• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Елорда көшелері - ел шежіресі

1296 рет
көрсетілді

Алаш арманына айналған арай­лы Астана жылдармен жарыса абат­­танып келеді. Астананың асқақтығы туралы алты жыл бұрын ауыз тол­тыра айтқандарымыз ару қаланың мүшелге қараған қазіргі кездегі көр­кіне астар болмай барады. Сәулет өнерінің жауһарлары саналатын “Салтанат сарайы”, “Пирамида”, “Бәйтерек”, “Триумф Астана”, “Думан” сияқты ғимараттардың қатары “Қазақ елі”, “Шабыт”, “Тәу­елсіздік сарайы”, “Хан Шатыр” атты ғажайыптармен толықты. Алдағы Азиада ойындарына арна­лып салынған және салынып жатқан спорт кешендері мен қонақ үйлердің де көркіне көз тойғысыз. Бірімен-бірі сән жарыстыра бой түзеген зәулім үйлер мен заңғар офистер салтанат құрған көрікті көшелермен жүріп өткен әрбір жан елорданың келешегінің керемет­ті­­гіне күмән келтіре алмайтыны хақ. Көше демекші, Астана көшеле­рінің атаулары да затына сай. Абай даңғылы, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр даңғыл­да­ры, Бауыржан Момышұлы даңғы­лы, Рахымжан Қошқарбаев даңғы­лы қандай жарасымды! Сарыарқа, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары... Тамаша!!! Астана қаласының халықаралық 10 жылдық мерекесі тойланар тұста, “Астана көшелерінің атаулары” атты жинақ жарық көріп, сол кітаптың тұсаукесеріне арнап мақала жазғанымыз есте. Сонда: “Кешегі К.Маркс көшесі – бүгінгі Кене­сары, “Пятилетка” – Бөгенбай батыр, “Студенческий” – Абылай даңғылдары, “Первомайский” – Қарасай батыр көшесі, “Смакотин” – Жәнібек тархан, “Социалис­ти­ческий” – Мұхаммед Хайдар Дулати көшесі... Ойлап қарасақ, Астана көшелерінің осындай атаулары өткен тарихи тұлғаларға жасалған құрмет қана емес, өскелең ұрпақты Отанын сүюге, халқының өткенін құрметтеуге, патриоттыққа тәрбиелейтін таптырмас құрал екен-ау”, – деп тебіреніппіз. Енді міне, менің алдымда Аста­на қаласы Тілдерді дамыту басқар­­масы “Руханият” орталығы жарық­қа шығарған сол жинақтың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде толық­ты­рылған жаңа нұсқасы жатыр. “Ас­та­на көшелері” атты осы жинақпен зер сала, мұқият танысып шыққан­да бір аңғарғанымыз, ономастика­лық комиссия соңғы кезде тәуел­сіздік мұраттарын, ел бірлігін на­сихаттау, қазақ халқының тарихи-рухани бастауларын ұлықтау, елі­міздің тарихи тұлғаларының есім­дерін айшықтаумен бірге, “мың өліп, мың тірілген” халқымыз­­дың азаттық аңсаған күрес жол­дарындағы ұлы тарихи оқиғалар­ға қатысты атаулар мен туған жеріміздің ұлан-байтақ тынысын танытатын байырғы жер атаула­рына да айрықша басымдық берген екен. Атап айтсақ, Аңырақай кө­ше­сі – (бұрынғы атауы – К.Цет­кин) Мұғалжар көшесінен басталып, Ақкемер, Жайсаң кө­шелерімен қиылысады. Ұзы­н­­ды­ғы – 8176,6 метр. Аңырақай – біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жыл­дық азаттық соғысында бет­бұ­рыс жасаған ең ірі жеңісі. Бұланты көшесі – (бұрынғы атауы – И.Мичурин) Қарасай батыр көшесінен басталып, Конс­­титуция көшесінде аяқтала­ды. Ұзындығы – 404,6 метр. Бұланты – 1727 жылы Ұлытау өңірінде Бұ­ланты және Білеуті өзендері аралы­ғын­дағы қазақ қолының жоңғар бас­қын­­­шыларына қарсы болған шайқасы. Қозыбасы көшесі – (бұрынғы ата­уы – №2 көше) Ғ.Мұстафин кө­шесінен басталып, Іле көшесінде аяқ­талады. Ұзындығы – 1393,6 метр. Қо­зыбасы – Қазақ хандығының құрылған жері. Елім-ай көшесі – (бұрынғы ата­уы – №40-9 көше) Қ.Жалаири кө­ше­сінен басталады. Ұзындығы – 932,5 метр. Елім-ай – “Ақтабан шұ­бы­­­рынды, Алқакөл сұлама” кезеңінің кә­рі-жасы “Елім-айлап” кеткенін барша қазақ білсе керек... Туған жерін дүниенің бар бай­лығына айырбастамайтын қазақ үшін ұлан-ғайыр қасиетті даласының кез келген өңірі – ата-баба мұрасы. Сол асыл мұраның қасиетін айқындайтын атаулар да ел байтағы – Астана көшелерінен көрініс тауыпты. Қазығұрт көшесі – (бұрынғы атауы – Деповский) ұзындығы – 234,8 метр. Ұлытау көшесі – ұзын­дығы – 3458,2 метр. Қаратау көшесі – ұзындығы – 1636,2 метр. Үстірт кө­шесі – (бұрынғы атауы – М.Коль­­цов) ұзындығы – 560,6 м. Қарасаз көшесі – ұзындығы – 751,5 метр. Ордабасы көшесі – ұзындығы – 218,5 метр. Торғай көшесі – ұзындығы – 410, 9 метр. Тарбағатай көшесі – ұзындығы – 777 метр. Міне, рухымызды өсірген осы жетістіктер биігінен өткенге қарасақ, еріксіз еңсесі биік елімізге де, туған халқының тұғырын асқақтатқан Елбасына да мың мәрте рахмет айтасың. Қылышынан қан тамған қызыл империя құрсауындағы кешегі Целиноград қаласын көзге елестетіп көрейікші. Сарыарқаның кіндігінде тұрған Целиноград қаласының кө­шелерін аралай қалсаңыз, құдды ішкі Ресейге еніп кеткендей күй кешер едіңіз. Ленин атындағы, Калинин, Греков, Кольцов, Лихачев, Боро­­дин... Енді қараңызшы, Ағыбай батыр, Асанқайғы, Бекет ата, Мәшһүр-Жүсіп, Ыбырай Алтын­са­рин, Сүгір Әліұлы, Әлихан Бө­кей­хан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жа­қып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Сұл­танбек Қожанұлы, Тұрар Рыс­құлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Сәкен Сейфуллин... атындағы кө­шелер! Тіпті, сол кезде темірді де, кө­мірді де, қойманы да қала көше­ле­ріне жабыстыра берген екен-ау! Тек орыс тілінің басымдығын танытса болғаны... Мысалы: Угольная – қазіргі атауы – Ақжол көшесі, ұз­ын­дығы – 3381,1 метр. Складская – қа­зіргі атауы Ақбидай көшесі, ұзын­дығы – 1303,8 метр. Бетонная – қа­зіргі атауы Ақсай көшесі, ұз­ындығы – 725,5 метр. Қандай жарасымды! Әйел-ананы құрметтеу барша адамзатқа тән. Бірақ ана құдіретін қастерлеу тұрғысынан келгенде, қазақ халқындай жұрт жоқ. Бұл – уақытпен шыңдалған құдірет, тарих дәлелдеген ақиқат! Осы бір шың­ғыр­ған шындық елдігіміздің айбы­ны, ертеңіміздің айбары – елорда көшелерінде де көрініс тауыпты. Сенбесеңіз, Астана көшелерін ара­лаңызшы. Домалақ ана, Қарашаш ана, Қарқабат ана, Ұмай ана, Айша бибі, Тұмар ханым, күйші Дина, ақын Сара атындағы көшелер! Жақында жарық көрген “Астана көшелері” атты жинаққа байла­ныс­ты шағын шолуымызды құрас­ты­ру­шылар алқасының мына бір сөзімен түйіндесек: “Қазақстан Респуб­ликасының тәуелсіздігін айғақтау мен рухани-мәдени дамуын көр­се­ту үшін Астана қаласының оно­мас­­ти­калық ахуалын жақсарту жұмыс­тары бұдан әрі де жалғасын таба бермек. Ұлттық болм­ы­сы­мызды та­нытарлық ономастикалық атаулар­ды көшелерге, нысандарға беру үдерісіндегі Астана мысалы – қазақ елінің барлық қалалары мен елді мекендеріне де үлгі болуы тиіс”. Ендеше, іске сәт! Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. * * *

Кітап көкжиегі

«ОЙХОЙ, ДҮНИЕ СЕРУЕНІ!..»

Филология ғылымдарының док­­то­ры, профессор, жазушы-ғалым Тұр­сынбек Кәкішұлы тау асып, тас басып, жал­ғанды жаяу кезіп, жаһангез атанбағанымен аяғы жеткен жерлерді барынша аралап, жол қадірін бағалап жүрген жанкешті жан. Бұлайша ой қорытуыма себеп болып отырған, Т.Кәкішевтің “Жаяусалдың се­руендері” атты кітабы десек, бұл еңбектің алғашқы бетінен бастап, ақырғы бетін жапқанша Тұрсекеңмен бірге жүргендей, теңізде бірге жүзгендей күй кешесіз. Профессор Т.Кәкішевті әдебиет сыншысы, ғалым-жазушысы ретінде алғашқы кітабы “Октябр өркенінен” бастап бар еңбегін жақсы білгеніммен мынау жинағынан кейін тау тұлғалы азаматты тағы бір қырынан танығандай болдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің табалдырығын алғаш аттаған шағымда осы кісінің алдынан дәріс алғаным әлі есімде. Қазақ әдебиет сынының тарихынан лекция оқитын қасқабас ағайдың сабағына ұйыған студенттердің 80 минут уақыттың қалай өткенін білмей, аңтарылып отыратынын көз алдыма елестетсем, ұлы тұлғаның шәкірті болғанымды мақтаныш етемін. Сол кездерде өзге ағай-апайлардың “Тұрсекеңнің лекциясына мұқият бол, ол кісінің бір өзі бір институт қой....”, – деген сөздерінің мән-маңызын енді түсінгендеймін. Ең алғашқы сапарын 18 жасында: “Әртіс болсам-ау”, деген арманмен Ақмоладан Алматыға оқуға аттанудан бастаған Бұландының бұл баласы өмір бойы жаяусалдың образын сомдайтынын ол кезде ойламаған да еді. “Өміріме өзек болып келе жатқан бір құмарым ­­­– ел көру, саяхат құру....1974 жылдан бастап каникул кезінде саяхатқа шығуды машыққа айналдыра бастадым.... Тегінде, менің қанымда қазақ көшпенділігінің бірдемесі қалып қойған сияқты....” деп ғалымның өзі айтқандай, ағамыз аялдап жұмыс істеуі айдан асып кетсе амалын тауып, жортып кетіп отырады екен. “Өзге емес, өзім айтсам” дейтін ғұмырнамалық мақаладан бастау алған “Жаяусалдың серуендері” ары қарай “совет одағы деген кешегі алып елдің талай өңірінің дәмін алған” ағамыздың Польша, Франция, Қытай, Иран, Түр­кия, Египет қатарлы шет елдерге жасаған саяхаттарынан жазылған жолжазбала­рымен жалғасын табады. Өзіне тән жазу стилі бар ғалымның естеліктері ескір­­­­­мейтін мұра. Айтуға жолжазбалар болған­мен, саналы жүрекке жетер салиқалы ойы бар бұл еңбек, келешек үшін таптырмас олжа. Бұл жинақта жарияланған тәлімдік ғибраты мол сапарнамалар бұрын-соңды басылым беттерінде жарық көрген, қо­ғамның әлеуметтік мәселелері, алаштың ардақты ұлдары, ел тарихы жайында қалам тербеткен ғалымның Кама, Волга, Дон су жолдарымен шетелдерге жасаған саяхаттарының жолжазбалары қашанда ұлттық мүддені алға қоятын ғалымды тағы бір қырынан танытады. Көңілді сапарлардың соңғы нәти­жесі де өнімді болса керек. Академик жазушы Сәбит Мұқановтың: “Жы­лы­на бір рет қазақ даласын араламасам, жос­парлы ісімнің бір саласы орын­далмай қалғандай тынысым тарылып, қанатымды жаза алмай жүремін, жолда тынығамын...” дейтін салмақты сөз­дерінен цитата алған Тұрсекеңнің: “Өзінің жазып жүрген шығармаларына жаңа эпизод, соны пей­заж, қызықты кездесулер керек болған­дықтан, Сәбең сапарға шығатын болса, менде ондай мақсат болып көрген емес бұған дейін. Жүргенге жөргем ілінеді деген емес пе, кейде көзбен көріп, көңіл­мен шолған уақытта шаттанып кетіп, қолыңа қалам алғың келеді. Оны орындау үшін жалқаулықты, еріншек­тікті жоя білуің керек көрінеді. Осы жазбалардың көбі көз қуанып, көңіл толған кезде өзінен өзі жазылды”, – деуі де осыны ұғындыратын сыңайлы. “Өмір мектебі­нен” дәріс алған Сәбеңнің жо­лын жал­ға­ған жиһангездердің бұлай болмасқа қа­қысы да жоқ еді. “Мен де сондай­мын” де­мегенімен, Тұрсекеңнің де көп дема­лысының жол үстінде, са­пар­­л­ар мен саяхаттарда өтетініне осы кітап арқылы көз жеткізгендейміз. Бұл кітап жалаң баяндаумен жа­зыл­ған жол естелігі емес, қайта әдеби тіл­мен жазылған архивті дерек, ғы­лы­ми еңбек. Жоғарыда ғалымның Қы­тай­ға, Мекке-Мединеге де жолы түскенін айтып өттік. Саналы оқырмандарының қатарында осы кітаптан сол сапардың жолжаз­ба­ларын да іздестірдім. Бірақ кездестіре ал­мадым. Әңгіменің реті келгенде айта ке­тейін, өмірдегі қамқор ағам, ғылымдағы ұстазым болғандығы үшін Тұрсекеңмен жиі жолығып, сыр-сұхбатта болатын едім. Сондай сыр­ласулардың бірінде ағамыз­дың “неге екенін білмеймін, Қытай мен Мекке-Мединеге және еліміздің біраз об­лыс­тарына барған сапарларым жазыл­мады, қаламым жүрмеді” деген еді. Соған қа­рағанда жақын жылдарда жарық кө­рер жаяусалдың жолжазбалары әлі де жеткілікті сыңайлы. Не істе болса да кесімді пікір, ұтым­ды ойын айта білетін Тұрсекеңнің туа біт­ті мінезі жолжазбаларынан да жиі бай­қалады. Сөзіміздің дәлелі үшін бірер дерек ай­та кетейін. Осы кітаптағы ойға қо­ным­ды тақырыптың бірі “Оралман мәселесіне оралғаны оңды болды” дейтін мақала. Шағын болса да шындықты айтуды мақ­сат еткен бұл мақала он жылдың алдында жазылғанымен, әлі де өз құндылығын жойған емес. Дәл бүгінгі күннің де өзекті мәселесі болып отыр. Тұрсекеңнің бұл мақаланы жазуына алыс-жақын шетелдерге жиі барып, ондағы қандастарымыздың жәй-күйін көзімен көріп, көңілмен түйгендіктен болса керек. “Әл-Фараби атындағы Қаз МҰУ-нің 90-жылдары “Қазақ диаспо­расының рухани әлемі” орталығын ашып, Қытай, Моңғолия, Түркия мен Иранға арнаулы экспедициямен барғанда көріп, білгенімді елге жеткізіп қана қой­май, қайтсе оңтайлы шешімі табылар екен деген ойлар өзімді көп­тен бері қатты мазалап жүрген бо­латын...” деп өзге ел­дегі бауыр­лас­тардың тағдырын өз мүдде­сіндей ой­лаған ағамыздың ел болып ойлас­ты­рып, оңтайлы жолын іздеген бұл істегі үлкен азаматтығы бәрімізді қуан­та­ды. Осындай жемісті еңбектің нәти­же­сінде алғашқылардың бірі болып Т.Кә­кіш­­ұлының жетекші­­лі­гімен Зұфар Сей­іт­­жанұлы Қытай қазақ әдебиеті жайында докторлық, Есенгүл Кәпқызы Моң­ғо­лия қазақ әде­­­биеті жайында кан­ди­даттық диссер­та­­циялар қорғады. Бұл ең­­бектер қазақ әде­биеті тарихын зерт­­теу­ге қо­сыл­ған сү­белі үлес болып табылады. Кітаптағы тағы бір сүбелі тақырып “Көз қуанып, көңіл толған сапар”. Бұл жолжазбада ағамыздың өркениеттің алғашқы бесігі атанған Мысыр (Еги­­­пет) еліне сапары туралы баяндалады. Он­дағы менің көңілімді аударған тұ­сы, ғалымның Мысыр әдебиетіне бай­ла­нысты тұшым­ды ойлары. Бейбарыс сұл­таннан бастау алатын Мысыр ел­ін­дегі қандастарымыз­дың рухани бол­мы­сын тілге тиек ете отырып, әдебиеті­міз­дің сол жақтағы бастауларының кө­зін ашуға тырысады. Қазақстандағы қа­зақ әдебиетінен басқа рухани қазына­мыз жоқтай сезінетін “оқымыстыларға” осындай деректердің ауадай керек ек­ен­дігі айтпаса да түсінікті. Олай болса, осы жазбада айтылған жәйт­тер талай ғалымның ізденісіне жол ашар дерек көздері болуы әбден мүмкін. Ғалымның өзі айтқандай, “тағдырына айналған” Сәкен тақырыбы да бұл кітапта кеңінен сөз болады. Сонымен бірге “Сарыарқа серуендері” де оқырман сүйініп оқитын тақырыптардың бірі деп айтуға болады. Әрине, әлем шарлау әлі жеткеннің бәрінің қолынан келгенімен, барған елі­­­нен, көрген жерінен өз еліне, ұл­тына, ұрпағына керегін ыждағатпен жи­нақтап, шаң басқан құжаттарды аянбай ақтарып, жалықпай жинап бұлайша ең­бек ету тек Тұрсекең сияқты үлкен жү­ректі азамат­тың ғана қолынан ке­летін қайсарлық еке­нін қызғанышсыз айтуға болады. Өйт­ке­ні, онсыз да сөздің қадірі кетіп, әде­биет­­­тің абыройы азай­­ған шақта техника­­ға иек артқан бос бу­ын ұрпақ ұлт ертеңі үшін жол шегіп, көз майын тауысып, шаң жұ­­тып ар­хив­те отырмайды. Сол тұрғыдан кел­­генде, бұл кітаптың мән-маңызы арта түсері хақ. Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері.