Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында басым бөлігі халықаралық құжаттарды ратификациялауға арналған заң жобаларынан тұратын бес мәселе талқыға салынды.
“Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы бірінші болып қаралды. Халықаралық құжат ақша белгілерін қолдан жасаудың алдын алу және жолын кесу саласындағы ынтымақтастыққа құқықтық негіз қалайды. Аталған құжатқа 1929 жылғы 20 сәуірде Женева қаласында қол қойылған. Конвенцияда шартқа қатысушы мемлекеттердің жасырынып жүрген ақша белгілерін қолдан жасаушылар мен өткізушілерді іздеу мен ұстап беруге қылмыстық-құқықтық көмек көзделген.
Қосымша баяндамашы болған сенатор Иран Әміров 1920 жылдары Францияда жалған ақша көлемі артып кеткендіктен, Ұлттар лигасында ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күресу жөніндегі ұсыныс тасталғандығына назар аудартты. Қазіргі таңда еліміз Конвенцияға қосылса, өзара құқықтық көмек пен іс-қимыл әрекеті ҚР Бас прокурорының құзыретімен жүзеге асады екен. Депутаттар заң жобасын қабылдады.
Сонымен қатар, “1981 жылғы 26 қыркүйекте Найробиде қабылданған Олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби шартын ратификациялау туралы” заң жобасы да сенаторлар тарапынан қолдау тапты. Шартта олимпиада рәмізінен тұратын немесе осы рәмізді қамтитын кез келген белгіні таңба ретінде тіркеуден бас тартуға, тіркелуін жарамсыз деп тануға және коммерциялық мақсатта таңба немесе тиісті шаралар арқылы тыйым салуға міндетті болу қарастырылған. Рәміз тек бұқаралық ақпарат құралдарында олимпиядалық қозғалыс немесе қызмет туралы ақпарат беруде ғана рұқсат етілген.
Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов таныстырған “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы бірауыздан қабылданды. Келісімді заңнамалық бекіту жүк тасымалының артуына, көлік дәлізі болып табылатын Словения арқылы Италияға жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. Белгілі болғанындай, қазір жүк тасымалымен Украина, Беларусь және Ресей компаниялары айналысып жүр. Қорытындысында депутаттар “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымға әзірлеу үшін негізгі комитетке жіберді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.