Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Алматы облысының Жаркент өңіріндегі Қорғас ауылына келіп қайтты. Үкімет басшысының ресми іссапары екі ел шекарасында салынып жатқан “Қорғас” халықаралық шекаралық әріптестік орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысуға арналды.
“Қорғас” ХШӘО президенті Ғабдулхаким Жәшібеков Үкімет басшысына орталықта атқарылып жатқан істер жөнінде баяндап, Қорғас-Жетіген темір жолы мен Алматы-Қорғас автожол құрылысының барысымен таныстырды. Бұдан соң Үкімет басшысы ҚХР тарапына өтіп, көршілес елдің атқарушы билік өкілдерімен кездесті.
Кәрім Мәсімовтің Алматы облысына келгендегі басты мақсаты – аталған орталықтың 2012 жылға белгіленген алғашқы кезеңінде атқарылатын істерді бағамдау болатын. “Қорғас” халықаралық шекаралық әріптестік орталығының құрылысы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы басшыларының бастамасымен бірлесіп жасалған, Қытай елімен екі арадағы сауданы жандандыруға, сонымен бірге екі мемлекеттің де тасымал әлеуетін дамытуға арналған ірі жоба болып табылады. Ол өндірістік, көліктік салаға капитал жұмсауға, шағын және орта бизнесті барынша табысты етуге мүмкіндік береді.
2004 жылдың 24 қыркүйегінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ШҰАР-ға барған сапарында Қазақстан мен Қытай шекаралары арасында “Қорғас” халықаралық шекаралық әріптестік орталығын құру туралы келісімге қол қойылған болатын.
Орталықтың құрылысы екі бөліктен тұрады. Олар Алматы облысының Панфилов ауданында орналасқан қазақстандық және Іле-Қазақ автономиялы облысы аймағындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында тұрған қытайлық бөлік деп аталады. Орталықтың жалпы аумағы 528 гектарды қамтиды, оның 185 гектары қазақстандық, 343 гектары қытайлық бөлікте. Орталық пайдалануға берілгеннен кейін екі ел азаматтары виза ресімдемей-ақ 30 тәулік мерзімге дейін жүре алады.
Жобаның құны 382,9 миллиард теңге, оның 73,7 млрд. теңгесі республикалық бюджет қаржысы, 309,2 млрд. теңгесі жеке инвесторлардың еншісінде. Бюджеттен бөлінген қаржының 65,8 млрд. теңгесі орталықты жобалау мен инфрақұрылымдық құрылыс нысандарын салуға жұмсалыпты. Орталық құрылысының алғашқы кезеңін аяқтау 2012 жылға белгіленсе, 2018 жылдан бастап ол толық қуатында іске кіріседі. Қазіргі кезде көптеген нысанда құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде.
“Қорғас” еркін экономикалық аймағы бірнеше бөлімнен тұратын болады. Мұнда үлкен көлік терминалы, сауда көрмесі, келген адамдар ашық аспан астына шықпай жалғастыра аралайтын сауда павильондары, бір мезетте 5 мың адам қабылдауға мүмкіндігі бар қонақүй кешені салынады. Халықаралық қаржы және өндірістік ұйымдардың ірі халықаралық кездесулерін, конференцияларын, симпозиумдарын өткізуге арналған орталық салынбақшы. Офистер мен мейрамханалар, казино, кинотеатр, көп қабатты тұрғын үйлер, мектеп пен балабақша, келушілер демалатын басқа орындар жайы да ойластырылған.
Орталықтың қызметі саудамен ғана шектелмейді. Бұл жерде ШЫҰ мәмілесінің құрамындағы мемлекеттердің мәдениеті мен тарихи дамуынан кең мағлұмат беретін этникалық парк жасалған. Өндіріс орындарымен ҚХР-да немесе әлемнің кез келген елінде жасалатын техника мен өндірістік құрал-жабдықтардың бөлшектерін жасап беруге шарттасуға болады. Мұның өзі халықаралық еңбек рыногын өрістетеді. Іскер азаматтар осындағы көрмелерден өзіне қажет тауар түрлерін таңдап, келісім-шарт жасасуына, қолма-қол есеп айырысуына болады. Мұнда келген іскер адамдарды ғылыми-техникалық жетістіктермен таныстыру мүмкіндігі де бар. Осылайша еліміздің оңтүстік шығыс шекарасы саналатын Қорғаста алдағы уақытта инфрақұрылымы өте жоғары деңгейдегі, әлем назарын өзіне аударатын сән-салтанатты қала пайда болмақ. Мұндай еркін экономикалық аймақ әлемнің ешбір елінде әлі жасалмаған деуге болады. Ең бастысы, Қорғастан көршілес Азия және Еуропа елдеріне жол ашатын жаңа дәліз қалыптаспақшы.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен бірге Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов және бірқатар сала басшылары болды.
* * *
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өткен сәрсенбіде арнайы экономикалық аймаққа кіретін “Alatau ІT Cіty” ақпараттық технологиялар паркінде болды. Үкімет басшысы осы жерде білім және инновациялық технологиялар саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен және келешекте қолға алынатын іс-шаралармен танысты. “Alatau ІT Cіty” ақпараттық технологиялық паркінде Үкімет басшысымен бірге Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев және Қаржы министрі Болат Жәмішев болды.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өткізген кеңейтілген жиында “Alatau ІT Cіty” ақпараттық технология паркінің даму тұжырымдамасының тұсаукесері болды. Оған белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындары ректорлары, сонымен қатар бизнес-құрылымдардың басшылары да қатысты. Ақпараттық технологиялар паркі Мемлекет басшысының Жарлығымен бұдан жеті жыл бұрын, яғни 2003 жылы тамыз айында құрылған болатын. Оны құрудағы ең негізгі мақсат елімізде бүгінгі күннің жоғары талабына сай келетіндей ақпараттық өндірісті одан әрі дамытып, өркендету болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы басты қажеттілікке айналып отырған жоғары технологиялық кәсіпорындарды құру екендігі айтпаса да түсінікті. Бір құптарлығы, қазірде ақпараттық технологиялар паркінің қатысушысы 24 компания болып есептелінеді. Олар бұл парктегі қызметтің негізгі түрлерін іске асыруда.
Көпшілікке белгілі, еліміздің экономикасы жаңа кезеңге аяқ басты. Соған орай, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар қандай салада болмасын іскерлік пен сапалылықты және жауапкершілікті талап ететіндігі сөзсіз. Сол себептен де, кездесуде бұл мәселеге басты назар аударылды. Экономиканы модернизациялау аясында технологияны жетілдіру, еңбек өнімділігін қарқынды түрде арттырудың қажеттілігі өте зор. Ақпараттық технологиялар паркінің келешектегі даму тұжырымдамасының тұсаукесерінде сөз алған “Ұлттық инновациялық қор” АҚ директорлар кеңесінің төрайымы Зарина Арсланова бұл салада бүгінгі таңда қол жеткен жетістіктер және келешекте қолға алынатын жобалар туралы жан-жақты баяндап берді.
Бұл орайда, әсіресе, ақпараттық технологиялар паркіне кәсіпкерлердің келуін ынталандыратын біршама жағымды жұмыстар көрініс беруі құптарлық жәйт. Анығырақ айтқанда, салық мөлшерін төмендету бағытында біршама іс-шаралар қабылдануының, сонымен қатар, нормативтік-ақпараттық актілерге өзгерістердің енгізілуінің маңызы зор.
Зарина Арсланованың пікірінше, кәсіпкерлерді қолдау және оларға көмек қолын созу мәселесінде ескеретін жәйттер аз емес. Міне, осы жұмыстардың арасында кәсіпкерлердің офистерге төлем құнының – олардың талабына сай келуі, яғни бағаның тым қымбаттап кетуі ғана емес, сонымен қатар бұл бағыттағы өзге де күрделіліктердің өз шешімін табуының қажеттілігі зор екендігі даусыз. Арнаулы экономикалық аймаққа әкелінетін барлық тауарлардың дерлік кедендік баж салығынан босатылуы, технологиялық жабдықтар импорты салығының азайтылуы туралы ұсыныстардың бар екендігі де айтылды. Сала басшылары атап көрсеткеніндей, шын мәнісінде де қазақстандық өнім өндірушілердің өнімдерін шетелдерде өздеріне пайдалы бағамен өткізуі үшін экспорттық баж салығын төмендетудің мәні зор.
Арнаулы экономикалық аймақтағы кездесуде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ақпараттық технологиялар паркінің электр, газ және сумен қамтамасыздандыруға баса назар аударды. Үкімет басшысы осыған байланысты Алматы және Алматы облысы әкімдіктеріне күн тәртібінде тұрған мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Сондай-ақ бұл іске шетелдік мамандарды белсенді түрде тарту керектігін де тілге тиек етті. Ашығын айтқанда, өндірістің өркендеуі мамандар біліктілігіне тәуелді. Сондықтан да бүгінгі таңда әлемдік стандарттарға сай келетін мамандар дайындаудың ауадай қажеттігін атап өткен Үкімет басшысы өзге де ауқымды міндеттерге тоқталды. Елімізде ақпараттық және инновациялық технологияларды одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасау және жобаларды қаржыландыру да назардан тыс қалмай, министрліктер мен ведомстволарға нақты міндеттер жүктелді.
Ақпараттық технологиялар паркінің аумағындағы көрмеде “Зерде” АҚ, “Қазақтелеком” АҚ, “Дельта” ІТ” ЖШС, “Халықаралық ақпараттық технология университеті” АҚ, “Сұлу Свет” консорциумы, “Алтстрантелеком” ЖШС, “Zerecon” ЖШС, “Физика-техникалық институт” ЖШС және басқа да компаниялардың әр алуан жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл орайда Халықаралық ақпараттық технология университетіне арналған бөлім туралы атап айтқан жөн. АҚШ-тың “Карнеги Меллон” университетімен тығыз байланыстағы оқу орны жас мамандар даярлауда үлкен ізденіс пен іскерліктің үлгісін танытуда. Әлемдік деңгейдегі мамандар дайындау – ел келешегіне қосылатын мол үлес. Басты тұжырым осы.
Күмісжан БАЙЖАН, Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы облысы.