Бүгінде қоғам өмірі сәт сайын өзгеріп келе жатқандығына мысал көп. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметі бұған дейінгі жылдарға қарағанда қалың қауымға барынша танымал болып отырғандығы мәлім. Бұл Қарағанды сияқты тынысы кең өндірісті өңір тіршілігінен де байқалады. Оған сөз кезегінде оралып соғар алдында азаматтық қозғалыстарды дамытуды қолдаудың 2007-2009 жылдарға арналған аймақтық бағдарламаның ойдағыдай орындалуын айта кеткен жөн.
Жақында оны одан әрі дамыту жолдары талқыланып, белгіленген жиында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлнарайым Қаңтарбекова баян еткендей, жоғарыда аталған уақыттарда осы мақсатқа бөлінген 114 миллион 854 мың теңгенің толық игерілуі соны көрсетеді. Ең бастысы – үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қатынастары әр саладағы әлеуметтік жобаларды бірлесіп атқаруды беріктіре түскен. Мұны айғақтар жайлар жеткілікті. Жылдан жылға білініп жүргендей, ҮЕҰ белсенділігі жоғары. Егер бастапқы кезде өңірде олардың саны 60 болса, бүгінде 700-ге жуық. Әрине, бұлардың бәрі бірдей өз міндеттерін тепе-тең атқарып жүрмесе де араларынан оза көрініп, қоғам алдындағы мәселелерді қоян-қолтық шешуде, әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде үлгілі істерімен көзге түсушілері аз емес. Осы орайда Теміртаудағы “Лучик надежды”, Жезқазғандағы “Мейірім”, Жаңаарқа ауданындағы “Іскер әйелдер қауымдастығы” тәрізді ерікті ұйымдарды алдымен атауға болады.
Мұндай бірлестіктер жұмысының жемістілігі мемлекеттік қолдауға байланысты екені белгілі. Ал ондай қолдаудың айтарлықтай деңгейде екені байқалады. Мәселен, үстіміздегі жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жасалған 157 жоба толықтай қаржыландырылып отыр екен. Алайда кезекті кеңесте ашық ортаға салынғандай, ҮЕҰ-лардың дені қалаларда тіркелгендіктен, қаржы негізінен солардың қолына тиеді. Керісінше, ауылдық жерлердегі ұйымдар назардан тыс қалып қояды. Олардың белсенділігі әлі де төмендігі бұған бір себеп болумен бірге, аудандық әкімдіктер осынау қозғалысқа қозғау салуға енжар. Мұның өзі біраздан бері көтеріліп жүрген жәйт. Бірақ әзірге құлақ салушылық аз. Сондықтан жиында сөйлеушілердің жергілікті әкімдіктердің жұмыстарын таразылайтын рейтингтік сараптамаға мемлекеттік емес секторды құрып, іс-қызметін жандандыру бағытындағы көрсеткіштер енгізілу керектігін баса айтуы – шынында уақыттан туындаған талап.
Сондай-ақ әлеуметтік тапсырыстардың денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, білім беру салаларымен шектеліп қалып жүргендігі де ескерусіз қалдырыла берілетін мәселе емес екен. Әсіресе, спортта жеткіншектерді саламатты өмірге тартып, бейімдеуде қоғамдық қозғалыстар араласатын істер көп. Азаматтық ұйымдардың мұнымен қоса тұрмысы төмен отбасылар балаларын, жетім, тастанды балаларды қамқорлыққа алып, бұл ретте құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнықтыра жұмыс істеуіне жол кең. Көпшілік көкейіндегі осындай өзекті мәселелер форум жұмысының басты арқауы болды.
Сөз басында айтылғандай, әлеуметтік жауапкершілік саласында жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекшеленіп келеді. Оны нығайта түсудегі ізденістердің игі әсері әлеуметтік шаралар шапағатын кеңейтуде. Қоғамға қолғанат жасаушылардың енді еркінше еңбектенулеріне мүмкіндік те, мықты негіз де бар. Осы жолды қалаған қарағандылықтар сүйініші де сол.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.