Әнмен өрілген, салдықпен сәні кірген соқтықпалы да соқпақты өмірінің өксікті бір тұсында іштегі күйігін келер күнге артқан үмітімен өзектестіре “Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым” деп шырқайтын сал Біржанның асқақ әнін кім білмейді! Соңында қалып бара жатқан ұрпағына өзінің бар әкелік махаббатын, жан толғанысын, алаң көңілін осы әнмен жеткізетін Біржан ғұмыры аспандағы аққуға үнін қосқан жүйрік әншілігімен, ерен салдығымен бірге, соңында қалған ұрпағымен де бір төбе еді. Дауылпаз Біржан туралы сөз қозғалса, ендігі жерде бірден-бірге жалғасып, соңында қалған осы немере-шөберелерін медет тұтатынбыз, солармен көркейетінбіз.
Жылжып аққан судай бір орнында тұрмайтын беу, дүние-ай! Енді, міне, сал бабамыздың ұлы Теміртастан қалған немересі, асылдың сынығы Мұхамедқали ақсақалдың да 85 жасында бұл пәниден бақиға озғандығы туралы қаралы хабар өзегімізді өртеп отыр. Осы ретте, кімге болсын, ұлы адамның немересі болып жер басып жүру оңай соқпаса да, Мұхамедқали Теміртасұлының осы биік парызға лайық мағыналы да мәнді, ұзақ ғұмыр кешіп, Біржан сал атасының атына да, өз есіміне де қылаудай дақ түсірмей өткендігін ерекше ризашылық сезіммен ауызға алмай тұра алмаймыз.
Атақты Біржан салдың тікелей ұрпағы екендігіне қарамастан, тағдыр жастайынан Мұқаңның да өмір жолын оңай қалыптастырмады. Әкесі Теміртас отызыншы жылдардың нәубетіне іліккенде бала Мұхамедқали небары он жаста болатын. Содан нағашы жұртын паналап, сонау ішкі Ресейден, Түмен облысының Айымжан ауылынан бір-ақ шығады. Сөйтіп, ол жақтан тек 1965 жылы ғана Көкшетауға оралудың сәті түсіп, атасы сал Біржанның әншілік дәурені өткен өңірмен қайта табысады.
Атасына тартқан әншілік өнерден өзі де қара жаяу емес Мұхамедқали ақсақалмен кездескен адам оның Біржандай алтынның сынығы екендігін жазбай танитын. Соның ішінде:
“Алдымда шамшырағым, Теміртасым,
Тілегім, сенің ұзақ болсын жасың.
Қош болыңдар бауырым, балапаным,
Байқаймын ажал шіркін, құтқармасын,–
деп дүлдүл атасы сияқты дауысын бір ырғалтып алып, “Біржан сал”, “Айтпай”, “Жанбота”, тағы басқа баба мұрасын әлдилеп, аялаудан әсте бір танбайтын Мұхамедқали атамыздың да майда қоңыр дауысын әлі талай сағынармыз, талай іздерміз. Бар саналы ғұмыры қарапайым еңбек адамы, көптің бірі болып, еліне, халқына хал-қадерінше адал қызмет етумен өткен текті жанның соңында қалған Серік, Шәріп, Орал, Марал секілді ұлдары ғана дәл осы сәт көңілімізге әжептәуір медет.
Бір өзі Біржан сал бабасының сайрап жатқан айшықты ізіндей көрінетін Мұқаңдар кеткенімен, осы азаматтар барда әнші баба ұрпағы әлі де орнында деп түйсінбеске шара жоқ енді. Қайтейік, жер бетіне ізгіліктің, тұтас бір өнер көшінің соңғы үзігінің нұрын да, сырын да себездете құйып, дидар-ғайыпқа айналып жүре берген Мұхамедқали ақсақалдың да көзі тірісіндегі текті кейпі өзін іздетпей қоймас. Біржан сал әулетінің үлкен бір тұғырының опырылып, бүтіндеу бір тұсының ойсырап қалғаны анық. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, о дүниенің бар жақсылығын берсін, Біржан атасын, қазақтың ән өнерін жан дүниесінде құндақтап, тербетіп өткен ғазиз да жомарт жүректі асыл жан, ардақты аға!
Бұланды, Еңбекшілдер, Бурабай аудандарының әкімдері.