Халықтың хақы әкімде
Өзіне бағынысты аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап болған үлкен әкімнің өзі де есеп береді екен. Облыстық мәслихат депутаттарының алдында, төртінші шақырылымдағы ОҚО мәслихатының отыз үшінші сессиясының күн тәртібіне бақандай жиырма мәселе ұсынылған.
Оның бірегейі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттерді іске асыруы туралы есебі еді.
Оңтүстіктің депутаттары бәзбіреулер айтатындай “қалтаға” сыймайды. Ойын бүкпесіз, ешкімнің шен-шекпеніне қарамай, қара қылды қақ жарып айтатындары да, әліптің артын бағып, күштінің ыңғайына жығылуға даяр тұратындары да, сәл нәрсеге шамданып, дау салып тұрып алатындары да бар. Әйтеуір, көңілсіз емес.
Бұл жолы да солай басталды. Сессия төрағасы Мұқан Егізбаевтан сөз сұраған облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Сейітжаппаров таяуда “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы өткізбек болған жиынның аттай бір сағат кешігіп басталғаны үшін партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібековтің кешірім сұрауын талап етті. Ол орнынан тұрды. Себебін айтты. Уәжге салсаң оныкі де дұрыс. Фракция жиыны ұзаққа созылып кетсе, ол неге кінәлі болады? Екі жақ ырғасып тұрғанда, депутат Аманолла Рахманқұлов бас ие қоймаған Сәдібековтің атынан кешірім сұрады ма, әйтеуір екі жақ бәтуаға зорға келді. “Әй, мыналар бұзық қой. Әкімнің есебін жұлмалап тастамай ма?” деп сыбырлайды қасымдағы әріптес. Олай емес екен. Сессия облыс әкімінің есебін жылы қабылдады.
Асқар Мырзахметовтің командасы жеті айда не тындырды, оның бәрін баяндап жатсақ, әлденеше газет парақтары кетеді. Біз кейбір салалар бойынша толығырақ тоқталуды ғана жөн көрдік.
Атап айтсақ, ағымдағы жылдың жартыжылдығының қорытындысына сәйкес, салықтық түсімдерді бюджетке түсірудің өсу динамикасы бойынша республика деңгейінде облыс бірінші орынды иеленді.
Сонымен қатар, облыстың аудандары мен қалаларындағы және әр ауылдық округтер мен елді мекендердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға талдау жасай отырып, облыс бюджетін жүйелі түрде қалыптастыру мақсатында әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен көрсеткіштерді толық қамтитын “Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық паспорты” әзірленді.
“Жол картасы” бойынша сөз сабақтайтын болсақ, 2010 жылы облыста “Жол картасы” аясында 432 инвестициялық жобаларды іске асыруға жалпы 18,5 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджет қаржысы есебінен – 12,1 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 6,4 млрд. теңге.
9 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Оның ішінде 9 денсаулық сақтау нысандары, 6 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар.
Есепті кезеңде 19 845 жаңа жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамту органдары арқылы 13 598 адам жұмысқа орналасты. Жұмысшылардың орташа жалақысы 31,5 мың теңге құрайды.
Асқар Исабекұлы есеп беру кезінде биыл білім саласына айрықша назар аударылғанын айтты. Білімсіздің күні қараңғы, білімдіге – жарық. Өсімтал Оңтүстіктің ең үлкен проблемасы осы білім саласында жатыр. Күні кешеге дейін төрт, үш ауысымдық мектептер мен апатты жағдайдағы білім ошақтары республика бойынша бірінші орынды бермейтін. Оған дүниеге келген сәбиді балабақшаға кезекке қойғанда оның шын кезегі ол бірінші сыныптың табалдырығын аттағанда келетін кереметін қосыңыз. Көп мектептерге жолымыз түседі, көрнекі құралдары әбден ескірген, жаңа методикалық құрал-жабдықтардан ада кейіптерін де көрер едік.
Биылғы жылы білім саласын басты назарға алған Мырзахметов не тындырды, соны талдап көрелік. Сонымен облыс басшысы не деді?
– Жалпы білім беру саласына ағымдағы жылы бюджеттен 99,9 млрд. теңге қаралды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға артық, – деді ол. Мектепке дейінгі білім ұйымдарының саны қазіргі таңда 345-ке дейін жеткізіліп, қамту деңгейі 13,5%-дан 21,4%-ға дейін өсті. “Балапан” бағдарламасына сәйкес 2010 жылы 9085 орынға 154 мектепке дейінгі білім ұйымдары іске қосылады деп жоспарланса, бүгінгі күні 4376 орынға 100 мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Ал жұмыс жасап тұрған 25 балабақшадан қосымша 1165 орынға 48 топ ашылды. Жылдың соңына дейін мектепке дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы 23,5% құрайды.
Биылғы жылы жалпы 103 нысандардың құрылысына 19 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге 15 білім мекемесі іске қосылды. Жылдың соңына дейін қосымша 49 нысанның іске қосылуы жоспарлануда. Талдап айтар болсақ:
– республикалық бюджеттен 36 нысанның құрылысына 9,1 млрд. теңге;
– облыстық бюджеттен 67 нысанның құрылысына 9,9 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 45 апаттық жағдайдағы мектеп, үш ауысымда оқитын 13 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде құрылыс құны қымбаттаған нысандардың құрылысын жергілікті бюджеттен аяқтау қарастырылғанына қарамастан, Республика Үкіметінің алдында “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында құрылысы басталып, құрылыс құны қымбаттаған 900 орындық Арыс қаласындағы және Бәйдібек ауданы Шаян ауылындағы 700 орындық мектеп 350 оқушыға арналған интернаттың құрылысын аяқтау үшін қажетті қаржының 10%-ы облыстық бюджеттен, қалғанын республикалық бюджеттен бөлу мәселесін көтеріп, толық шешілді. Аталған нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Облысымыздағы жаңадан пайдалануға берілген білім мекемелерін ұстауға республика бюджеті есебінен қосымша 1 млрд. 151 млн. теңге шешімін тауып, бөлінетін болды. Тұңғыш рет үстіміздегі жылы білім саласына аса назар аударылып, тек облыстық бюджеттен материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2 млрд. 309 млн. теңге қаржы бөлінді. Атап айтар болсақ, облыс мектептеріндегі тозығы жеткен оқушы парталары мен мектеп тақталары толығымен ауыстырылып, 100 мың парта мен 6250 тақта алуға 1 млрд. 156 млн. теңге қарастырылып, жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, білім беруді әлемдік стандартқа сай жетілдіру мақсатында тозығы жеткен компьютерлерді ауыстыру мен жаңалауға 556 млн. теңге қаржы бөлініп, 5247 дана компьютер алынуда. Егер 2009 жылы 1 компьютерге 21,6 оқушы келетін болса, ағымдағы жылы ол көрсеткіш 19 оқушыны құрап, республиканың орташа көрсеткішіне жетіп отыр. Сонымен қатар үстіміздегі жылы 883 млн. теңгеге 135 физика, 70 биология кабинеттерімен жабдықтау және 260 млн. теңгеге 47 лингафондық-мультимедиялық кабинеттермен толықтыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда, облыс көлемінде дарынды балалармен жұмыс жүргізу қарқынды іске асырылып келеді. Оқушыларымыздың халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңіп алған наградаларының саны жылдан жылға өсуде. 2009-2010 оқу жылында АҚШ, Австрия, Румыния, Кипр, Грузия, Түркия, Голландия мемлекеттерінде өткен халықаралық ғылыми жоба жарыстарына 14 оқушы қатысқан болса, биылғы оқу жылында 16 оқушы қатысып, оның ішінде 5-і алтын, 3-і күміс, 6-ы қола медальды жеңіп алды. 2 оқушы арнайы Сертификатпен марапатталды.
Облыс бойынша ҰБТ қорытындысының орташа көрсеткіші 86,21 балды құрады немесе өткен жылдың орташа көрсеткішінен (70,76) 15,45 балға жоғары. Ағымдағы жылы 590 оқушы “Алтын белгімен” бітірді, өткен жылмен салыстырғанда 263 оқушыға көп. Республика бойынша жоғары оқу орнына түсу үшін грант алғандардың саны 31567 оқушы болса, біздің облыстан 8622 оқушы білім гранттарын иеленді. Ол конкурсқа қатысқандардың 46,32%-ы. Облыс мектептерінде 7 408 жоғары санатты, 15 098 бірінші санатты, 17 277 екінші санатты мұғалімдер еңбек етуде. 2009-2010 жылы 623 жас маман жұмысқа қабылданды. Жыл басынан 6 031 мұғалім біліктілігін арттыру курсынан өтті.
Оқу-тәрбие процесі мен білім сапасының деңгейіне қатысты жүргізілетін мониторинг жүйесін жетілдіру мақсатында үстіміздегі оқу жылынан бастап қала, аудан әкімдігі мен білім мекемелерінің (мектеп, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің) жұмысын бағалауға арналған рейтинг жүйесі енгізілетін болады.
Сыбайлас жемқорлық және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар барлық деңгейде үйлестіру кеңестерінде жан-жақты қарастырылып, мектептердің есеп-қисап жұмыстарын жақсарту мақсатында бухгалтерияларын орталықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қаржы, Білім және ғылым министрліктерімен келісе отырып, облыстағы 989 мектепте 1750 бухгалтер қызмет атқарып келген болса, олар орталықтандырылған кезде 647 бухгалтер қызмет атқаратын болады. Қысқартылған 1103 бухгалтерлерден үнемделетін қаржы 365 млн. теңгені құрайды. Ал қызметтерінен қысқартылған бухгалтерлерді басқа жұмыстарға орналастыру аудан, қала әкімдеріне жүктелген.
Соңғы 15-20 жылдар көлемінде кәсіптік лицейлер мен колледждердің материалдық-техникалық базасы моральдық және материалдық тұрғыдан ескірген. Облыс бюджетінен колледждерге 2006 жылы 4,0 млн.теңге ғана, 2007 жылы 11,0 млн. теңге ғана қаралған, ал соңғы 2 жылда бұл мақсатқа бюджеттен қаржы мүлдем қарастырылмады. Дегенмен, 8 колледждің арнайы есеп-шотынан 2008 жылы 63359,0 мың теңге, 2009 жылы 50775,0 мың теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Ал 2010 жылы облыстық бюджеттен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне 247 млн. 841 мың теңге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Биылғы жылы кәсіптік лицейлер мен колледждерге мемлекеттік тапсырыс 9233 оқушыны құрады. Оның ішінде “Жол картасы” бойынша 2375 оқушы.
Облыстың 2011-2015 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында ауыл шаруашылығы және өндірістік мамандықтарға көп басымдық берілді. Салалар бойынша атап айтқанда:
Ауыл шаруашылығы мамандықтарына – 35,2 пайыз;
Мәшине жасау өнеркәсібі, көлік, мәшинелер мен жабдықтар технологиясы, көлік пайдалану мамандықтарына – 26,4 пайыз.
Биылғы жылы облыстық бюджеттен қаралып отырған мемлекеттік тапсырыс негізінде саңырау балаларға арнайы 30 орын берілді. Онда саңырау балалар “Киімдерді модельдеу және конструкциялау” және “Есептеу техникасы мен автоматтандырылған жүйелерді бағдарламалық қамтамасыздандыру” мамандықтары бойынша оқытылады.
Білім басқармасы тарапынан облыстағы барлық 47 жеке меншік колледждерде жалпыға міндетті білім стандарты талаптарының орындалуын тексеру нәтижесінде 20 колледждің лицензиясының күші 6 ай мерзімге дейін уақытша тоқтатылды. Бүгінгі күні 4-і қайта тексеріліп, 3-інің құжаттары сотқа өткізілді. Қалған 16 колледжді қайта тексеру жаңа оқу жылынан жалғасатын болады.
Мырзахметов командасының биылғы жылғы атап айтар ерекшелігінің бірі, ел арасына жиі шығуы, жай-күймен танысып, аудан, қала көлемінде шешілетін мәселелерді сол сапар барысында тындыруы дер едік. Қарапайым жұрттың облыс әкімі түгілі қарапайым шенеуніктерге қолы жете бермейді. “Аузы күйген үріп ішеді” дегендей, сыбайлас жемқорлықтың қақпанына түскен әріптестерінің қамсыздығынан кейін кейбір басқармалар есігінің алдына қарулы күзет қоюды әдетке айналдырған еді. Қазір басылғанымен кезекші-күзетшілер әбден тергеп алмай, іштегілермен байланыспай жібермейді.
Қазір облыс әкімінің орынбасары бастаған жұмыс топтары аудан, қалаларды аралауды жөнге қойды. Облыс әкімінің орынбасарлары бастаған жұмыс топтары 58 рет аудан, қаланы аралап шықты. Қамтылған елді мекендер саны – 1287, жеке қабылдауда болғандар саны 409 адам. Аралаудың қорытындысы бойынша 660 тапсырма беріліп, бүгінгі күнге 401 тапсырма орындалған, 256 тапсырма орындалу барысында. Тәртіптік жазаға тартылғандар саны – 127, оның ішінде қызметінен босатылғандар – 32, тәртіптік шара қолданғандар – 95.
Бүгінгі таңға берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімі аппараты салалық бөлімдеріне жүктелген және әрбір айдың қорытындысы қаралуда.
Әр сала бойынша жасалынған жұмыстармен танысқан депутаттар облыс әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп баға берді. Назар жеткілікті аударылмай жатқан мәселелер де айтылады. Мәселен, Арыс, Бадам сияқты өзендердің табанына шынжырлы трактор, экскаватор түсірген құрылыс компаниялары тегін тас, құмды опырып алып жатыр. Соның салдарынан бірнеше көпір апаттық жағдайға ұшырады. “Көксарай” су реттегіші, Шардара ауданында көгілдір отынға дайындық мәселелеріне байланысты асфальт жолдар балшықтай иленіп қалды. Алып құрылыстар жақсы, бірақ неге халық зардабын тартуы керек. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің ректоры, академик Лесбек Тәшімов құлаққа қонымды ұсыныс айтты. Солтүстік облыстарда мектепке бала толтыра алмай жатқанда дүниеге сәби әкелуден Оңтүстік республикада көш бастап тұр. Бірақ, біз осыған қандай жағдай жасап отырмыз? Дарияның арғы бетіндегі Балтакөл ауылының төртінші перзентін дүниеге әкелген келіншек Түркістанды басып өтіп, қиырдағы Отырарға бір жапырақ қағаз үшін барады. Құжатты сол күні ала қойса жақсы, кейде апталап жүреді. Оларды сандалтпас үшін әділет басқармасымен келісе отырып, неге қосымша штат ашуға болмайды? Олар елді мекендерді аралап, құжатын түгендеп берсе, аналар алаңдамас еді.
Сессияда тағы да бірнеше депутат сөйлеп, облыс басшысының есебіне жоғары баға берді.
Облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Беркінбаев:
— Облыс басшысының жүйелі жұмысының арқасында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік салаларда ілгерілеу байқалады. Мәселен, есепті мерзімде кәсіпкерлік нысандар саны 16 пайызға артқан. Осы салада еңбек ететіндердің саны 270 мыңнан асқанын көріп отырмыз. Шағын және орта бизнес дамыса, халықтың әл-ауқаты жақсара түсетіні түсінікті. Өткен жеті айда осы бағытта дұрыс жұмыс жүргізіліп, елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Жалпы, Асқар Исабекұлының талапшылдық және жүйелілік секілді қасиеттерін ерекше атап өтуге болады. Соның арқасында өз командасына да, аудандардағы жергілікті атқарушы органдарға да тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеудің үлгісін көрсетіп келеді. Менің ойымша, бұл бағытымыздан айнымасақ, алдағы уақытта халықтың игілігі үшін үлкен істер тындыра аламыз десе, оның сөзін әріптесі Жеңісбек Тұрғанов былай деп жалғастырды.
– Асқар Исабекұлының биылғы жылдың жеті айында атқарған жұмыстары жөніндегі есебін тыңдап, дән риза болдым. Өйткені, Асқар Исабекұлы өзінің “өндіріс дамыса, әлеуметтік мәселелерді шешуге мол мүмкіндік туады, сол үшін осы саланы қалайда өркендетуге тиіспіз” деген ұстанымын іске асыру жолында елеулі табыстарға қол жеткізген. Биылғы 7 айда облыс экономикасын дамытуға 99,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда біршама көп. Тағы бір атап өтерлігі, негізгі инвестициялық салымдарды шағын кәсіпорындар жүзеге асырды. Бұл шағын бизнестің жанданғанының нышаны. Жеке кәсіпкерлер салған инвестиция көлемі 57,1 миллиард теңгені құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 63 пайызға артты. Ағымдағы жылы өнеркәсіп саласының инвестиция үлесі 50,6 пайызды құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға өсті. Осының барлығы облыс экономикасының дамып келе жатқанын көрсетеді. Өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік дамыса, бюджеттің мүмкіндіктері молаяды. Бұл халықтың тұрмысының жақсаруына жағдай жасайды.
– Облыс әкімінің жеті айдың қорытындысы бойынша есебіне оң баға беруге болады, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Қайыпбек Қамбаров. – Мәселен, Шымкенттегі индустриялық аймақты алайық. Асқар Исабекұлының қатаң бақылауының арқасында бұл аймақта жұмыс жандана түсті. 112 гектар жер өндірістік қалдықтардан тазартылды. Жұмысты үйлестіретін кеңестер құрылып, инвестициялық жобалар ұсынылды. Оның 18-і мақұлданып, инвесторлар іске кірісе бастады. Енді осы бағытта жүйелі жұмыс жалғасады деген сенімдемін. Жақын келешекте индустриялық аймақ облыс экономикасының тірегіне айналары сөзсіз.
Депутат Нұрділда Жұмашев “неге біз Асқар Мырзахметовке жұмыс істе деп, өзіміз бір бүйірде отырып, сын айтқанды жақсы көреміз. Облыстың абыройы – біздің абыройымыз. Проблемаларды бірлесіп шешуге септесейік” деді.
Соңында сөз алған облыс әкімі: Шешімін күткен мәселе шашетектен. Алда қолға алынуы тиіс шаруа әлдеқайда көп. Өйткені, облысымызда 900-дей елді мекен, екі миллионнан астам халық бар. Оның барлығының мәселесін бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Десек те, қолда бар мүмкіндіктерді қаншалықты пайдаланып жүрміз? Мәселе сонда. Егер осы тұрғыдан алып қарасақ, ілгерілеушілік бар. Кемшілік те жоқ емес. Кейбір салаларда, кейбір аудандарда мүмкіндіктер толық пайдаланылмауда. Алда бұл жұмыстарға назар аударуымыз керек. Мені қуантатыны, жұмысты бірлесіп атқаруға деген ынталарыңыз. Үнемі айтып келемін, тек бірлік пен ынтымақ болған жерде табысқа қол жеткізуге болады. Түптеп келгенде, осының барлығы тек жергілікті атқарушы биліктің міндеті емес. Бұл — бәріміздің міндетіміз. Бүгін қол жеткізген жетістіктеріміз менің немесе облыс әкімдігінің ғана емес, бүкіл оңтүстікқазақстандықтардың бағындырған белесі деп есептеймін, деді.
Жалпы, Асқар Мырзахметовтің облыс экономикасын өркендету мен әлеуметтік саласын нығайтудағы еңбегін облыс халқы жақсы бағалайды. “Бақ, қайда барасың?” дегенде “Ынтымаққа барамын” деп жауап берген екен. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасаса, облыстың бағындырар биіктері көп болады.
Әкім командасы мен депутаттар корпусының жүздесуінен осы байламды аңғардық.
Бақтияр Тайжан,Оңтүстік Қазақстан облысы.