Кеше “Соттың қамауға алуға санкция беруі: заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру” тақырыбында халықаралық конференция болып өтті. Оның жұмысына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Прокуратураның, Жоғарғы Соттың, мүдделі министрліктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа да мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Аталған халықаралық конференцияны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты заңнама және құқықтық мәселелер комитеті, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы мен Нидерланды Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшілігі ұйымдастырды. Конференцияны ұйымдастырудағы негізгі мақсат соттың қамауға алуға санкция беруіне байланысты туындаған көкейтесті мәселелерді талқылау болып табылады. Бұрын адамды тұтқындау тек прокуратураның санкциясымен ғана жүзеге асырылатын еді. Ал сот болса шешім шығарумен шектелетін. Енді Конституцияға 2007 жылы жаңа енгізілген өзгерістерге сай, адамды заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі және соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болатыны атап көрсетілді.
Жалпы, тұтқындау ауыр жаза екендігі белгілі. Оның үстіне кінәсі әлі айыптау органдарының және сот талқылауының шешімімен нақты дәлелденбей тұрып, күдіктіні белгілі бір уақытқа қамауға алу адамды екіұдай күйге қалдырады. Сондықтан да көптеген елдерде күдікті деп табылған адамды алдын-ала қамауға алудың тетіктері жан-жақты қарастырылған. Соның бірі соттардың қамауға алуға санкция беруі болып табылады. Мұндағы түпкі мақсат адамның конституциялық құқын сақтау.
Осыған орай конференцияда сөз алғандар қазіргі уақытта Қазақстанда қамауға алуға соттың санкция беруі – азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайту барысындағы жаңа бір кезеңге аяқ басуды білдіретіндігін атап өтті. Бұл жоғарыда айтылғандай, кінәлі адамдардың ғана қамауға алуына жол береді. Бұл тұрғыда баяндамашылар бұлтартпау шараларын санкциялау барысында адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қорғау кепілдіктері және халықаралық сатандарттар туралы айтып өтті. Сол сияқты сотқа дейінгі ұстау және әділ сот талқылауы саласындағы қылмыстық іс жүргізу құқығына адам құқықтары жөніндегі еуропалық соттың прецеденттік құқығының әсері, соттардың қамауға алуға санкция беруі кезіндегі адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, қамауға алуға соттың санкция беруі кезінде туындайтын проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыға салынды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.