• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2010

Үштеректе ауылым...

570 рет
көрсетілді

Алыстан жеткен ағайын Ақсу қаласы аумағына қарасты бұл ауылды елге оралған оралмандар ауылы десе де болады Бірақ, бір өкініштісі, өндірісті қаланың іргесінде тұрған ауыл жергілікті әкімдік назарынан тыс қалған секілді... Моңғолиядан көшіп келген ағайындардың бірін-бірі сағалап, мал-жанға ыңғайлы жер іздейтін­дері тағы бар. Таңдаулары осы Үш­­терекке түсіпті. Әбдікен Құз­айыр ақсақалдың айтуынша, бұл жер өндірістері дүрілдеген қала­ларға жақын, еңбек етіп, бала-шағамды асыраймын деген адамға екі қолға бір жұмыс табылады, жоғары оқу орнында оқимын деген қыз-жігіттің келіп-кету­леріне жақын, Астанаға баратын жолдың бойы, автобустар жиі жүріп тұрады, іргеде Ертіс өзені ағып жатыр. Жер демекші, жан-жақтан келіп сатып алып жатқан­дарда есеп жоқ, бара-бара мал жайылымынан да айырылып қаламыз ба, кім білсін, осы жерге, ата қонысқа жеткенімізге ырза­мыз, жақсы қарсы алды, жеңіл­діктерін берді, бір күнде қалай жетер екенбіз, сол арман орын­далар ма екен дегенбіз, ендігі тілек немерелердің осы түп қазық­та елім, жерім деп еңбек етулері ғой, дейді ақсақал ойлы жүзбен. Биыл Заманай, Аманай, Ела­ман, Аманкерей, Арыстан, Бекзат, Ақберен, Назлы, Айым атты елге оралған ағайындардың 31 баласы бірінші сыныпқа келіпті. Мектеп мұғалімдері де Улан-Батор қала­сында оқып-білім алғандар, солардың бірі – Жанат Ерғали, оқу­шыларының сапалы білім алып, елі үшін қызмет жасау­ларына күш-жігер жұмсауда. Биыл Үштеректің мектебін бітірген 7 түлек жоғары оқу орындарына түссе, ал, Тілепалды Қайыркелді Санкт-Петербургтегі әскери учи­лищеде оқып жатыр екен. Жалпы, бұл ауылда Улан-Баторда жоғары оқу орындарын бітірген басқа да мамандар бар. Мысалы, Бұлбұл Күміс­жан деген сіңліміздің вете­ринар мамандығы бар көрінеді, ал ауылға мал дәрігері қазір ауадай қажет, бірақ, кейбір орындар Бұлбұлдың біздің мемлекеттік қызмет тәртібі бойынша берілген тест жүйелерінен өтіп кетуі екіталай дейді. Сонымен, маман мал дәрігері әзірше ауыл мал­дарының құлақтарына ен тағумен ғана жүр. Биыл “Сібір жарасы” ауруы көрші Жолқұдық ауылынан шыққаны белгілі, ал, облыс бо­йын­ша 85-ке жуық мал дәрігерін ауылдар күтіп отыр. Әбдікен атаның айтуынша, Үштеректен күнделікті өріске қой-ешкісі бар, сиыр, жылқысы бар 13 табын мал шығады екен. Құрт, май, сүт-қаймақ, балқаймақ, сары май, ірімшік, айран, қымыз, ет – түгел қорадағы малдың арқасы, өнім­дерін қалаға жәрмеңкеге апарып, қайтар жолда қант-кәмпит, шай-пұлдарын айырып қайтады. –Осы ауылдың аналары түгелімен “Алтын алқа,” “Күміс алқа” иегерлері деуге болады, әр отбасында сегіз-тоғыздан бала бар, Моңғолия жағында тұрған ағайындарымыз баласын байлығы көрген ата салтын жақсы ұстан­ған, бұл осы жақтың қазағына да үлгі болса игі,–дейді ауыл әкімі Жұмагелді Әлдекенов. Тағы бір атап өтерлігі,Үштеректе ақсақал­дар алқасы бар. Ақсақалдар алқа­сы ауылдың тыныс-тіршілігін бақы­лап отырады, өздерін тыңдата да, сыйлата да біледі. Кішілер тыңдайды, үлкендері сыйлайды. Алдарынан кесе-көлденең өтпейді. Ауылдың әкімін де жөнге салып алады. Айтпақшы, ақсақалдар айт­қан көп өтініштің бірі ­– электр энергиясын өндіретін алпауыт кәсіпорынның дәл түбінде оты­рып жарық сөнуі жиілепті, одан кейін оның қайта жарқ етуі тіпті қиын екен, ауылдың әкімі Жұмагелді барып жақпаса, ол мүлде жанбайтын көрінеді. Бұл қиын түйінді ауылдарына жақында Төтенше жағдайлар ми­нистрі Владимир Божко келгенде бәрі жырдай ғып айтып беріпті, енді ауыл үлкен бастықтың өз­деріне беріп кеткен уәдесін күтіп жүр. Екінші мәселе ауыз судың жоқтығы, оның күні кешке дейін шелектеп бала-шағасы бар тасып жүргендері. Бір бидон суыңыз 17 теңге тұрады. Ауылдықтардың көбі Сергей Лукинов басқаратын “Үштерек және К” деген серік­тестікте еңбек етеді.Бұл серік­тес­тік картоп, көкөніс өнімдерін егіп, қысы-жазы қызған жұмыстан қолдары тимейді. Біз келгенде картоп, капуста, көкөніс өнім­дерін тасыған мәшинелер ауыл ішіндегі қысқы қоймаға қарай ағылып жатқанын көрдік. Үштеректің еңселі мәдениет үйі жеке меншіктің қолында болса да, талай жылдар бойы Маржан Қалиева оны күтіп-баптап ауыл үшін сақтап, пайдалануға беріп отыр екен. Елге оралған қандас­тарымыз шеттерінен өнерге, әнге, биге жақын, “Қаражорғасыз” бидің сәні, “Алтайдай жер қайда” деп әндететін Үштеректегі ерлі-зайыпты Бақыт, Күлән Бақдау­леттердің отбасылық ансамблі қазір қалада қандай мереке өтпе­сін жиын-тойдың сәні мен мәніне айналды. Ою-өрнекке толы ұлт­тық салт-дәстүрімізге сай сый-жо­рал­ғыларды осы ауылдан таба аласыз. Кеш бата біздер де оралман ағайындар тұратын ауылдан қалаға қарай аттандық. Біз көргенді қала әкімдігі де көріп, іргеде тұрған Үш­­терек ауылына бас сұғып, олар­дың жағдайына қыс болмай назар аударып, су мен жарық жағ­дайын бір ретке келтіріп берер деген ойдамыз. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.