самара») жаңа мұнай құбырын қауырт салуға тура келді, бұл нағыз техникалық тапқырлық пен ұтқырлық болып шықты, оның ұзына бойында бірнеше сорап стансасы ғана емес, арнайы қыздыру пештері орнатылды, Жайық өзенінің астымен өткізуден басқа да көптеген су асты өткелдері жасалды.
Осынау «ыстық» мұнай құбырын пайдалануға қосуға басшылық еткен білікті мамандардың бірі Нұрибек Нәбиұлы Шманов еді, оған осы еңбегі үшін Кеңес Одағы Мұнай өнеркәсібі министрлігінің арнайы Құрмет грамотасы берілді. Нұрекең 1952 жылы Мәскеудің Губкин атындағы мұнай және газ институтын мұнай және газ тасымалы мамандығы бойынша бітірген алғашқы құбыршы қазақ еді. Еңбек жолын «Каспий – Ор» мұнай құбыры №4 мұнай айдау стансасында механик болып бастап, Кеңес Одағы Мұнай өнеркәсібі министрлігінің Батыс Қазақстан мұнай өнімдері құбырлары басқармасының бастығы дәрежесіне жетті.
Алғашқы құбырға еңбегі сіңген маманның бірі еңбек жолын мұнай айдау стансасының машинисі болып бастаған Анатолий Иванович Каширский еді. Ол Маңғыстау мұнай құбыры көлігінің дамуына белсене атсалысты, сол үшін «Мұнай өнеркәсібінің үздігі» атанды, ондаған өнертабыстық ұсыныс енгізді, оларының талайы мемлекеттік марапаттармен атап өтілді.
Қазақстан мұнай құбырының өркендеуіне мол үлес қосқан тағы бір майталман жан – Иван Дмитриевич Каспер. Ол 1960 жылдардағы өз замандастары сияқты қатардағы механик болып «Қаратон» мұнай айдау стансасында еңбекке кірісіп, кейін сала басшыларының біріне айналды. Тынымсыз мінезді, жалықпайтын ізденімпаз өнертапқыш Иван Дмитриевич Қазақстанның мұнай-газ саласына көп еңбек сіңірді.
Кезі келгенде осындай іскер мамандар орнын В.М.Щелочилин, Б.Ж.Жұмағалиев, В.П.Балдуев, З.Б.Әбдірахманов, В.Я.Швабауэр, Ф.Г.Мулюков және т.с.с. лайықты ізбасарлар басты.
Жаңа толқынның бірсыпырасына тоқталып, атап айтсақ, Зинон Бақтиярұлы Әбдірахманов Мәскеу мұнай және газ институтын аяқтағаннан кейін ұзақ уақыт Маңғыстау мұнай жүйесінде жұмыс істеді. Өзінің бірегей «ыстық» мұнай құбырында жұмыс істеу барысында жинаған мол тәжірибесін Зинон Әбдірахманов 1984 жылы Павлодарда құрылған Шығыс магистральдық мұнай құбыры басқармасының басшысы қызметінде де пайдаланды. Сол кездегі дәрежелер арасында бұл Кеңес Одағы Мұнай өнеркәсібі министрі лауазымға үміткермен өзі жеке әңгімелесіп, бағалап барып қана тағайындайтын өте маңызды жоғары қызмет болатын.
Қызметіне көңіл толатын іргелі азамат, майталман мұнай құбыршыларының бірі – мұнай-газ саласының еңбек сіңірген ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Тарас Мәжитұлы Қасымов. Өзінің 50 жылдан астам еңбек жолын ол Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуы мен қалыптасуына арнады. Сонымен қатар, ол жаны таза тамаша адам, қамқор әке, іскер басшы әрі нағыз отансүйгіш жан еді.
Еліміздің мұнай құбыры саласын қалыптастырушылардың алдыңғы сапындағы тамаша өкілдерінің бірі – өзінің жарты ғасырдан астам өмірін құбыр көлігі жұмысына арнаған Байқадам Жұмағалиұлы Жұмағалиев. Ол мұнай-газ саласында бүкіл еліміз үшін аса маңызды талай ірі оқиғаға тікелей қатысты әрі солардың ұйымдастырушыларының бірі болды. Өзінің еңбек жолын ол мұнай өңдеуші зауытта темір ұстасының көмекшісі жұмысынан бастап еліміздің ірі кәсіпорындарының бірінің бірінші басшысы қызметіне дейінгі жолдан өтті. Онымен бірге жұмыс істеген адамның кез келгені оның өз ісінің хас шебері екендігін растайтынына сенімдімін. Ол «Каспий – Ор» мұнай құбырын қайта құруға, «Кеңқияқ – Ор», «Атасу» мұнай айдау стансалары, «Сарепта», «Шымкент», «Созақ» және «Қарақойын-2» желілерін салуға белсенді атсалысты.
Қазақстан мұнай құбырының тағы бір ардагері – ұзақ уақыт компанияның Батыс филиалын басқарған Фердинат Мамонов. 1960 жылдары әскер қатарынан қайтқан көптеген қайсар жастың бірі Фердинатты дабысы жайылған бірегей «ыстық» мұнай құбырын салу ерекше жұмысы тартты да тұрды. Сол қызығушылығының арқасында екпінді құрылысқа технологиялық сорап машинисі болып орналасты.
Кейінірек ол 1969 жылы іске қосылған «Өзен – Гурьев» мұнай құбыры құрылысының бірінші кезегіне де белсене қатысты. Сол кезде қазақстандық мұнай құбыршылары бірқатар маңызды өндірістік нысанды: аралық қыздыру бекеттерін, сондай-ақ «66 км.», «Сайөтес», «Бейнеу», «Опорный», «Құлсары», «601 км.» және «663 км.» мұнай айдау стансаларын салды. Осындай ұмытылмас оқиғалардың бел ортасында болған Фердинат өзінің еңбек сүйгіштігімен, табандылығымен және жігерлігімен көзге түсті.
Қазақстан мұнай саласының дамуына қомақты үлес қосқандардың бірі – 1979 жылы Уфа мұнай институтын мұнай-газ көлігі мамандығы бойынша, сондай-ақ 1994 жылы АҚШ-та Массачусетс университетін (Бостон) аяқтағаннан кейін 35 жылдан артық еңбек етіп жүрген өндіріс қайраткері, мұнайшылар әулетінен шыққан құбыршы Нұртас Нұрибекұлы Шманов. Қазіргі кезде Н. Н. Шманов «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары қызметінде Қазақстан Республикасы мұнай саласының дамуына үлес қосып келеді және еңбегі мемлекеттік және салалық марапаттармен еленіп отыр.
Күрделі табиғат жағдайы мен тұрмыс жайсыздықтары еліміздің мұнай саласын дамытудағы жеңіл кедергі емес еді. Кеңес Одағының ыдырауы мұнай тасымалдауды басқарудың бір кездегі біртұтас жүйесін бұзды, ал біздің жаңа мемлекетіміз мұнайды экспорттау үшін жолды іс жүзінде тыңнан салғандай күй кешті. Оның үстіне 1991 жылға дейін Қазақстанда құбыр көлігін басқарушы өз құрылымы тіптен болған жоқ еді. Мұнай саласын басқарудың жаңа бірыңғай республикалық жүйесін жасау жауапкершілігі 1992 жылы құрылған Энергетика және отын ресурстары министрлігіне жүктелді, ол кейін Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі болып қайта ұйымдастырылды. Жаңа мекеменің қанатының астына білгір инженерлер мен басқарушылардың тұтас шоғыры жиналды. Сондай аса мұқтаж мамандардың бірі Қайыргелді Мақсұтұлы Қабылдин еді. Жаңа мекемеде жұмыс істеген алғашқы күндерден-ақ Қайыргелді Мақсұтұлы өзінің нағыз кәсіби білікті маман екендігін таныта білді. Өндірісте ысылған ол құбыр көлігі жұмысының жағдайын жақсы білетін және мұнай тасымалының барлық негізгі технологиялық үдерісіне қанық еді.
Қ.М.Қабылдин құбыр көлігінің ірі халықаралық жобарларын басқару саласынан да білімі мол екендігін көрсетті. 1995 жылы ол Каспий құбыр консорциумы жобасын басқару тобы құрамына Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан атқарушы директор болып тағайындалды. Үш мемлекет және тоғыз мұнай компаниясы өкілдерінің қатысуымен Мәскеуде өтіп жатқан және бірнеше жылға созылып кеткен жобаны қайта құру қағидаттары туралы келіссөздер кезінде Қайыргелді Мақсұтұлы тек іргелі инженерлік білімін ғана емес, жобаны басқаруды терең пайымдай алатын алғырлығын, Қазақстан Республикасы үшін экономикалық тиімділіктерді аңдай да, қатерлерді бағалай да білетін парасаттылығын көрсетті.
Осы айтылғанның бәрін мен естігенімнен біліп отырғаным жоқ, 1994 жылы қазанда Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып тағайындалғандықтан білемін. Бұл ұсынысты маған Елбасы Н. Ә. Назарбаев жасады, ол әуелгі әңгіме үстінде-ақ министрліктің алдында тұрған стратегиялық міндетті айқындап, Қазақстан мұнайының тұрақты ақша нарығына тәуелсіз шығуын қамтамасыз ету тапсырмасын жүктеді.
Бұл кезде елде жетекші халықаралық мұнай компаниялары жұмыс істей бастаған еді, ірі жобалар игеріліп жатты, солардың ішінде ең бастысы Теңіз кеніші, бірақ Қазақстан мұнайы «Өзен – Атырау – Самара» құбыры арқылы ғана сыртқа шыға алатын. Бұл мұнай құбыры 1971 жылы іске қосылған еді, жылына 10-12 млн. тонна мұнай өткізуге қабілеті жететін, сол кезде өндіріліп жатқан мұнай көлемін айдауға шамасы әзер жетіп жатты. Самарадан әрі қарайғы ресейлік «Транснефть» компаниясы мұнай құбырлары жүйесінің де қуаты шектеулі. Осылайша Теңізде және Қарашығанақта өндірілетін мұнай көлемінің күтіліп отырған өсімі еліміздің экспорттық көлігінің мүмкіндігімен сәйкес келмей тұрды.
Қазақстан Үкіметі 1992 жылдың өзінде-ақ Қара теңізге шығу үшін «Теңіз – Грозный» мұнай құбырының экспорттық мүмкіндігін пайдалануды ұйғарған еді. Бұл мұнай құбырын тарту кеңес заманында басталғанымен, Комсомол бекетіне дейін 750 шақырымы ғана салынып, одан кейін бәрімізге мәлім саяси және экономикалық жағдаяттарға байланысты құрылыс жұмысы тоқтап қалды.
Қазақстан Үкіметі Оман ұлттық мұнай компаниясын инвестор ретінде тартты. Бұл компания және Оман Сұлтандығы жалпы айтқанда, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жас мемлекетімізге баға жеткісіз көмек көрсетті. Атап айтар болсақ, Қазақстанның мұнай саласын қолдау үшін қаражат бөлді. Оман компаниясын таңдауға тағы бір себеп, оны америкалық менеджер Дж. Дойс басқаратын еді, ал ол Қазақстан Үкіметі Теңіз жобасы бойынша «Шеврон» компаниясымен келіссөздер жүргізген кезде бізге кеңесшілік қызмет көрсеткен болатын.
Министр ретінде жобаның егжей-тегжейіне және атқарылған жұмысқа қанықтым. Сол кезде Оман тарапы дайындық жұмыстарына 80 млн. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсаған екен. Бұл техникалық-экономикалық негіздеме бойынша зерттеу, қоршаған ортаға әсерді бағалау, Каспий құбыр консорциумының аппаратын ұстау, жергілікті органдармен түрлі келісулер және басқа да қажетті жұмыстар еді.
Президент Н.Ә.Назарбаев жобаның барысын жете қадағалап отырды. Ол жобаға қатысушы мұнай компанияларының басшыларын әрдайым өзіне шақырып, істің жай-күйіне ден қойды. Осындай кездесулерден кейін Үкіметке, министрлерге, ұлттық компаниялар басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың қалтқысыз орындалуын талап етті.
Уақыт биігінен қарасақ, тәуелсіз мұнай құбыры жүйесін жасау жөнінде тоқсаныншы жылдардың ортасында тиянақтаған пайымымыз көрегендік тұрғыдан дұрыс болып шыққанын көреміз. Ол тек Қазақстанға ғана емес, жобаны қаржыландырған мұнай компанияларына да мол пайда әкелді. Каспий құбыр консорциумы Қазақстанның да, Ресейдің де нарықты экономика, көп астарлы меншік жағдайында іске асырған алғашқы ауқымды халықаралық құбыр жобасы еді. Онда жинақталған тәжірибе басқа күре құбырларды салу кезінде кәдеге жарады, бұл орайда Каспий құбыр консорциумы инженерлерден бастап басшыларға дейін барлық деңгейдегі кадрларды даярлау мектебіне айналды.
Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері еліміздің күре мұнай құбырлары жүйесін дамыту бойынша орасан зор жұмыстар атқарылды. 1997 жылы «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдау жөнiндегi ұлттық компаниясы» жабық акционерлiк қоғамы құрылып, оған мұнайды және мұнай өнiмдерiн тасымалдау, экспорттау мен импорттау мәселелерiнде Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау міндеті жүктелді. Мұнай тасымалдау жөнiндегi ұлттық компанияны құру еліміздің күре мұнай құбырлары жүйесін дамытуға қосылған маңызы зор үлес болды, ол мұнай құбырларын Қазақстанның барлық мұнай кенішін қамтыған, жүк жөнелтушілерге мұнайды тиімді әрі әртүрлі бағыттармен жеткізуді ұсына алатын, бүкіл жол бойында тасымал сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті біртұтас, бағыттары сан тарау икемді жүйеге айналдыра алды. Тәуелсіздік жылдары «ҚазТрансОйл» магистральдық мұнай құбырларының қазақстандық жүйесін өрістетуді қамтамасыз етті, Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі экономикалық тиімді аса ірі мұнай тасымалдау компаниясына айналды. «ҚазТрансОйл» бүгінгі күні «Транснефть», «Укртранснафта», «Гомельтранснефть», «Дружба» Новополцк мұнай тасымалдау кәсіпорны сияқты мұнай құбыры жүйелерінің операторларымен келісім жасасқан. «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы 2008 жылы «Batumi Industrial Holdings Limited» компаниясы акцияларының пакетін түгел сатып алды, соның арқасында Қазақстан тұңғыш рет Қара теңіздегі шетелдік мұнай тасымалы активтерінің меншік иесі болды және Еуропа Одағының нарығына шығуға мүмкіндік туды.
Компанияның белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстан мұнайын тасымалдаудың және ауыстырып құюдың бәсекеге қабілетті әрі сенімді бағыттарының тұтас жүйесі жасалды. Ірі өндірістік нысандар салынды, қайта құрылды, Ақтау кемежайындағы мұнай терминалының қуаты арттырылды. Әлібекмола – Кеңқияқ, Солтүстік Бозащы – Қаражанбас мұнай құбырлары пайдалануға қосылды, Атырау – Самара мұнай құбырының өткізу қабілеті ұлғайтылды. 2000 жылдардың басында «ҚазТрансОйл» Қазақстан мұнайын қытай нарығына өткізу үшін аса ірі халықаралық жоба: Қазақстан – Қытай мұнай құбырлары жүйесін салуды іске асыруға кірісті. Бұл жүйенің жекелеген учаскелері: Кеңқияқ – Атырау (2004), Атасу – Алашаңқай (2006) және Кеңқияқ – Құмкөл (2009) мұнай құбырлары кезең-кезеңімен пайдалануға берілді, сөйтіп еліміздің батыс және шығыс мұнай құбырлары жүйесін біріктірді, нәтижесінде Қазақстанның батыс өңірінің мұнайы Қытай нарығына шығарылды.
Осындай жоспарлардың бәрі жүзеге аса беретіндігіне сенімдімін, өйткені бүгінгі күні Қазақстан мұнай саласы – қуатты, алға қарай нық басып бара жатқан алып. Оның өркендеуіне қаншама адам қатысты, сан тағдыр осы бір аса күрделі әрі соншалықты тартымды жұмыспен байланысты қалыптасты. Қиыншылықтар артта қалып, ұмытылды, жетістіктерге бой үйренеді, алайда талай жылдан кейін де осынау игіліктің бастауында болған қазақстандық алғашқы құбыршылардың қажыры мен қайраты қайран қалдырады, зор құрмет сезіміне бөлейді. Өйткені, олар осындай ардақтауға шын мәнінде лайық! Ардагерлер қалыптастырған, кейінгі ұрпақ олардың даңқты еңбек дәстүрлерін жалғастырған Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі, құбыр көлігі саласы халқымыздың игілігіне, еліміздің гүлдене беруіне алдағы уақытта да өз үлестерін молынан қоса береді.