Біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік құрылысты қалыптастыру жолында, егемендікті бекітуде, саяси тұрақтылықты нығайту барысында күрделі үдерістерден өтті. Өз кезегінде бұл республикамыздағы саяси жүйені демократияландыру үдерісін жалғастырып, әлеуметтік-экономикалық реформаларға қажетті шарттар жасады. Сондықтан қоғамымыздағы бейбіт өмір мен қоғамдық келісім мемлекет басшылығы мен барлық қазақстандықтардың біріккен күш-жігерінің нәтижесі деп толық сеніммен айтуымызға болады.
Саяси тәжірибе көрсеткендей, саяси тұрақтылық мәселесі мемлекеттердің саяси режімі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейіне қарамастан кез келген ел үшін өзекті болып саналады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай, “Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді”.
Бүгінгі күнде Қазақстан төраға ретінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мүмкіндіктерін қақтығыстарды реттеу жолындағы мәселелер төңірегінде жоғарылатты. Ал ЕҚЫҰ-ның Астана қаласында өтетін Саммитінде аймақтардағы тұрақтандыру технологиялары ізденісі қарастырылатындығына халқымыз сенімді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 19 жылдығы мен ЕҚЫҰ Саммиті алдында еліміздің саяси тұрақтылығын бекітетін негізгі факторларға мән берген дұрыс деп санаймыз. Осы саладағы Қазақстандық тәжірибе кез келген мемлекеттің бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің өркениетті жолдары ізденісінде үлкен мәнге ие. Біріншіден, саяси жүйе сүйенетін, тұрғындар құндылығын жоғарылататын қоғамдағы саяси өмірді демократияландыру саяси тұрақтылықтың негізгі сипаттамалық белгілеріне ие. Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы саяси құрылыс мәселелеріне қатысты консенсус қазақстандық қоғамға тән құбылыс. Бұл демократиялық қоғамдық басқарудың қажеттіліктерін таныта түседі.
Екіншіден, саяси тұрақтылық реформалардың тереңдігімен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінің жоғарғы деңгейін қалыптастырумен сипатталып, өткізіліп отырған реформаларды халықтың қолдауы көрсеткішін айқындайды. “Посткризистік әлем” институтының 2009 жылдың ақпанында өткізген “PostКСРО: үкіметтердің дағдарысқа қарсы қимылдарын бағалау” атты зерттеулерінің нәтижесі бойынша бұрынғы КСРО мемлекеттері арасындағы Қазақстан Республикасының тұрғындары болашақтан бақуатты өмірді күтеді. Бүгінгі кезеңде еліміз азаматтардың осы әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар атқаруда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауларында азаматтардың материалдық жағдайы, білім беру жүйесі мен тұрғын үй мәселелеріне баса назар аудартқаны мәлім.
Үшіншіден, саяси тұрақтылықтың маңызды құрамдас бөлігі азаматтық қоғамның жоғарылығын, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өзара байланыс сапасы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру талаптарының деңгейін танытады. Аталған көрсеткіштердің төменгі деңгейі қоғамдағы шиеленісті туғызып, саяси тұрақсыздыққа әкеледі. Жалпы ішкі қақтығыстар кез келген мемлекеттер үшін аса қауіпті құбылыс. Бұл іс басындағы билікті ығыстыру мақсатындағы бейконституциялық процестерге итермелейтіндігі белгілі. Сонымен қатар, ішкі қақтығыстар әлеуметтік-экономикалық және психологиялық нәубет. Өйткені азаматтар өз күш-жігерін прогресс жолына емес, өздерінің иррационалды мінез-құлқын дамытып, қоғамдық дамуға кері ықпал етеді.
Төртіншіден, саяси тұрақтылыққа жету құқықтық және моральдық нормаларды, ұлттық дәстүрді танытатын саяси мәдениет деңгейіне байланысты. Модернизация келіссөздер жүргізудің мәдениетін қалыптастыру мен толерантты сананы тәрбиелеудегі жаңа дағдыларды дайындауды қажет етеді. Сондықтан Қазақстанда өркениетті үнқатысу мен пікірталастарды ұйымдастыруда мүмкін болған әңгімелесу алаңдары ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің үйлесімді әдістері мен бейбіт мәдениет идеясы насихатталуда. Қазақстанның қауіпсіздік жөніндегі аса ықпалды ұйымға Қазақстанның төрағалығы “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” ұранымен өтіп жатқандығы айқындалу үстінде.
Бесіншіден, қоғам тұрақтылығы мемлекет лидерінің нақтылы тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекет басында тұрған саяси лидер қоғамдағы келісімді қамтамасыз еткенде ғана өз легитимдігін жоғарылатады. Өйткені, тек қана ол қоғамдағы жан-жақты қарама-қайшы ойларды татуластырып, біріктіре алады. Қоғамды модернизациялау кезеңінде лидерлер тұрақтылық факторларын нығайтып, жаңа өзгерістердің бастамашысы болып қала бермек. Осы шарттарды лидерлер саяси бағытты айқындап, қоғам дамуының стратегиясын қалыптастырып, оны орындау құралдарын анықтайды. Елбасымыздың осы жолдағы саясаты латентті қарама-қайшылықтар профилактикасына бағытталып, тұрақтылықтың қосымша ресурстарын қалыптастыруы айқындалады.
Бүгінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы әлемдік қауымдастықтың еліміздегі ішкі саяси жағдайларына назарын аудартуда. Қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің қазақстандық тәжірибесі ЕҚЫҰ кеңістігінде қолдануға қажетті шарт екендігіне ел тұрғындарының көздері жетті.
Гүлнәр НАСИМОВА, саяси ғылымдар докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.