• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

Ерліктің, тектіліктің, өрліктің үлгісі

579 рет
көрсетілді

Кеше Жамбыл облысында Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының даңқын әлемге танытқан жаужүрек қолбасшы, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой салтанатты түрде ашылды. Той рәсімі облыс орталығында ерлік пен өрліктің үлгісіндей қасқайып тұрған қаһарманның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың өшпес рухына тағзым етуден басталды. Батыр тойының салтанаты “Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі” деп аталатын ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Конфе­рен­цияға қатысушыларды облыс әкімі Қанат Бозымбаев құт­тық­тап, онда қаралатын тақырыптың елдік пен ерлікті ұлықтауда, ұр­пақты текті­лік­ке тәрбиелеуде ерекше мәні бар екеніне тоқ­тал­ды. Конференцияда алғашқы болып сөз алған май­дан­гер-жазу­шы Әзілхан Нұр­шайы­қовтың  “Батыр туралы толғау” атты баяндамасы көптің көкейінен шығып, конфе­рен­ция­ға жиналған жұрт ризашы­лық­пен дүркін-дүркін қол соғып отырды. – Баукең алдымен ақын, – деген Әзілхан аға, батырдың 1944 жылы 15 ақпанда жазылған “Ана тілін ардақта” деген өлеңін оқып тұрып. – Шынында, арада біраз жыл өтсе де ақын өлеңі бүгінгі күн мәселесін дөп басып, дәл та­нып, көтеріп тұрғандай еді. Баукеңді “аға” деп ардақ тұт­қан жазушы батыр туралы тебі­рене, толғана келіп: “Баукеңнің өмірбаянын барша қазақ жақсы біледі, тіпті, бүкіл дүние жүзі бі­леді. Оларды қайталап жатудың қажеті жоқ. Мен бүгін, 100 жыл­дық мерейтойы күні Бауыржан Момышұлының әскери даналы­ғын, адами парасатын танып, ерек­­ше бағалаған 7 адамның атын атағым келеді. Олар: гене­рал Пан­филов, полковник Сере­бряков, генерал Чистяков, армия генералы Ро­коссовский, мар­шал­дар Баграмян, Жуков, Василев­ский еді. Панфилов Баукеңді туған ба­ласынан артық көрді. Ке­ңес Ода­ғының Батыры атағына ұсынды. Әртүрлі әділетсіз себеп­термен Баукеңе Батыр атағы бе­рілмеді. Чистяков Рокоссов­скийге өтініш айтып, Баукеңді полк командирі етті. Екеуі де Баукеңді ерекше баға­лады. Мар­шал Баграмян Баукеңнің ерлік­теріне, біліміне бас иіп, қос мар­шал Жуков пен Василевскийдің алдына ертіп барды. Қос мар­шал­дың алдында Баукең олардың тактика­лық, стратегиялық қиын сұрақта­ры­на мүдірместен жауап берді. Бірақ “жалғыздың жары құдай” деген де сөз бар. Тәуел­сіздік таң­сә­рісінде қазақ елінің сүйікті перзенті Нұрсұлтан На­зарбаев СОКП Ор­та­лық Коми­тетінің Бас хатшысы, КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Прези­диумы­ның төрағасы Горбачевке өз атынан хат жазып, қазақ халқы ғана емес, алты алаш үшін арман бол­ған атақты жұлып алып бер­ді. Ер мен елдік туралы тағы­лымды ойлар тізбегінен тұратын конферен­цияда батыр туралы осы тәріздес ойлар мен пікірлер, ғылыми тұжы­рым­дар көптеп айтылды. Батыр Баукең бейнесін әркім әрқырынан көрсетуге тырысты. Бауыр­­жан­танушы Мекемтас Мыр­зах­метов, профессор Б.Аяған, Орал қа­ла­сындағы М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университет про­фессоры Х.Мұхамедқалиев, Қырғыз елінен келген, сол елдің мемлекеттік сыйлығының иегері Г.Орозова, профессор Б.Хасан­ұлы, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының “Қазақстан арда­гер­лері” қауым­дас­ты­ғы төраға­сының орынбасары Б.Смағұ­лов­тардың пікірлері мен ой­лары ғылыми конференция тақыры­бын мазмұн жағынан байыта түсті. Жамбылдықтар Тараз қала­сының төрінде өтіп жатқан той ішінен халыққа танымал көп­теген ұл-қыздарды көріп қуанып қалды. Соның бірі, Елбасының қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған Аягүл Мира­зова болатын. Конференциядан кейін Бауыржан Момышұлы атындағы “Жеңіс” саябағынан жасақталған батыр монументінің ашылу салтанатында Аягүл Ми­ра­зова, облыс әкімі Қанат Бо­зымбаев және ҚР Парла­менті Сенатының депутаты Өмір­бек Байгелди батыр мону­ментіне гүл шоқтарын қойды. “Көргенді ел көш бастайды” деген. Батыр Баукеңнің туғанына 100 жыл толуын лайықты қарсы алу, оның жауынгерлік өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеп, зерделеу мақсатында, об­лыс­та “Бауыржантану” ғылыми ор­талығы құрылған болатын. Ғылыми орталық Бауыржан Момышұлы жай­лы бұрын еш жерде жариялан­ба­ған тың деректер жинады. Конференция алдында тұсаукесері болған Бауыр­жан Момышұлының 30 томдық еңбегі, міне, осы жанқияр еңбектің жемісті нәтижесі болды. Жалпы, 30 томдықтан тұратын бұл еңбекті – тойдың ең басты тартуларының бірі ретінде қарауға болады. Той қонақтары Бауыржан Момышұлының есімін ұлықтау мен ерлік жолдарын үлгі-өнеге ету мақсатында атқарылған бұдан басқа да көптеген іс-шараларға куә болды, естіді. Мысалы, “Қа­һар­ман Бауыр­жан Момышұлы” атты фотоальбомы мен Ресей ас­танасында жарық кө­р­ген “Леген­дарный Батыр” кітабы да той ша­шуларының бірі болып табылады. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 60 жылдық тойы қарсаңында Мәскеу түбіндегі Дубосеково селосында генерал И.В.Панфилов пен пол­ковник Бауыржан Мо­мыш­ұлының ескерткіштері ашыл­са, биылғы жылы Крюково село­сындағы бір мектепке Баукеңнің есімі беріліп, ескерткіш-бюсті орнатылғаны айтылды. Биыл Тараз қаласында ашыл­ған Бауыржан Момышұлы атын­дағы “Жеңіс” саябағы толық жа­ңар­тылды. Батыр мұражайы об­лыс­тық мәртебеге ие болып, күр­делі жөндеуден өткізіліп, көпші­ліктің көз қуанышына айналды. “Жеңіс” саябағында батырға арналған монумент ашылғаннан кейін облыс орталығында жас ақындардың “Мен Бауыржанды жырлаймын!” атты жыр мүшәй­расы, “Елдің ері – Бауыржан” атты патриоттық әндер мен дра­ма­лық шығармалар байқауы өткі­зіл­ді. Республикалық театр фестивалі де осы мерекеге арналып өткізілу­де. Облыстық қазақ драма теа­трында кеше жергілікті жазушы, драматург Е.Әлімжанның “Бауыр­жан Момышұлы” атты қойылымы табысты өтті. Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы – тәуелсіз Қазақ елі тарихындағы ұмытылмас оқиғалардың бірі болып қала бермек. Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың тереңінен сөз келгенде! — деп, батырдың өзі де көреген­дікпен, тамаша айтты емес пе кезінде?! Той салтанаты, бүгін, сенбі күні Батыр Баукеңнің кіндік қаны тамған Жуалы жерінде одан әрі жалғасады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.