• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2010

Техникалық байқау бәсекелі ортаға берілмек

543 рет
көрсетілді

Кеше Көлік және коммуника­ция министрлігінде “Техникалық бай­қауды бәсекелі ортаға беру: жаңа көзқарас және перспекти­ва­лар” та­қырыбында дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Басқосуды Көліктік ба­қылау комитетінің бас­қарма бас­ты­ғы Думан Дүйсенбай жүргізді. Оты­рысқа Ішкі істер ми­нистрлігі Жол полициясы комитеті, “Атамекен” одағы” Қазақстанның ұлттық эко­номикалық палатасы, Қазақстанның Халықаралық авто­мобиль тасымал­даушылар одағы, Сертификаттау және сараптама ұлттық орталығы өкілдері, сондай-ақ көлік кешенінің ірі республ­и­ка­лық қоғамдық және коммерциялық ұйымдарының басшылары қаты­сып, пікір бөлісті. Дөңгелек үстелді өткізудің не­гізгі мақсаты міндетті техникалық байқауды жүзеге асырудың жаңа әдістерін енгізу мен еліміз аума­ғын­да техникалық байқау орта­лық­тарын ұйымдастыру, сонымен қатар өзара іс-қимыл және одан әрі дамыту жөнінде бірлескен шара­лар­ды қабылдау мәселелері бой­ынша кең түрде пікірталас жүргізу болып табылады. Отырысқа қаты­су­шылар мен БАҚ өкілдеріне көлік құралдарына техникалық байқауды жүргізу қызметін бәсекелестік ор­таға беру, Ішкі істер министрлігінде техникалық байқауды уақытында өтуді бақылауды сақтай отырып, Көлік және коммуникация минис­трлігіне көрсетілген техникалық бай­қауды жүргізуді бақылау бой­ынша құзыретті беруді қарайтын заң жо­басы таныстырылды. Көліктік ба­қылау комитеті бүгінгі күні заң жобасының Үкімет қарауына ен­гі­зіл­­генін де назардан тыс қалдыр­мады. Заң жобасында көрсетілген жа­ңа тәртіпке сәйкес Үкімет тех­ни­ка­лық байқауды жүргізудің тәр­тібі мен мерзімін бекітсе, Ішкі істер ми­нистрлігі автокөлік құралдарын желі бойынша бақылайды. Өз ке­зегінде Көлік және коммуникация министрлігі міндетті техникалық бай­қауды жүргізу бойынша стан­салар ұйымдастыру мен бақылауды қамтамасыз етпек. Заң жобасы бой­­ынша техникалық байқаудың жаңа тәртібін 2011 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Осы орайда заң­ның күшіне енуін келер жыл­дың 1 шілдесінен бастайтын өтпелі кезең туралы да айтылады. Өтпелі кезең қалалар мен аудан­дар­да тиісті техникалық байқау орта­лықтарын ұйымдастыруға, сонымен қатар оларға техникалық байқау желіле­рін қажетті мөлшерде алуға, ма­ман­дарды оқытуға қажет болмақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.