• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

Алыптарға арналды

522 рет
көрсетілді

Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдерінің  ХІІ қалалық фестивалі аясында Б.Момышұлы мен Ж.Жабаев ескерткіштерінің алдында “Тағзым мен тағылым” атты мерекелік іс-шара өтті “Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде артық не бар екен!”, деген Елбасы Н.Назарбаевтың бұл сөзінен кейін, ана тілімізге деген құрметіміз одан әрі күшейе түспек. Рас, бүгінде  қазақ тілінің аясы кеңейіп, өрісі өсіп, құлашы кеңге жазылып келеді. Бұл бірінші кезекте тәуелсіздігіміздің,   екіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғандығының арқасы.  Дәстүрлі бұл мерекелік іс-шара биыл 12-ші рет аталып өтуде. Қыркүйек айының 15-і күні Астана аспаны астында қазақтың біртуар ұлы, баһадүр, батыр әрі ақын бабамыз Бауыржан Момышұлы мен ұлы жырау Жамбыл Жабаев ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталып, патриоттық өлеңдер оқылып, әндері шырқалды. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазықызы: Бауыржан Момышұлы Алаш арыстарының рухани мұрагері десе, республикалық “Ұланның” қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов даңқты батыр жайлы тоқтала келіп, мемлекеттік тілді насихаттаудағы өз ойын ортаға салды. Ал Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдындағы шараға қалалық тілдерді дамыту басқармасы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, білім ордасындағы “Қазақ әдебиеті” кафедрасы оқытушылары мен студенттер құрамы ұйытқы болды. Тіл мерекесінде  университтет студенттері мен оқытушылары дайындаған  қойылымдар мен мемлекеттік тілді насихаттауға арналған жұмыстар көрсетілді. Еуразия ұлттық университетінің оқу әдістемелік және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Диқан Қамзабекұлы: “Астананың әрбір бұрышында бүгінде ескерткіштер бой көтеріп келеді. Солардың бірі осы Жамбыл Жабаев ескерткіші. Осындай ескерткіштерді көргенімізде, қазақтың біртуар азаматтарын еске алып, олардың шығармашылығын одан әрі жаңғырту – бар­шамыздың борышымыз. Сондықтан да, қазақ тілі мен мәдениетіне бәріміз бірдей атсалысып,  одан әрі дамуына өз үлесімізді қосайық”, – деді. Егемендігімізді алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, ымырасы жарасып, айрандай ұйыған елде өмір сүріп жатқан тұста ана тілімізді құрметтемей, өзге тілдің туын көтеру, әсіресе жастарға жараса қоймайтындай көрінеді. Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.