Біз – қазақстандықтармыз!
Ассамблея – шын мәнінде мемлекет пен халық, әртүрлі ұлттар арасындағы алтын көпір. Ассамблеяның басты рөлі біздің көп ұлтты елімізде бейбітшілік пен келісімділікті қолдау болып табылатыны белгілі. Қазақстан – ұлттар достығы жарасқан мемлекет. Бірде-бір қазақстандық ұлтаралық жанжалдардың құрбаны болған жоқ. Елімізде алғашқылардың бірі болып құрылған Өскемендегі Достық үйінің ашылуына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі арнайы келіп қатысқанда, мына бір сөздерді тілге тиек еткен еді. “Қазақстан халқының достығы – еліміздің баға жетпес игілігі. Әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара сенімділігі, заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттің гүлденуі де болмайды, демек, қарапайым адамдардың бақытты өмір сүруі де мүмкін емес”.
Достық үйінің жанында отызға тарта этномәдени бірлестіктер ұйымдастырылып, жұмыс істеп тұр. Сол кездері облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Төлеухан Қоғабаев, оның орынбасары Орал Малдыбаев, Лео Богданович Шик, Сара Мәмиеваның арқасында Достық үйі ел игілігі үшін жұмыс істей бастады. Қазақ пен орыс, украин мен беларусь, ұйғыр мен өзбек, татар, басқа ұлт өкілдері казір өз халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрін паш етіп, түрлі мерекелерде ұлттық киімдерін киіп алып, жастарды ынтымақ пен достыққа баулуда. Бұдан артық қандай бақыт керек!
Беларусьтар жайлы айтқым келеді. Беларусьтар Қазақстанда ежелден мекендейді. Олардың неғұрлым ірі топтары жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Столыпинның аграрлық реформасын өткізу кезінде пайда болған. 1926 жылғы халық санағының мәліметі бойынша Қазақстанда 25 584 беларусь болған. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге ондаған мың қандастарымыз көшіп келді. Тың игеру облыстарында беларусьтар жеті есе өсті. Алайда соңынан тың игеруге қатысқан адамдардың көбі елдеріне оралды. Қазір біздің облыста шамамен бес мыңға таяу этностық беларусьтар тұрады.
Достық үйі жанынан беларусь этномәдени бірлестігін құру есімізде қалып қойды. Беларусьтар әр жерде тұрып жатқан қандастарын жинады, басын қосты, басқа ұлт өкілдерімен бірге қоян-қолтық араласа бастады. Оның бастауында болған Г.Борисович, В.Николаенко, С.Шушкевич, В. Магазинщиков, А. Плотников, В. Марков, тағы басқалар. Осыдан он жыл бұрын Достық үйінде тұңғыш рет Беларусь вечасы бас қосты. Кешікпей Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігімен іскерлік ізгі байланыс орнатылды. Біздің орталықта беларусь тілінде кітаптар, газет оқуға мүмкіндік туды. Соңынан Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лариса Владимировна Пакушпен жеке кездесу болды. Жақында ғана Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары С. Бомбаза басқарған бір топ қонақ біздің Қамысты ауылында болған кезде біздің ұлттық дәстүрді сақтап отырғанымызға, Қазақстанда ұлттар достығының өркен жайғанына ерекше риза болып аттанды.
Тағы бір мысал. Елбасы Шығыс Қазақстанға сапары кезінде шаруа қожалығы төрағаларымен сан мәрте кездесті. Ұмытпасам, 2003 жыл ғой деймін, “Эхо” кинотеатрындағы кездесуде бізбен емен-жарқын әңгімелесіп, маған бірнеше сауалдар қойды. Тіпті менің беларусь екенімді білетініне қайран қалдым. “Владимир Иосифович, беларусьтар – қарапайым, қонақжай, еңбексүйгіш халық. Қожалықтағы адамдар қанша жалақы алады?” деп сауал тастады. Бізде алты мыңдай асыл тұқымды сиыр бар. Сауыншыларымыз айына 70-80 мың теңге жалақы алады. Балабақша, Мәдениет үйі халық игілігі үшін қызмет жасап тұр. Егін егіп, барлық шаруаны өзіміз атқарамыз. Ұзақ жылғы еңбегім “Құрмет” орденімен атап өтілді. Ең бастысы, қазақ пен орыс, украин, беларусь, басқа ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуі, желтоқсан айында Астанада Саммиттің өтуі Елбасы Н. Назарбаевтың беделі, абыройы деп білемін. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Назарбаев келешекте де елімізді бақытты күндерге бастай береді деген сенімдеміз.
Владимир АКУЛОВ, “Қамысты” шаруа қожалығының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, XVІ сессия делегаты.
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы.
Діңгегі мықтының шаңырағы шайқалмас
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары” атты “Известия” газетінде 28 қаңтарда жарияланған сұхбатында: “Қазіргі кезде ЕҚЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде ұлтаралық және дінаралық қатынастар проблемалары қайтадан өзекті бола түскенін байқамау мүмкін емес. Еуропада орныққан құндылықтар жүйесі мен жедел өсіп келе жатқан ұлттық диаспоралар мәдениетінің арасындағы жанжалдар байқалады. Әлемнің түрлі өңірлерінің өмір салтын, дәстүрлерін, мәдениетін, этностық тарихын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ та, батыстық өркениеттің құндылықтары әлемнің басқа өңірлерінде де, сол секілді батыс қоғамының ішіндегі этностық диаспоралар тарапынан сөзсіз құрметтелуі тиіс деген қағида да сондайлық әділ болып шығады. Мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысу идеяларын жақтайтын, көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде Қазақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, нәсілшілдікті, ксенофобия мен антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ұйымның айтарлықтай қуатты әлеуетін пайдаланбақ”, деп атап көрсеткен еді.
Қазіргі таңда, Елбасы атап өткендей, АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания секілді өркениетті елдердің және өзгелердің де Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты әлемде баламасы жоқ бірегей қоғамдық институттың жұмыс тәжірибесін зерттеуге ден қоюлары – ұлттық саяси бағытымыздың дұрыс, қолға алған істеріміздің шынайы өмірмен үйлесіп жатқандығының бір көрінісі. Біз осындай қоғам құра алдық деген мақтаныш сезімі көңіл қуантады. Осы жылы әлемде теңдесі жоқ қазақстандық жоба, біздің мемлекетімізде ғана дүниеге келген ғажайып ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да 15 жыл толды.
Бұл қоғамдық құрылым – ұлт пен ұлыстар достығының, бірлесіп өмір сүруінің, сөйте отырып қоғамдық, мемлекеттік, халықаралық мәселелерді шешуге бірге араласуының жарқын мүмкіндігі. Кез-келген елде ешқандай ұлтаралық қақтығыссыз өмір сүруге болады, мұны бүкіл әлемге Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты, мемлекет басқарудағы жарқын қызметі, Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі өмірі дәлелдеп отыр.
1995 жылдан бері аталған қоғамдық институт этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарып келеді. Оның құқықтық мәртебесі кеңейіп, “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заң шығып, ұйымдық жағынан күшейді. Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлануға құқылы болды. Шынында да, бүгінде Ассамблея Қазақстан халқының ортақ мінберіне айналып, әлеуметтік мәні зор мәселелер кеңінен талқыланатын болды. Соңғы оның 15-сессиясында Мемлекет басшысының біздің алдымызға патриоттық тәрбие, азаматтықты және мемлекеттік тілді нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді бағыттар бойынша тың міндеттер жүктеп, жаңа идеялар тудырушы, мемлекеттің ұлттық бірлік саясатының сенімді тірегі болу талаптарын қоюы Ассамблея қызметінің жаңаша сипат алғанын аңғартса керек.
Міне, сол себепті біз “Әртүрлі этносты бір тудың астына біріктіру” деген ұстанымды дүние жүзіне танытуымыз қажет. Танытып қана қоймай, таратуымыз қажет. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі 4 ұранның бірі — төзімділік осы мақсатты көздейді. Бұл, ең алдымен, бүкіл әлемдегі еларалық ынтымақты, бірлікті, татулықты көздегендіктен туып отыр.
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның құрамындағы он алты этномәдени бірлестігі де өткен 15 жыл бойы ел тәуелсіздігінің орнығуы, Қазақстанда тұратын халықтардың қилы да қиын тарихи тағдыры, бір шаңырақ астында татулық пен достыққа селкеу түсірмей бейбіт өмірге қол жеткізген жағдайын насихаттап келеді. Президентіміздің Ассамблеяның соңғы 15-сессиясында: “Бүкіл Қазақстан мен оның әрбір этносының тағдыры үшін ең алдымен Ассамблея мүшелері, мына сіздер жауап беруге тиіссіздер. Сіздер бірлігі жарасқан Қазақстанның абыройы мен беделінің, ғасырлар бойы қалыптасқан жарасымды салт-дәстүрлерінің жанды айғағысыздар”, – деген сөзі әр атыраулық этномәдени бірлестік басшысының көңілінен кетпейді, жадында жатталып қалды. Орыстар Владимир Яшков, Александр Солодовников, грузин Зураб Бобохидзе, неміс Александр Думлер, әзірбайжан Эльдар Ахмедов, татар Гүлсина Байкенова, дағыстан Мұса Алишаев, армян Гагик Плузян, болгар Юрий Кустадинчев, украин Ольга Павленко, халқымыздың ынтымақтастығын нығайтуда, азаматтық құндылықтарды дамытуда үлкен беделдерге ие. Бұлардың қатарында корей, марқұм Мария Өтебаева болған еді. Олардың бастамаларымен өткізілетін халықтар достығы, ел бірлігі, ынтымақ орнату жұмыстарында көпшілік мәдени шаралардың мәні зор. Жылма-жыл Каспий өңіріндегі көпұлтты халықтардың бірлігін насихаттау мақсатында дәстүрлі “Ассамблея аруы” сайысы өткізіледі. Оның жеңімпаздары – қазақ тілін, дәстүрін жақсы меңгерген өзге ұлт қыздары.
Халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттаудағы тағы бір маңызды шара, 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне арналған “Шаңырақ” отбасы мерекесінде этнос өкілдері отбасы және туысқандық ара қатынасты сақтауда, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, ас дайындау шеберліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі құпия сырларымен бөліседі. “Иверия” грузин орталығында ұйымдастырылған тау халықтарының би өнерін тегін үйрету курсы жастар арасында қолдау тапты. Бірлестіктің көркемөнерпаздар ұжымы Бурабайдағы республикалық “Балдәурен” сауықтыру лагерінің жолдамасына ие болды.
Тағдыры тауқыметті қазақ халқының тарихын қазіргі жастарымыз толық біле ме деп ойлайсың. Өзгеге таныту үшін алдымен өзіңді өзің танып алу керек емес пе! Біз, Ассамблея мүшелері, Қазақстан тарихын балабақшаларда, орта, арнаулы, жоғары оқу орындарында оқыту мәселесіне әлі де болса көңіл бөле түсуіміз керектігі қазіргі және болашақ уақыт талабы деп білеміз.
Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты теңгерімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Мемлекетіміздің өзегі, оның дамуы мен қалыптасуында шешуші тарихи рөл атқарушы – қазақ ұлты. Сол үшін де қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің кешенді шаралары қолға алынып, Қазақстан халықтарының белағашы болатын қазақ мәдениетін өркендету ісі шешімін табуы тиіс. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы да қазақ тілінің тынысын кеңейтуге өзінің үлесін қосып келеді және алда да қоса беретін болады деген жөн.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымның төрағалық қызметіне кірісуіне орай жариялаған Үндеуінде: “Біз ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы, жоғары деңгейдегі кездесуді шақыру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырамыз. ЕҚЫҰ елдері көшбасшыларының кездесуі Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығын, Париж хартиясының 20 жылдығын және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 65 жылдығын атап өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Осы ретте, Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылған 1 тамызды — Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы күні деп жариялау туралы ұсынысты қарауды ұсынамын”, деген еді.
Қазақстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010 жылды Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы деп жариялауы, Конституциямыздың 15 жылдығы, Германияның Қазақстандағы, еліміздің Кореядағы жылдары бізге өте жауаптылық жүктейді. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” демекші, ауызбірлігіміз мықты болса, шаңырағымыз ешқашан шайқалмайды.
Жаннат АСАБАЕВА, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі, ХVІ сессия делегаты.
Атырау облысы.