ЕҚЫҰ Бас хатшысының “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбаты
Саммитке 46 күн қалды. Саммитке шамамен 1100 сағаттай уақыт қалды. Осылай айтсақ та артықтық етпейді. Әр күнді емес, әр сағатты санайтын кез қазір. Тарихымыздағы ең тамаша кезеңнің түйінді тұсына тақағанымызда, қазақ қазақ болғалы шығып көрмеген биігіміздің де биігіне жақындағанымызда біздің әрқайсымыз басымызға қонған бақтың бағасын білуге, тағдырдың бізге сыйлығының қадір-қасиетін сергек сезінуге тиіспіз. Өйткені, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қазірдің өзінде 56 ел мүше екенін, бұл ұйымның төрағалық тізгіні бір елге ең жақын дегенде жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында ғана қайта тиетінін, ал ең жиі дегенде бес жылда бір шақырылатын ЕҚЫҰ Саммиті сынды ұлы жиынды өз еліңде өткізу құрметі ең жақын дегенде бір ғасырдың арғы жағында көрсетілетінін ескерсеңіз алдымыздағы оқиғаның қандайлық орасандығын тәптіштеп түсіндіріп жату қажет болмай қалады.
Осындай кезде елің туралы, еліңде өткізілетін сол жиын жайында өзгелер не деп жатқанын білу, соны оқырмандарға жеткізу біздің парызымыз. “Жақында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының күзгі мәжілісінің жұмысын газет бетінде көрсету үшін Палермоға барып қайттық. Біраз лауазымды тұлғалардан сұхбат алып қайттық”, дегенбіз газеттің өткен нөмірінде. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі – ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо.
1948 жылы дүниеге келген Бришамбо мырза ЕҚЫҰ жүйесіндегі аса тәжірибелі адамдардың бірі. ЕҚЫҰ ЕҚЫК атанып (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесі) жүрген сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарының өзінде Францияның осы ұйымдағы делегациясын басқарған Марк Перрен де Бришамбо 2005 жылдан бері – Ұйымның Бас хатшысы. 2008 жылы бұл қызметке қайтадан үш жылдық мерзімге сайланған. Бришамбо мырза өткен жылдың күзінде Елбасымыздың қабылдауында болған. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Ұйым алдынан жаңа көкжиек ашады, ал Қазақстанның бірқатар салалардағы бірегей тәжірибесі Ұйымның дамуына үлкен үлес қосады деген, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі идеясын салған беттен қолдаған, “Қазақстан басқа мемлекеттерге үлгі көрсете алады. Атап айтқанда, Қазақстан көшбасшысының ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыру жөніндегі тәжірибесі аса пайдалы болады” деп мәлімдеген Бришамбо мырза өзінің осындай ұстанымдарын “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында да тиянақтай түсті.
– Құрметті Бришамбо мырза, ЕҚЫҰ-ның Еуропадағы және Еуразиядағы халықаралық қатынастардың тарихына 1975 жылдан кейінгі кезеңде қосқан үлесі жөнінде не айтар едіңіз?
– Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің (әуелде бұл ұйым осылай аталған – С.А.), ал кейіннен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бүкіл Еуропаның және ЕҚЫҰ-ға қатысты өңірдің қалыптасу тарихына, сондай-ақ халықаралық қатынастардың дамуына қосқан үлесі, жасаған ықпалы орасан.
1975 жыл Хельсинки Қорытынды актіне қол қойылған және ЕҚЫК-нің қызметі басталған жыл деп саналады. Ал негізінде бұл үдеріс одан ертерек өріс алған. 1972 жылы Финляндия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің күн тәртібін, қатысушылардың тізімін және қағидаттарын талқылау үшін бейресми кездесу өткізуді, былайша айтқанда, “келіссөз туралы келіссөз” ұйымдастыруды ұсынды. Келесі, 1973 жылы ЕҚЫК іске қосылды. Одан кейінгі екі жылдың ішінде, 1975 жылы Хельсинки Қорытынды актіне қол қойылғанға дейін 2400 мәжіліс өткізіліп, 4660 ұсыныс қаралған. Атқарылған жұмыстың ауқымы екі блокты келіссөздер үстелінің басына отырғызып, ашықтан-ашық әскери тіресудің болуы мүмкін тәуекелдерін жоюға қажетті шараларды талқылау керектігіне көз жеткізу қандайлық қиындыққа түскенін көрсетеді.
Қорытынды акт “Қырғи-қабақ соғыстың” дәстүрлі қағидаттарына қырын келді. Құжатта мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін негізгі он норма мазмұндалды. “Хельсинки Декалогы” ынтымақтастыққа, дау-шарларды бейбіт реттеуге және қауіпсіздікке жан-жақты көзқарасты іздеуге бағытталды. Бейбітшілікке қатерлер әскерлер мен қару-жарақтардан ғана емес, экономикалық қиындықтардан, қоршаған орта ахуалының нашарлауынан, адам құқы бұзылуы мен демократияның болмауынан да төнетіндігі алғаш рет мойындалды.
Қорытынды актіге адамның құқы мен еркіндіктеріне қатысты негізгі нормалардың енгізілуі тағдыршешті оқиғаға айналды: бүкіл Еуропада саяси белсенділіктің артуына қарқын қосып, Шығыс пен Батыстың арасындағы шиеленістің бәсеңсуіне түбірлі үлес қосқан дәл осы жай еді.
Берлин дуалы құлайтын кезде, 1989 жылы ГФР Сыртқы істер министрі және ЕҚЫК-нің бірінші төрағасы қызметін атқарған Ганс-Дитрих Геншер қырғи-қабақ соғысты бітіруде ең маңызды рөлді осы Хельсинки Қорытынды акті атқарғанын растады, ол сол құжатқа қол қою еуропалық мемлекеттер тарихында жаңа дәуірді бастап берді деген болатын.
Кейінірек, 90-шы жылдарда да ЕҚЫҰ Балқан түбегіндегі қанды қақтығыстарды тоқтатудың және олардың бұдан кейін өршімеуінің жолдарын іздестіруде халықаралық күш-жігердің алдыңғы қатарынан табылды. Бүгінде ЕҚЫҰ Босния мен Герцеговинадағы қақтығыстарды бейбіт реттеуде және Косовода көпұлтты қоғамның қалыптасуында маңызды рөл атқарып отыр. Сол онжылдықтың барысында ЕҚЫҰ-ның жер-жердегі көптеген далалық миссиялары ашылды, олар Еуропадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде үлкен іс тындырды.
Жаңа ғасырдың басталуы жаңа проблемаларды туындатып отыр. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Америка Құрама Штаттарында (одан кейін басқа да елдерде) жасалған лаңкестік шабуылдар әлемнің атымен басқа қауіпсіздік проблемалармен бетпе-бет келгенін, олардың бұрынғылардың бәрінен әлдеқайда күрделі болып шыққанын көрсетіп берді.
– Лаңкестік демекші, бүгін (әңгімеміз 9 қазан күні өткен – С.А.) Ауғанстанда лаңкестік актіден Италияның төрт солдаты қаза тапқаны туралы қайғылы хабар келді. Мұның өзі Астанада талқыланатын тақырыптың көкейкестілігін тағы таныта түседі. Ұйым терроризмге қарсы тұру ыңғайында не істей алады?
– Ұйым бұл бағытта ЕҚЫҰ Хатшылығының лаңкестікке қарсы бөлімшелері, далалық басы-қасында болу, мүше елдермен байланыс арқылы жүйелі жұмыс жүргізуде. ЕҚЫҰ біздің ортақ қауіпсіздігімізге төнетін қатерлерге ұжымдық күш-жігерді қарсы қою арқылы олардың бетін қайтару жөнінде кеуделі міндетті мойынға алғалы отыр, Астанадағы Саммит, әрине, осы жолдағы шешімдерді іздестіруге де арналады.
– “Хельсинки рухы” ұғымы Сіз үшін нені білдіреді, ол ұғым қазіргі жағдайда да көкейкесті ме?
– Жаңа саяси нақтылықтарға, қауіпсіздікке төнетін жаңа қатерлерге қарамастан, “Хельсинки рухы”, Хельсинки Қорытынды актінде қозғалған проблемалар сияқты, осыдан 35 жыл бұрынғыдай көкейкесті күйінде қалып отыр.
ЕҚЫҰ – қауіпсіздіктің барлық қырлары бойынша және барлық мүше елдер үшін таптырмайтын ұйым және үнқатысу алаңы. Өңірлік қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын ұйым ретінде ЕҚЫҰ еуропалық демократияларды (Еуроодақта да, оның сыртында да), АҚШ-ты, Канаданы, Түркияны, Ресейді және Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық Азия мемлекеттерін түгел біріктіреді. Бұл елдердің барлығы өздерінің Хельсинки Қорытынды актінің қағидаттарын ұстанатынын мәлімдеген. ЕҚЫҰ мұндай үнқатысу үшін табиғи алаң болып табылады.
“Хельсинки рухы” символдық түрде айтқанда бізге бір-біріміздің тәжірибемізден үйренуге мүмкіндік беретін, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықтағы Ұйым жауапты аймақта қауіпсіздіктің жалпы проблемаларын шешудің консенсустық жолдарын іздестіретін ұғым, ол ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы мойындайтын құндылықтар мен міндеттемелерде негізделген.
Елдер арасындағы қатынастардың дамуы технологиялық прогресс пен жаңа қатерлердің шығу жылдамдығынан біршама артта қалып отырған бүгінгі әлемде ЕҚЫҰ бір-бірінен мәдениеті және саяси құрылымы жөнінен соншалықты алшақ жатқан халықтар мен мемлекеттердің ымыраға келіп, өзара іс-қимыл жасауының тартымды моделі болып табылады.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстанның кеңестен кейінгі кеңістіктен шыққан бірінші ЕҚЫҰ төрағасы болып сайлануы қандай өлшемдерге жауап беруінің арқасында жүзеге асты?
– Сөз жоқ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы айрықша оқиға: алғаш рет Орталық Азия мемлекеті, бұрынғы Кеңес Одағының халқы негізінен мұсылман дінін ұстанатын республикасы өзіне осындай жоғары жауапкершілік жүктеп отыр.
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер жыл сайын Ұйым төрағасы лауазымында бір-бірін алмастырып отырады, алайда бұл автоматты түрде жүзеге асырыла салатын ротация емес. Ұйымға Төрағалық етуге ниет білдірген ел ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел тарапынан бірауызды қолдауға ие болуға тиіс.
Ұйым төрағалығы – үлкен жауапкершілік. Төрағалыққа лайық елді дәл табу оңай емес. Мадридте 2000 жылы өткен сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Қазақстанның Ұйымға 2010 жылы төрағалық етуге өтінімін қолдау жөнінде бірауызды шешім қабылдады.
Келесі жылы ЕҚЫҰ төрағалығы Литваға ауысады, ал 2012 жылы бұл лауазым Ирландияға көшеді.
– ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының алдын ала қорытындыларына Сіз қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстан төрағалығы Ұйымға өз қызметін белсендірек ете түсу үшін жаңа күш пен мүмкіндіктер қосты, мұның өзі, шынында да, елеулі жай болып табылады.
Қазақстанның маңызды жетістігі оның Корфу үдерісін алға жылжыту, ортақ жетістіктердің қорытындысын шығаруға бағытталған еуропалық қауіпсіздік жөніндегі ашық үнқатысуды қолдау, ЕҚЫҰ қағидаттарын қатаң ұстанатынын нықтау және бұрынғы, жаңа қатерлермен күрестің тетіктерін қалпына келтіру сияқты істерден танылды. Бұл үдеріс 2009 жылы Грекияның төрағалығымен Корфу аралында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кезектен тыс Кеңесінде басталған болатын. Еуропалық қауіпсіздік мәселелері жасалу, пысықталу сатысында, ол мәселелер ұдайы көңіл бөлуді және күш-жігерді қажет етеді. Біздің қару-жараққа тиімді бақылау орнатуды қамтамасыз етуге, өңірлерде сенімді нығайтуға, созылмалы қақтығыстар түйінін тарқатуға, сондай-ақ жаңарудың демократиялық үдерісіне септесуге бағытталған күш-жігеріміз алдымыздағы ізашарларымыз белгілеп кеткен мақсатқа, атап айтқанда, біртұтас, еркін де үйлесімді өңір қалыптастыру мақсатына қазірше қол жеткізе қойған жоқ. Міне, сондықтан да біз Корфу үдерісіне үлкен көңіл бөлеміз, Қазақстанның осы бағытта жұмсап жатқан күш-жігерін бағалаймыз.
Қазақстан төрағалығының басқа бір маңызды жетістігі – Ұйым Саммитін 2010 жылдың желтоқсанында Астанада шақыру жөніндегі ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бірауызды шешімге келуі. Бұл жай шешім күйінде-ақ ірі жетістік, мен төраға ел мен қатысушы мемлекеттер бұл мүмкіндікті толық пайдалана алады деп үміт етемін. Астанадағы жоғары деңгейдегі кездесуді дайындау аясындағы талқылау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жақында Варшавада ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдері бойынша қабылдаған міндеттемелерін жүзеге асыру қорытындыларын шығару жөнінде Кеңқамтулы Шолу конференциясы аяқталды, ол енді айдың аяғында Венада, қарашада Астанада жалғасады.
– Қырғызстандағы саяси дағдарыс ЕҚЫҰ үшін елеулі сынаққа айналды. Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ның және басқа да ұйымдардың сол елдегі жағдайды тұрақтандыруға жұмсалған күш-жігерін үйлестіру ісінде қандай рөл атқарады?
– Тегінде, әрбір төраға ел әлемдік аренада бой көрсететін оқиғалардың қатысушысына айналады. Қырғызстандағы оқиға Қазақстан төрағалығына өзінше бір тест болды. Төраға ел етек ала бастаған дағдарысқа тез жауап қайтарды, әлі күнге осы бағытта жұмыс істеп келеді.
Дағдарыс жаңа басталған кезде, биылғы сәуір айында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қырғызстанға өзінің Арнаулы өкілін жіберді, ол ЕҚЫҰ Хатшылығының қолдауымен Қ.Бакиевті елден алып шығу жөніндегі келіссөзге көмектесті.
Қазақстан бұл жағдайдың түйінін табуда маңызды рөл атқарды. Төраға ел Қырғызстанның Уақытша үкіметіне заңдылық пен конституциялық тәртіпті қалпына келтіруіне көмектесу жөнінде нақты ұсыныстарды тез дайындады. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығына зорлық-зомбылықтың алдын алуға, қоғамдық сенімді қайта орнықтыруға, сондай-ақ елдің қақтығыстан кейінгі қалпына келуіне бағытталған жаңа жобаларды іске қосу үшін қызметкерлер санын арттыру және бюджетін көбейту жөнінде шешім қабылдады. Олар сондай-ақ Қырғызстанның оңтүстігінде тұрақтылықты және сенімді қамтамасыз етуге септесу үшін полицейлік кеңесші топты жіберу жөнінде де келісімге келді, рас, топты орналастырудың шарттары мен кестесі қырғыздың билік орындарымен әрі ақылдасылып жатыр.
ЕҚЫҰ Қырғызстанның оңтүстігіндегі қалың жұртшылық үшін бірнеше тілде жарияланымдар дайындау сияқты ақпарат тарату жобаларымен, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру, айталық, аумақты бірлесе патрульдік қадағалау мақсатымен жергілікті құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса жұмыс істеу үшін жасақшыларды оқыту сияқты бастамалармен жұмыс істеуде.
– ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұйым Саммитін шақыру жөніндегі бастамасына қалай қарады?
– Жаңа айтып өткенімдей, ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөнінде ымыраға келу Қазақстан төрағалығының үлкен жетістігі болып табылады. Саммит өткізу оны өткізетін елге де, ұйымға мүше барлық елдерге де үлкен сын. Бүгінгі таңда Саммиттің күн тәртібінің мазмұндық бөлігін келісу орайындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Пікірсайыстар, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның Шолу Конференциясы, саяси үнқатысуды бір арнаға тоғыстыруға және Ұйымға мүше елдер арасында әлі де сақталып отырған алшақтықтарды жоюға деген біздің күш-жігерімізді көкейкесті ете түсуге көмектеседі. Жақында Варшавада ЕҚЫҰ-ның бірінші Шолу конференциясы межесіне жетті. Оған қатысушылар Ұйымға мүше 56 елдің адам құқы, демократия, сөз бостандығы, бейбіт жиылыстар бостандығы және басқа да іргелі бостандықтар, сондай-ақ заңның үстемдігі, төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі міндеттемелерін жүзеге асыру барысын қарастырды.
Шолу конференциясының екі мәжілісі Венада 18-26 қазанда және 26-28 қарашада Астанада өтеді.
– Іс басындағы төраға осы мәжілісте біздің еліміз Саммитте талқылауды ұсынатын мәселелердің жалпы аясын айтып өтті. Сіздің бұл жөніндегі көзқарасыңыз қандай?
– Қазақ төрағалығы барлық мүше елдермен консенсусқа қол жеткізу үшін үлкен саяси жұмыс жүргізді деп ойлаймын.
– Ең бастысы, Саммитте консенсусқа қол жеткізуге болатын мәселелердің шағын аясы қарастырылу керек деген ұстанымды Сіз қолдайсыз ғой?
– Консенсусқа қол жеткізуге болады, ол біздің жұмысымыз.
– Қазақстанның төрағалық биікке көтерілуінде, әсіресе, 11 жылдан кейін Саммит өткізуде біздің Мемлекетіміздің басшысы – Президент Назарбаевтың атқарған рөлі ерекше, шешуші деп білеміз. Сіз мұндай бағамен келісесіз бе?
– Президент Назарбаевтың жеке рөлі Саммитке қатысатын 55 ел делегацияларының басшыларын консенсусқа қол жеткізуде де ерекше маңызды болады.
– Осы жылдың өн бойында қазақстандық дипломаттармен бірлесе жұмыс істеудегі жеке тәжірибеңізбен бөлісер ме едіңіз?
– Биылғы жыл мен үшін де, менің көптеген басқа әріптестерім үшін де сіздердің елдеріңізбен тығыз байланыста өтті. Мен биыл Қазақстанда талай рет болдым, өзім ұшқан сапарлардың барлығының қашықтығын қоссам, тегінде, Жер шарын айналып шыққан да болармын.
Әрине, жыл ішінде маған Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілдігімен, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігімен, Президент Әкімшілігімен және басқа да мемлекеттік құрылымдармен тығыз жұмыс істеуге тура келді. Мақсаткерлік, құштарлық пен қайраттылық – өзімнің қазақстандық әріптестерімді осындай сөздермен сипаттар едім.
Биылғы жыл қиын жыл болды, сонымен бірге қызықты да жыл болды. Бұл жыл бұрынғы проблемаларға жаңа қырынан қарауға, тез шешімдер қабылдауға, ЕҚЫҰ-ның барлық өңірлерінде қатерлерге қарсы тұрудың жаңа жолдарын табуға мүмкіндік берді.
– Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ үшін қандай із қалдырады деп санайсыз?
– Соңғы 11 жылдан бері өткізілгелі жатқан Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ны еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікке септесу тұғырнамасы ретінде нығайтуға көмектеседі деп сенемін. “Астана рухы” Хельсинки Қорытынды актінің 35 жылдығы мен Париж Хартиясының 20 жылдығы аталатын мерейтойлық мерзімде ерекше көкейкесті болады.
Мен сондай-ақ Қазақстан төрағалығының Орталық Азия өңіріне, конфессияаралық және мәдениетаралық толеранттылыққа, Ауғанстан тарапынан төнуі мүмкін қатерлерге баса назар аударуы алдағы кезде де қажет деп санаймын.
– ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитінен не күтесіз?
– 1975 жылдан бастап, ЕҚЫҰ құрылғалы бері ең жоғары деңгейде тек бес кездесу өткен. Мұндай соңғы Саммит 1999 жылы Ыстамбұлда өткенін жақсы білесіз. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекеттер және үкіметтер басшыларының деңгейінде жаңа кездесу өткізудің уақыты жетті.
Астанадағы Саммитте мемлекеттер мен үкіметтер басшылары жаһандық жаңа қатерлерге қарсы тұруға бағытталған еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас қоғамдастығын қалыптастыру тұжырымдамасын жақтайтынын тағы да нықтайды деп күтіліп отыр, ол қатерлер ұжымдық іс-қимылдарды талап етеді және мемлекеттердің жеке-дара күш-жігерімен беті қайта қоймайды.
Сондай-ақ осы Саммит мемлекеттердің бұрын қабылдаған міндеттемелерін жақтайтынын қайта нықтайды және қауіпсіздіктің ортақ мәселелерінің, соның ішінде ЕҚЫҰ-дан тыс жерлерден туындайтын мәселелердің де шешімін табудың құралына айналады деп күтіліп отыр. Алдағы кездесудің күн тәртібіне ЕҚЫҰ-ның қоғамдық институт ретіндегі әлеуеті мен оның құқықтық негізін нығайту, сенім мен қауіпсіздік шараларын 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту жолымен кеңейту жөніндегі іс-қимыл мәселелері қосылуы да мүмкін.
Біз мына Палермода Астанаға тікелей дайындықты бастап жібердік. Алда жұмыс тіпті көп болады. Қазақстанда да, Хатшылықта да мықты командамыз бар. Саммиттің табысты өтетініне сенеміз.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Италия. Палермо.