Кешелі бері Астанаға жиналған жетпістен астам мемлекеттің рухани өкілдері мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуын кеңейту мақсатында келелі кеңес құруда. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысушыларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.
Кеше Астанада әлемдік ауқымда тұңғыш рет Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы (БРМФ) өз жұмысын бастады. Оны ұйымдастыруды “Әлем мәдениет арқылы” халықаралық қауымдастығы, “Рухани келісім конгресі” халықаралық қоры, Қазақстанның, Ресей мен Еуропа елдерінің бірқатар ғылыми және қоғамдық ұйымдары ұйымдастырып отыр. Форумға дүние жүзінің 71 мемлекетінен әлемге аты әйгілі ғалымдар мен саясат және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен рухани ілім ұстаздары қатысуда.
Форумда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысушыларға құттықтауын оқып берді. Онда былай делінген:
Құрметті достар! Меймандос Қазақстан елордасы – Астанадағы Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына жиналған қатысушылар мен қонақтардың барлығын шын жүректен құттықтаймын.
Кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісім мен әділеттілікке ұмтылыс құрайды. Көп ұлтты Қазақстан мәдениетіне тән рухани бастауларды нығайту – бұл мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдасы. Қазақстанда жыл сайын Рухани келісім күні атап өтіледі. Біздің елордамыз – Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін орынға айналып отыр. Сенім, толеранттылық, мәдени дәстүрлерді өзара байыту, ашықтық пен үнқатысу тақырыптары алда болатын ЕҚЫҰ Астана Саммитінің күн тәртібіне енгізілген.
Түрлі этностық және діни сенім-нанымдағы адамдарды біріктіруге қабілетті рухани құндылықтарды беркіту бүгінде әр елдердегі діни лидерлер, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері тарапынан тұрақты күш-жігер жұмсауды талап етеді.
Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын өткізу руханилықты нығайтып, қазіргі әлемдегі мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуын кеңейтуге жасалатын маңызды қадам болатынына сенімдімін.
Форумға қатысушыларға жемісті жұмыс, бейбітшілік пен келісім сияқты игілікті мақсаттарын ілгері жылжытуда табыс тілеймін.
Сонымен, елордаға әлемнің рухани элитасы, сүт бетіне қалқып шығар қаймағы жиылды. БҰҰ-ның үстіміздегі жылды Мәдениеттердің үнқатысу жылы деп жариялауына үндескен алқалы жиынның Астанада өткізілуі Ванкувер мен Владивосток арасына көсілген ұлан-ғайыр аймақта орналасқан 56 мемлекеттің бас құрар ұйымы – ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен айшықты жылда ұйымдастырылып, еліміз имиджінің әлемдік ауқымда тағы бір қырынан көрінуіне үлесін қосатыны аян.
Иә, әлем адамзат өркениетінің рухани-адамгершілік дағдарысымен бетпе-бет келгені шындық. Дүние жүзін шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарыстың орын алуына да осы себеп болды деген ойды саясаткерлер түгілі экономистердің өзі де айтып қалады. Ендеше, осындай уақытта оған көз жұма қарап немесе өз ағысымен жүре берсін деп бейтарап отыруға бола ма?! Материалдық құндылықтың соңына ашкөздене ере түсу қоғамды алға апара ма? Кім ана дүниеге байлығын ала кетіпті. Сондықтан, адамзат баласы үшін рухани жадаулықтан арылу, адамгершілік, парыз бен қарызды өтеуге ұмтылу маңызды.
Әлем бүгінгі күні адамзат алдынан шыққан мәселелерді талқылауды кейінге қалдырып, “Ұзын арқан, кең тұсауға” салғаннан ештеңе ұтпайды. Енжарлықтан сілкініп, айналаңдағы болып жатқан келеңсіздіктерге үн қата білу үшін де биік рух қажет. Ал ол сілкініс пен серпілісті тек зор рухани биікке ұмтылған, ізгілік пен адамгершілікті басты құндылық деп ұғынған тұлғалар береді. Астана форумына осындай рухани құндылықтарды қадірлеп, қастерлей білетін, оны уағыздап жүретін белгілі қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлері жиналды.
“Форумның мақсатының бірі – ол Қазақстан елордасының дүниежүзілік рухани астана болуына қатысты. Бұл идеяны осыдан екі жыл бұрын Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, Ресей Мемдумасының депутаты, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзон айтқан болатын. Міне, 2008 жылдан кейін осы тақырыпты қайта қозғап отырмыз”, – деген еді аталған форумға байланысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов. – Форумның өткізілуі Астананың әлемде алып отырған айрықша орнын дәлелдейді. Бұл алқалы жиынның елордада өтуі бекерден бекер емес. Еліміз достастықтың, төзімділіктің үлгісін көрсетіп отыр. Сондықтан осы форумды өткізуде Астана орталыққа айналды”. Осы мәслихатта Т.Мұхамеджанов осылай десе, Иосиф Кобзон Астананың Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының астанасы атануы бастамасын көтеру керектігін жеткізген еді.
Кеше таңертеңгілік “Тәуелсіздік сарайының” іші сан тілде сөйлесетін адамдардан көз сүріндірді. 71 елден жиналған ғалымдар мен өнер майталмандары, әр елдің рухани көсемдері адамзат өркениетіндегі талқыға салып, ақылдасар сан түрлі мәселелер төңірегінде ой бөлісуге жиналды.
Форумды ашқан, БРМФ Ұйымдастыру комитеті төрағаларының бірі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов бұл форумның өткізілуі тарихи заңдылық, өйткені, түріне, тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан, адамзат баласын рухани дамудың қай бағытта өрбитіні, құндылықтардың бағалануы ойландырмай қоюы мүмкін емес, деп сөз бастады. Кезінде біздің жеріміз арқылы Ұлы Жібек жолы өтіп, ол өркениеттерді сабақтастырған болатын. Енді арада әлденеше ғасыр өткенде тағы да осы жерде дүние жүзіндегі мемлекеттер өкілдерінің басын қосқан алқалы жиын өтіп отыр. Форумды аша отырып, болашақтың қандай болатыны біздің әрқайсымызға байланысты екенін және мүдделеріміз бен құндылықтарымыздың қаншалықты ортақтығына байланысты екендігін айтқым келеді. Адамгершілікке бастайтын қадамдар жасау, адамзат баласын бірлікке, татулыққа, түсіністікке жеткізудің амал-жолдарын іздестіру аса маңызды. Бұл – өмір үшін, болашақ үшін қажет”. Осылай деген ол алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.
Бүгінгі жиынның біздің елордамызда өтуі кездейсоқтық емес. Астана – өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға мол үлес қосқан және халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ұдайы өтетін үнқатысу орталығы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысында тұрған Қазақстан алуан түрлі ұлттар мен діндердің жарасым тапқан ортақ мекені болды.
Бұл жетістіктерімізді біз қадірлеп, мақтан тұтамыз. Әрі әлем жұртшылығына түрлі халықаралық бастамаларымыз арқылы үлгі етуге ұмтыламыз. Бұл бар болғаны 20 жыл ішінде қол жеткізген ірі жеңістеріміздің ең бастысы, құндысы.
Бір жарым айдан кейін Астанада біздің ел басшылық етіп отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшыларының саммиті өтеді. 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымында төрағалықтың тізгінін қолына алады. Осы екі беделді ұйымдардағы Қазақстан қызметінің басым бағыты – Шығыс пен Батыс арасындағы, Еуроатлантика және Еуразия кеңістігіндегі толеранттылық пен мәдениетаралық, өркениетаралық үнқатысуды ілгерілету болып табылады.
2010 жыл Елбасының бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы қарарымен Мәдениеттердің үнқатысуы жылы деп жарияланды. Осы орайда бұл қарардың жүзеге асуында сіздердің де зор үлестеріңіз бар екенін ықыласпен атап өткім келеді. Қазақстанда тату көршілікте өмір сүру және түрлі мәдениетті дамыту жөнінде тәжірибе бар. Сондықтан да осындай ел ретінде біздің жерімізде бүгінгі форумның өтуі өте орынды. Әрі Қазақстан осы форумды өткізуге әбден құқылы, деген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы реттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып отырған рөлді де атап өтіп, форумға жиналғандарға арналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын оқып берді.
Мұнан соң мінберге Иордания Парламенті Төменгі палатасының бұрынғы спикері Абделлатиф Арабиат көтерілді. Бұл форум Қазақстанның мәдени және діни мәселелерді дамытуда зор табысқа жеткенін көрсетеді. Біз қаласақ та, қаламасақ та жаһандану үдерісі үздіксіз жүріп жатыр. Міне, осы жағдайда, әр ортада түрлі қөзқарастар, ойлар орын алатыны шындық. Ал бүгінгідей басқосу ортақ көзқарастар тұжырымдауға көмектеседі деп білемін.
2001 жылдың 11 қырқүйегінде және онан соң болған террорлық актілер тәрізді қателіктер қайталанбас үшін біз осындай қадамдар жасауға тиіспіз.
Жер бетіндегі адамдардың 65 пайызы жасы 30-ға толмағандар екен. Осы жастардың оқығысы, білім алғысы келеді, тәжірибе жинағысы келеді. Біз жастарды оқытып, біліммен қатар, рухани құндылық дегеніміз не, рухани үрдіс дегеніміз не екенін үйретуге тиіспіз. Терроризмнің жастардың ақыл ойына кері әсерін тигізбеуі жолында еңбектенуіміз керек. Және әлемде дін туралы қате ақпарат таратушылармен де күрес жүргізуіміз қажет. Қандай шараны болсын қарастырғанда күш қолданбай, өзіңнің мүддеңді ескерумен қатар, өзгенің де мүддесі бар екенін есте ұстағанымыз абзал, деп ойын тұжырымдады иорданиялық мейман.
Форум жұмысына сәттілік тілеген Мәскеу және Бүкілресей Патриархы Кириллдің хатын Астана митрополиті Александр оқып берді. Кирилл құттықтауында қазіргі күні сенім мен моральді материалдық құндылық басып кетіп жатқан кей жағдайда адам бойындағы асыл қасиеттерін, Жаратушы жарылқаған сүйіспеншілік, қайырымдылық, адами тазалыққа ұмтылу, өзіңнің маңайыңдағыларды жақсы көру, құрметтеу тәрізді игіліктерді сөз ететін келелі басқосуға жиналу аса маңызды деп білемін десе, Рим Папасы Бенедикт XVІ-нің құттықтауында Қазақстан мемлекеті өзінің жастығына қарамастан, адамзаттық шынайы құндылықтарды білгісі келеді, оны қадірлейді. Форум адамзат рухының құндылықтарын жария ете отырып әлемді бірлікке шақырады. Ендеше, сіздерге Жаратушының рахымы молынан түссін, делініпті.
Польша Республикасының Мәдениет министрлігі атынан сөз алған Митислав Япановский форумда рухани құндылықтарға бас ию мәселесін көтеріп отырғандарыңызға бас игім келеді. Адамзат мәдениетін, өркениетін дамытуда бұл баға жетпес құндылық екені сөзсіз. Және бұл тек бүгінгі күн ғана емес, болашақ үшін аса қажет. Өйткені, адамзаттың өркениетті жолда дамуы ғаламдық маңызы бар шаруа.
Адамдардың мәдени және діни әртүрлілігінің астарында үлкен әлеует бар екенін, оның көп тарапты дамуға серпін берер күш екенін ұмытпауымыз керек. Мәдени үнқатысу әріптестік және өзара құрмет жағдайында талқыланатын нәзік мәселе, деген Польша Мәдениет министрінің құттықтау хатын оқыса, форумға бұдан да өзге әлемге белгілі көптеген адамдардан құттықтаулар келіпті. Модератор олардың біршамасын айтып өтті, арасында Михаил Горбачевтің есімі де аталып қалды.
Осыдан соң негізгі баяндама жасау үшін сөз Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзонға берілді. Баяндамасына ол мына мәселелерге адамзат тарихының жаңа парақтары ашылып жатқандығына, Бүкіләлемдік форум бейбітшілікті қамтамасыз етуге негіз қалайтындығына, әлем халықтарының ұлтына, дініне қарай бөлуге қарсы тұруға, жікшілдікке бөліну қатерге соқтыратындығына тоқталды.
Иосиф Кобзонның атап өткеніндей, ескі әлемнің “темір пердесі” ысырылып, тарих қойнауына сүңгіп барады. Оның орнын жаңа әлем ауыстырып жатыр. Әлем шынында да мәресіне жетіп, адамзат тарихының жаңа парақтары ашылуда. Өмір бір орнында тұрмайды, адамзат қоғамы бір үлгіден екіншісіне өтуде. Ақпараттық ортада, биологиялық үдерістерде жаңару мен жаңғыру қалыптасып жатыр. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы, бұл адамзат өркениетінің негізгі құндылықтарын қайта оралтуға, соларды жаңғыртуға қызмет етеді.
Мемлекеттік Дума депутатының атап өткеніндей, әлем өркениетті атануы үшін адамдар мәдени-рухани жағынан жан-жақты жетілуі тиіс. Адамның рухани тұрғыдағы сапалылығы оның алдағы өмірінің тіршілігін айқындап береді. Сондықтан да осынау келісті сарайда өтіп жатқан форумның мәдениетаралық қарым-қатынастарды жақсартуға қосатын орны бөлек, рөлі ерекше. Халық әртісі, сондай-ақ бұл мәселеде ғалымдардың, жазушылардың, өнер адамдарының, дін қайраткерлерінің, саяси және қоғамдық ұйымдардың, журналистер мен мұғалімдердің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бұдан кейін ол тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форумның Жер шарында тұратын барлық халықты дініне, тіліне, ұлтына қарамастан ынтымаққа үндеуге қызмет ететініне тоқталды. Иосиф Кобзонның айтуынша, адамзат тығырыққа тіреліп отырған қазіргі кезде мәдениетаралық байланыстарды орнықтырудың, дамытудың жөні қашанда бөлек. Ел мен ел рухани-мәдени байланыстар жасау арқылы бірін-бірі таныған, білген, тәжірибе алмасқан. Жаңа дәуірде, жаһандық үдерісте соны қайта қалпына келтіру қажет. Бұл болашақ үшін керек. Қауіп-қатерлер көрініс беріп отырған кезде мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытқаннан ұтатынымыз көп. Сонымен қатар, ол мәдени-рухани байланыстарды дамыту арқылы көптеген түйткілді проблемаларды да шешуге болатынын атады.
Сондай-ақ шешен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын құру арқылы болашақта Бүкіләлемдік мәдениет интернационалын қалыптастыруға болатынын жеткізді. Ол үшін форумның тұрақты қызмет ететін органын құру керек. Ал форумның негізгі мақсаты – өркениетті дамуға қарай батыл қадам басу. Өйткені, бүгінде тарихты білу, оның оң тәжірибелерін пайдалану аса маңызды. Сонымен қатар, ол рухани мәдениетке саясат та қажет екендігін атап өтті.
Бүгін Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының жұмысы жалғасады.
Мәселелер ауқымы кең
Тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отырған Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы өтер алдында, яғни, жексенбі күні арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті. Халықаралық ұйымдастыру комитетінің төрағалары қатысқан баспасөз мәслихатында аталған шараның мақсаты мен маңызы ашып көрсетілді.
Негізінен БРМФ өткізуге мұрындық болған “Мир через культуру” халықаралық ассоциациясы, “Рухани келісім конгресі” халықаралық қоғамдық қоры мен Қазақстан, Ресей және Еуропаның ұйымдары болса, оның Астанада өткізілуіне Елбасының өзі қолдау білдірген болатын.
Форумның халықаралық ұйымдастыру комитетінің тең төрағалары ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Иосиф Кобзон, Саясат пен экономикадағы этика институтының директоры, “Мир через культуру” халықаралық ассоциациясы Еуропа федерациясының президенті Вильгельм Августат (Австрия) және өзгелері баспасөз мәслихатында өз ойларын ортаға салып, бірқатар сұрақтарға жауап берді. Иосиф Кобзонның сөзіне қарағанда, халықаралық ұйымдастыру комитеті форумға дайындық барысында көптеген қиындықтарға тап болған. Ол, әсіресе, қаржыға байланысты мәселелер екені де айтылмай қалған жоқ. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдау білдіруіне ризашылықтарын да жеткізе кетті. Өйткені, форумға қатысушылар Астананы бүкіләлемдік рухани мәдениет пен келісім астанасы деп атау туралы ұсыныспен шығатыны белгілі болды. Елорда тегіннен-тегін таңдалып алынбапты. Мұнда ұлттардың татулығы, толеранттылық және рухани мәдениет дамуының негізі қалыптасып отыр.
БРФМ ұйымдастыру комитеті екі рет Мәскеуде өз отырыстарын өткізіпті. Форумды өткізудегі мақсат – БҰҰ-ның осы жылға жарияланған Мәдениеттер үнқатысуы жылы бағдарламасымен ұштасу. Әлемнің танымал деген 400-ге жуық адамының форумға шақырылуы Қазақстанның әлем жұртшылығының алдында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретіндегі мәртебесін айқындатып, мемлекет беделін асқақтату. Форум қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар қабылданып, онда әлемді жаңарту идеологиясы көрініс тауып, қай бағытта жұмыстың жүргізілері де нақты жазылып қойылады. Әділдікке жетудің революциялық жолы бүгінгі заманда шығынды саналғандықтан, оны зайырлы рухани мәдениет арқылы жеңуге болады, деп санайды тең төрағалар.
Форум Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өз ұсынысымен басталып, тікелей жетекшілігімен өткен Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен кейін туындаған ізгі шара екендігін Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджанов ерекше атап өтті. Сондықтан аталған шараның жұмыс ауқымы да кең болып, онда пленарлық және бөлімдік мәжілістер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, жұмыс топтарының құрылуы жүзеге асып, екі және көпжақты кездесулер болып өтеді.
Екі күнге созылатын Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы әлем тәжірибесінде алғаш рет рухани мәдениеттің қос қанаты: діни руханият пен дүниелік руханиятты қосуды көздеп отыр. Форумның жұмыс ауқымының кең болуы, онда қарастырылатын мәселелер шеңберінің үлкен болуы да сондықтан болса керек.
“Дала әуендеріне” қонақтар дән риза
Өткен жексенбіде Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының аясында елордадағы Конгресс-Холлда шетелдік мәртебелі меймандарға арналған “Дала әуендері” атты қазақ халқының ұлттық музыкаларынан тұратын концерт өтті.
Форумға келген шетелдік қонақтар қазақ халқының ұлттық музыкасын тыңдап, биін тамашалады. Концерт басталмай жатып-ақ сахна төріндегі ұлттық нақышпен бейнеленген көріністерді қызыға тамашалаған қонақтар бір-бірімен сол арада құшақтасып суретке түсіп жатты. Мұның өзі Астананың достық мекеніне айнала бастауының бір көрінісі деп түсінген жөн секілді. Концерт барысында сахна төріне ілінген экраннан Қазақстанның рухани құндылықтары туралы арнайы дайындалған бейнекөріністер көрсетілген. Соның ішінде ұлттық салт-дәстүрімізді баяндайтын сюжеттер өнер иелері орындаған әсем әндермен, құдіретті күйлермен астасып жатты.
Концерт мемлекеттік және ағылшын тілдерінде жүргізілді. Ұлттық киім киген қазақтың қыздары концерт кезінде қонақтарға арнап шашу шашқан болса, қонақтарда шашуды ерекше ілтипатпен бір-бірлеп теріп жатты. Мұндай жарасымды көріністі көргенде әрине, кімнің де болса сүйсінетіні заңдылық.
Халық әндерін, ұлттық аспаптарда ойналған әуендерді естігенде, музыка ырғағымен бірге тербелген бірқатар қонақтар концерт соңынан бізбен концерттен алған әсерлерін бөліскен.
Тайландтан келген әлеуметтік сарапшы, публицист, ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Сулак Сиваракса: “Астана әуежайынан түскенде менің көзіме аспан ерекше сияқты көрінген. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнері дәл осы көк аспан сияқты өте тұнық екен. Ұлттық музыкалық аспаптарға да етене бай екенсіздер. Мұндай аспаптар адамның жанын керемет сүйсіндіретінін де дәл бүгін, осы залда отырып айрықша сезіндім. Мінеки, ұлттық музыканың құдіреті, қазақ халқының төл мәдениетінің ерекшелігі осында жатыр. Концерт тамаша болды. Қазақтың өте дарынды, өнерлі халық екеніне тағы да көзім жетіп отыр” — деді ол.
Кубаның қоғамдық философиялық зерттеу институты басшысының бірінші орынбасары, философия ғылымдарының докторы Армандо Перез: “Өнер адамы болсын, мейлі инженер болсын, тіпті кішкентай ғана сәби болсын, адамзаттың бәрі музыканың құдіретін жақсы біледі. Адамды ерекше бір сезімге бөлейтін де музыка. Алайда санаға сезіммен қоса таным түйсігін сіңіретін ұлттық әуендер деген болады. Әр ұлттың әуенін түсіну үшін, бізге аудармашының керегі шамалы. Экранның бетінде ағылшынша жазылған “Дала үні” деген сөздің нағыз мағынасын сезінгендей болдым. Мұндай ұлттық байлық бүгінгі таңда көп жұртта жоқ десе де болады. Ал сіздер, оны жақсы сақтап және дамытып келе жатыр екенсіздер. Ендігі ең басты нәрсе – оны болашақ ұрпаққа жеткізу. Орындалған әуендерден шынымен де ғажайып күйде демалып шыққандай болдым. Осындай концерт ұйымдастырғандарыңызға үлкен рахмет” – деп өз ризашылығын білдірді.
Кино – рухани өрісті дамытудың ұтымды бір түрі
Астанада Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы шеңберінде “Хан Шатыр” ойын-сауық кешеніндегі “Стар синема” кинотеатрында “Номад” кинофорумы болып өтті. Оған қазақ кино өнерінің майталмандары мен Ресей, Еуропа және Голливуд жұлдыздарының қатысуымен кино саласының рухани әлемді алға жылжытар, оны дамытар тетік-құралдарының бірі екендігі ортаға салынды
“Қазақфильм” киностудиясының президенті Ермек Аманшаев, қазақтың біртуар тұлғасы, атақты актеріміз Асанәлі Әшімов, Төлеген Мұхамеджанов, Голливуд актерлері Эдриан Броуди, Арманд Ассанте және басқалар қатысқан кинофорумда рухани құндылықты дамытуда киноның алар орны туралы кеңінен әңгімеленді. Қазіргі кезде етек жайып отырған бұзақылық, нашақорлық тәрізді қоғам дерттерінен алыс, рухани дүниені байытатын кинолар санын көбейту қажеттігі айтылды. Актерлер өздері туралы, сондай-ақ кино саласының рухани мәдениетке қатысы, онда ұлттық мүдденің жоғары болуы керектігі туралы сөз қозғады. Өйткені, кинода көрініс табар бейнелер өмірдің өзінен алынады. Ал егер рухани азығы, берер пайдасы мол кинолар саны көбейіп, керісінше, неше түрлі ұятты фильмдер азая түссе, қоғам соғұрлым сауығатыны анық. Әрине, киноиндустриясы алға дамып кеткен Батыс бұл мәселеге енді бет бұрып жатыр десек те болады. Ал кейбір ұятты элементтер еліміз киноларында бой көрсетіп қалатындығы жасырын емес.
Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы аясында еліміздің киножауһарлары, атап айтсақ, “Қыз Жібек”, “Менің атым Қожа”, “Біржан-Сара” секілді кинолар көрермендерге тегін көрсетілмек. Қазанның 20-сына дейін созылатын кино мерекесінде тек қазақстандық кинолар ғана емес, шетелдік кинолар да жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Қазақ классикалық киноларындағы адамгершілік, руханилық, сондай-ақ мәдениеттің озық үлгілері шетелдік актерлер назарына ұсынылатын болады. Қонақтар Елбасының еліміз кино өнеріне қырын қарамай, әрдайым назарында ұстап, соған лайықты ұлттық мүддені әрдайым алға шығарып отырғандығын баса айтты.
Әрине, қоғамында рухани ауру-сырқауы көп батыс қоғамының кейбір нашар киноларын дамымаған киноиндустрияға тықпалайтыны жасырын емес. Осы орайда үлкен форум аясында қолға алынып отырған бұл шараның мән-мағынасы зор десек, артық айтқандығымыз емес. Өйткені, көтерілген мәселелер күн тәртібінде өзектілігін ешқашан жоймайды. Оның үстіне дәл уақытында көтерілуде. Классикалық кинотуындыларға қарап отырып, қазіргі таңдағы мән-мағынасы терең емес, айтар ойы созылыңқы кинолардан аулақ бола отырып, өз рухани өрісіңді жоғарылатуға мүмкіндік бар. Бұл – шындық. Қазақфильм студиясынан шығарылған фильмдер де соңғы жылдары өз көрермендерін қуантып келеді. Астана қаласында өткізіліп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы қазіргі өркениеттің жүйелі дағдарыстан мәдени және рухани құндылықтарына басымдық бере отырып шығуды көздейді. Ал классикалық кинолар қазанның 20-сына дейін астаналықтар мен Астана қонақтарына елорданың әсем ғимараты – “Хан Шатырда” орналасқан “Стар синема” кинотеатрында тегін көрсетіледі.
Қазақтармен серіктес болсам дейді
Әлем тарихында алғаш рет болып жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының шымылдығы кеше ғана түрілгенімен, бұл іс-шараға дайындық жұмыстары ерте басталған еді. Әрине, халықаралық маңызы бар мұндай әлемдік форумды алғаш рет Қазақ елінің төрінде өткізудің өзі де үлкен мәртебе десек, жексенбі күні “Rіxos” қонақүйінің мәжіліс залында америкалық “Двери в Голливуд” компаниясының бас директоры, продюсер Боб Ван Ронкель және танымал боксшы Константин Цзюмен баспасөз мәслихаты болып өтті.
Журналистер қауымымен болған жүздесуде боксшы Константин Цзюге біраз сұрақтар қойылды. Мәселен, Рикки Хаттоннан жеңілгеннен кейінгі әсеріңіз қандай деген сұраққа, ол: “Мен өзімнің кететінім туралы ресми мәлімдеген жоқпын. Иә, Рикки Хаттоннан жеңіліп қалғаннан кейін мен бокстан мүлдем кеттім дегенім жоқ. Егер дұрыс ұсыныс түсіп жатса, менің рингке қайта оралуым әбден мүмкін. Әрине, сақадай сай әзірленіп, күшімді жинап алуым үшін 6 ай ғана қажет, сондықтан қарсыласым айрықша боксшы болуы шарт. Мен атақты қарсыласпен кездесу үшін қандай да ауыртпалықты көтеруге әзірмін” – деді. Сонымен қатар Константин Цзю Қазақстанда бокс мектебін ашсам деген ойы бар екендігін де жасырмады. 63,5 кило салмақтағы кәсіби боксшылар арасындағы бұрынғы абсолютті әлем чемпион атанған К.Цзю: “Егер осында бокс мектебін құру мүмкіндігі болса, онда мен аса сүйіспеншілікпен оны іске асырар едім. Осы форумда маған бокс мектебін құруда серіктес болатын адамдарды табуға үміттенемін” – деді өз сөзінде.
Ал, америкалық продюсер, “Двери в Голливуд” компаниясының президенті Боб Ван Ронкельге де саналуан сұрақтар қойылды. Солардың ішінде журналистердің қызығушылығын оятқан мынандай сұрақ та болды. “Қазақ халқының болмысына мүлдем сай келмейтін, талғам дегеннен жұрдай бәзбіреулердің түсірген “Борат” фильмін көрген боларсыз. Қазіргі Қазақстанда болып жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына келген осы сапарыңызда Қазақстан туралы нендей ой түйдіңіз? – деген сұраққа Боб Ван Ронкель: “Шынын айту керек, Қазақстанға келген сапарымда “Борат” фильміне қарсы бір фильм түсіруді ойлап та қойған едім. Және бір айта кететін жайт, қазір күллі әлем Қазақстанның “Бораттағыдай” емес екендігіне көздері жетті. Егер нағыз кірісетін іс болса, бұл бағыттағы жұмысқа белсене араласуға дайынбыз” – деп жауап қайтарды.
"Егемен Қазақстанның" тілшілер тобы.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.