Күтпеген нәтижелер көп
Өткен аптаның соңында футболдан Қазақстан премьер-лигасы ойындарының кезекті туры өтті.
Бұл турда болған бір күтпеген нәтиже, турнир кестесінің басында келе жатқан Қостанайдың “Тобыл” командасы Павлодарда “Ертістен” жеңіліп қалды. Есеп – 1:2. Осы сәтсіздікті қостанайлықтардың өкшесін басып келе жатқан “Ақтөбе” лайықты пайдалана алмады. Олар Астанада “Локомотив” клубымен 1:1 есебімен тең тарқасты. Ал “Шахтер” (Қарағанды) “Атыраудан” 0:1 есебімен жеңілсе, Шымкентте “Ордабасы” Талдықорғанның “Жетісу” командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Сонымен бірге Алматыда “Қайрат” Оралдың “Ақжайық” командасын 2:1, “Тараз” өз алаңында Көкшетаудың “Оқжетпес” клубын 3:1 есебімен ұтты.
Қазір турнир кестесінің көш басында 55 ұпаймен “Тобыл” келеді. Екінші орында – “Ақтөбе”. Ал үшінші орынды “Ертіс” иеленіп отырса, төртінші орында “Локомотив” тұр.
Мергендер тізімін “Тобылдың” ойыншылары Ұлықбек Бақаев (14 доп) пен Нұрбол Жұмасқалиев (12 доп) бастап келеді.