• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2010

Төл күресіміз – төрімізде

531 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада Халықаралық күрес қауым­дастығының (ҒІLA) қолдауымен қазақ күресінен ІІІ әлем чемпионаты мен күрестен  Дүниежүзілік ойындар басталады. Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының ұйымдас­ты­руы­мен, Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдау көрсетуімен өтетін әлемдік бәсекенің биылғы белдесулеріне жер жүзінің 39 елі қатысуға ниет білдіріп отыр. Олар – АҚШ, Беларусь, Венгрия, Гана, Германия, Голландия, Грекия, Грузия, Дания, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Латвия, Литва, Моңғолия, Норвегия, Өзбекстан, Палестина, Польша, Ресей, Сирия, Словакия, Тәжік­стан, Того, Түркия, Түркіменстан, Украина, Уругвай, Үндістан, Швейцария, Швеция, Эстония. Осы елдердің бәрінен чемпио­натқа 200-ден астам балуан қаты­сады деп күтілуде. 2006 жылы 2-6 қараша күндері Алматыда өткен алғашқы әлем чемпионатына осыншама елден балуандар қатысқан болатын. Сол кезде болған бәсекеге 43 елден 130 балуан, 2008 жылы 14-16 қараша күндері Ресейдің Ор қаласында өткен әлем чемпионатына 43 ел­ден 200-ден астам спортшының жиналғаны есімізде. Жалпы, осы кез­ге дейін қазақ күресінен 6 Азия, бір Еуропа чемпионатының жалауы желбірегенін атап өткен жөн. Ал бүгін Астанада басталатын әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы екі құ­рам­мен қатысқалы отыр. Дүние­жүзілік қазақ күресі қауым­дасты­ғының президенті Серік Төкеевтің айтуынша, атал­мыш бәсекеге ел құрамасының дайындығы өте жоғары. Біздің балуандарымыз оқу-жаттығу жиындарының ал­ғаш­қы кезеңін Ыстықкөлде, екін­шісін Бурабайда өткізді. Биылғы жылы шілде айында Өскеменде өткен VІ Азия чемпионатына ко­манданың екінші құрамы қатыс­тырылған болатын. Соның өзінде спортшыларымыз ешкімге дес бермей әр салмақтағы бас жүлде­лердің бәрін жеңіп алды. Ал биыл­ғы әлем чемпионатына Қа­зақ­стан екі құраммен қатысса, онда бірінші және екінші нөмірлі балуандар өнер көрсетеді. Жалпы айт­­қанда, қазақ күре­сін дамытуда жа­рыстар өткізу­мен бірге бас­қа да үлкен жұмыс­тардың істе­лініп жат­қа­­нын айту ке­­рек. Бірін­ші­ден, биыл төл күресіміз Ха­лық­аралық кү­рес қауым­дас­ты­ғының (FІLA) құ­ра­мы­на мүше бо­­­­лып енді. Оның прези­денті Рафаэль Мар­тинетти бүгін әлем чем­пио­натының ашылу салтанатына арнайы келіп, қазақ күресіне FІLA-ның сертификатын тап­сырады деп күтілуде. Осы орайда Мартинетти мырзадан басқа елімізге балуандар бәсекесін тамашалауға еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы Алек­сандр Медведьтің, Халық­аралық күрес қауымдастығының Дүниежүзілік белдік күрес коми­теті­нің президенті Гинтаутас Ви­лейта мен Еуропадағы қазақ күрес федерациясының президенті Омар­хан Алтайдың келгенін атап өткен жөн. Ал Мәскеуде осы жы­лы қазақ күресінің ХКҚ-ның құ­ра­мына мүшелігіне өткен жиын­­да ұлттық төл күресіміз Олим­­пиада бағдарламасына енгі­зіл­ме­ген күрес түрлері бойынша құрыл­ған комитеттің құрамына да тір­кел­ді. Осы жерде айта кететін нәрсе, Олимпиада бағдарламасына ену үшін кез келген спорт түрінен жарыстар 70-тен астам елде қана­тын кеңге жаюы керек. Ал қазақ күресі әзірше 30-дан астам елде ғана дамып келеді. Сонымен бірге Олимпия ойындарына ену үшін қазақ күресінен өтетін жарыстарға 100-ге жуық елдердің команда­лары қатысуы керек. Біздегі бәсе­ке­лерге қазір 40 шақты мемлекет­тердің құрамалары қаты­сып келеді. Сондықтан төл күресі­мізді Олимпиада бағдарла­масына кір­гізу үшін бәріміздің бірігіп істей­тін жұмысымыз өте көп. Ол жұ­мыстардың бәрі өз қолымызда. Екіншіден, тұңғыш рет төл күресіміздің сайты ашылды. Ұлт­тық күресіміз туралы толығырақ мәлімет алғылары келген жұрт­шылық ғаламторға кіріп kkf.kz түймесін басып өзіне қажетті деректерді алуына болады. Үшін­шіден, қазақ күресінен тұңғыш рет алтын, күміс, қола медальдар шығарылды. Бұл жүлделер төл өнерімізді дамытуға зор үлес қосқан азаматтарға табыс етіледі. Төртіншіден, Азия және Еуропа елдерінде шағын үйірмелер ашыла бастады. Сонымен бірге Ресейдің Ор қаласының маңында сол жердің тумасы Марат Құлмаған­бетовтің ұйытқы болуымен қазақ күресінен үлкен спорт мектебі ашылды. Қазір жергілікті тұрғын­дар ата күресімізге қызығушылық танытып, балаларын қазақ күресі мектебіне беріп жатыр. Бұдан басқа АҚШ-та төл күресі­мізден тағы бір мектеп ашылды. Оны ашқан біртуар балуандары­мыздың бірі, самбодан әлем кубогының иегері, Қазақстан құра­масының бас бапкері Алмас Мұсабеков. Сондай-ақ, Моңғо­лия­ның Баян-Өлгий аймағында қазақ күресін дамытуға зор үлес қосып жүрген Бақыт Одынай­ұлының да еңбегі бір төбе екенін айтуымыз керек. Дастан КЕНЖАЛИН. Суретте: Дүниежүзілік қазақ күресі кауымдастығының прези­денті Серік Төкеев; қазақ күресі­нен көрініс.