Cоңғы кездері заман үрдісіне, табиғи құбылыстардың бұзылуына, сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты әйелдің жанды жері саналатын омырау безінің аурулары, әсіресе, қатерлі ісігі көбейе түсуде. Ана сүтінің азаюы, мезгілсіз суалуы, яғни жас аналардың бала емізуді қиынсынып, дайын “жасанды” тамаққа әуестенуі, бәрі-бәрі табиғи болмысқа қарама-қайшылық әкеліп, ана денсаулығына кері әсер етуде. Содан да болар, қазір әйелдер арасында сүт безі ауруының тырнағына ілініп, жарық дүниемен қоштасқандары, ауырып, жаны қиналып жүргендері қаншама? Сондықтан бұл кесел бүгінгі күннің ең өзекті проблемасына айналып отыр.
Осы ретте маманның осы сырқат жөнінде пікірін білу мақсатында Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақ ұлттық медицина университетінің онкология кафедрасындағы маммология курсының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әскер ЕСЕНҚҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Әскер Есенқұлұлы, алдымен әңгімемізді еліміздегі маммология ғылымы жайында бастасақ. Ол сала тек сүт безінің қатерлі ісігін ғана емес, жалпы әйел омырауын да зерттейтін ілім емес пе ...
– Маммология – әйелдерде (сүт), еркектерде (кеуде) бездеріндегі түрлі дерттерді (тіпті, ауру алдындағы өзгерістерді де) тексеретін, яғни олардан сақтану, анықтау, емдеу тәсілдерін қарастыратын, ғылыми-практикалық тұрғыдан зерттейтін және ауырған адамдарға реабилитациялық (қайтадан тез сау қалпына келтіру) шараларды да ойластыратын клиникалық медицинаның бір бөлімі. Мүшенің табиғи немесе жасанды ауытқулығы, кемістігі, өспей қалуы да осы салаға жатады. Маммолог дәрігердің негізгі мақсаты – тек қана сүт немесе кеуде бездерінің ісік ауруларын емдеумен ғана шектелмейді, осымен қатар ана сүтінің биологиялық қасиеті, оның балаға және анаға деген әсері де тексеріледі. Маммологтардың мойнындағы міндеттің бүгінгі таңда қиындай түсуі экологиялық, әлеуметтік, мәдени-өркениеттік жағдайларға да байланысты. Әсіресе, жас аналардағы емшек ауруларынан басқа да ана сүтінің азаюы мен мүшенің мезгілсіз тартылуы, кішіреюі немесе семіп қалуы, ерте әжімденіп, төмен түсіп (салбырап) кетуі және қисаюы сияқты кері құбылыстар тым көбейіп кетті. Мәселен, біздер балаларымызды басқа ұлт өкілдерінің ана сүтімен емізгенде оның қандай биологиялық, әлеуметтік кері ықпалы барын түсіне береміз бе? Ана сүтімен табиғаттағы жақсылық, адамгершілік, ізгі ниет, ұлттық болмыс және тағы осындай адамдық қасиеттердің берілуі, одан әрі дамуы мүмкін бе? Емшек ембеген баланың психологиясы қандай болмақ? Одан “ұлттық иіс” шығып тұра ма? Міне, осындай ана сүтіне байланысты түсініксіз жәйттер ғылыми тексерісті қажет етеді.
Өкінішке орай, біздің елімізде ана сүтін зерттейтін, оның құрамын, сапасын ғылыми түрде негіздейтін, бағамдайтын зертханалар жоқтың қасы. Ал сиыр сүтінің құнарын үңіле зерттеуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Сиыр сүті құнарлы болса, оның төлі де жақсы боларын білсек те, ананың сапалы сүтінен дені сау, есі дұрыс ұрпақ өніп-өсетінін ескере бермейміз. Қазіргі медицина қанша дамып кетті деп мақтанғанымызбен, ана сүтін құнарландыратын ешнәрсе таба алған жоқбыз. Неше түрлі жасанды сүт ұнтақтарының, қоспаларының сәби қарнын қампайтқаны болмаса, ана сүтінің маңына да жоламайды. Мына қызыққа қараңызшы, емшек ембейтін сәбилерге арналған донорлық сүт деген бар (жасанды емес, табиғи ана сүті). Әрине, бұл бала тағамы өте жоғары бағаланады. Бірақ, бұл сүттің кімнен “сауылып” алынғаны ешкімге мәлім емес, оның сапасын, құрамын тексеретін арнайы зертхана жоқ. Сүт берген әйелдің ұлты, денсаулығы, сүтінің маңыздылығы есепке алынбайды. Өзіңізден туған баланың ертең кім болып өсетіні де сол сүтке байланысты болса қайтер едіңіз? Қазақ айтады емес пе “Ешкі сүтін емген бала ебелек келеді” деп. Бір ағылшын ғалымының мақаласын оқығаным бар: қанішерлік пен жауыздық жасаушы адамдардың көбісі аузы жарып, ана сүтін қанып ембеген сәбилердің арасынан шықса керек.
– Ондайда қазекең “уызына жарымаған” деп жатпай ма. Жалпы, бала емізу – күрделі үрдіс. Ананың ақ сүті... Осы бір ауыз сөз дүние ғаламдағы барлық қасиетті сөздердің анасы ма дерсің. Жаратқан иеміз әйел пешенесіне қаншама бейнетті үйіп төксе де, соның қайтарымы шығар, мейірім нұрына шомылдырып, емірентіп бала сүю, ана болу бақытын сезінуді маңдайына жазуды ұмытпаған екен. Өзінің қанынан, жанынан жаралған құртақандай тіршілік иесінің анасының омырауына мұрнын тығып, алпыс екі тамырын идіріп, денесін елжіретуі, болмаса сәл-пәл аузына тамақ тиген қызылшақа еңбектеніп емуге ерініп, пысылдап ұйқыға кеткен сәтін көру бұл жалғандағы теңдесі жоқ, бекзат дүние. Кейде деймін-ау, омырауыңыз иігенде сүтті игере алмай, ал емізудің уақыты сәл өтіп кетсе де омырауыңыз сыздап жаныңызды қоярға жер таптырмай жатады. Ондай жағдайда баладан ұзап шыға алмайсыз. Яғни, емізулі баласы бар әйелдің аяғы байлаулы. Ал қазір біздің жастардың көбісі еркін, бос жүргілері келеді де, бала емізу машақатынан қашады. Содан “оқимын, жұмысқа шығамын” дегенді сылтауратып, кішкенесін ата-анасына болмаса бүгінде модаға айналған “нянкаға” тастап жүре береді. Ал кейбір аналар керісінше, сүті тартылып, қиналып жатады. Осы неліктен?
– Ананың балаға деген шынайы махаббаты ұлғайған сайын әйел ағзасындағы үлкен өзгеріс – сүт безінің июі жиірек болады. Содан барып емшек сүтінің биологиялық қасиеті де ұлғаяды. Бұрынғы аналарымыз емізу кезінде өмірдегі барлық қолайсыз жағдайларын ұмытып, бесік жырын айтуында үлкен тәрбиелік мән жатқанын аңғару қиын емес. Ол сүттің көбеюіне ғана әсер етіп қоймайды, әйел ағзасының жақсара түсуін де пайдасы зор. Көңілінде еш қайғы-қасіреті жоқ анадағы емшек сүті, науқас, жан дүниесі жараланған әйелдің емшек сүтіне қарағанда мөлшер жағынан да, сапа жөнінен де анағұрлым айырмашылығы болады. Қазір көптеген жас аналарда бірінші баладан кейін-ақ сүт кеміп немесе мөлшері азайып кетуі тым жиіленіп кетті. Осының салдарынан бала тойып ембейді немесе емген күнде де ана сүтінің қорегі төмен болғандықтан (мұндай сәтте ол өте сұйық су тәріздес келеді), сәбидің дұрыс өніп-өсуі, жетілуі нашарлайды. Яғни, баланың емшек ембеуі – емізу үрдісінің мүлдем тоқтап қалуына ықпалын тигізеді. Емшекте сүт жинала берген сайын оның сапалық қасиеті төмендейді. Екіншіден, жас аналар қазіргі кезде бала емізуге даяр емес. Олар бала емізу мен бала бағуды азап көреді. Тіпті, баланы “ұзақ” емізсе кеуде мүсінін бұзамыз деп ойлайды. Оның үстіне әйелдерге кеңес беретін орындарда келешек аналармен профилактикалық жұмыс мардымсыз жүргізіледі, жүргізілген күнде де олардың пәрменділігі өте төмен. Себебі, сүт бездерінің анатомиялық, физиологиялық құрылыстары, негізгі қызметі, аурулардан сақтану ережелері, қағидалары ешуақытта толығымен түсіндірілмейді. Мәселен, емшекте сәбиі бар анаға өте жиі жыныстық қатынаста тұруға болмайды, себебі еркектің гармоны сүт өндіргіш затты – пролактинді тежейді.
“Алпыс екі тамыры иіп” деген сөзден шығады, емшектен сүт шықпауы немесе оның ерте суалуы осы июге де байланысты. Кейбір аналар сәбилерін жұлқылап, ашуланып, көңілі, ойы басқа жақта отырып емізеді. Тіпті, құйрығынан шапалақтап қоятынын қайтесіз. Мұндай сәтте емізіп отырған ананың алпыс екі тамыры иімек түгілі, бойындағы қаны суып қалмай ма? Жетпіске келіп жер тіреп тұрған әжелердің немерелеріне еміренгенде омырауы иіп, сүт шыққанын талай көргенбіз. Он бала тапқан ананың емшегінен сүт бұлағы таусылмайтыны қалай, ал жиырмадан асқан жап-жас аналардың сәбиінің ерні емшегінің үрпісіне тимей жатып, суалып жатқаны қалай? Төркіндетіп келгенде, бәрі де мейірімнен, жүректен, ең бастысы, аналық махаббаттың мықтылығынан. Қазір медицинаның өзі балаға уыз сүтін берудің өте пайдалы, маңызды екенін біліп, жарық дүниеге келіп, көзін жаңа ғана ашқан шақалақты анасының кеудесіне басып, емізуді міндеттеуде.
– Баланы әрбір үш сағат сайын емізіп тұру дегенге не айтасыз?..
– Қазіргі жас аналардың 80-85 пайызы сәбиін дұрыс емізбейді. Емізу уақытына да бейтарап қарайды. Дұрыс айтасыз, бұрын медицинада баланы үш сағатта бір емізу деген талап болды. Ол – тіпті бос сөз. Әрбір ана сәбиін емшегі сүтке толған уақытта кез келген сәтте емізе беруі керек. Бала емгеннен кейін, егер сүт емшекте қалып қойса, оны сауып тастаған жөн. Әйтпесе қалған сүт тез арада ашиды да жаңадан келетін сүтті бұзып, ірітеді. Одан сүттің сапасы кемиді, оның үстіне неше түрлі емшек аурулары (әсіресе, қабыну үрдісі) пайда болады. Әр мүшенің өзіндік ерекше қызметі бар. Ол – табиғи құбылыс. Біздің ағзамызда еш артық мүше жоқ. Егер тән өз қызметін толық атқармаса, онда ол ауруға бейім бола бастайды. Бұл негізгі қағида. Сүт өнбеген немесе аз емізілген емшекте ауру жиі кездеседі. Соның бірі – қабыну және ісік аурулары.
– Ал енді осы саланың қандай проблемасын көріп отырсыз?
– 1995 жылғы 27 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігінің №94 бұйрығы шыққан-ды. Онда Қазақстандағы барлық медициналық жоғары оқу орындары мен республикалық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында маммология кафедрасын ашуды қарастыру көзделді. Жалпы, стандарт бойынша әр 100 мың адамға ең аз дегенде 0,5-1 ставка маммолог болуы шарт. Осындай дәрігер-маммолог әр аудандық ауруханада болуы керек. Бұл бұйрық әлі жойылған жоқ. Осы бұйрық бойынша бүгінде Қазақстан бойынша С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университінде ғана онкология кафедрасында маммология курсы бар. Ал қалған 5 медицина университетінде және дәрігерлер білімін жетілдіретін институтта маммология кафедрасы тұрмақ, курс та жоқ. Бүгінде республикада небәрі 50-ге жуық қана маммолог-дәрігер бар. Егер Қазақстанда 16 миллионнан астам халық тұратынын есепке алсақ, онда ең болмағанда 160 дәрігер-маммолог қажет. Қазіргі таңда маман дәрігерлердің жетіспеушілігінен аурудың асқынулары көп. Мәселен, ІІІ-ІV сатыдағы ауруы асқынған науқастар 60 пайызға жетіп отыр. Мұндай жағдайда қолданылатын ем 20 пайызға ғана шипалы, қалғандары 1-5 жыл арасында дүниеден озады деген сөз. Осыған сәйкес, ауруды алғашқы сатысында анықтауда дәрігерлердің үлесі 30-40 пайызға тең. Яғни, маман-дәрігерлер жеткілікті болса және олардың білім деңгейі сапалы келсе, бұған қосымша емхана мен ауруханаларда диагностикалық құрал-жабдықтар жеткілікті болса, онда науқастан дерттің І-ІІ өсу сатысында табылуға мүмкіншілік туар еді. Өкінішке орай, мамандардың жетіспеушілігінен, дәрігерлік білімнің жеткіліксіздігінен (себебі, оларды даярлайтын курстар немесе кафедралар жоқ), диагностикалық аспаптардың кемдігінен біз бүгінде дерттің алғашқы өсу сатысын анықтай алмай отырмыз. Ал сырқаттың І-ші өсу дәрежесін табу оп-оңай. Себебі, әйелдің омырауы – адамның сыртқы мүшесі. Ол көзге көрініп, қолмен сыйпауға келеді. Демек, ауру алғашқы сатысында анықталған жағдайда ем тиімді жүреді, яғни науқас адамның өмірі 90-95 пайызға жуық сақталады.
Елімізде жыл сайын 3 мыңнан астам әйел сүт бездерінің қатерлі ісігімен бірінші рет есепке алынады. Жыл сайын дерттің өсу жылдамдығы 5 + 7 пайыз болатындығын ескерсек, онда елімізде қатерлі ісіктің саны соншалықты шапшаң өспесе де, көбейе түсуде. Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау ісін жаңарту мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2008 жылдан бастап сүт бездері қатерлі ісігін ертерек анықтау, сондай-ақ Еуропа елдеріндегі сияқты қатерлі ісіктің өлім көрсеткішін азайту мақсатында үш жылдық маммографиялық скрининг өткізу қолға алынды. Бүгінде сол скринингтің өткізілгеніне екі жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда республикада ауруды ерте анықтау бағдарламасына сәйкес еліміз бойынша мамандар дайындалып, 100-ден астам маммограф аппараты сатып алынды. Соның нәтижесінде барлық облыс, қалада 40-59 жас аралығындағы әйелдер маммографиялық тексеруден өтті. Осы аралықта елімізде 700 мыңға жуық әйел тексеріліп, олардың арасынан 1066 сүт бездерінің қатерлі ісігі табылған. Бір қуанарлығы, сол мыңнан астам әйелдің 70 пайызында қатерлі ісік алғашқы сатысында анықталған. Демек, науқастың ол аурудан айығып кетуіне толық негіз бар деген сөз.
– Осы өткізіліп жатқан скрининг ғалымдарға, мамандарға не берді?
– Көп нәрсе берді. Соның бірі скрининг аясында дәрігер мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында Алматыда Қазақтың онкологиялық ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен сүт бездерінің қатерлі ісігін анықтау және емдеуге қатысты ғылыми-тәжірибелік семинар, конференция, шеберлік-кластар өтті. Қуаныштысы, мұндай тәлімдік-тәжірибелік білім үрдістерін өткізуді институттың дәстүрге айналдырғанын тілге тиек ете кетейін. Соның негізінде кейінгі он-он бес жыл ішінде онкология саласында шетел мамандарымен жиі-жиі байланыс жасап тұрамыз. Оған ұйытқы болған білікті хирург-маман, Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Ресей медицина ғылым академиясының толық мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жеткерген Арзықұловтың үлкен еңбегін атап өткім келеді. Ол кісінің келуімен және оның ұйымдастырушылық қабілетінің нәтиежесінде қазір институтта ғылыми қызметкерлер үш тілде (ағылшын, орыс, қазақша) емін-еркін баяндама жасауға қол жеткізді. Шетел мамандарының үздік деген ғылыми еңбектерін практикаға енгізіп, тәжірибе алмасуда. Биылғы күзде онкология институтына 50 жыл толмақ. Соған орай шетел ғалымдарының қатысуымен ауқымды ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Институттың жаңа өмірі – дәстүрі басталды десем, қателеспеймін. Қазір 50 жыл ішінде өмірі жасалмаған күрделі хирургиялық операциялар жүзеге асуда. Иә, бұл мекеме мен үшін де, мен сияқты Қазақстанның барлық онколог, радиологтары үшін де ғылыми-практикалық үлкен қарашаңырақ. Өзім институтты бітіре салысымен дәрігерлік еңбек жолымды, ғылыми қадамымды аталмыш мекемеден бастадым. Сондықтан да, бұл жер маған әр уақытта жүрегіме ыстық. Сүт безі рагын емдейтін бөлімше тек қана бұл жерде ғана емес, тағы да басқа бірен-саран ауруханаларда (Қазақстан бойынша) ұйымдастырылған. Бұл жоғарыда айтып кеткен кемшіліктердің бірі. Әр жерден жер ошақ қаза бергенше, бір жерден үлкен ғылыми- практикалық орталық – ошақ қазып, от жаққанға не жетсін...
– Сіз кезінде жиырма жылдай сүт бездері ауруларын зерттейтін, емдейтін республикалық ғылыми-практикалық маммология орталығын басқардыңыз емес пе? Естуімше, ол орталық қазір жабылған... Маман-дәрігерлер, емдеу орындары жетіспей жатқанда бұны қалай түсінуге болады?
– Рас, 1988-2005 жылдар аралығында біздің университет жанында республикалық ғылыми-практикалық маммология орталығы жұмыс істеді. Орталықтың ашылу себебі, еліміздегі сүт бездерінің қатерлі ісігі жыл өткен сайын көбейіп, ауру саны арта түсуінен еді. Мәселен, 1986 жылдары бұл кесел әйелдер ағзасындағы барлық қатерлі ісіктің алдына шығып, әр 100 мың әйелге шаққанда 25-30-ға жетті (қазір бұл дерт әйел ағзасында жиілігі жөнінен ең бірінші орынды алып тұр). Жалғыз ғана бұл дерт емес, сонымен қатар бездегі функционалды аурулар, неше түрлі кемістіктер – ауытқулар және қабыну үрдістері де тым көбейіп кетті. Әсіресе, жас аналарда, сонымен қатар ер азаматтарда да, олардың кеуде бездеріндегі ісік аурулары жиі кездесті. Халық арасында емшектің ақаулығы, кемістігі, ауытқулығы жиі байқалды (бұлардың көбісі еш жерде тіркелмейді, әрі емделінбейді және олар біздің ұлттың арасында көбірек). Міне, осылардың бәрін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі өзінің арнайы бұйрығымен медициналық орталық ашуды қажет деп тапқан. Мұны осылай шешкен сол кездегі Денсаулық сақтау министрі В.Девятко еді. Орталық 1988 жылы ашылып, клиникалық базасы Алматы қалалық онкодиспансерде орналасты. Ашылғанда 60 төсек болғанмен, кейіннен 40 төсекке кеміді. Сол он екі жыл ішіндегі жетістігімізге келсек, ғылыми-практикалық жұмыстардың және тиімді дәрігерлік шаралардың нәтижесінде сүт безі рагының Қазақстандағы таралу, өсіп-өну ерекшеліктерін анықтауда біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Сөйтіп, қатерлі ісіктің жас, ұлт ерекшеліктерінде айырмашылық бар екендігін дәл анықтадық. Тіпті, қазақ әйелдері үшін басқаша емдеу, анықтау тәсілдерін де ойлап шығардық. Жаңа патогенездік тәсілмен ісік ауруының алғашқы сатыларын анықтауға болатындығын дәлелдедік. Біздің жаңадан ойлап шығарған диагностикалық және емдеу тәсілдеріміз (12 патент және патенталды жұмыстар), шараларымыз бізге дейінгі әлемдік ең жақсы көрсеткіштерді 4-5 есе ұлғайтты, қатерлі ісікті емдегеннен кейін бес-он жылдық өмір сүргендердің саны 30-35 пайызға көтерілді. Орталығымыз Орта Азия бойынша тұңғыш ұйымдастырылса, бізден кейін Ташкентте ашылды. Қазір барлық ТМД елдерінде мұндай орталықтар жұмыс жасауда. Әсіресе, Санкт-Петербург, Мәскеудегі орталықтармен негізгі ғылыми-практикалық мақсаттарымыз бірдей еді. Орталық 15-тен астам ғылыми еңбектер жинағын шығарды, 10-12 оқулық және 8 оқу-әдістемелік нұсқау, 5 көпшілікке арналған санитарлық-үгіт насихат құралдарын құрастырды, 200-ге жуық ғылыми мақала жарық көріп, бірнеше кандидаттық, докторлық диссертация қорғалды.
Ал орталықтың жұмысындағы ең басты кемшілік – оның клиникалық бөлімшелерінің әр жерде, жеке дара адамдардың басқаруында болуы. Осыны ескеріп, министрлік 1995 жылы екінші рет толықтырылған арнайы бұйрық шығарды. Онда клиникалық бөлімшелер бір жерде, бір адамның басқаруымен жүргізілсін және медициналық кадр-мамандар даярлау бағдарламасы біркелкі жүйеге келтірілсін делінді. Өкінішке орай, бұйрық қағаз жүзінде қалды, денсаулық сақтау мекемелері ол бұйрықты көзге де ілмеді. Республикалық маммология орталығы өзіндік ұжым ретінде заңды (қағаз жүзінде емес) мәртебе алмай, 2005 жылы ақыры қысқарып тынды.
– Қазір сүт безі қатерлі ісігі жайында әңгіме қозғалғанда нәзікжандыларды үрей билеп, қорқыныш пайда болары хақ. Маман ретінде айтыңызшы, осы сүт безінің рагы неден басталады, қалай пайда болады?
– Әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі – жиі кездесетін, әрі өмірге қауіп туғызатын сырқат. Дерттің тікелей пайда болу себептері өте көп. Оларды негізінен үш топқа бөліп қарауға болады. Біріншіден, әйел ағзасының негізгі қызметтері: етеккірдің, жыныстық қатынас ережелерінің бұзылуы, бала көтеру, босану, емізу, екіқабаттылықтан сақтану шараларының өзгеруі. Осылардың қабаттасып келуі тым қауіпті, әсіресе, емшектегі сүт өндіру, шығару үрдістерінің ауытқулығы өте зиян. Екіншіден, ісік ауруында тұқым қуалаушылықтың рөлі бар. Бұл фактор 15-20 пайыз жағдайында орын алады. Үшіншіден, ағзада түрлі аурулардың алдын ала немесе қабаттасып келуі, әсіресе, жыныс, бүйрек үсті, қалқан, мишық бездерінің сырқаттары ерекше әсер етеді. Сүт бездеріндегі рак ауруы көбіне гинекологиялық аурулармен бірге (30-40 пайыз) жүреді. Сонымен қатар бауыр, жүрек және зат алмасу үрдістерінің (семіздік, қант ауруы) бұзылуы да дертке негіз болады.
Қазіргі танда омыраудың қатерлі ісігі жыл сайын дамылсыз өсіп келеді. Оның ішінде жастардың (30-ға дейінгілер) жиі ауруы ғылымда дәлелденіп отыр. Олардың көпшілігі қалалық жерде. Ал, ауылдағылар бір жарым есе сирек ауырады. Дерттің зымияндығы сол, ол адамды ешуақытта мазаламайды. Ауру адам өзін сау адамдай сезінеді. Қолмен сипағанда ғана тәннен ауырмайтын бір қатты түйін ғана білінуі мүмкін. Сондықтан болар, ауырғандардың көпшілігі кездейсоқ жағдайда ғана өздерінен түйін тауып, мамандарға көрінбей өз беттерінше емдеуге тырысады немесе жанға батпаған соң дәрігер-мамандарға тез арада бармай, уақыт өткізіп алып жатады. Әйелдің омырауы – сыртқы мүше, мұндағы рак ауруының асқынуына жол беру – үлкен қателік. Егер дерт ІІІ- ІV өсу дәрежесінде анықталынса, онда ол онкологиялық ауруларға қарсы ұйымдастырылған жұмыстың пәрменсіздігін көрсетсе керек.
– Меніңше, науқас әйелдердің дәрігерге көрінбеуінің бір сыры – бұл мәселенің тек пышақ тигізу, операция жасау тұрғысында ғана шешілетіндігінен ғана болар. Мәселен, өз басым солай ойлаймын...
– Иә, сауалыңыз өте орынды және шындық. Менің көп жылғы ғылыми-практикалық тәжірибемде әйелдердің орынсыз қорқатынын байқадым. Жалпы, бұл жөнінен әйелдерді үш топқа бөлуге болады: біріншісі, кездейсоқ түйінге мән бермейді, өздерін аурумын деп санамайды, сөйтіп, ешкімге көрінбейді, өздеріне “тәжірибе” жасағандай жүре береді. Тек түйіннің көлемі өскенде немесе дерт сезіле бастағанда ғана маманға барады. Сөйтіп, дертті асқындырып алады. Екіншісі, әйелдер күйгелектеніп, жоқ нәрсені бар көріп, асыра сілтеушілікке ұшырайды. Бұлардың жүйке жүйелері әбден тозғандар. Дәрігерден дәрігер іздеп, әр адамның айтқанын мақұл көріп, неше түрлі ем қолданады (уқалайды, қыздырады, ине салдырады, экстрасенс, молда, бақсылардың айтқанын бұлжытпай орындайды). Дәрігер маманға әбден қажыған кезде көрінеді. Үшіншісі, әрине, өкінішке орай, аз кездеседі, дегенмен, бұлар өздерін үнемі қадағалап, тексеріп отыратындар. Табылған түйіннің табиғатын ажырату үшін маман дәрігердің ақыл-кеңесін тыңдайды. Бұларда дерт асқынбайды, емдеу нәтижелері өте жоғары болады.
Пышақтан барлық жағдайда қорқуға болмайды, әрине, дерт асқынса онда пышақ өте зияндық жасайды. Пышақтың пайдалы, зиянды жақтарын тек жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол кәсіби маман ғана шеше алады. Кейде кішкентай түйінді алу – диагностикалық та, емдеу тәсілдерін де қажет етуі мүмкін. Неғұрлым ісік көзі кішкентай болған сайын солғұрлым емдеу жолдары әрі жеңіл, әрі пайымды екенін үнемі естен шығармаған жөн. Менің елу жылға жуық тәжірибемде алты әйел өздеріндегі рак ауруын біліп, асылып өлді. Ал тексере келгенде біреуінікі жәй – сүт безінің ісікалды ауруы (мастопатия) ғана болған. Елуге жуық ер азаматтың кеудесіне операция жасауға тура келді, оның ішінде қатерлісі де, қатерсізі де кездесті.
– Өзіңіз басқаратын курс жайында айта кетсеңіз…
– Жыл сайын университеттің емдеу факультетінің 5-ші курс студенттері келіп, білім алады. Оқу қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүреді. Кейінгі екі-үш жыл аралығында ісік ауруларының мемлекеттік тілде екі томдық оқулығын шығардық. Осындай орысша-қазақша 250-300 беттік маммологиядан оқулық жарық көрді. Онкологиядан дәрістер жинағы баспаханадан шығуға дайын тұр. Маммологиядан дәрігерлік қателіктер туралы 240 беттік ғылыми-практикалық тәжірибем жыл аяғына дейін жарық көрмек. Биыл ісік ауруларының екі томдық оқулығы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы грантын жеңіп алды. Жыл сайын оқу әдістемелік құралдар, бағдарламалар қазіргі заманауи талаптарға сәйкес жаңартылып, толықтырылып тұрады. Курс оқытушылары бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жұмыстарымен айналасады. Менің өзім жыл сайын сүт безінің қатерлі ісіктерінен сақтану, емдеу жолдары жайында 5-6 рет теле-радио, эфирге шығып тұрамын.
Арнайы кафедра қазіргі таңда еш жерде жоқ.
– Қазір қыздардың омыраулары өспей қалып немесе олардың қалыптан тыс үлкейіп кетуі сияқты ақау, кемістіктер байқалады дедіңіз. Оларға не көмектеріңіз бар?
– Бүгінде біздің тәжірибеде без ұлпаларының көлемі біркелкі болмай, біреуі кішірейіп, біреуі үлкейгендігі байқалып жүр. Тіпті, 18-20-дағы қыз балада сүт безінің болмауы немесе көлемінің тым кішірейіп кетуі – жас адамға үлкен кемістік. Бұл – психикалық күйзеліске әкеліп соғатын фактор. Біз бұрын байқамаппыз, қазір жастар арасында бұл ақаулық көбеюде. Ал жас әйелдің рак ауруынан кейін төсте анарының болмауы оны қатты күйзелтеді, ерте қартайтады, мүгедектікке, отбасының ажырауына жол ашады. Еркек адамдардың, керісінше, кеуде безінің ұлғайып, тіпті оларда рак ауруының болуы – қазір сирек құбылыс емес. Бұларды емдеу, анықтау өзіндік ерекшеліктерді талап етеді, себебі әйелдерге қарағанда бұл жыныс мүшелерінде көп айырмашылықтар, ерекшелектер бар.
Жасанды анар жасау, сүт бездерін қолдан ұлғайту немесе оның көлемін кеміту сияқты хирургиялық тәсілдер кеңінен пайдаланылуда, бұлардың көбісі жаңа тәсілдер. Мәселен, біздің елімізде емшек сылынғаннан кейін (рак ауруында) даяр жасанды емшек мүсінін (протез) орнату, қазір Қарағандыда, Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен ҚР Президенті жанындағы Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасында кеңінен қолданылады. Бұл жаңа тәсіл әйелдің психологиялық күйзелісін анағұрлым кемітуге қызмет етіп, науқастың ұзақ, қолайлы өмір сүруіне жағдай жасайды.
– Мүсіннің қанша тұратынын білуге бола ма?
– Мүсін бізде де, Ресейде де шықпайды, тек шетелден алынады. Мүсіннің өзі 500, оны салу 200-300 доллар шамасында.
– Әскер Есенқұлұлы, сөз болып отырған қатерлі кеселдің алдын алу, яғни болдырмау үшін қарындастарыңызға, келіндеріңізге, қыздарыңызға ғалым, тәжірибелі маман ретінде қандай кеңес бересіз?
– Алдымен әйел-ананың өзіне тән функциялары бұзылмауы керек. Қазіргі кезде бірінші профилактикалық жүйеден, екінші профилактикалық, яғни дертті қоздыратын, оны үдететін себептермен күрес тәсілдері өте нәтижелі келеді. Біз бұларды терең зерттеп, бұған көзімізді нақты жеткіздік. Ағзаны әлсіретпеу, оның төзімділігін, аурумен күресу қабілетін жаттықтыру, жетілдіру – өте маңызды шара екенін ұмытпаған жөн. Дерттен сақтанудың негізгі бір жолы – мүшенің қызметін бұзбау, яғни жасанды түсіктен қашу, бала сүйіп, оны ұзақ мерзім ішінде емізу. Бұл ұмытылып бара жатқан халқымыздың ежелгі салтын қайтадан жаңғырту – ұлтымыздың санын да, сапасын да жақсартуға, әрі ана денсаулығына тікелей пайдалы ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан, бойжеткен қыздарымыз уақытында тұрмысқа шығып, табиғаттың заңы - ұрпақ сүюді заңдастыру қажет. Сосын баланы йіп емізгені абзал. Болмаса ол сүттің сапасын өзгертеді. Мәселен, Құранда баланы үш жасқа дейін емізу керек деп жазылған, ал біз бір жарым жасқа дейін емшектен шығармауды ұсынамыз. Екіншіден, уақыты жеткенде суалту мәселесіне үлкен мән берілмейді. Өйткені, сүт қалған омыраудың арты кистозды мастопатияға айналады. Қазір емшек емізген әйелдердің екеуінің бірі осы сырқатпен ауырады. Ал оның арты қатерлі ісікке апарады, себебі, баланы емшектен шығару табан астында болып, сауып тасталынбайды және ол сырттай қатты қысып байланбайды, үшіншіден, жыныстық қатынасты үнемі үзбей, бала көтеруден ұзақ уақыт сақтанбау керек, етек кір функциясының бұзылмауын қадағалаған жөн. Әсіресе, жас қыздардың ашық-шашық жүруі емшек үрпісін ішке кіргізіп жібереді, ал бұл жағдай кейін тұрмысқа шығып, бала емізуді қиындатады, бұзады. Міне, осы сақтануларды бұлжытпай орындаған жағдайда ғана емшек ауруы мүлдем болмайды.
– Осы бір адамға тажал оғын егетін кеселді азайтуға қатысты қандай ұсыныстар айтқан болар едіңіз?
– Қазіргі таңда дертті болдырмау үшін, ең алдымен сақтану шараларын толық жүргізе алмай отырмыз. Дегенмен, болған дертті асқындырмауға толық мүмкіндік бар. Ол әйелдерге және медицина қызметерлеріне тікелей байланысты. Сонда әйелдер не істеу керек дейсіз ғой? Ол қарапайым ғана тәсіл – әйелдер ай сайын омырауларын техникалық тұрғыдан тиянақты, үзбей, дұрыс сипап отыруы керек. Егер түйін табылған жағдайда оның табиғатын анықтау үшін тез арада, міндетті түрде, маман дәрігерлерге көрініп, тексерілуі қажет. Екіншіден, медицина қызметкерлеріне байланысты дедік қой, ол – не? Біріншіден, білімді, білікті мамандар, маммологтар санын көбейту. Өйткені, қазіргі таңда республикада арнаулы мамандар жеткіліксіз. Ол үшін бұдан он бес жыл бұрынғы жоғарыда айтылған министрліктің №94 (27.02.1995) бұйрығын қайтадан жаңартып, орындалуын қамтамасыз ету. Яғни, Қазақстандағы 6 медициналық жоғары оқу орны мен республикалық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында маммология кафедрасын немесе курсын ашуды қолға алу. Содан кейін халықтың қорқынышын, күйзелісін төмендету мақсатында медицина қызметкерлері, әсіресе, маман-дәрігерлер жұртшылық арасында жиі санитарлық-профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізулері қажет. Егер біз өз ұлтымыздың генефонын жақсартқымыз және оны одан әрі дамытқымыз келсе, онда біз ана сүтінің биологиялық қасиеттерін терең зерттегеніміз абзал. Ол үшін жеке дара маммологиялық ғылыми-практикалық орталық қажет. Сондай-ақ, ірі қалаларда, перзентхана немесе әйелдер консультациясы жанынан ба, ана сүтінен донорлық пункт ұйымдастырылуы керек.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.