• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2010

Салиқалы саясат салтанаты

1057 рет
көрсетілді

Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы беделін асырған Астана Саммитіне дайындық күн өткен сайын қарқын ала түсуде

_____________________

ҰЙЫМНЫҢ ҰЙЫСТЫРАР ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Бүгінгі таңда ЕҚЫҰ – әлемдік деңгейдегі халықаралық мәселелерді шешуге консульта­тив­тік кеңес беретін өзіндік орны бар халықаралық ұйым. Оның тарихы сонау 1970 жылдардан бас­та­­лады. Шығыс пен Батыстың арасындағы үн­қатысуды жолға қою мақсатында Еуропадағы қау­іпсіздік және ынтымақтастық кеңесі деп ата­латын көп тарапты форум шақырылып, нәти­жесінде 1975 жылдың 1 тамызында осы ұйымға мүше 33 мемлекеттің саяси, әлеуметтік және эко­номикалық жағдайларына қарамастан, ара­қа­тынастық қағидаттарын айқындап беретін Хель­синки Қорытынды актісі қабылданды. Қазіргі кезде Ұйымның құрамына Ванку­вер­ден Владивостокқа дейінгі кеңістікте орналасқан Солтүстік Американың, Еуропаның, Солтүстік Кавказ бен Орталық Азияның 56 мемлекеті кі­реді. ЕҚЫҰ халықаралық ұйымдарға қойылатын талаптарға толығымен жауап береді. Оның штаб-пәтері, тұрақты органдары мен институттары, сондай-ақ қаржыландырылған штаты мен өңірлік бөлімшелері бар. Қазіргі таңда Ұйым қызметкерлерінің жалпы саны 3,5 мың адамды құрайды. Іс басындағы төраға – жедел қызметке жалпы басшылықты жүзеге асырады. Төраға бір жылға сайланады. Бас хатшы іс басындағы төрағаның өкілі болып есептеледі және оны Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (СІМК) үш жыл мерзімге тағайындайды, ол ЕҚЫҰ-ның құ­рылымдарына және операцияларына басшылық жасайды. Хатшылық Бас хатшының бас­шы­лығымен жұмыс жасайды. Оның құрамына: – қақтығыстардың алдын алатын орталық; – терроризмге қарсы секция; – адам саудасына қарсы бөлім; – экономикалық және экологиялық іс-қимылдарды топтастыратын офис; – басқа сыбайлас мемлекеттермен сыртқы ынтымақтастықты жолға қоятын бөлім; – стратегиялық полиция бөлімі кіреді. Бұлардан бөтен Ұйым құрамында дербес институттар: – Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ); – БАҚ бостандығы жөніндегі өкіл; – ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссары бар. ДИАҚБ адам құқықтарын қамтамасыз ету, демократияны дамыту, заңның үстемдігін бекіту, адам өлшемдері саласындағы кеңестер мен форумдар өткізу жұмыстарына жауап береді. Сараптамалық көмек көрсетеді, сонымен қатар, конституциялық және құқықтық мәселелер жөнінде кадрлар дайындайды. Демократиялық инс­­титуттарды дамытуға атсалысады және Ұй­ым­ға мүше мемлекеттердегі сайлауға бақылау жа­сайды. Мемлекеттік емес ұйымдармен де жұ­­мыс істейді. Ұйымның БАҚ бостандығы жөнін­дегі өкі­лі оған мүше мемлекеттердің осы сала­дағы мін­деттемелері мен қағидаттары сақталуын қа­да­ғалап, тәуелсіз баспасөзді дамытуда ел үкі­мет­теріне көмектеседі. ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жө­нін­дегі Жоғарғы комиссары ұлттар арасындағы ке­лең­сіз жағдайлардың алдын-алу мәселелерін қа­растырып, осыған алдын ала бақылау жүр­гі­зеді. Кикілжің орын алған жағдайда оны дау-жан­жалсыз шешу жағдайларын қарастырады. Мә­селен, бүгінде Балқан, Азия, Шығыс Еуропа жә­не Кавказ аймағында ЕҚЫҰ-ның 19 өкілдігі бар. Саммитте қатысушы мемлекет басшылары ЕҚЫҰ жауапкершілігі аумағындағы іске баға беріп, жаңа негізгі бағыттарды айқындайды. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі барлық мәселелерді қарайтын және тиісті шешімдер қабылдайтын орталық директивалық орган болып табылады. Ұйымның Тұрақты кеңесі күнделікті жедел қызмет үшін жауап береді, оны төрағаның өкілі басқарады. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық фо­румы Ұйымға мүше елдердің тұрақты өкілдерінен тұрады. Оның міндетіне қарулануды бақылау, қарусыздану және сенім шаралары, шиеленістерді азайту, қауіпсіздік мәселелері бойынша консуль­тациялар жүргізу, сенім және қауіпсіздік шара­ла­рының орындалуы мен әскери мәселелер бойынша семинарлар ұйымдастыру мәселелері кіреді. ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы (ПА) 1991 жылы құрылған. Ұлттық делегациялар өкілдерінен тұратын Ассамблея Ұйым қызметін бағалау жөніндегі шешімдер қабылдайды, сонымен қатар, кеңес талқылайтын мәселелер бойынша пікірсайыстар өткізеді. Мәселен, Қа­зақстан Парламентінің делегациясы ПА жұмы­сы­на алғаш рет 1996 жы­лы қатысты. Өздеріңізге белгілі, еліміз тәуелсіз­ді­гін алған 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап өзге елдермен, халық­ара­лық ұйымдармен ынты­мақ­тастық байланыс ор­ната бастады. Солардың бірі Қа­зақ­стан тұрақты мүшесі болып табылатын ЕҚЫҰ болып табылады. Әлемдік державалар мен беделді халықаралық ұйымдар туралы сөз қоз­ғағанда ЕҚЫҰ Қазақ­стан­ның саяси және эко­­­­номикалық дамуына кезінде зор қолдау көр­сет­кенін айта кету керек. Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында еліміздегі жағ­дай­дың әлеуметтік-эко­но­микалық жағынан күр­делі болғаны белгілі. Ке­ңестік жүйе құлағаннан кейін бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді, соның ішінде Одақ тұсында шикізаттық база болып келген, индус­три­я­сы орталыққа бағынған Қазақстан бәрін де тың жерден қайта бастауға тиіс болды. Кейбір сә­уе­гейлер Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет құра алатынына кү­мәнмен қарады. Осын­дай жағдайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көре­ген­дік саясатының ар­қа­сында нарықтық эконо­ми­каның негіздері қала­нып, “әуелі – экономи­ка, содан кейін – саясат” ұстанымымен көшімізді түзей бастадық, мемлекеттіліктің негізгі атри­буттары жасалды, елімізде ішкі тұрақтылықты сақ­тау арқылы саяси жүйе дамуының демокра­тия­лық векторы орнықты, БҰҰ-ға мүше бол­дық. Қазақстан сол кез­де әлеуеті жөнінен әлем­дегі төртінші ядролық ел бола тұра сынақтардан бас тартып, Семейдегі ядролық сынақ полигонын жапты. Сол арқылы АҚШ, Ресей және Қытай сияқты іргелі елдердің қол­дауына ие болып, өзінің бейбітшіл саяса­ты­мен, ішкі тұрақтылығымен шетелдік инвес­ти­циялар тарта білді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен қарым-қатынасын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға бо­лады. Алғашқысы 1994-1997 жыл­дар арасы десек, бұл – ықпалдасу ірге­та­сының қаланған кезеңі болды. Мұндағы елеулі оқиға 1995 жылы Вена қаласында Қазақстанның тұрақты өкілдігінің ашылуы болды. 1998 жылғы желтоқсанда ЕҚЫҰ мен Қазақстан Үкіметі арасында өзара түсіністік туралы, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметі мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ арасында өзара түсі­ніс­тік туралы меморандумдарға қол қойылды. 1999 жылғы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ-ның Орталығы ашылды. Аталған халықаралық беделді ұйымға мүше болған жылдар ішінде еліміз осы құрылыммен оның барлық қызметінің саласы бойынша өзара қарым-қатынастарын жоғары деңгейге жеткізу бағытында жұмыс істеп келеді. БАҚ Бостандығы мәселелері жөніндегі Өкілдің кеңсесі, Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы ко­миссар кеңсесі және Демократиялық инсти­туттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро тәрізді Ұйым институттарымен тығыз байланыста нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ту­ра­лы ниетін Қазақстан 2003 жылы білдірген болатын. Осы ниетке Елбасының 2005 жылғы “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жо­лын­да” атты халыққа Жолдауында арнайы басымдық берілді. Еліміздің Ұйымға төр­ағалық етуіне 2005 жылы Қазан қаласында ТМД басшыларының саммитінде қолдау көрсетілді, Ұйымның көптеген елдерімен қарым-қатынастар барысында осы идеяны ілгерілету жөнінде көптеген шаралар жүргізілді. Қазақстан осынау халықаралық Ұйымға төрағалық ету ниетін білдіре отырып, оған әзірлік барысында көптеген саяси шешімдер қабылдады, өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында көптеген белестерден өтті. Атап айтқанда, 2004 жылы елі­мізде Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы жарияланып, соның арқасында мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру жүзеге асты, қоғамдық палата, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, 6 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс жасауда. Бір кездері халықаралық ұйымдардың бел­сенді қолдауына ие болған еліміз, ең алдымен, ЕҚЫҰ ұсыныстарына сәйкес кең ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Оның ішінде 2007 жылы жүргізілген кон­сти­туциялық реформалардың маңызы үлкен. Соның нәтижесінде “Саяси партиялар туралы”, “Сайлау туралы”, “Бұқаралық ақпарат құрал­­­­­дары туралы” заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, Пар­ламенттің және жергілікті мәслихаттардың рөлі арттырылды, Қазақстан президенттік рес­пу­б­ликадан президенттік-парла­менттік рес­пуб­ликаға айналды. Әсі­ресе, халық пен билік ара­сындағы кө­пір тәрізді үкіметтік емес ұйымдар­дың рөліне ерекше маңыз берілді. Қазақ­стандағы тұ­рақтылық пен дамудың маңызды инсти­тут­тарының бірі – Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мәртебесі ұлғайып, оның 9 өкілі Пар­ламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен татулықтың бірегей тәжірибесі әлем елдеріне үлгі-өнеге ретінде таратыла бастады. Жақында 2009-2012 жылдарға ар­налған Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары және 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Соның нәтижесінде Қазақстанның заңна­ма­лары халықаралық стандарт­тар­ға едәуір жақындай түсті. Таяуда әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүм­кіндіктері, тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қарсы тұру туралы заңдар қабыл­данып, балалардың құқықтарын қор­ғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізілді. Қазақ­станның елді демократияландыру саласындағы қадамдары одан әрі то­лық көлемінде Ұйым төрағалығы ау­қымындағы мақсаттары мен міндет­теріне сәйкес келетін болуы тиіс деген міндеттемелер алып отырмыз. Осы оң істерге тиісті бағасын берген ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мем­лекет 2007 жылғы қараша айында Мадрид қала­сында өт­кен отырыста 2010 жылғы төрағалықты Қа­зақ­­станға сеніп тапсырды. Бұл өзге­лер­­дің еліміздегі бүгінгі таңдағы әлеу­меттік саладағы, экономикадағы, жал­пы демократияландыру бағытын­дағы жұмыстарға берген оң бағасы деп ой­лай­мын. Өткен жылғы желтоқсан айы­ның 1-2-сі күндері Афинада өткен Сырт­­қы істер ми­нистрлерінің 17-ші оты­рысында Ұйымға төра­ғалық етіп келген Грекия Қазақ­станға төра­ға­лықты ресми түрде тапсырғанына біз бәріміз куә болдық. Ұйымға төрағалық ету ТМД мем­ле­кет­­терінен ғана емес, бүкіл мұсылман елдерінен алғаш рет бізге сеніп тапсырылып отыр. Мұны біз Ел­ба­сымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың салиқалы, са­раб­­дал саясатының арқасында халықаралық дең­гейде еліміздің беделінің арта түскені деп білеміз. Қазақстан өз міндетіне бірден бел шеше кірісіп кеткенін айту керек. Төрағалық қызметі үлкен беделімен, мәртебесімен қоса, елге үлкен міндеттер жүктейтіні де белгілі. Содықтан да, осы міндетті абыроймен атқарып жатқанымыз тек Елбасының беделі мен отандық дипло­ма­тияның табанды жұмысы ғана емес, бүкіл халықтың қолдауының арқасы. Еліміз Ұйымға ағылшын тілінде Т-дан басталатын төрт құнды­лықты ұсынды. Олар – Сенім, Дәстүр, Ашық­тық және Төзімділік. Бұл дегеніміз – елдердің бір-біріне сенімділігі, халықаралық қатынастарда ашықтық, екі жақты стандарттардан аулақ болу, дәстүрді сақтай отырып аймақтық қауіпсіздікке төнетін қауіптермен төзімділік таныта отырып бірлесіп күресу. Ұйымның алдындағы тұрған күрделі мәселелерді тиянақты шешу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Хельсинки актісіне – 35 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 65 жыл, Париж хартиясына 20 жыл толуына орай 11 жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ елдері Мемлекет басшыларының саммитін өткізу туралы ұсынысы жан-жақты қолдау тауып, үлкен жиын Астана қаласында желтоқсанның 1-2-сі күндері өтеді деп белгіленіп отыр. Оған қазір елімізде қызу дайындық жүруде. Ұйымға төрағалық ету басталғалы бері Қа­зақ­станның атқарған істеріне келетін болсақ, еліміз оның үш өлшемі бойынша да, әсіресе, қауіпсіздік саласында айқын белсенділік көрсетіп келеді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Әзірбайжанда және Арменияда болып, осы ел президенттерімен кез­десті. Лон­донда өткен және Ауғанстанның өзінде өт­кен Ауғанстан проблемасы жөніндегі халық­ара­лық конференцияға да қатысты. Днестр бой­ындағы проблемаға да тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Биылғы жылы ең басты жұмыс Венада бас­талды. Онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төра­ға­лығының таныстырылымы болып, онда Елба­сы­ның бейнежолдауын жұртшылық зор ынтамен қабылдады. Өйткені, онда Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның үш ұстанымы: қауіпсіздік, эконо­ми­­калық және экологиялық гуманитарлық сала­­­лардың ең өзекті мәселелерін қозғады. Ұйымның үш өлшеміне лайықты үлес қосу мақсатында елі­мізде 14-16 мамыр күндері “ЕҚЫҰ-ның Еура­зиялық өлшемі” атты әр елден 350 делегат қатыс­қан Трансазиялық форум өтті. Форумда эко­но­мика, лаңкестік, есірткі бизнесі туралы мәселелер қаралағандығын айта кету керек. Ал Қырғыз­стандағы жағдайға байланысты арнайы сессия өткізілді. Қазіргі таңда еліміз Ұйымның бұрынғы төрағаларының жұмысын жалғастыра отырып, оның үш ұстанымына, әсіресе, экологиялық қауіпсіздік проблемасына, оның ішінде Арал проб­лемасына баса назар аударуда. Сонымен қатар, энергетикалық әлеуеті мол ел екенімізді ескере отырып, энергетикалық қауіпсіздік проблемасы бойынша үнқатысуды жалғастыруды ұсынып отыр. Қорыта келгенде айтарымыз – беделді Ұй­ым­ға төрағалық ету халықаралық деңгейде елі­міздің беделінің арта түсуіне үлкен үлес қоса­ты­ны түсінікті. Сондай-ақ, еліміз ішіндегі қо­ғам­дық-саяси ахуалды да нығайта түсетіні анық. Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты. * * *

АСТАНА ӘУЕЖАЙЫНДА ҚАРБАЛАС ШАҚ

Төрткүл дүниеге төрелік айтқан тәуелсіз Қазақстанның барыс бей­нелі болашағының баламасыз ба­сымдығын айқындайтын тағы бір ұлы оқиға жақындап келеді. Жел­тоқ­сан айында Астанада өтетін жа­һан­дық құрылтайда ғаламның бе­делді 56 мемлекетінің басшылары, 500-ге тарта белгілі халықаралық ұй­ымдардың жетекшілері бас қос­пақ. “Қонақ аз отырып, көп сы­най­ды” демекші, әлемге танымал тұл­ғалар жиналатын бұл алқалы жи­ын Қазақ елі үшін қайталанбас құр­мет әрі бұ­рын-соңды болып көр­­меген сын­дарлы сын болғалы тұр. ЕҚЫҰ-ның 7-ші саммиті еге­мен еліміздің ең­бектеген баласы­нан, еңкейген қар­ты­на дейін та­ри­хи жауапкер­ші­лік жү­гін артқалы отыр. “Тас түскен жеріне ауыр” де­ген­дей, жаһандық жиын қонақ­тарын қабылдайтын Астана үшін ЕҚЫҰ саммиті шын мәнін­дегі ха­лық­аралық дәрежедегі ем­ти­хан бол­мақ. Жиынға келетін қонақ­тардың Қазақ жеріндегі ал­­ғашқы табаны елорда­ның әуе қақ­пасы – Астана халық­аралық әуе­жайына тиетіндігі белгілі. Сон­дық­­тан бү­гін­гі таңда әуежай бұл ма­ңыз­ды ха­лық­­­­аралық оқиғаға тың­ғы­лықты дай­ындық жұмысына кі­ріскен. Пре­­зидентіміз Нұрсұлтан На­зар­ба­евтың төл перзенті – А­с­­та­на бұдан бұрын да талай халық­аралық мәр­тебелі бас-қосулардың орталығы бол­ған. Сол жиындарға жиналған қо­нақтар да алғаш Ас­тана әуе­жа­йы­­­нан өтетін. Ал бұл жолғы жи­ынның жөні басқа. 11 жыл үзі­ліс­тен кейін Қазақ елінде қайта өт­кі­зіл­­гелі отырған ЕҚЫҰ саммиті төрт­­­­­күл дүние на­зарын ер­ек­ше ау­даратын халық­­аралық ұлы басқосу. Қазір саммитке дайындық ба­ры­сында Астана қаласының барлық құрылымдары уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Бұрнағы күні қала әкімдігі Астана халықаралық әуе­жай­ындағы қонақтарды қарсы алу мақ­сатында жасалып жатқан әзір­­лік барысымен таныстыру үшін БАҚ өкілдеріне арнайы сапар ұй­ымдастырды. Астана халықаралық әуежайы бүгінгі өскелең заман талабына сай инфрақұрылымы дамыған, қызмет көрсету дәрежесі әлемдік стандарттарға жауап бе­ре­тін егемен еліміздің беделді әуе­жай­ларының бірегейі болып та­бы­лады. Төрткүл дүние назары түгел Астанаға ауатын саммит кезінде мемлекет басшыларының әуе ке­ме­леріне қызмет көрсететін техника­лық құралдар да, мәртебелі қонақ­тарды қабылдайтын қызмет түрлері де халықаралық жоғары сапа стандарттарына жауап беруі керек. Міне, сондықтан да бүгінгі күндері Астана әуежайының инфрақұры­лы­мын одан әрі жетілдіру және әуе­жай кешенінің барлық құрылым­дық кәсіпорындарының өндірістік қуатын арттыру мақсатында ау­қымды шаралар атқарылуда. “Астана халықаралық әуежайы” АҚ-тың атқарушы директоры Ал­ександр Бекмурзиннің айтуынша, қазіргі уақытта әуежайдың әуе ке­мелері тұратын тұрағы 31 ірі ұшақ­ты орналастыруға мүмкіндік береді. Ал алдын-ала белгілі болып отыр­ғанындай, әуежайға Саммит ке­зін­де 70-ке тарта ірі ұшақ келіп қон­бақ. Бір мезгілде 70 ұшақты сиғызу үшін перронның аумағы екі есеге дей­ін кеңейтілуге тиіс. Қазір бұл жұ­мыс қызу қарқынмен жүргізіліп жа­тыр. Халықаралық сапа стан­­дарт­та­рына сай ірі ұшақтарды ор­на­лас­тыруға лайық перрон жақын арада іске қосылмақ. Қосымша са­лынып жатқан бұл перронға 22 за­манауи ірі ұшақтар орналасты­ры­лады. Қазір Астана халықаралық әуе­жайы тәулігіне орташа есеппен 40 рейске қызмет көрсетеді. Саммит кезінде бұл көрсеткіш кемінде үш есе көбейетін көрінеді. Бір мезгілде 70-тен астам ірі әуе кемелеріне қыз­­мет көрсету үшін қосымша ар­найы техникалар сатып алу керек. Осыған байланысты “Астана ха­лық­­аралық әуежайы” АҚ әуежай тех­ни­каларын жасайтын арнайы за­уыт­тарға 113 әртүрлі жаңа тех­ни­каларға тапсырыс берді. Олардың қатарында ұшақтарды тартатын тя­гачтар, тіркемелер, траптар, транс­портерлер және басқа ар­­наулы техникалар бар. Бірінші дәрежелі мемлекет бас­шы­ларын қабылдайтын зал да өр­кениетті өскелең талаптарға сай бо­луы тиіс. Осыған байланысты әуе­жай­дың VІP ғимаратына қайта құру жұмыстары басталып кеткен. Бұл ғимарат толығымен қайта салынып жатыр десе де болғандай. Әуежа­й­дың атқарушы директоры А.Бек­мур­­зин­нің айтуынша, бұл VІP ғи­­ма­рат 20 қарашаға дейін толық пай­­далануға берілмек. Бұл ғи­ма­ратта мәртебелі қонақтарды қабыл­дай­тын бөлме, келіссөздер жүр­гі­зетін зал және басқа орындар жаб­дық­талады. Олардың бәрі жоғары сапалы халықаралық стандарттар негізінде жабдықталуда. ЕҚЫҰ Саммиті күндері әуежай қызметкерлері тәулік бойы бірнеше ауысымда жұмыс істейтін болады. Осы мақсатта Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Қос­танай, Шымкент қалаларының әуе­жайларынан тәжірибелі мамандар қосымша тартылатын болады. Со­нымен бірге Астана маңындағы қа­лалардан қажетті арнайы тех­ни­каларды жалға алу мүмкіндіктері де қарастырылуда. Александр Бекмурзиннің мә­лім­деуінше, бұл күндері әуежай аума­ғын­­дағы қауіпсіздік мәселесіне ай­рықша мән беріледі. Құзырлы ор­­гандармен бірлесе отырып, сам­митке келетін мемлекет басшы­ла­рының қауіпсіздігін күшейту үшін кешенді шаралар белгіленіп, жо­ғары дәрежелі халықаралық жиынға келетін делегациялардың қау­іп­сіз­дігін қалтқысыз қамтамасыз ету мақ­сатында қолдан келгеннің бәрі жаса­лынады. Астана халықаралық әуе­жайы­ның бүкіл әлем назары өзіне ауа­тын халықаралық алқалы басқосу күндерінде жоғары талап­тар­ға сай са­палы жұмыс жасай­тын­дығына сенімі нық. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. ----------------------------- Суретте: Астана әуежайын­да­ғы қызу дайындық жұмыстары. Суретті түсірген С. МАҒЗҰМОВ. * * *

______________________

Басқа басылымдардан

ЕКІНШІ БАҒАЛАУ ҚАРАБАҚТА ӨТУДЕ

ЕҚЫҰ далалық бағалау мис­сия­сының екінші кезеңі Баку ба­қы­лау­ындағы Қарабақ аумағында өтетін болады, деп хабарлады Ар­мения пре­зиденті Серж Сар­г­­сянмен кез­де­суі кезінде ЕҚЫҰ-ның Қарабақ проблемасын реттеу жөніндегі Минск тобының тең төрағалары. ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағалары Игорь Попов (Ресей), Бернар Фасье (Франция) және Ро­берт Брадтке (АҚШ), сондай-ақ ЕҚЫҰ Іс басындағы төраға­сы­ның жеке өкілі Анджей Каспр­шик өткен сәрсенбі күні Әзірбай­жаннан Ар­ме­нияға келді. Олар Еревандағы Ар­ме­ния президен­ті­мен жоғарыда ай­тылған кездесу­ден кейін таныл­ма­ған Таулы Қарабақ астанасы – Степ­анакерт қаласына атбасын ті­реді. Мұнда ЕҚЫҰ Минск тобы­ның тең төр­ағалары далалық ба­ға­лау миссия­­с­ын жүзеге асырып жа­тыр. ЕҚЫҰ-ның далалық бақылау мис­­сиясы Таулы Қарабақ өңіріндегі аумақтарда 14 қазанға дейін болады. Ал тең төрағалар С.Саргсян­мен Әзірбайжандағы талқылау нәти­желерін ұсына отырып, Қа­рабақ жанжалды аймағында да­ла­лық ба­ғалау миссиясы бағдар­ла­масын қа­рас­тырды. Тең төрағалар мо­нито­рингтің келесі кезеңінде талқылау тақырыбы Әзірбайжан­ның бақы­лау­ындағы Таулы Қарабақ аумақ­тары болатынына сендірді. Сондай-ақ халықаралық бітімгерлер ал­ғашқы мүмкіндік туған сәтте-ақ Әз­ірбайжанның Нахчыван автоно­миясына барып, толықтай қира­тыл­ған Джугадағы армян зиратына соғатындарын жеткізді. Өз кезе­гінде Армения президенті ЕҚЫҰ-ның дала миссиясы аяқталғаннан кей­ін объективті баяндама әзірлеу­дің маңызын атап көрсетті, деп ха­барлады Ресейдің “Новости” ақпа­рат агенттігі. ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ – БАСТЫ ТАЛАП Заң үстемдігі және қылмыс­тық сот төрелігінің тиімділігі мен есеп­тілігі жүйесі қазіргі заманғы де­мо­кратияның ажырағысыз та­лабы болып табылады, деді Аш­ғабадта елші, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық жө­ніндегі ұйым­ның Түркіменстан­дағы орталы­ғының басшысы Арсим Зеколи. Ашғабадта ЕҚЫҰ мен ЕҚЫҰ-ның полиция қызметінің страгия­лық мәселелер бойынша бөлімі Түр­кіменстан Ішкі істер минис­тр­лігімен тығыз ынтымақтастықта ұй­ымдастырған дөңгелек үстел болып өтті. Бұл шара аталған ве­домство қыз­меткерлері мен По­ли­ция ұлт­тық академиясының тың­даушы­ла­ры үшін ұйымдасты­рылды. Дөң­гелек үстелде ЕҚЫҰ-ға мүше басқа мем­лекеттердің іс-тәжірибелерін пай­далана отырып, полиция қыз­метк­ерлерін алғашқы дайындықтан өткізу мәселелері көтерілді. “Мемлекеттік органдар ғана емес, азаматтардың мүддесі үшін де қыз­мет ету полицияның жақсы жұ­мысы болып табылады және адам­дардың өмірін, олардың мүліктерін қорғауда маңызды рөл атқарады”, деп атап көрсетті А.Зеколи. Венгриядан, Түркиядан, Ук­­­раи­на мен Чех Республикасынан кел­ген халықаралық сарапшылар по­лицияларды оқытудың түрлі үлгі­лері мен тәсілдерін ұсынып, басты назарды полиция орган­да­рына қызметкерлерді іріктеу мен алу мәселелеріне аударды.