• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2010

Қазақ тілі – жүрегімнің дүрсілі дейді Татьяна Полтавская

549 рет
көрсетілді

Жақында, еңсесі биік елорда­мызда төрткүл дүниенің төрт бұры­шынан жиналған ізгі ниет, қылау­сыз көңілді жандар: адам болып қалудың алғышарты материалдық құндылық емес, ол бірде болып-тола­ды, бірде жапырағынан айыры­лып солады, оған арғы-бергі тарих­ты парақтасаң бай болып мұратына жеткендер емес, мәңгі жасап келе жатқан, әлемнің түп қазығы, жапы­рылып келіп адамдыққа жүгінгенде барлық жұрт ат байлайтын алып діңгек рухани мәдениет деді. Ұлт­тың өлмеуі, халықтың жасарып жа­ңаруы, ұрпақтың өшпей өркендеуі осы рухани құндылыққа тәуелді десті. Қоғамдық сана саяси ойын­шыққа айналған жерде жат қылық бел алып, жағымсыз тірлік өріс­тейтінін, бір ізге түсіп гүлденген эконо­микаңыздың өзі “естен тана­тынына” дәйектер келтіріп, адам қолы­мен жақсылық жасау ізгі жан­дар­дың еншісіне тиген, ондай адам­­дар жер бетінде аз емес, бірақ оларды біріктіретін бір рухани күш керек, ол – адамдыққа бас қойып, адалдыққа жүгініп, жұдырықтай жұмылып келіп ден қоятын ұлы іс – бүкіләлемдік рухани мәдениет десті. Бір кездері дүниені жамандық­тан құтқаратын сұлулық деген ақыл-ой иесінің сөзін жиі айтатын едік. Оның астарында осы рухани мәдениет жатқаны айдан анық еді. Осы күндері бәрі ақшаға тіреліп, бай дегендер төрге озып, әлгі сұлу­лықтың бетіне шіркеу қонып, сұқ­тана қарап, артынан алақанға ұстап аялау жайына қалып бара жатқаны жасырын емес. Бардың қас-қаба­ғына қарап, ақ, адал жанды әртүр­лі кейіптегі тән билеп, кір шалма­ған ішкі жан дүниең бірте-бірте жабайыланып, қарадүрсін­дікке, кеудемсоқтыққа ұрынып, әлгі тәні­ңіз “тәңірдің” рөлін ойнай бас­тай­ды екен. Бір замандары ұлы жазу­шы Мұхтар Әуезов: “Заманы­мызға бағындық, бірақ заман адамды қор ете бересің”, депті. Бүкіләлемдік рухани мәдениет фо­румына жинал­ғандар қазақ жазу­шысының осы байламындағы қор етуден адамды қайтсек қорғаймыз, Жаратушы жарат­қан адамдық кей­пімізден айырылмай, адам­дарды бай мен кедей, сауатты-сауатсыз демей, бұ­лай болу әсте мүмкін емес деген­дердің уәжін жоққа шығарып, өмір­ге келгенде, өмірден өткенде бірдей күй кешетін адамды алалау жараспайды деді. Алдыңғылар арды аттамаса, кейінгі ұрпақ кемел дәре­жеде өседі, тәрбиешінің өзі тәр­бие­лі болу керек, білім беріп, тәр­бие­ні үйретушінің ойы, ісі таза бол­маса, оған сенім арту қолына қы­лыш ұстатумен бірдей деді. Жер бетіндегі адамға қайтсек мейірім мен қуаныш сыйлаймыз, бір-біріне деген сүйіспеншілігін қалай оята­мыз, жаратушыға қарсы келіп әлім­жеттік, күш көрсетпеу заманымыз бір үлкен-кішінің құқығын қайтып қорғаймыз, құлдықтан құтқарамыз, алаламаудың жолы қайсы, асып-тасып, шалқып басып жүрген таби­ғаттың шамына тимей қасиетін ұғып, қадіріне нендей тірлігімізбен жетеміз, бір кісідей бірігіп, мен күш­ті­мінге құлаш ұрмай, ақылға жүгініп, бақ пен тақты салыс­тыр­май, бәсекелестікті балама етіп ал­май әлемге пайда келтіру мәсе­лесін шеше аламыз ба? Рухани ағарту­шылықты алға шығарып, ой мен бойды менмендіктен тазартуға бола ма десті. “Зұлымдықты көксеген адамдар қалай ұйымдаса білсе, жақ­сылықты көксеген жұрт та солай ұйымдаса білуі керек” деген, Лев Толстой сөзіне жүгінген ізгі ниет­ті жан­дар осы үнімізді, тілегі­мізді дүниежүзіндегі құзырлы орын­дар­дың, белгілі ұйымдардың, атақты тұлғалардың құлағына жеткізейік, рухани мәдениетті ұлық­­­таған, адам қасиетін әспет­теген, ұрпақ тағ­ды­рына алаңдаған қазақ елінің өнеге­сін барған жерімізде үлгі етіп көр­се­тейік деді. Шыны керек форумға қаты­сып сөз алғандардың жан дү­ние­­сіндегі адам деген, бірлік деген бозторғай кейпіндегі шырыл құлақ түбінен кетер емес. Бірін-бірі жетек­теп шыққан қарттар мен тая­ғына сүйенген ақшашты азаматша­лардың атшаптырым залды жаң­ғыртқан даусы ет жүрегіңді езіп жібергендей болды. Біз сол бас қосуға Мәскеуден ар­­найы келген, бір кездері қазақ да­ла­сында ұлттық өнеріміздің ажарын ашып өзгелерге танытқан Татьяна Полтавкаямен жолығысып қалған едік. – Астанасын салып, айбынын асырған Қазақ елінде үш күн бойы үшінші мың жылдықта рухани салада атқаратын жұмыстар жайлы кең отырып кеңестік. Алқалай ке­ліп ақылдастық. Жасаған түйініміз, әлемді жат әдеттен құтқаратын рухани құндылықтар деп шештік. Қара жерді мекен етіп, тіршілік ке­шіп жатқан миллиардтаған ұ­рпақ – адам деген атты аялауды, қазір үрей туғызып жүрген терроризм, лаңкес­тік, дүниені қойып қатарында жүр­ген бейкүнә пенделерді саудаға салып, ақша табу секілді жиір­ке­нішті әдеттерді, жастардың болмы­сын бүлдіріп, ой-санасын улап, мезгілсіз ажал құштырып жатқан нашақорлықты, миллиондардың өмірін қиып, қиғылық салған СПИД деген кеселден құтылуды, сөйтіп, алты құрлықтың алтыбақан, алауыз болмау жайын қозғадық. Мен қатысқан секцияда біз қоғам, отбасы, мектеп, балабақша туралы ауқымды әңгімеге желі тартып, бұл салалар бойынша да рухани құн­дылықтарды алға шығару мәселесін жан-жақты талдадық. Жалпы, форум Қазақ елінің, оның басшы­сының бейбітшіл саясат ұстайты­нын дәйектеп берді. – Астанадан алған әсеріңіз қандай? – Астананың болашағы зор. Бұл қаланы мен болашақтың қала­сы дер едім. Төрт құбыласы түгел десе боларлық. Салынып жатқан ғимараттар ертең ұлттың рухани құндылығы, байлығы болары сөзсіз. Кешегі КСРО елдерінің бір­де-бірінен мұндай жаңа қаланы кездестіре де, салыстыра да алмай­сыз. Оның үстіне Қазақ елі менің туған, кіндік қаным тамған жер. Иә, адам ретінде қалыптасып, өнер жолына түскен киелі өлкем ғой. Мен үшін мұнда келу, өз үйіме, Отаныма оралумен бірдей. Мен бір ұлт, көп этносты елде алаңсыз өмір сүргенімді әр кез мақтан етемін. Қалай десек те бүкіл адамзат бір планетаның ұрпағымыз. Елорда­дағы алқалы жиыннан кейін ойға түйгенім, адамзатты жамандықтан құтқаратын рухани мәдениет екеніне еш шүбәм қалмады. – Қазір өнер жолындасыз ба, әлде негізгі мамандығыңыз сана­латын білім беру саласында жүрсіз бе? – Мен Мәскеу қаласы шығыс округінде орналасқан универ­ситеттік педагогикалық колледжде мұғалімдік қызмет атқарамын. Қай заманда да ұрпақтан артық құн­дылық болған ба! Ұрпақ жалғас­тығы дегеніміз, ата-бабаның, ата-ананың ізін өшірмеу, дәстүрін үзіп алмау деп білемін. Мені толған­дыратын мәселе, жаңа мыңжыл­дық­та біз қандай ұрпақ өсірудеміз, беріп жатқан біліміміз, үйретіп жатқан үлгіміз олардың көңілінен шыға ма? Егер олай болмаған жағдайда заманға лайық жастар қалыптастыру үшін не істеуіміз керек? Мен мұны неге айтып отыр­мын. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда ұл мен қыз, олардан тараған немере, шөберелеріміз отаншылдық дәстүрді бойына сіңіре отырып бақытты өмір сүруі тиіс. Біз ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиістіміз. – Мәскеу қаласында тұратын қазақтармен қарым-қатынасыңыз қалай? – Әрине, жоғарыда айттым, Қазақ елі менің ата жұртым деген сол сөзім сөз. Мен – қазақ тілін КСРО заманында меңгеріп, өнерін бойыма дартқан адаммын. 20 жыл­дан бері сыртта жүрсем де қазақ тілінің ырғағы мен иірімін бір сәтте есімнен шығарған емес­пін. Қазақ тілінде сөйлеу арқылы қазақ ұлтының бүкіл болмысын танып білдім. Қазақ тілі менің ой санамды өсірді. Бұл тіл кеше, бүгін мына жалған дүниеден өткенше жүрегім­нің лүпілі секілді жан дүниемде бірге болады. Өмір бойы осылай қалатынына еш шек келтірмеймін. Қазақ елінде тұрған барлық азамат бұл тілді білмей, оқымай ғұмыр кеше алмаса керек. Бұл тілдің үндес­тігі мен ауқымдығы, сөз байлығы өзге тілдерде аз, тіпті кемшін десем, қателесе қоймаспын. Тіл білудің құдіреті шығар, форум аясында болған үлкен кон­цертте сөзін Сәбит Мұқанов жазған Латиф Хмидидің “Қазақ вальсін” орындадым. Қазақтың ұлттық киімін киіп сахнаға шығу бақытына ие болдым. Бір заман­дары қатар жүріп, өнер көрсет­кен замандастарыммен жүздесіп жасар­дым, жаңардым, көңілімді қуаныш кернеді. Мұндай сәт адам өмірінде онша көп бола бермейді-ау! Оның үстіне менің біліммен өнерді ұштастырғаныма 30 жыл болыпты. Осы 30 жылдық өмір жолымды елестететін қорытынды концерт әзірлеп, жұртқа ұсынсам деген талпыныста жүрмін. Ал сұрағыңыздың бір тармағы Мәскеудегі бауырларыммен қарым қатынас туралы еді. Оны да айтайын. Қазақ топырағында түле­ген мен үшін олардың жөні де, жолы да бөлек. Олар қандай жақ­сы­лықтар ұйымдастырса, яғни той-жиын, Наурыз мерекесін, өзге де шаралар өткізсе мен ортасында жүре­мін. Қазақ жеріне, Қазақ еліне деген са­ғынышымды бауырлардың ара­сын­д­а болып басамын. Аң­сарыма айнал­ған қазақ тағамдарын солардың дас­тарқанынан татып, мауқымды баса­мын. Мәскеу қала­сында жұмыс іс­тей­тін “Қазақ тілі” қоғамының, Қазақ ұлттық аймақ­тық автономия кеңесінің мәдениет, өнер, білім беру жөніндегі топтың мүшесімін. Бұған қоса “Мұрагер” мәдениет қоғамы­ның жұмысына да белсене қатыса­мын. Біз сол үлкен қалада Қазақ елі­нің рухын жаңғыр­тып, мәдениетін, дәстүрін, ұлттық үлгісін жастардың санасына сіңіріп келеміз. Бір сөзбен айтқанда, Ас­танада өткен Бүкіл­әлемдік рухани мәдениет форумы мені қайта бір түлетіп, 20 жылдан кейін өсіп-өнген жұртыммен қауыш­тырды. Алдағы уақытта осындай жақсы­лықта өткен жылы жүздесуде дидар­ласа берсек деген тілегім бар. Сүлеймен МӘМЕТ.