Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахинмен кездесті. Кездесудегі әңгіме барысында тарихы тамырлас және мәдени құндылықтары ортақ екі ел арасындағы қатынастар қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын парламентаралық байланыстар да нығая түсуде.
Сенат Төрағасы “парламентаралық ынтымақтастық пен заңнамаларды үйлестірудің маңызды мәселелері бойынша пікір алмасуға бұл сапар маңызды әрі пайдалы”, деп атап өтті және М.Чичек бастаған Түркия-Қазақстан достық тобының табысты қызметіне де тоқталды. Екі ел арасындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейту мәселелеріне қатысты Қ.Тоқаев сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды сипатын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Парламенті халықаралық парламенттік ұйымдардың, оның ішінде Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының аясында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға әзір екенін айтты.
Әңгіме барысында Қазақстан Сенатының басшысы кездесуге қатысушыларды биылғы ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге әзірлік барысы туралы хабардар етті.
М.Шахиннің сөзіне қарағанда, екіжақты қатынастарды нығайтуда түрік делегациясының осы сапарының маңызы зор болып табылады. Түркия Парламентінің басшысы Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді және Н.Назарбаевтың түркітілдес елдердің ықпалдастығы үрдісіндегі рөлін атап өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.