• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2010

Инновациялық индустрияға бастайтын жол

1767 рет
көрсетілді

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы ____________________________________________ Қазақстанды индустриялық-инновациялық елге айналдыру Мемлекет басшысының бүгінгі таңда алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі.  Бұл  тұрғыда Сингапур,  Финляндия,  Германия, Франция сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибелері  де  зерттелуде.  Осы мәселеге орай біз Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қарамағындағы “Инжиниринг  және  технологиялар трансферті орталығы” АҚ-тың басқарма төрағасы Саят НҮСІПОВТІ әңгімеге  тартқан едік. – Саят Нұрмұхамедұлы, биыл тұңғыш рет Қазақстанда инновациялық  гранттар  беру тетігін жүзеге асырып жатырсыздар. Аталған жобаның мақсаты мен міндеті жөнінде айтып өтсеңіз? – Бағдарлама  “Инновациялық қызметті қолдау туралы” Қазақстан Республикасының заңы аясында жүзеге асуда. Оның әкімшісі Индустрия және жаңа технологиялар минис­трлігі болып табылады. Инновациялық гранттар беру төрт бағыт бойынша жүзеге асы­рылады. Бірінші, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар немесе тәуекелді қолданбалы зерттеулерге, екінші,  инновациялық жоба­лардың  техникалық-экономикалық  негізде­месін  әзірлеуге, үшінші,  шет  мемлекеттерде  немесе халықаралық патенттік ұйымдарда интеллектуалдық меншік нысандарын патенттеуге және төртінші, инновациялық технологияларды мүліктеуге инновациялық гранттар беріледі. Конкурсты өткізумен және сараптама жұмыстарымен  Инжиниринг  және технологиялар трансферті орталығы  мен  Ғылым  қоры  айналысады. Қазіргі уақытта аталған даму институттары қабылдаған өтініштер негізінде жобалар ғылыми-техникалық, экономикалық және экологиялық сараптамадан өтуде. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қарамағынан құрылған,  құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, ғылыми орталықтар мүшелері кіретін комиссия ізденушіге грант тағайындау туралы соңғы шешімді қа­былдайды. – Мемлекет алдында  тұрған маңызды міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыру үшін Үкімет үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Осы бағдарлама аясында сіздердің тарапта­рыңыздан қандай жұмыстар атқарылуға тиіс? – Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық  дамытудың  2010-2014  жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге  асыру  аясында “Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы”  акционерлік  қоғамы  алдына да үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Олар, біріншіден, қазақстандық және шетелдік ірі компаниялармен технологиялық келісімдерді іске асыру бағытында инжинирингтік және сервистік қызмет көрсету.  Екіншіден, инновациялық технологиялар трансферті мен шет мемлекеттерде немесе халықаралық патенттік ұйымдарда интеллектуалдық меншік нысандарын  патенттеуге инновациялық грант­тар бөлу барысында сенімді өкіл қыз­меттерін көрсету. Үшіншіден, өндірісті тех­никалық модернизациялау мен бизнес үр­дістерді жетілдіре түсу мақсатында басқарудың соңғы технологияларын енгізу. Төртіншіден,  Астанадағы өңірлік технопарк құрылысын қарастыратын инновациялық инфра­құрылымды дамыту мен Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы технопарктерді жабдықтау. Алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында  технологиялар трансфертін жүзеге асыру үшін орталық бүгінде бірқатар компаниялармен  нақты  жұмыстар  жүргізуде.  Олар:  “Қайнар-АКБ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен “Қорғасын қалдықтарын пайдаға асыру бойынша инновациялық технологиялар трансферті” жобасы, “Kazakhstan Rubber Recycle” жауапкершілігі шектеулі  серіктестігімен  “Резеңкені девул­канизациялау инновациялық технологиясы” жобасы. Сонымен қатар, биыл Қазақстан-Франция технологиялар трансферті орталығы ашылды. Соған сәйкес француздық “CEІS” компаниясымен бірқатар жобалар іске асырылуда. Олардың ішінде “Kaz-PV” жобасы Қазақстандағы жергілікті шикізаттан күн панелін өндіру жөнінен арнайы желі құруды қа­растырады. Мұнда қажетті технологиялар трансферті және фран­цуздық  мекемелер  мен зертханалардың ноу хауы да бар. Бұл жоба қазір жүзеге асу үстінде.  Француздық “BRGM” компаниясы мен “Қаз­атомпром” ҰАК” АҚ арасында сирек кеарасында сирек кездесетін жер элементтері саласында бірлескен қазақстан-француз орталығын құру жобасын жүзеге асырмақпаз. Қазіргі таңда келіссөз­дердің соңғы сатысы жүргізілуде. – Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы елімізде  инновациялық  инфрақұрылымды  дамытуға бағытталған  алдыңғы  қатарлы оператор болып саналады. Осы тұрғыда қандай басты жобаларды атап өтер едіңіз? – Біз бүгінгі таңда өңірлік технопарктер мен конструкторлық бюролар құру жөнінен белсенді жұмыстар жүргізудеміз. Қазірдің өзінде Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Петропавл, Шымкент қалаларында техно­парктер жұмыс істеп тұр. Бұл мақсатқа 2004-2009 жылдар  аралығында  мемлекеттік  бюджеттен  1,7 млрд. теңге бөлінген.  Осы уақыттар ішінде 149 жоба технопарктердің қолдауына ие болды. Сонымен қатар, көліктік мәшине жасау және кен-металлургиялық құралдардың  конструкторлық бюросы құрылды. Осылайша біз 2011 жылдың соңына қарай  құрал-жабдықтар, ауылшаруашылық мәшинелерін жасау және мұнай-газ құралдары конструк­торлық бюросын рынокқа шығаруды жоспарлап отырмыз. – Өңірлік технопарктердің  мақсаттары мен міндеттері қандай және олардың көкейкестілігі неде деп ойлайсыз? – Технопарк дегеніміз – бұл техноло­гиялық бизнес-инкубатор арқылы  иннова­циялық  жобаларды  дамыту және іске асыруға арналған сервистік, яғни қызмет көрсету  кешені. Ол жеңілдетілген негізде төмендегідей қызметтер көрсетуді қарастырады. Бірінші, бизнес-жоспарлар мен маркетингтік зерттеу­лерді әзірлеу, екінші, жобаларды басқару және қаржыландыру көздерін іздеу,  үшінші, жобаларды материалдық-техникалық қамтама-сыз ету. Бұл міндеттің ішіне кеңселік немесе өндірістік орын беру, телекомму­никациялық қызмет көрсету (байланыс, интернет желісі), зертханалық жабдықтарға мүмкіндік беру, жобаларды бухгалтерлік, құқықтық және аудармашылық жағынан қолдау, сынақтан өткізу, патенттеу, сертификаттау, тәжірибелік үлгі құрастыруға, ұлттық инновациялық дамыту шараларын іске асыруға қолдау көрсе­ту, консультациялық қызмет көрсету, сарап­тамалық жобалар сияқты жұмыстар кіреді. Атап өтетін жәйт, жоғарыда айтылған қызмет түрлері сараптамадан өткен жаңа­шылдарға, яғни инновациялық бастама көтергендерге ғана беріледі. Бүгінгі таңда технопарктер қызметінің басым бағыттары айқындалып, өңірлерде бір­қатар шаралар өткізілді. Сондай-ақ, техноло­гиялық бизнес-инкубаторлар, рейтингтік жүйелер, еркін тарифтік саясат,  басты тиім­ділік көрсеткіштер бойынша бағалау сияқты қызмет  көрсету түрлеріне қатысты тұжырымдама жасалып, жүзеге асырылуда. – Ғылым мен инновацияны дамыту бағытындағы іс-шараларды түйінді түрде айтып өтсеңіз? – Соңғы 10 жылда өндірістегі инновация­лық белсенділік деңгейінің  төмендігі салда­рынан ғылыми-зерттеулерге деген талаптың да әлсіз болғаны байқалды. Экономиканы реформалауда ғылымның рөлін бағаламау­шылық салдары осындай жағдайларға әкелді. Ал ғылыми-техникалық және технологиялық прогрестің өндірістегі өнімділік факторын жоғарылатуға әсер ететіні ертеден белгілі. Өкінішке орай, бұл факторлар  кезінде онша ескеріле қойған жоқ. Қазақстанда соңғы 10 жылда ғылым мен инновацияны қаржыландыру мөлшері ішкі  жалпы  өнімнің  0,2 пайызын  құрады, бұл тым жеткіліксіз еді. Елдің  стратегиялық  мүддесін  ескере отырып, 2015 жылы ғылым мен инно­вацияны  қаржыландыруды  кезең-кезеңмен ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына дейін, ал  2010 жылға қарай 2,5-3 пайызына дейінгі деңгейге жеткізу керек. Қазірде ғалымдарды, жас жаңашылдар мен жалпы ғылымды қолдаудың басты құралда­рының бірі бұл, әрине, инновациялық грант­тар. Жоғарыда айтып өткендей, мемлекет тара­пынан инновациялық  гранттар  сияқты  ау­қым­ды  жобалардың  болуының өзін  ғылым­ның дамуы бағытында жасалып отырған ай­рық­ша қадам деп санаймын. Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігінің ұйымдары­мен  қатар, Ұлттық  инновациялық қор, Ғы­лым қо­ры сияқты ғылымға әрдайым қолдау көрсе­тіп  отыратын  институттарды да атап өткен жөн. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. * * *

Егіншілікті әртараптандыру:  табыстар мен түйткілдер

Үстіміздегі жылдың тамыз айында Челябі ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институтында СИММИТ-тің (Жүгері мен бидайды жақсарту селекциясы бойынша халықаралық орталық) ұйымдас­ты­румен Қазақстан мен Ресей ға­лым­дарының КАСИБ (Жаздық бидай­дың селекциясы бойынша Қазақ­стан-Сібір бірлес­тігі) бағдарламасы бойынша семи­нар кеңес өтті. Оның негізгі мақ­саты жаздық бидайдың абиоти­калық және биотикалық стресс­терге берік немесе төзімді сорт­­тарын шығару­дағы жетістіктер мен түйткілдерді талдау еді. Биыл Ресей мен Қазақ­станның көптеген аймақтарында жаз бойы аптап ыстық пен түскен ылғалдың тап­шы­лығынан егіс алқаптары­ның түсім­ділігі күрт төмендеп, біраз жайылым­дықтар мен орман алқаптарын  тілсіз жау өрт шарпыды. Енді био­тикалық стресске от келсек – бұл бидай егі­сін­де кең таралған тат, септориоз және т.б. аурулар. Жаңбыр мол жылдары аталған аурулар эпи­фит­тотия дәрежесіне дейін дамып, өнім 20-30%-ға, тіпті кейде одан да жоғарғы мөлшерде төмендейді. Де­мек, Ресей мен Қазақстан селекцио­нерлерінің бұл кездесуі бүгінгі таң­дағы аса өзекті мәселеге арналған. Жиынға Қазақстаннан Ор­талық Қазақстан өсімдік шаруа­шылығы мен селекциясы, Павлодар және Шығыс Қазақстан ауыл шаруашы­лығы ғылыми-зерттеу институт­тарының, Қара­балық және Ақтөбе ауылша­руашылық тәжірибе стан­сала­рының (АШТС) селекцио­нерлері және осы мақала авторы қатысты. Басқосуда мен Қазақстанда жаздық бидайдың тат және сеп­ториоз ауруларына берік сортта­рын шығару мақсатында атқары­лып жатқан жұмыстар жайлы баян­дадым. Қазіргі таңда дүние жүзі бойын­ша 650 млн тонна бидай өндіріледі екен, 2050 жылы бұл көрсеткішті 900 млн тоннаға жеткізу қажет. Өкінішке орай, бидай түсімділігінің артуы адам өсімділігінен әлдеқайда төмен екен. Бұл мақсат үшін дүние жүзі бойын­ша жинақталған гене­ти­ка­лық қорды пайдалану 2%-дан аспайды. Дақыл түсімділігі мен көптеген қажетті қа­сиеттер ара­сында кері байланыстың болуы­нан табысқа жету қиынға соғып отыр. Осыған байланысты ке­ле­­шекте трансгенді бидай шығару (ГМО) күн тәртібіне қойылуы мүм­кін, гендерді түбегейлі өзгерту арқы­лы ғана бидай түсімділігін айтар­лық­тай көтеруге болады. Ресей мен Қа­зақстанның астық өндіруді артты­руда әлде де пайдаланыла қоймаған біраз мүмкіндіктері бар көрінеді. Соңғы жылдары біріншісінде бидай өндіру қарқындап өсіпті, 1978 жылмен салыстырғанда бұл көрсет­кіш екі еседей артып, 46 млн тоннаға жеткен. 2000-2008 жылдары жыл сайынғы экспорт 15 млн. тоннаны құрапты. Келесі назар қоятын бір мәселе ауа райының өзгеруі. Соңғы 30 жылда Азия мен Еуропа және Африка континенттерінде ауаның темпе­ратурасы орта есеппен 1-2 гра­дусқа жоғарылаған. Ғалым­дардың болжауы бойынша 2050 жылға дейін Ресейдің көп аймақтары мен Сол­түстік Қазақстанда бидай өндіруге ауа райының қолайлылығы арта түседі. Келешекте жаңа аурулар татпен қатар масақ фузариозы және т.б. үлкен түйткілге айналмақ. Әрине Қазақстанның бидай өндіруде қол жеткен табыстары аз емес, шешуін таба алмай жатқан түйткілдер де жоқ деуге болмайды. 2008 жылы Астанада басталып, Шортандыда жұмысын жалғас­тырған халықаралық конференцияда егін шаруа­шы­лығын әртарап­тандыруға көп көңіл бөлінген еді. Нарықтық экономика жағдайында өндірілетін және экспортқа шығары­латын өнімдердің мөлшері мен құны оған сұранысқа тікелей байланысты екені белгілі. 2006-2008 жылдары бидай өніміне сұраныс артып, баға біраз шарық­тады. Осыған байланыс­ты тауар өндірушілер 2009 жылы бидайды 14 млн.-ға жуық гектарға егіп, өкінішке орай, жиналған өнімді 110-130 долларға өткізе алмай зар бол­ды. Осыған орай егін шаруашы­лығын әртараптандырудың маңызы өте зор екеніне күмән жоқ. Бүгінде осы шара қалай іске асып жатыр? Үстіміздегі жылы республика-ның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы және Шығыс Қазақстан мен Пав­лодар облыстарынан басқа аймақтарда ауа райы жағдайы егін шаруашылығы үшін қолайсыз болды. Батыс Қазақстан мен Ақ­төбе облыстарында ерте көк­тем­нен басталған аңызақ пен жаз ай­ла­рында жалғасқан аптап ыс­тық пен құрғақшылық салдары­нан 70-80% егіс көлемінен се­білген дәннің өзін жиып алу мүм­кін болмай отыр. Құрғақшылыққа өте төзімді, шілде айында түскен шамалы ылғалмен көтеріліп кететін тарының өзі де табиғаттың шамадан тыс қатыгез­дігіне қарсы тұра алмады. Ұзаққа созылған ауа райының мұндай құбылысына тек күнбағыс дақылы ғана төтеп бере алған сияқты. Негізгі астықты алқап – елі­міз­­дің солтүстік өңірін де үсті­міздегі жылы құрғақшылық жай­лап, топырақта ылғалдың жетіс­пеуші­лігінен көптеген алқап­тарда егін мезгілінен әлде­қайда ерте пісті. Жиналып жатқан өнім мардымсыз, гектарына 7-10 цент­нер­ден аспауда. Бұдан әлдеқайда жоғары өнім алатын ша­руа­шылықтар бар екеніне 9-12 та­мыз аралығында Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының біраз шаруашы­лықтарын аралағанда байқадым. Егінжаймен танысу Қостанай облысының Қарабалық ауданында орналасқан селекционер В.Ганеев басқаратын “Фитон” ЖШС-нің жұмысынан басталды. Бұл серік­тестік жаздық бидайдың селекциясы мен тұқым шаруашы­лығына маманданған. 520 гектар жері бар олар бір-бірінен қашық­тығы 30-40 шақырымға жететін үш оқшау танапта орналасқан екен. 5-6 адам істейтін шағын ұжымның селекция учаскесі жақсы жолға қойылған. Жұмыс көлемі ғылыми-зерттеу институтының арнайы бөлім­дерінен артық болмаса, кем емес. Түсімділігі жоғары және жергі­лікті жағдайға, әсіресе қуаңшы­лыққа бейімделген жаңа сорттарды көбейту питомнигі бірнеше гектар танаптарға егілген. Бір сөзбен айтқанда, мұнда біртұтас селекция үдерісі қарқынды жолға қойылған. Серіктестік селекция жұмысы­мен қатар егіс көлемі Қостанай облысы мен Ресейде 1 млн. гек­тарға жететін бидайдың “Любава” сортының тұқымын көбейтумен де айналысады екен. Көбейту пито­м­нигінен жиналған тұқым тікелей осы ауданда орналасқан “Ақ бидай” ЖШС тұқым шаруашылы­ғында егіліп, ол тауар өндіретін ша­руашылықтарды суперэлита және элитамен қамтамасыз етеді. Вадим Ануарович “Любава” сортының өндірісте егіліп келе жатқан басқа сорттардан артықшылығын көрсету үшін Ресейдің Челябі облысына дейін созылып жатқан “Зерновая индустрия” компаниясына қарасты ірі шаруашылықтардың егіс алқаптарымен таныстырды. Биыл­ғы құрғақшылыққа қарамастан “Ақ бидай” мен “Агротор” ЖШС көп­теген танаптарында бұл сорттың түсімділігі 15-20 центнерден кем емес, ал жақсы алғы дақылдардан кейін 25-30 центнерге жететін түрі бар. Өткен жылы сүріден кейін егілген бір танаптың гектарынан 68 центнер өнім жиналыпты. Біздің сапарымыз “Шайтанкөл” деп атала­тын топырағы сортаңдау келетін учаскемен аяқталды. Мұнда “Фитон” ЖШС-нің егіс алқаптары Қарабалық АШТС және де басқа шаруашылықтардың егіс алқаптары­мен түйіседі екен. Осы арада “Омская-24”, “Казахстанская раннеспелая”, “Лютесценс-32” және “Қарабалық-90” сорттарының тү­сімділігімен салыстырмалы сынауға мүмкіндік болды. Құрғақшылықтан және жердің сортаңдануынан атал­ған сорттардың егісі ойдым-ойдым болса, Любаваның сүріден кейінгі 4-дақылының егісі біркелкі, түсім­ділігі де 4-5 центнерге жоғары, де­мек бұл сорттың табиғаттың қолай­сыз жағдайына көнбіс екендігі анықталды. 10 тамызда Алманияның Қазақ­станда тіркелген “БАСФ”, “Ра­пуль” және АҚШ-тың “А.S.К. Тех­ник” ЖШС-лері бірлесіп, Қоста­най АШҒЗИ-дың егіс дала­сында өткізген семинарға қатыс­тым. Аталған үш компанияның негізгі мақсаттары Қазақстанда рапс, күн­ба­ғыс және т.б. дақыл­дардың жаңа сорттары мен будан­дарын, өсіру технологиясы мен оларды зиянды организмдерден қорғайтын пести­цид­тердің тиім­ділігін шаруа қожа­лықтарының мамандарына көрсету. “Рапуль” ЖШС-нің өкілі С.Подо­бод­тың мәліметіне қарағанда, әлем­­дік рынокта майлы дақыл­дар­дың ішінде күнбағыстан кейін рапс екінші орын алады екен. Оның негізгі өндірушілері ЕО мемлекет­тері мен Қытай және Канада, ал негізгі тұтынушылары халық саны көп Қытай мен Үндіс­тан. Еуропада рапсты Германия мен Франция көп егеді екен, оның егіс көлемі 1,5 миллион, ал Украинада 1200 мың гектар. Егер 1995 жылы Германияда рапстың егіс көлемі 974 мың га, тү­сімділігі гектарға шаққанда 31,9 ц. болса, 2009 жылы бұл көрсет­кіштер 1471 мың га және 42,9 центнер, ал жиналған өнім екі еселеніп 6205 тоннаны құрапты. Қазақстанға келсек соңғы жылдары рапстың егіс көлемі біраз көтеріліп, үстіміздегі жылы 350 мың гектарға себілген, түсімділігі бүгінгі таңда 10 центнерден аспай отыр. Енді рапс дақылына осыншама қызығушы­лық не себептен деген сұраққа жауап іздесек, Германияда өндірі­летін өнімнің 60 пайызға жуығы биоотын ретінде, 15 пайызы тамақ өндірісінде, ал қалғаны парфюме­рия және т.б. салаларда қолда­нылады екен. Қостанай АШҒЗИ-дың “Зареч­ное” тәжірибе шаруашылығында рапс селекциясымен айналысатын төрт орталықты біріктіретін Гер­манияның “Рапуль-Ринг ГмбХ” компаниясының сорттары “Аби­лити”, “Герос”, “Хантер”, “Лизо­ра”, будандары “Сиеста”, “Хидалго”, “Траппер” бірінші буындары сынақтан өтіп жатыр екен. Биылғы ауа райының құрғақ­шылығына қарамастан олардың түсімділігі гектарына 15-20 цент­нер мен 30-40 центнер шамасында. Барлығына тән қасиет майлылығы жоғары, түсімділігі тұрақты. Өндірісті жақсы білетін ғалым, Қостанай АШҒЗИ-дың бас дирек­торы В.Двуреченский рапсты өсіру технологиясының, себу мерзімі мен мөлшері, жиын-терін жұмыстары­ның ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Рапстың тамыры терең кететіндіктен бұл дақыл топырақ­тағы ылғалды тиімді пайдаланумен қатар, оның беткі қабатын жақсы қопсытатынына және оның жаздық бидай үшін тамаша алғы дақыл екендігіне баса көңіл бөлді. Осы сапарлар мені біраз ойлан­дырып арнайы мақала жазуға түрткі болды. Нақты білетінім, біз жақын жылдары Германия мен Жапония­ның, Швейцария мен АҚШ-тың алпауыт химиялық компания­ларының өніміне бәсекелес бола­тын өсімдік қорғау құралдарын шығара алмаймыз. Бұл өндірістің тарихы аталған мемлекеттерде те­рең жатыр, осыдан 75-100 жылдай бұрын тамырын жая бастаған, материал­дық базасы жоғары, білікті мамандары бар, ғылым мен өндіріс бір-бірімен ұштасқан. Олардың көпшілігі жылда түсетін табыс­тарының 20-30%-ға дейінін ғылы­ми ізденіске, жаңа препараттар шыға­руға, болмаса оларды жақ­сартуға бағыттайды. Соңғы жылда­ры өсімдік қорғау құралдарын шығару­ды көршіміз Қытай мен Үндістан қатты қолға алып, рынок­тан Батыс Еуропа елдерін ығыс­тыруда. Ресейдің де өсімдік қорғау препараттарын шығаруда жинақ­талған тәжірибесі мол, Кеден одағы жағдайында бұл мемлекеттің де өнімдеріне жол ашық. Екінші мені толғандырған мәселе, Германия мен АҚШ және Ресей мемлекеттерінің өздерінің шығарған сорттары мен буданда­рын Қазақстанда таратудағы белсенділігі. Әрине, жаңа дақылдар, мәселен, рапс пен зығыр бойынша, олардың сорттарына бәсекелес сорттар немесе будандарды жақын жылдары шығара алмаспыз. Күн­бағысты алсақ та мәселе осылай сияқты. Осыдан 2-3 жылдай бұрын Ақмола және Батыс Қазақстан облыста­рында Украина ғалымдары шығар­ған ондаған сорттар мен будандар сынақтан өтіп, бірден мыңдаған гектар егіс көлеміне та­рал­ғанын көзіммен көргенмін. Рапс және күнбағыс дақылдары бойын­ша селекция жұмысы Қазақстанда да жүргізіліп жатыр және азын-аулақ табыстар да бар. Бірақ екінші дақыл бойынша Шығыс Қазақ­станда орналасқан бар-жоғы 2-3 ғалым істейтін, материалдық жағынан жабдықталуы сын көтер­мейтін, шағын ғана селекциялық орталық табиғаты әртүрлі келетін бүкіл Қазақстанды бұл дақылдың тұқымымен қамтамасыз ете алмай­тынын мойындауға тура келеді. Рапсқа келсек, бұл дақыл бойынша селекция жұмысымен Қазақ егін және өсімдік шаруашы­лығы мен А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы институт­тарында шағын ғана топ айна­лысуда. Енді бидай мен арпаға тоқталсақ, бұл дақылдар бойынша селекция жұмысымен республи­каның оңтүстігі мен солтүстігінде, батысы мен шығысында және орталығында 70-80 жылдық тарихы бар селекциялық орталықтар айна­лысуда. Аталған дақылдар бойынша олардың шығарған жақсы сорттары да жеткілікті. Респуб­ликада Ресей сорттарының егіс көлемін көбейте берсек, оның көлеңкелі жағы да бар. Ертеңгі күні біздің сорттары­мыз бәленбай мың гектар жерге егілді, авторлық құқығымыз үшін бәлен ақша төлейсіз деген әңгіме болмасына кім кепілдік береді. Өкінішке орай, осы семи­нар­лардың ұйымдастырушылары Қа­зақ­станда өз бөлімшелерін ашқан шетел компаниялары болды, респуб­­ликаның ғылыми-зерттеу меке­мелерінен бар-жоғы 2-3 маман ғана қатысты. Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. * * *

ЖОЛ МҰРАТЫ

Қостанай облысында тас жолдарды жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын тапты. Жол қатынастары өңірде жыл сайын жақсарып келеді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Болат НАҚАНОВ біздің тілшімізге осы салада атқарылып отырған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берген еді. – Болат Әуезханұлы, өңірдегі тас жолдар сапасының  жақсаруы экономикаға қаншалықты ықпал етеді? – Жолдың маңызына не жетеді? Әуе, су, темір жол, тас жол болсын экономиканың нағыз күретамыры болып саналады. Жолсыз экономиканың кемесі қайырлайды. Дүниенің о шеті мен бұ шетін  керуенмен жалғаған Ұлы Жібек жолы сан ғасырлар өтсе де адамзат жадында. Өзім көп жылдар бойы осы салада қызмет істегендіктен, тас жолдың экономикаға да,  әлеуметтік сала­ға да маңызының  орасан зор екенін білемін. Қазір тас жол арқылы алып өтпейтін зат жоқ. Ең арғысы суға дейін тасылады. Жол жақсы болса, көлік тез тозбайды, ауылшаруашылық тауарлары, басқа да керек-жарақтар  белгіленген жеріне тез жеткізіледі. Бір ғана мысал айтайын, Қостанай облысының жер көлемі үлкен екені белгілі. Арқалық, Торғай өңірі облыс орталығынан бір күндік жол. Бұрын Арқалықтан шыққан көлік Қостанайға Есіл, Державин, Октябрь кенттері арқылы келетін. Бұл оралып жүретін жол тегіс болғандықтан жолаушы оның алыстығына да мойынсұнатын. Қазір Амантоғай-Дәмді-Әулиекөл арқылы  тез жетеді. Себебі осы жол жөнделгелі жолаушының да, жүк таситындардың да көзі ашылғандай болды. – Облыстағы жолдарды жөн­деу жұмыстары қалай жүріп жатыр? – Біздің Қостанай-Торғай өңірінде барлығы 8106 шақырым тас жол бар. Оларды жөндеуге биыл бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ауданаралық Ұзынкөл-Сарыкөл, Қойбағар-Қарасу-Севастополь, Қарасу-Большая Чураков, Федоров-Ленин-Вишнев елді мекендерінің араларын қосатын жолдар қайтадан жөнделеді. Ал Арқалық пен Торғай кентінің арасындағы 300 шақырым жол бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Биыл оның 9 шақырымы жөнделмек. – Жылына 9 шақырым дегеніңіз құлаққа жайсыз естіледі екен. Бұл жұмыс қарқынының баяулығын көрсетпей ме? – Бұл жұмыс қарқынына емес, қаржыға байланысты баяулық. Жұмыстың көлемі қаржының жетуіне қарай бітеді.  Жақсы жөнделген, тақтайдай тегіс жол жолаушының жан рахаты. Бірақ ол өте қымбат жұмыс еке­нін жұрт бағамдар деп ойлаймын. Құры­лыс­қа қажетті материалдар­дың біразы Ресейден алынады. Би­тумның өзі өте қымбат мате­риал, оның тасымалын қосыңыз. Сонда бір шақырым жолдың өзі ондаған миллион теңгеге шарықтап шыға келеді. Былтыр мен биыл “Жол кар­тасы” шеңберінде біраз іс бітті. Үстіміздегі жылы осы  бағдарлама бойынша жасалған 9 жоба аудан­аралық және қала ішіндегі жол­дарды жөндеуге арналды.  Бұрын Рудный мен Качар кенті арасын­дағы 60-70 шақырымға жүрген жолаушы жолдан шар­шайтын. Міне, осы жол жөнде­луде. Сондай-ақ облыс орталы­ғынан шалғайда жатқан  Качар-Федоров, Әулиекөл-Жалдама, Жітіқара-Қамысты-Ливан елді мекендері­нің арасы тақтайдай тегіс тас жол жалғастыратын болады. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы, қалаға іргелес Затобол кентіндегі көшелердің жөндеу жұмыстары да “Жол картасының” арқасында  ретке келетін болады. – Қазір қай саланы алсаңыз да жаңа технология мен  өнімді техни­каларды пайдаланып, істің сапасын жоғары деңгейге көтереді. Жол төсеу ісінде жаңалықтар бар ма? – Мердігерлеріміз жаңа тех­никалар алып жатыр.  Ресейден, Қытайдан асфальт төсейтін, тегістейтін және өнімді экскава­торлар да алынды. Жұмыс тек техникамен атқарылатын бол­ғандықтан, оған басты назар саламыз. Жаңадан жол салу да, оны жөндеу де  оңай емес, жұмыс сипаты да, үдерісі де ауыр. Үнемі топырақты аударып, тасты қопара бергендіктен қандай техника болса да тез сынады. Жолдың өзінің сапасына кел­сек, болмасақ та ұқсап бағудамыз. Бұрын асфальттың қалыңдығын  бес сантиметр ғана төсейтінбіз. Ол жиі ойылып кете беретін. Қазір оны 12 сантиметрге жеткіздік. Еуропа елдерінде,  мысалы, Германияда  бұл қалыңдық 30 сантиметр, олар төселген тас пен құмды есептегенде жолдың биіктігін 60 сантиметрге дейін апарады. Ондай жолдың  төзім­ділігі де ұзақ мерзімге есептелген. – Жолдардың күтімі туралы не айтар едіңіз? – Бұл мәселе біздің облыста  өте жақсы шешімін тапқан. Жолдың күтімін біз жеке мен­шік­ке беруді дұрыс көрмедік. Өйткені  жолдарды тазалайтын, кішігірім жөндеу жұмыстарын атқаратын техникаларды сатып алу қазір жеке кәсіпорындарға  өте қиынға түседі. Жолдағы барлық жұмыс техникалармен атқарылады дедім ғой. Сондықтан техника нашар жерде жұмыс та ақсайды. Ал қыс­тыгүнгі борандарда жолдарды үріп жауған қар бөгеп тастайды. Мұн­дай кезде жолды тездетіп аршу тек қуатты техникалар арқылы ғана мүмкін болады. Біз сол үшін облыста бірнеше мемлекеттік-коммунал­дық кәсіпорындар құр­дық. Оларға бюджет қаржысына қуатты шетелдік озық техникалар алып бердік. Бұл құрылымның нәтижесі  жақсы болды. Қазір қыс айла­рында  аудандарға, алыс елді мекендерге қатынайтын жолдар қардан уақтылы аршылып отырады. Олар жаз айларында жолдардағы белгілердің  дұрыс  тұруын қадағалайды, су шайып бүлінген жерлердегі  уақ жөндеу жұмыстарын да атқара салады. – Көпір де  жолдан айырғысыз ұғым. Бұл орайда  облыста қандай іс бітті? – Көпір салу қашаннан игі­лік­ті іс. Облыс өңіріндегі  өзендер мен жолдарда  64 көпір бар. Өткен жылы Қостанай қаласының  шығаберісіне үлкен көпір салынды. Бұл жаңа үлгідегі құрылыс  жолды  Тобыл суының шайып кетуінен сақтайды, яғни көлік өзен тұсынан кідірмей өтетін  жағдайға жетті. Оның сыртында  жыл сайын  кішігірім көпірлер, өзендер үстінен  өтетін жолдарға қойылатын құбырлар жаңартылады, жөнделеді. – Сіздің барлық саналы  ғұмырыңыз құрылыспен, оның ішінде жол құрылысымен байла­нысты. Осы жұмысты өзіңіз қалай бағалайсыз? – Мен ұзақ жылдар Амангелді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында құрылысшы-инженер, бұрынғы Торғай об­лыстық агрокомитеті төрағасының  құрылыс жөніндегі  орынбасары болып қызмет істедім. Одан кейінгі жылдарда да Амангелді ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде құрылыс ісіне жауап бердім. Сондықтан маған ауыл шаруашылығы құры­лы­сы, әсіресе, жол құрылысы  етене жақын, жинаған тәжірибем де жетеді. Нарық жылдары Тор­ғай облысы тараған кезде  Қоста­най облыстық инфрақұ­рылым және құрылыс департа­менті  директорының  орынбасар­лығы қызметіне келдім. Кейінгі он­шақты жылда осы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарамын.    Жол салудың сауабын айтпағанда, бұл өте  қызықты әрі қиын шаруа. Әңгімеміздің басында осы іске  бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлінетіндігін айттым. Сол қаржының барлығы да жаз, күз айларында,  әлі жерге тоң қатпай тұрған уақытта игерілуі керек. Сондықтан жолаушылар үшін  жаз­дың  әр күні, әр сағаты қым­бат. Қазақстанның солтүстік облыс­тарында жаз маусымы қысқа, қыс ұзақ. Жол құрылыс­шылары қар кетіп, жер құрғаған­нан тоң қатқанға дейін бел жазбай еңбек етеді. Жаз айында өзім демалып көрген емеспін. Еңбек демалы­сым­ды қараша немесе қыс айла­рында аламын. Ал бұл жұ­мыс­тың қызықтығы, еткен еңбе­гің адам­дардың, елдің игілігіне ай­нал­ға­нын көресің. Жолаушы­лар біз жөн­деген тақтайдай тегіс тас жол­дың  үстінде өмір-өзен сияқ­та­нып ағылып жатады. Бұдан ар­тық еңбегіңнің қайтарымы бар ма. — Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.