• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Қазан, 2010

Арыстан баб және Арыстан баб мавзолейі жөнінде

2999 рет
көрсетілді

Имандылық иірімдері Әлемге танымал “Арыстан баб” мавзолейінің құрылысы екі жыл бұ­рын жаңа архитектуралық кешен тұрғысында басталған болатын. Идея авторы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, инженер-ға­лым, танымал меценат Асқар Құлыбаев. Бір кездері Асқар Алтын­бек­ұлы халық игілігі үшін рухани құндылық орнатуды армандаған екен. Бүгінде Асқар Құлыбаевтың және оның ұлдарының Қазақстанның жан азығы байлығын еселей түсу мақсатындағы сіңірген үлесі зор екендігін айтуға болады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзі бастама көтеріп, бүкіл мемлекеттік дең­гейде жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында жүзеге асқан осынау игілікті істің дер шағында және өте сапалы деңгейде орындалғаны еліміздің рухын көтерді. Ұлы ұстаздың, қасиетті тұлғаның қадір-қасиетін құрметтеу мен әспеттеудің озық үлгісіне күллі елді куә етіп отырған бұл еңбек әлемдегі мұсылманды риза етіп, сауапқа жазылғаны сөзсіз. Кешен 17 гектар аумақты алатын бірнеше аймақтардан тұрады. Бұл – туристер мен қажыларға қызмет көрсететін этнографиялық мекен. Мұнда мешіт, қажылық орталық, екі қонақ үй (үлкен және шағын), имамдар дайындайтын сыныптар, құлшылық ететін зал бар. Инфрақұрылым негізінде салынған кешен шетелдік қонақтарды да қабылдайды. Бірінші мешіт қажыларға арналып ашылатын болады. Ақ қабырғалар, алтындай күмбездер әдемілігімен таңғалдырып, ғимаратқа тамаша әр беруде. Сирек кездесетін отандық технологиялар, ұсталардың көне құпиялары және шебер-суретші өнері ашық өрнекті керегелердің мінсіз таза бейнесін беріп, мәдени ескерткіш күмбездердің архитектуралық туындысын жеткізген. Жаңа жобаны жасап, жүзеге асыруда Асқар Алтынбекұлы өзі ұйымдастырып және басқарып отырған авторлар құрамына елге танымал архитекторларды, этнографтарды, тарихшыларды тарта білді. Осы ұжымды үлкен білімгерлікпен, биік парасатпен көздеген мақсатқа бағыттай білді. Жобаны қолға алған шығармашылық ұжым – мешіт орналасқан кешенді, қонақ үй және қажылық орталықты тек тарихи архитектуралық ескерткіш деп қана емес, бірнеше ғасырлар бойы мыңдаған қажылардың бас қосатын, рухани үндесетін қасиетті орны болуы керек деп есептейді. Ұстаздардың ұстазы Арыстан баб – XІ ғасырда өмір сүріп, Қазақстан мен Орталық Азия аумағында ислам дінінің таралуына ықпал еткен, исламның сопылық бағытының негізін салушылардың бірі және Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Иасы (Түркістан), Сайрам, Отырар өңірлеріндегі сопылардың рухани ұстазы болған белгілі тарихи тұлға. Арыстан бабтың өмірі Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тілдес тайпалар арасында ислам дінінің таралу, жайылу кезеңімен сәйкес келеді. Оның бабтардың ұстазы деген мәртебесіне қарап, исламның таралуында ерекше рөл атқарғандығын аңғару қиын емес. Арыстан бабтың өміріне қатысты деректер мүлде аз, тек қана Қожа Ахмет Ясауидың “Хикметтерінде” Арыстан баб туралы бір-екі ауыз мәлімет қана кездеседі. Ал Арыстан бабтың шыққан тегіне қатысты материалдарға талдау жасаған зерттеушілердің пікірлері біржақты емес. Зерттеушілердің бір тобы Арыстан бабты төртінші халиф әрі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) күйеу баласы Әлиден бастау алатын қожалар әулетінің өкілі деп есептесе, ал екінші бір тобы оны мойындай қоймайды. XVІ ғасырда жазылған Молла Мұса Сайрамидың “Тарих-и аминийа” атты еңбегінде шежірелік мәлімет бойынша оның арғы ата-бабалары былайша өрбітіледі: Хазірет Әлі – Мұхаммед Ханафия – Абд әл-Фаттах баб – Абд әл-Жаббар баб – Абд әр-Рахман баб – Абд әр-Рахим баб – Абд әл-Жалил баб – Абд әл-Карим баб – Ысқақ баб – Исмаил баб – Омар баб – Осман баб –  Ифтихар баб – Махмуд баб – Ілияс баб және Арыстан баб. Арыстан бабтың туған жылын нақты болмаса да, жанама мәліметтер арқылы болжаммен айтуға болады. Қожа Ахмет Ясауи өзінің “Хикметтерінің” бірінде өмір жолын баяндай келе, Арыстан бабпен кездесуін былайша жырлайды: Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым салам, Мұстафаның аманатын бер деп маған. Сол мезетте мың бір зікір еттім тамам, Нәпсім тыйып, Аллаға бет бұрдым, міне. Құрма беріп, басым сипап, назар салды, Сол сәтте ол дүниеге сапар салды. Қоштасып бұл әлеммен кете барды, Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне. Қожа Ахмет Ясауидың дүниеге келген жылын ғалымдар 1093 немесе 1094 жыл деп есептейді. Олай болса, Арыстан баб XІ ғасырдың ең соңғы жылы қайтыс болған болып шығады. Ал оны шамамен 70-80 жыл өмір сүрген деп есептесек, онда ол XІ ғасырдың 20-30-шы жылдары дүние есігін ашқан деуге негіз бар. Арыстан бабтың өмір сүрген заманына келер болсақ, XІ ғасыр – саяси тұрғыдан алғанда, Жетісу, Шығыс Түркістан және Мауереннахр аймақтарының Қарахандар әулетінің билігіне бағындырылған кезі. Сырдария өзенінің орта және төменгі ағыстары бойындағы қалалар мен елді мекендердің, қысқы қоныстар мен қыстаулардың, сондай-ақ қысқы жайылымдардың Оғыз хандарының қолынан Қыпшақ хандығының билігіне өтіп, бүкіл қазақ даласының “Дешті Қыпшақ” деп аталған кезі. Сондай-ақ XІ ғасырдың ортасы мен екінші жартысы – Қарахандар мемлекетінің күшейген және Орталық Азиядағы Селжұқ мемлекетінің саяси ықпалының азая бастаған тұсына сәйкес келеді. Ал осы аталған аймақтардың XІ ғасырдағы рухани, мәдени, ғылыми өміріне көз салсақ, онда бұл ғасырды осы аймақтың ғылымы мен білімі үшін “алтын ғасыр” деуге болады. Қарахандар мемлекетінде өмір сүрген атақты ғалымдар: Жүсіп Баласағұни, Махмуд Қашқари, Селжұқ мемлекетінде – Омар Хайям (1048-1123), Абу Әли ибн Сина (980-1037), Әбіл Қасым Фирдауси (934-1025), Хорезм мемлекетіндегі – Әбу Райхан Бируни (973-1048), Абу Мухаммед әл-Хорезми (1099-1172) және тағы басқа ғұламалардың рухани дүниелері қазіргі кезде бүкіл адамзат баласының игілігіне айналып отыр. Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан мен Сыр, Талас өзендері бойларындағы қалалардан да көптеген ғалымдар шығып, өздерінің еңбектерін кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырады. Отырар өңірінен оншақты Фарабилер, Сайрам мен Түркістан өңірлерінен бірнеше Исфиджабилер мен Түркістанилердің есімдері ұзақ уақыттар бойы ұрпақтарына беймәлім боп келіп, тек соңғы жылдары ғана белгілі бола бастады. Осындай білім мен ғылымның “алтын ғасырында” өмір сүрген Арыстан бабтың ғұлама болмауы, атақты ұстаз болмауы мүмкін емес болатын. Рухани тұрғыда қарастырсақ, жоғарыда аталған аймақтар осы ғасырда ислам дінінің нұрымен шуақ алып, исламның асыл қасиеттерін бойларына одан әрі терең сіңдіріп жатқан болатын. Әрине, ондай рухани үрдістердің өздігінен жүрмейтіні белгілі. Міне, осы үрдістердің қарусыз, қан төгіспей, бейбіт жолмен жүріп, атсалысқан, тіпті рухани майданның бел ортасында жүріп, оған басшылық жасаған тұлға – Арыстан баб деуге болады. Ол өзі білімдар болып қана қоймай, шәкірттер даярлап ұстазға айналады. Кейіннен оның ұрпақтары атасының ұстаздық жолын одан әрі жалғастырып, ислам дінінің нұрымен жас шәкірттердің жүрегін жылыта береді. Арыстан бабтың қандай жазба дүние қалдырғаны бізге белгісіз. Бізге дейін олар жетпесе де оның шәкірттерінің еңбектерінен Арыстан бабтың дүниеге, қоршаған ортаға деген көзқарасын аңғаруға болады. Қожа Ахмет Ясауидың “Хикметтерінде” ұстазға арналған ыстық лебіздер мен оның тәлім-тәрбиесін үлгі ету, өнеге ету жиі кездеседі. Мысалы, 90-шы хикметтегі 29 төрт жолдық өлеңдердің бәрі Арыстан бабқа арналған: Хош ғайыптан жеткенде жақсы сөзім – тәбәрік, Ғашық болсаң, ей, талап, ризалық бер, белің бүк. Түні бойы көз ілмей, жас орнына қаның төк, Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік. Арыстан бабам айтатын: “Талаптарда жоқ ықылас, Пірің әзір болғанда қажеті жоқ Қызыр Ілияс. Пірге бетің бұрғанда, айтпа құтқар, пана деп. Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік. Талап мен деп айтқанның құдайы үшін жоқ ынсап, Бөгде жанға қараған көздерінде жоқ ынсап. Кісі малын ұрлайды, өйткені жүрегі емес саф. Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік. Пір қызметін қылдық деп, талап – мен деп жүргендер Иіп харам, сараңға күлпараны кигендер, Көздерінің жасы жоқ, шүңірейіп жүргендер. Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз тәбәрік. Зікірші мен деп зорланса, шықпас мүлде көз жасы, Жүрегінде қамы жоқ, ауырмайтын сол басы. Алдау айла қылатын, мәлім ғой құдайға ісі. Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз тәбәрік. Талап мен деп айтқанда, көңілде жоқ зәре нұр, Шын талапты білсеңіз, іші-тысы гауһар дүр, Хаққа аян сырлары, істері тек сафа нұр. Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік. Түрі сопы сияқты – қияметтен қорықпайтын, Пасық пиғыл жеткені – күнәлі істен үрікпейтін. Ал тәспіні тартқанда жылап жасын төкпейтін. Арыстан бабам сөздерін тыңдасаңыз, тәбәрік... Көріп отырғанымыздай, Ясауидың 90-шы хикметі Арыстан бабтың өсиеттерінен тұрады десек қателеспейміз. Бұл хикметтерде құдай жолына түскен жас шәкірттерге өмірде қандай қағидаттарды ұстану керек деген сауалға ұстаздың берген жауаптары өсиет түрінде айтылады. Онда мал мен мансап үшін істелетін жамандық пен қиянат атаулының бәрінен аулақ бол деген уағыз айтылып, шәкірттерге ақиқат жолынан ауытқымаңдар деген жақсы қасиеттер насихатталады. Бұл өсиеттер – Арыстан бабтың өмірлік ұстанымдарының негіздерін құрап, оның қандай адам болғандығынан хабардар етеді. Өкінішке орай, кешегі кеңестік кезеңдегі де, қазіргі кезеңдегі отандық ғылыми әдебиеттерде Арыстан бабқа қатысты материалдар өте аз. Ә.Диваев, В.В.Бартольд, М.Е.Массон, А.А.Семенов және тағы басқа белгілі шығыстанушылардың еңбектерінде Арыстан баб жөнінде тек оның Ахмет Ясауиге ұстаз болғандығы ғана айтылып өтіледі. Арыстан баб сол XІ ғасырдың соңына таман қайтыс болған. Жерленген жері Отырар қаласының маңында. Оның басына сол заманның өзінде мазар салынып, ол жергілікті халықтың зиярат ететін орнына айналған. Арыстан баб қабірінің басына қазіргі күні Арыстан баб кесенесі тұр. Ол кесене Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі көне сәулет өнері ескерткіштерінің біріне жатады. Арыстан баб мавзолейінің өзіндік жеке тарихы бар. Мавзолей орнында алғашқыда (XІІ ғ.) кішігірім мазар болған. XІV ғасырда ол қайта салынады. Оның салынуына байланысты ел арасында жиі айтылатын мынадай аңыз-әңгіме бар: “Қожа Ахмет кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні алып жасыл өгіз келіп, дуалдарды мүйізімен соғып, құлатып кетеді. Ғимараттың қабырғасы қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда осы оқиға тағы қайталанып, құрылыс үйілген төбеге айналады. Бұл жай Әмір Темірді көп ойландырады. Бір күні түсіне ақ киімді шал еніп, ол Қожа Ахметтің алғашқы ұстазы Арыстан бабтың қабірінің үстіне мазар сал деп кеңес береді. Осы кеңес орындалған соң ғана, Әмір Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құрылысын ойдағыдай аяқтапты”. Арыстан баб кесенесі дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақы­ра­тын мұнара сияқты жеке бөлмелерден тұрады. Кесененің ең көне бөлігі – қабірхана. Оның едені басқа бөлмелерге қарағанда едәуір биік­теу орналасқан. Әмір Темір заманынан бері кесененің қанша рет жөн­деуден өткені белгісіз, ал соңғы рет кесене XX ғасырдың басында жер­гілікті халықтың жинаған қаражатымен қайта жөндеуден өткізіледі. Ке­сененің құрылысына күйдірілген кірпіштер пайдаланылады. Ұзын­дығы 35 метр, ені 12 метр, биіктігі 12 метр болатын оның бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделеді. Қазіргі күнде Арыстан баб мавзолейі әрі халық рухани азық алатын, зиярат ететін қасиетті орындардың бірі болса, әрі мемлекеттің қарауына алынған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. 2005 жылы еліміздің барлық өлкелерінде “Киелі жерлерімізге – тағзым” атты игілікті іс-шара өткізіліп еді. Бұл істі сол тұста халық жылы қабылдады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі елді мекендердегі ауыл ақсақалдары бас болып, елге айырықша еңбегі сіңген тұлғаларды еске алу, олардың мұражайларын ашу, жастарға үлгі ету, насихат жүргізу жұмыстары үлкен серпіліспен өтіп жатты. Осынау игілікті істің елден жаппай қолдау тауып кетуі кейіннен соған жалғас көрініс тапқан көптеген іс-шараларға жол ашты. Бұл ретте Асқар Алтынбекұлы Құлыбаев жүзеге асырып отырған осынау игілікті істі де сол бір кең қолдау тапқан халықтық қозғалыстың үлкен белесі десек, артық айтпаймыз. Жалпы түйіндей айтқанда, Құлыбаев Асқар Алтынбекұлының еңбегімен жасалынған кешен Қазақстанда бұрын-соңды болмаған отандық архитектуралық жаңалық десек жарасар еді. Осындай игі бастаманың барлығы түптің түбінде ұлттық құндылықтарымыздың жарқырап көрінуіне қызмет ететіндігі сөзсіз. Б.КӘРІБАЕВ, т.ғ.к., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы кафедрасының доценті.