Өткен жылы қарашада Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапармен барып қайтқан болатын. Сапар барысында екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған шаралардың бірі рухани дәстүрлерді жаңғырту екені ескеріліп, Беларусь Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндерін өткізу көзделген. К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында салтанатты рәуіште ашылған Беларусь Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндерінде Мәдениет министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Ілияс Қозыбаев пен Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Валерий Брылев екі халықтың мәдени сабақтастығын ұлықтайтын игі шараға тілектерін айтып, қонақтардың “Классик-Авангард” ансамблі Қазақ еліне арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасын ұсынды. Мәдени шараны Мәдениет министрлігі мен “Қазақстан халқының рухани даму қоры” АҚ ұйымдастыруа.
Ел мен елдің арасындағы рухани сабақтастықты саз өрнектерімен бедерлеуден асқан әсерлі ештеңе таппайсыз. Жүректің мұңы мен қуанышы, сағынышы мен сарқылмас бақыты тек құдіретті әуен қанатымен талмай қалықтайды. Халықтың табиғатын танып, жанын барынша ұққысы келетін адамның әуелі осы елдің музыкасына құлақ тосуы бекер болмаса керек. Сол себепті де, мұндай шығармашылық байланыстарға қай ел болсын әуелі өзінің ең қымбат дүниесін ұсынуға тырысып бағатыны хақ. “Классик-Авангард” ансамблі әрбір белорустің көкейіне мақтаныш сезімін үялататын, атағы Еуропаға тараған осындай әйгілі камералық ұжым саналады. Ансамбльдің он сегіз мүшесінің әрқайсысы өз алдына жеке тұлға ретінде халықаралық конкурстарда жүлде алып жүрген дүлдүлдер десек, ал ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Владимир Байдовтың дәстүрлі белорус әуені мен классикалық жауһарлардың жақын үндестігінен кестенің әшекейіндей көркем бейне түйген суреткер екенін, “Классик-авангардтың” шығармашылық шыңдалуына қосқан толайым еңбегін жұрт ерекше сүйіспеншілікпен айтатыны шындық. Витебск қаласында өтетін И.Соллертинский атындағы халықаралық камералық музыка фестивалін ұйымдастыруға мұрындық болған ансамбльдің жиырма жылдан астамғы тарихын түгел шолып шыға алмаспыз, бірақ та өнер ұжымының ұлттық радио қорына жазылған 150-дей інжу-маржанын белорус халқының қалыптасу дәуірін тұтас қамтитын, кешеден бүгінге дейінгі музыкалық тыныс-тіршіліктен тізілген шежірелік жинақ деуге толық негіз бардай. Қазақ елінде алғаш рет өнер көрсетіп отырған ұжымның шығармашылық ізденістегі келбетін ұлттық салт-дәстүрге негізделген саздары мен XVІІ-XX ғасырлар аралығындағы құндылықтардан іріктелген жазбаларынан айқын танисыз.
“Классик-Авангард” ансамблінің елордадағы кеші жұртқа қандай әсер қалдырды дейтін болсақ, алдыңғы саптағы сегіз скрипка мен екі виолончельдің дирижер таяқшасымен теңдей тербеліп, ал екінші қатардағы үрлемелі түрлі аспаптар қонымды үйлесіп, бірін-бірі толықтырып, бірінің үнін екіншісі әрмен қарай мүлтіксіз жалғастырып, толық түсіністікпен сыңғырлата жөнелуі көңілді көкорай белге жетеледі. Белорустің “Купалинка”, “Полька Янка” халық әндерін орындаған Беларусь Республикасының Ұлттық академиялық опера және балет театрының әртісі Анастасия Москвина мен “Иса пайғамбардың әнұранын” айтқан Владимир Громовтың айшықты дауыстары ансамбль әуенімен жараса қабысып, шеберлік үлгісі көрініс тапты. Әлем және белорус композиторлары қатар шырқалды. Иоганн Штраус, Матей Радзивил, Мечислав Карлович, Станислав Монюшко, Антоний Орловский, Секондо Казадеи, Роман Полестер сынды өткен ғасырлар өкілдері қалдырған мұраны қапысыз өңдеп, халыққа жеткізуде “Классик-Авангардтың” төккен тері өлшеусіз екеніне көз жеткізетін мұнан да басқа мысалдар аз емес. Ансамбль кенет қазақтың “Дайрабай”, “Көкпар”, “Ертегі” шығармаларын сызылта тартқанда, жүрек шымырлай жөнелген. Мұндайда бірегей туындының қай халыққа болсын ежелден таныс әуендей жанына жақын болып кететіні белгілі. Музыка тілінің құдіретіне шек келтірмес мұндай сәттер әсерінен ешкім де тыс қала алмайды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
-----------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.