Қазақстан Республикасының қолданыстағы Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының бүгінде Парламент қарауына ұсынылғаны белгілі. Осы құжатта, дәлірек айтқанда, жобада өзгеріске ұшырауы мүмкін деген кейбір баптар жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер мен көзқарастардың туындауына түрткі болуда. Ол нендей өзгерістер? Әңгіме дербес табыс салығының (ДТС) көлбеу шкаласынан прогресшіл шкалаға көшу жөнінде болып отыр. Бұл қарапайым тілмен айтқанда, табысың, яғни еңбекақың молайған сайын одан төлейтін дербес табыс салығың да көбейе түседі деген сөз.
Бірақ бірқатар адамдардың, бәлкім топтар ма, ондай жағдаймен келіскілері жоқ. Қарсы шығушылардың қатарында анау-мынау емес, бизнес саласындағы бірқатар ассоциациялардың, одақтардың және кәсіптік одақтардың өкілдері бар. Олар Парламент депутаттары атына үндеу де жолдап үлгеріпті.
Олардың айтуларына қарағанда, жобаны әзірлеуші Қаржы министрлігі мұндай шешімнің дұрыс екендігін дәлелдейтін ешқандай дәйектер келтірмеген. Шындығында, дәйектер келтірілген. Ол үшін Қаржы министрінің жеке блогын ашып, сонда жазылғандармен танысу керек. Ал сол арқылы бюджеттің кіріс бөлігін 12 миллиард теңгеге ұлғайтуға болады деген болжам, наразы топтың пайымдауынша, бюджеттің шығыс бөлігі созылмалы түрде жүздеген миллиард теңгеге игерілмей келе жатқан қазіргідей жағдайда ешқандай сын көтермейді. Осындай көзқарас ұстанушылар аталған қадамның “әлеуметтік әділеттілікке” жататынына да үлкен күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуларынша, нарық экономикасы жағдайында атқарылған еңбекке төленген лайықты еңбекақы ғана әлеуметтік әділеттілік өлшемі болып табылады. Бұл істегі “теңгермешілік” еңбек ұжымының әрбір мүшесінің кәсіпорынның ортақ табысына деген саламатты ынта-ықыласына нұқсан келтіре отырып, нарық экономикасының базалық принциптерінен тайқып кету болып саналады. Бұл да қарсы топтың көзқарасы.
Бір қарағанда бәрі әп-әдемі-ақ сияқты. Депутаттар атына үндеу жолдаушылар халықтың мүддесін ойлап, олардың табыстарына қол сұқпаңдар дейді. Бірақ, осындай ұстанымның астарынан басқа да бір сыр аңғарылатындай. Ол—байығандар байи берсін деген пиғыл. Егер біз үндеу жолдарын дұрыс түсінсек, оның авторлары жоғары жалақы алатындар төмен жалақы алатындармен бірдей бұрынғысынша азғантай ғана табыс салығын төлей беретін болсын дегенді құлаққағыс етеді. Егер қарадүрсін есепке салсақ, ол 300 мың теңге алатындар 30 мың теңге табыс салығын төлеп (10 пайыз), 270 мың теңгені тазалай алып отыратын болсын да (шындығында, ең төменгі еңбекақы мөлшерін, зейнетақы қорына аударылатын ақшаны шығарып тастағанда ДТС көлемі бұдан да гөрі азырақ), 30 мың теңге айлық алатындар 3 мың теңге төлеп 27 мың теңгемен күндерін көре берсін дегенге келіп саяды. Қызығы сол, осындай ұстанымды олар “әлеуметтік әділеттілік” деп санайды. Қабылдауға қиындау түсінік. Мұның екінші жағы да бар. Ол бойынша жалақыны күреп алатындар мемлекетке азғантай ғана салық төлеулері керек. Бюджет бүйірінің орта түсіп жататыны (прогрессивті шкала енгізілген жағдайда бюджеттің кіріс бөлігі 12 миллиард теңгеге артады екен) оларды алаңдатуға тиіс емес. Бір сөзбен айтқанда, сен маған бер, мен саған — жоқ. Сонда анау 25-30 мың теңге еңбекақыны қанағат тұтып жүрген мұғалімдер мен дәрігерлердің, мәдениет саласы қызметкерлерінің, табыстары аз өзге ағайындардың жағдайларын кім ойлайды? Олар алып отырған болмашы еңбекақы “әлеуметтік әділеттілік өлшемі” болып табыла ма? Үндеу жолдаушылар ол жөнінде жақ ашпайды. Олардың бүкіл халықтың емес, белгілі бір топтың ғана мүддесін көздейтіні осыдан-ақ көрініп тұр. Осы орайда Мемлекет басшысының ел кәсіпкерлеріне арнап мемлекет сендердің аяқтарыңнан тұрып, қалыптасып кетулерің үшін үлкен жағдайлар туғызды, енді сендерден де қайтарым болатын кез келді, оның үстіне адал қызмет ету арқылы халық арасындағы беделдеріңді де көтерулерің керек деген сөзді талай рет қайталап айтқанын да еске түсіре кетуге тура келіп отыр. Өкінішке қарай, біздің бизнесмендеріміз өздеріне осыншама жақсылық жасаған Президент сөзін де жеткілікті дәрежеде ескере бермейтін тәрізді. Өзіміз әңгімелеп отырған салық төлуден қашқалақтаушылық көрінісі айтқанымызға нақты айғақ.
Басқасы өз алдына, қарсылық білдірушілер “теңгермешілік” деген ұғымды да әлде немен шатастырып, орынды қолдана алмаған сияқты. Әйтпесе “прогрессивті” деген сөздің теңгермешілік ұғымымен мүлде қабыспайтынын, оның “ілгерілеу”, “алға басу” деген мағынаға ие екенін түсінер еді. Оның сыртында, қалыптасқан қағида бойынша жоғары жалақы алатындар мен төмен жалақы алатындар бірдей салық төлесе, нағыз теңгермешілік сол болмақ. Ал егер әркім салықты тапқан табыстарының көлеміне қарай төлейтін болса, ол неліктен теңгермешілік болуы керек? Егер үндеу авторларының қисынына салсақ, Қазақстанда табысы аз отбасыларына, көп балалы аналарға, мүгедектерге көрсетіліп жатқан жеңілдіктер де барып тұрған теңгермешілік.
Ал енді “ауыл арасындағы алыпқашпа сөздерді” қоя тұрып, әлемдік тәжірибеге де бір сәт көз салайық. Бізге белгілі болған мәліметтер бойынша, қазіргі таңда әлемде санаулы ғана мемлекеттер көлбеу шкаланы қолданады екен. Олардың да кейбіреулері, мәселен, Ресей, прогрессивті шкалаға көшуді қазірдің өзінде ойластыруда. Ал қалған мемлекеттердің бәрі бүгінгі таңда прогрессивті шкаланы дұрыс деп тапқан және соны қолданып келеді.
Енді өз елімізге қайта оралар болсақ, мамандар атап көрсеткендей, көлбеу шкала әу бастан-ақ уақытша шара ретінде енгізілген екен. Ал прогрессивті шкалаға көшу тек өзінің пісіп-жетілуін ғана күтіп тұрған көрінеді.
Сонымен, мәселенің тоқетеріне табан тіресек, прогрессивті шкалаға көшуге қарсылықтың, жоғарыда айтып өткеніміздей, ақшаны күреп таба отырып, мемлекетке соған сәйкес көбірек салық төлеуден қашқалақтап отырғандардың ойлап шығарған әрекеттері екендігі айдан анық. Бүгінгі күнгі статистикаға жүгінер болсақ, Қазақстан халқының 2 пайызы ғана жоғары жалақы алады екен. Демек, жоқ жерден шу көтеріп, біздің байлығымызға қол сұғушы болмаңдар деп байбалам салып отырғандар да осы азғантай ғана топ.
Егер әңгіменің ақиқатына келер болсақ, Қазақстанда кәсіпкерлер үшін жасалып жатқан жеңілдіктер аз емес. Олардың небір қитұрқылықтарға барып жатқанын біле тұра кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге талай мәрте мораторий жарияланды. Салықтық жеңілдіктер өз алдына бір төбе. Науқандық жұмыстар кезінде жанар-жағармай, тыңайтқыштар арзандатылған бағамен беріледі. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай елеулі қамқорлықтар үшін кәсіпкерлік саласы өкілдерінің өз алғыстарын білдірген кездері де есімізде. Олардың біразы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды да. Ал енді осындай қамқорлыққа бөленіп отырған бизнес-қауым, яғни біздің іскерлеріміз ел үшін, халық үшін не тындырып, нендей жақсылықтар жасап отыр дегенде тұшымды жауап таппай қиналатынымыз және бар. Содан да көптеген отандық кәсіпкерлер “саудагерлер”, “алыпсатарлар”, әрі кетсе “коммерсанттар” деген жағымсыздау атақты иеленуден аса алмай келеді. Ал “өзіміздің кәсіпкерлердің өнімдерін көретін күн бола ма осы” деп күңкілдеген қазақстандықтар болса, әзірге Қытайда шығарылған халық тұтынатын тауарларды місе тұтуға мәжбүр. Жоғымызды тауып беріп, жыртығымызды бүтіндеп отырған қытайлық кәсіпкерлерге мың да бір алғыс, өзіміздің бизнеске сенсек халіміз мүшкіл болар еді, дейді кейбір жерлестеріміз ренжіген кездерінде.
Ал өзіміздің бизнесмендер болса, әлі күнге дейін “бер-бер” деп алақан жаюмен келеді. Алып жатқандары да аз емес, бірақ тоятын түрлері көрінбейді. Олар тіпті “Алаған қолым – береген” деген мәтелден де хабарсыз сияқты. Осы орайда біздің “туған” кәсіпкерлерімізді табаға шыжғырғандай шырылдатып жатқан себеп не өзі деген сауалдың бас көтеруі орынды. Мәселенің мәнісі мынада. Қаржы министрлігі әзірлеп, Парламент қарауына ұсынылған заң жобасында жоғары жалақы алатындар үшін дербес табыс салығы мөлшерін көтеру жақтары қарастырылған. Бұл орайда шекті еңбекақы мөлшері 300 мың теңге деп белгіленіп отыр. Ол бойынша 300 мың теңгеге дейінгі сомада айлық алатындар 10 пайыз, ал 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жалақы алатындар 15 пайыз мөлшерінде дербес табыс салығын төлеуі тиіс. Ең жоғары шкала, яғни 20 пайыз еңбекақының 500 мың теңгеден асатын айырмасы үшін ғана төленеді. Олай болса, ақша үшін шыбын жандарын шүберекке түйгендердің көксегендерінің не екенін түсіну үшін саусақтарымызды санап, яғни қарапайым арифметикаға жүгініп көрейік. Айталық, жаңағы көз жастарын көл қылып жүрген кәсіпкерлеріміздің айлық еңбекақы мөлшері 1 миллион теңге дейік (кейбіреулердің бұл бер жағы ғана деуі мүмкін, бірақ мәселе басқада). Осының 500 мың теңгесіне төленетін дербес табыс салығы – 75 мың теңге. Енді осы 500 мың теңгенің үстіндегі келесі 500 мың теңгенің табыс салығын есептеп шығарайық. Ол 20 пайызбен алғанда 100 мың теңге болып шығады. Сөйтіп айлық жалақысы 1 миллион теңге болатын кәсіпкер 136732 теңге табыс салығын төлеп (төменгі еңбекақы мөлшері мен зейнетақы қорына аударылатын ақшаны шығарып тастағанда), 863268 теңгені (шамамен 6 мың доллардай) қалтасына салып жүре береді. Бұл сандар Қаржы министрлігі ұсынған салыстырмалы таблицадан келтіріліп отыр. Оқырмандар өздері де байқаған болар, коммерсант ағайындардың жағдайлары тым қиын. Жылайтындай-ақ бар. 863 мың теңге айлықпен бизнесмен бауырымыз қалай күн көрмек?
Егер есептей берсең басқа да сырлардың беті ашылады. Бизнесмендеріміздің дербес табыс салығының прогрессивті шкаласынан соншалықты үрейленулеріне қарағанда олардың алатын айлықтары бір емес, бірнеше миллионға жетіп отырғанға ұқсайды. Өйткені айлық мөлшері өскен сайын салық көлемінің де арта түсетіні белгілі. Айталық, бір айлық еңбекақы 3 миллион теңгені құрайтын болса, онда ол сияқты жалақы алатын адамның төлейтін табыс салығы, жоғарыда келтірілген салыстырма таблицадағы мәліметтер бойынша, 286401 теңгені құрайды екен. Қымбат “джиптеріне” жыл сайын төлейтін 160 мың теңге мүлік салығын төлеуді ауырсынып жүрген кәсіпкерлер 286 мың теңгені қайдан оңайлықпен бергісі келе қойсын.
Ақшаның бүгінде көздің құртына айналғаны рас. Жаппай байлыққа бас ұрушылық етек алып, адамның қасиеті адамгершілігімен, парасат-пайымымен емес, қалтасындағы әмиянының қалыңдығымен өлшенетін болды. Сан ғасырлар бойы кедейшілік қамытынан құтыла алмай келген халықтың дүниеге құнығып кетушілігін кейде түсінуге де тырысамыз. Бірақ ар-ұятты санадан мүлде сызып тастап, көрсоқырға айналып бара жатуымыздың себебін түсіну қиындау. Әйтпесе, айына миллиондап табыс кіргізіп жатқан кәсіпкерлердің 200-300 мың теңгені өзіне осындай жағдай туғызып отырған елі үшін, бір ауаны жұтып, бір суды ішіп қатар жүрген жерлестері үшін төлей салуды ауырсынып, соншалық дабыл қағуларын қалай бағалауға болады? Олардың баяғы заманның “шық бермес шығайбайларынан” қандай айырмашылығы бар? Сонда 30-40 мың теңге зейнетақы алатын қарттарымыз қалай күн көріп жатыр? Ұялмай-қызармай заңды табыс салығын төлеуден жалтару үшін небір сылтаулар іздеп жанталасып жатқан кәсіпкерлерімізге күні ертең елімізді өркендететін осылар деп қалайша сенім артуға болады?
“Адал да білікті еңбегімен тапқандардың табыстарының бір бөлігін қосымша алып қою қаншалықты әділ” деп соғады жаңағы қарсылық білдірушілер. Сонда ол табыстардың бәрінің бірдей адал еңбекпен, біліктілікпен келгеніне кім тексеру жүргізіпті? Іс жүзіндегі жағдай шынымен де солай болса қаптаған салықтан жалтарушылар, жалған кәсіпорындар құрып лас ақшаны заңдастырушылар, жалған банкроттық сияқтылар қайдан шығып жатыр? Көптеген дүкендер сатушыларының чек бермеуін, коммерциялық автобустардың жолаушыларға билет бермеуін, базарлардағы таразыдан жеушілікті қалай түсіндіреміз? Үндеу арнаушылар айтқандай бәрі жақсы болса, неліктен құрылысшылар үлескерлерді алдап, ақшаларын алып қашып кетіп жатады? Қазақстандық құрылысшылар салған үйлердің сапасының сын көтермеуіне нендей дәлел айтуға болады? Биыл салынған жолдардың келесі жылы жүруге жарамай қалуының себебі неде? Астықты мемлекеттік қорға тапсырудың орнына сыртқа қымбат бағаға сатып жіберуге тырысатындар туралы не айтамыз? Неліктен Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің бағалары өте қымбат? Біз бұл жерде “адал да білікті еңбек ететін” коммерсанттардың қытайлық кооперативтер шығарған тауарларды Еуропадан, Түркиядан, Эмираттан әкелдік деп халықты алдайтындығы туралы тіпті айтып та отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз, кәсіпкерлерге жаны ашығыш мырзалардың олардың Қазақстанның заңдарын сақтап, тәртіпті мойындап, дұрыс қызмет көрсетулері үшін бірде-бір шара қолданбайтындығы. Егер тек мемлекеттік органдар ғана емес, кәсіпкерлік қауымдастықтардың өздері де белгілі бір дәрежеде кәсіпкерлердің қызметтеріне бақылау орнатып, талапқа сай жұмыс істеудің қалай болатындығын түсіндірер болса, бәлкім жағдай қазіргіден гөрі әлдеқайда жақсара түсер ме еді, кім біледі. Өйткені қандай да болмасын тараптың істерінің бәрінің бірдей дұрыс бола бермейтіні, қателіктер мен кемшіліктердің орын алып жататыны өмір заңдылығы. Олай болса, біздің бизнесмендер мінсіз қызмет істеп жүр деп кесіп айту барып тұрған ұшқарылық, нақты іс жағдайын білмегендік болар еді.
Бизнес қызметкерлердің жалақыларын тұрақты түрде көтеріп отырады делінген жоғарыда аталған үндеуде. Ал біз ірі-ірі компаниялардың өз жұмысшыларына 30-40 мың теңгедей ғана еңбекақы төлеп, кейде тіпті ақшаны тауарлармен алмастырып жататын кездерінің болатынын да жақсы білеміз. Ендеше жағдай барлық жерлерде бірдей тап-тамаша деп түсіну де сыңаржақтық болып шықпақ.
Ойымызды тиянақтай келе айтпағымыз, Қаржы министрлігі ұсынып отырған дербес табыс салығының прогрессивті шкаладағы мөлшері ер-тоқымды бауырға алып тулайтындай соншалықты көп емес. Егер көп дегеннің өзінде жоғары салық төлейтіндердің табыстары одан да зор. Ал көп алған жақ қашанда көп беруге де тиіс. Бұл өмірдің бұлжымас заңдылығы. Осы қағиданы халық мандатын алып отырған депутаттар да, ел дәулетінің арқасында кәсіпкер атанып, мол байлыққа кенеліп отырған кәсіпкерлер де түсінеді деп үміттенеміз.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.