• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Ұлы ханның ұрпағы

2165 рет
көрсетілді

Жуырда Кенесарының бесінші ұрпағы, яғни Абылай ханның жетінші ұрпағымен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Онда не тұр екен деуіңіз мүмкін. Үлкен мән бар, құрметті оқырман. Бұл кәдімгі патша өкіметіне бағынбай, өз жерімізге өзіміз ие боламыз, қазақты тәуелсіз, өз алдына дербес ел қыламыз деп 10 жыл бойы аттан түспей күрескен хан Кененің тікелей ұрпағы. ХVІІІ ғасырда Қазақ елін жойылудан аман алып қалған Абылайдың “шашқан тұқым-тарысы”... Жақсының сарқы­ты, асылдың сынығы. Ұрпағы түгілі біз қазір ұлы ханда­рымыздың ұстаған затын, тұрған үйін, киген шапанын да қадірлейміз ғой, оның қасында мынау бойында тікелей Абылайдың қаны жүрген жан емес пе? Ендеше, ондай адамның қолын алып, әңгіме құрып, сұхбаттасу үлкен мәртебе деп білдік. Әсілхан Шыңғысханұлы Әшімханов Темір­тау қаласында тұрады екен. Біздің Абылай хан туралы азды-көп жазып жүргенімізді, соның ішін­де Абылайдың ақ үйіне байланысты ең­бектерімізді “Егеменнің” бетінен көріп, риза бо­лып жүретін ол осы журналистпен бір жо­лы­ғып, сөйлесейінші деген оймен арнайы келіпті. Енді Әсекеңнің Кенесарыдан қалай тарай­тынын айтып көрелік. Кенекеңнің Күнімжан есімді сүйікті бәйбішесінен Тайшық, Жағыпар, Ахмет – үшеуі туған. Ал қалған Омар, Оспан, Әубәкір, Сыздық, Жәкей есімді ұлдары Жа­ңылханнан өмірге келеді. Үлкені Тайшықтың Жүніс және Жақыпбек деген екі ұлы болады. Жүністен Сәбек (лақап аты болса керек), Ескендір, Әшір, Әшімхан, Тәшім, Әлкен, Әмзе, Кенжехан есімді тоғыз ұл дүниеге келген. Осын­дағы Әшімхан Әсілханның туған атасы. Әсекең Әшімханның Шыңғысхан есімді бала­сынан туған. Әсілханның өзінің Талғат есімді баласы бар, одан Қуаныш деген немере сүйіп отыр. Әсілханның туған жері Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласы маңындағы Ащысай кенті. Сондағы мектепті бітірген соң Жезқаз­ған­дағы тау-кен мамандарын дайындайтын тех­ни­кумға оқуға түседі. Одан оқуын бітірмей, Ащы­сайдағы зауытқа электрик болып орна­ла­сады. Кейін комсомолда істеп, Теміртаудағы Қазақ Магниткасына 1970 жылы комсомолдық жолдамасымен келген екен. 1974 жылы өнді­ріс­тік жарақат алып, техникумдағы баяғы оқу­ын қайта жалғастырады. Одан қайтадан зауытқа келіп, оның жылу-электр орталығында ауысым, учаске бастығы, одан бас инженердің көмекшісі сияқты қызметтер атқарыпты. Бертін келе жа­рақаты асқынып, 1995 жылы мүгедектік зейнетке шығады. Туған жылы  1949. Әсекеңнің атасының фамилиясы Жүнісов болып жазылған. “Соның арқасында біз қу­ғындалудан аман болдық, ал атасы Тайшықтың інісі Ахмет ұрпағының фамилиясы Кенесарин екен... Олар қатты қудалауға түскенін білеміз”, дейді ол. “Соның бір қыздары, Мапуса деген апамыз қазір Алматыда тұрады. Солардың әке­лері қатты қуғындалып, қорлықтар көріпті. Шымкенттегі туыстардан да Кенесарин болып жазылғандар арасынан қуғындалғандары көп.  Кеңес өкіметі кезінде біздің ағайындар бір-бірімізді іздеп, танысуға да ұм­тыл­ған емеспіз. Өйткені хан тұқымы бірін-бірі іздеп жатыр деген сөзден қатты қорқатын едік. Еліміз тәуелсіздігін алған соң ғана өзімізді-өзіміз тауып, туыстармен қауышып жатыр­мыз. Соның ішінде Сыздықтың ұрпақтарын  таптық, олар Оң­түстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Құмкент пен Қызылкөлде тұрып жатыр. Кенесарының тағы бір баласы – Әубәкірдің ұрпақтары да сол жерде. Олардың арасынан керемет күйшілер шығыпты. Абылай бабамыздың өзі күйші болған ғой, соның өнері осы жердегі ұрпағына ауысқан сияқты. Алматыдағы Шот-Аман Уәлиханов ағамыз­ды 2008 жылы іздеп барып, таныстым. Ол кісі мені жақсы қарсы алды. Хан тұқымындағы ең атақтысы қазір сол кісі ғой. Бірақ ол Қасымнан емес, Уәлиханнан тарайды. Жүністен тараған біздер – Жезқазған, Теміртау, Алматы қалаларындамыз. Менің ұлым Павлодар қаласында. Жеке кәсіпкер. Үлкен қызым да сонда тұрады. Қалған екі қы­зым үйдің маңында, яғни Теміртау қаласында”, деді Әсекең. Әңгіме арасында ол кісінің бітіміне, қайсар келбетіне қарап қоямын. Қапсағай бойлы, екі иығына екі жігіт мінгендей еңселі адам екен. Кенекең мен Наурызбайдың қайсысына тартты екен? Кенекең жүректі, өткір, сонымен бірге ақыл-парасаты кең болған. Ал Науан отты, қызуқанды әрі алып күштің иесі делінеді де­рек­терде. Әсекеңнің бойынан осы қасиеттерді іздеймін кеп... Әлде ол Абылай атасына тартты ма екен? Әттең көзінде қалың шынылы көз­әйнегі бар екен, сонысы аталарынан алыстатып тұр. Әсекең Тайшықтың інісі Ахметтің басына белгі қоюды ақылдасып жүргенін айтты. Оның бейіті Шымкент пен Арыстың ортасындағы Күнтуған деген жерде қалған екен. Басына белгі қойылмаған соң бейітін зорға таптық, енді сол жерге келесі жылы күмбез салмақ ойымыз бар. Күмбездің сызбасын Шота ағаға жасатқызамыз, деді ол. Бұл іске Ахметтің тіке­лей ұрпақтарының бірі, Алматыда тұратын Мапуса апалары да қатты араласып жүр екен. Астанадағы Кенекеңнің көшесінде жүргенде қандай көңіл күйде боласыз деп сұрадық біз. Әсекең бұл сұраққа жымыңдап қалды. – Әрине, кеудемді қуаныш кернейді. Менің атам, бар қазақтың қадірлі, алақанына салып аялайтын қастерлі адамы болғаны мақтаныш емей немене. Мен Кенесары көшесін “Абы­лай­ханға” жалғасуымен бірге жаяу алшаңдап, аралап шықтым, сонда “ыңқ” етіп шаршаған емеспін. Алланың құдіретімен аталарымның рухы демегендей болды, деді ол. Астанада Кенесарының қабағын қатты түйіп, шаншыла ойланып тұрған ескерткіші бар. Бірақ Абылайдікі әлі жоқ екен, оны да орнататын шығар деген үміттемін. Келесі жылы хан бабамыздың 300 жылдығы болады ғой. Соған орай жасалатын шаралар арасында қарастырылатын шығар, деп ойлаймын деді ол. Сөйтіп, ұлы ханның бір ұрпағымен қауышып, оның тыныс-тіршілігін білдік. Жақсыбай САМРАТ. Париж