• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Әлеуметтік бағдарламалар әлеуеті: ауыз су

1975 рет
көрсетілді

Үкімет соңғы жыл­да­ры халықтың әл-ау­қа­тын, білімі мен ден­саулық жағдайын жақсартуға бағыт­тал­ған бірқатар ма­қ­сатты бағ­дар­ла­ма­лар­ды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның маңызды бірі ауыз су мәселесі болып табылады. Ибн Синаның “Ауру көбінесе ішкен астан пайда болады, соның ішінде әсіресе ауыз судан болады” деп ескерткеніндей, халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор. Міне, осы істе қандай шаруалар атқарылды, алдағы уақыттары қандай жұмыстар жүргізілмек деген сауалмен Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бас сарапшысы Серік СӘРСЕКЕЕВТІ әңгімеге тартқан едік. КӨНЕ ПРОБЛЕМАҒА ТЫҢ КӨЗҚАРАС – Серік Сапарбекұлы, жуықта Үкімет отырысында елімізді сапалы ауыз сумен қамтудың 2011-2020 жылдарға арналған “Ақбұлақ” деп аталатын жаңа бағдарламаның қабылданғандығы белгілі. Бұл бағдарлама не үшін қабылданды және ол қандай мақсаттарды көздейді? Осы тақырыпта әңгіме қозғасақ. – Сіздің бұл сұрағыңызға жауап беру үшін ең алдымен осы бағдарлама қабылданғанға дейінгі жайттарға тоқтала кетсек дұрыс болар еді. Үкімет халықтың сапалы ауыз суға деген сұранысын қанағаттандыру үшін осының алдында 2002-2010 жылдарға арналған “Ауыз су” бағдарламасын қабылдаған болатын. Осы бұрынғы бағдарлама бойынша да көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, 13288 шақырымды қамтитын су құбырларының желілері жөндеуден өткізілді. Соның нәтижесінде жиыны 3,5 миллион адам­ды құрайтын 3449 ауылды жер­лердегі елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарды. Соның ішінде бұрын суды тасып ішетін ауыл халқының саны бес есе азайды. Санитарлық талаптарға жауап бермейтін су құбырларының саны 362 бірліктен 133 бірлікке дейін қысқарды. Дегенмен, соған қарамастан, халықты ауыз сумен қамту мәселесінде бұл бағдарлама істі ақыр аяғына дейін жеткізе алған жоқ. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша орта­лық­тандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдық елді мекендердің саны бар болғаны 12 пайызға ғана өсіп, барлығы 41 пайызды құраған. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметтері бойынша еліміздегі барлығы 7002 бірлікті құрайтын ауылдық елді мекендердің 3849-ында сумен қамту проблемалары әлі де шешімін тапқан жоқ. Яғни, 3 миллион немесе ауыл хал­қы­­ның 40 пайызы сапалы ауыз су жө­нінде мұқтаждықты сезініп отыр деуге болады. Оның үстіне аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында бюджеттік қаржының тиімсіз пайдаланылуына жол берілгендігін де жасырмаймыз. Құры­лыс­тарды сапасыз жүргізу, оларды уақытын­да тапсырмау секілді жағдайлар орын алып жатты. Іске қосылғандарының өзі дұрыс жұмыс істемей қайтадан істен шығып қалуы да жиі кездесті. Сонымен жаңа бағдарламаның қабылдануына біріншіден, бұрынғы бағдарламаның мерзімінің аяқталуы түрткі болды. Оның үстіне бұрынғы бағдарлама бізді іске жаңаша көзқараспен қарауға, бұрынғы орын алған кемшіліктерді жою жөнінде жаңа тетіктерді белгілеуге итермеледі. Сондықтан осы жолы 2011-2020 жылдарға арналып қабылданып отырған “Ақбұлақ” бағдарламасын бұрынғыға қарағанда біршама сәтті шыққан жоба болды деп айта аламын. Ал енді жаңа бағдарламаның мақсатына келетін болсақ, ол негізінен алғанда халықты қажетті деңгейдегі сапалы ауыз сумен қамту болып табылады. Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдар аралығы. Екінші кезең 2016-2020 жылдар аралығы. Міне, осы мерзімнің ішінде біз ауыл халқының 80 пайызының, ал қала халқының 100 пайызының қолын орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне жеткізуді көздеп отырмыз. Ескерте кетер жәйт, мен бұл жерде өзімнің негізгі өкі­леттілігіме байланысты ауыл халқын сумен қамту жағдайына ғана тоқтала аламын. Осы тұрғыдан алғанда айтарым бұрын әр ауылда үш-төрттен таза су шығаратын құдық немесе оны құбыр арқылы тартып әкеліп, екі-үш жерден сумен қамту пункті орнатылса, осының өзін жеткілікті деп айтатынбыз. Енді біздің алдымызға сол таза суды құбыр арқылы әрбір аулаға, яғни әрбір отбасына дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Сонымен жаңа бағдарлама бойынша алғанда ауыл халқын сумен қамту неғұрлым өркениетті түрде шешілетін болады. – Бұл үлкен жақсылық екен. Осыдан басқа тағы да қандай жетістіктер болмақ? – Бұл бағдарламаның тағы бір үлкен жақсылығы, ол ауыл халқын таза сумен неғұрлым кеңінен қамтуды, яғни оны түбегейлі шешуді қарастырады. Осы үшін әр ауданның орталығынан мамандандырылған су пайдалану кәсіпорны құрылады. Мұндай кәсіпорындар жеке капиталды тарту есебінен де көбейе түсетін болады. Суды үнемді пайдалану үшін су құбырлары мен жүйелеріне су есептегіш аспаптар орнатуды да көздеп отырмыз. Негізінен алғанда судың тәулік бойы келіп тұруы қарастырылады. Ал қазір көптеген елді мекендерде су беру ісі белгілі бір уақыт ішінде ғана жүзеге асырылып келгені белгілі. Атап айтсақ, кейбір ауылдарда ол бір-екі сағат қана жұмыс істейді. Осы жағдай халыққа үлкен жайсыздық туғызып жүр. – Сонымен 2020 жылға дейін ауыл халқының 80 пайызын орталықтандырылған таза да сапалы сумен қамтимыз деген мақсатты алға қойып отырсыздар. Ал осыған су көздері жеткілікті ме? Біздің Қазақстанда жалпылай алғанда су тапшылығының бар екендігі белгілі. Осы мәселені қалай шешпексіздер? – Орынды айттыңыз. Елімізде су тапшылығының бар екендігіне ешкім дау айтпайды. Бірақ ол тапшылықтың көп жағдайда қолда бар су ресурстарын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындап отыр­ғандығы ақиқат. Бізде осы уақытқа дейін су үнемдеу мәселесі жолға қойылмай келеді. Сондықтан да су жүйелеріне су өлшегіш аспаптар орнатылатын болады. Екіншіден, көптеген су құбырларының тозығы жеткен. Мәселен, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттіктің мәліметі бойынша, су желілерінің 64 пайызы күрделі жөндеу және толық ауыстыру жұмыстарын қажет етеді. Өйткені, оларды пайдалану мерзімі кейбір жағдайларда 40 жылға жеткен. Осындай жерлер мен құбырлардағы сулардың біраз бөлігі далаға кетіп жатқандығы белгілі. Мәселен, құбырлардағы судың жоғары көрсеткіші 2004 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 10,9 пайызға арта түскен екен. Бағдарлама бойынша, міне, осындай кемшілікті жоюға үлкен қаржы бөлінбек. Сонан кейін бұл бағдарлама бойынша жерасты суларын пайдалану мәселесіне үлкен көңіл бөлінбек. Өйткені, жерасты суларының сапасы жер бетіндегі суларға қарағанда әлдеқайда жақсы екендігі белгілі. Бірақ, өкінішке орай, бізде жерасты суларының ресурсы оншама пайдаланылмай келеді. Атап айтсақ, Тәжікстан мен Қырғызстан бізге қарағанда әлдейқайда суға бай елдер болып саналады. Бірақ осы елдердің өзінде де жерасты суларын пайдалану деңгейі бізден жоғары екен. Мәселен, бізде оны пайдалану көрсеткіші 28 пайызды құраса, аталған елдерде бұл көрсеткіш 38 пайызды құрап отыр. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауларын пайдалану комитетінің 2009 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметі бойынша елімізде мемлекеттік баланста тұрған 1282 жерасты суларының кен орны барланған. Мұндағы сулардың жеткілікті қоры республикадағы суға деген сұраныс деңгейінен екі есе артық. Демек, жерасты сулары біз үшін үлкен байлық көзі және сумен қамту мәселесін шешудің үлкен бір жолы болып табылады. Сіз жоғарыда ауыл халқын таза ауыз сумен қамтудың көздерін қайдан табамыз деген сұрақ қойдыңыз. Біз міне, осы жерасты суларын пайдаланатын боламыз. Қазіргі күні жер астындағы судың барланған қорын игеру деңгейі төмен болып отыр. Көптеген су кен орындары соңғы 10-15 жылдан бері пайдаланылған жоқ. Мәселен, қазіргі күні жоғарыда айтылған 1282 барланған жерасты кен орнының 402-сі ғана пайдаланылады екен. Олардан тәулігіне 2 миллион текше метр су алыну үстінде. Бұл қазіргі күні халық пайдаланып отырған жалпы ауыз су көлемінің 56 пайызын құрайды. Демек, аталған ресурс көзінің әлеуеті зор. Осыны тереңдетіп игеру арқылы көп мәселені шешуге болады. Осы үшін бағдарламада атап көрсе­тіл­геніндей, 3 мыңнан астам ауылдық елді-ме­кенді жерасты суымен қамтудың мүм­кіндіктері зерттеледі. Сонымен қатар, ұзақ жылдар пайдалану нәтижесінде көптеген кен орындарының су көлемінде өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан 165 жер астын­дағы судың табиғи қоймаларына қайтадан барлау жұмыстары жүргізіліп, олардың ресурстық әлеуеті зерттелетін болады. – Сіз жоғарыда жаңа бағдарламаның екі кезеңге бөлінетіндігін айттыңыз. Ондағы әр кезеңнің өзіндік міндеттері айқын ба? – Әрине. 2011-2015 жылдарға арналған бірінші кезеңде ауылдық елді мекендердің 54 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су көздерімен қамтамасыз етілетін болады. Екінші кезеңде біз осыны, жоғарыда айтып кеткеніндей, 80 пайызға дейін жеткіземіз. Яғни, әр кезеңнің өзіне лайық нақты міндеттері мен болжамды көрсеткіштері бар. – Бұрынғы бағдарламада бюджеттен бөлінген қаржыны тиімсіз пайдалану жағ­дайы орын алғандығын айттыңыз. Осы кем­шіліктің алдын алу үшін жаңа бағ­дар­ла­ма бойынша қандай жұмыстар жүргізілмек? – Біріншіден, осыған дейінгі жүргізілген жұмыстардың кемшін тұстары анықталып отыр. Негізгі себеп ол кезде қаржыны пайдалану мәселесіне, жалпы су шаруа­шылығы жүйесіне мониторинг жүргізілмей келген. Енді бұл жұмыс жүйелі түрде қолға алынатын болады. Екіншіден, қолға алынатын жобалардың барлығы ортақ тізімге енгізіледі. Ол жобалардың басымдықтары, яғни қайсысының маңызды екендігі анықталады. Бірінші кезекте міне, осындай жобалар қолға алынатын болады. Жобалардың басымдығын анықтаудың өзіндік өлшемдері де айқындалған. Осы бойынша алғанда бірінші кезекте аудан ор­та­лықтарын сумен қамту ісіне мән беріледі. Мұнан кейін халқының саны 1 мыңнан асатын елді мекендерді сумен қамту жо­балары қарастырылады. Онан кейін хал­қының саны 500 бен 1000 адам аралы­ғын­дағы елді мекендер жайы қарас­ты­рылады. Міне, осылайша рет-ретімен жоба­лар­дың басымдықтары анықталып отырады. Жобаларды қарастырған кезде жоғарыда айтылғандағыдай, оларды жүзеге асыру үшін тиісті су көздерінің бар екендігі және ондағы судың сапасы, көлемі де ескеріледі. Сумен қамту жобаларының бірыңғай тізімі Ауыл шаруашылығы министр­лігінде жасалынады. Тізімді жасарда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің келісімі алынады. Содан кейін барып ол Қаржы, Экономикалық даму және сауда министрліктерінің қарауына жіберіледі. Осыдан кейін барып қана қалыптасқан тізім Қазақстан Республикасының ауыз сумен қамтудағы жұмыстарды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия­сының бекітуіне тапсырылатын болады. Комиссия әр жылдың екінші тоқсанында тізімді қарап, соған байланысты қар­жыны босату жөніндегі мәселені шешеді. Осы ретте бұрынғы жобаның бір кем­шілігі сумен қамту ісінде бірың­ғай­лықтың болмағандығын, мемлекеттік органдардың жұмысы үйлес­тіріл­мегендігін атап өтпекпін. Көптеген кемшіліктің орын алуы міне, осындай бірыңғай саясатпен оны жүзеге асырудың орталықтандырылған жүйесінің болмауынан пайда болған болатын. Енді осы кемшіліктің жолы кесіліп отыр. – Сіз жоғарыда халықты ауыз сумен қамту ісіне жеке капиталдың да тартылатындығын айттыңыз. Бұл іс қалай жүзеге аспақ? – Ол үшін жобаларды концессияға тапсырудың тетіктері жетілдіріледі. Екіншіден, ұзақ мерзімдік тарифтік реттеу жүйесіне көшетін боламыз. Әрі әрбір текше метр пайдаланылған су есепке қойылады. Міне, осы жағдай жеке инвесторлардың жобаны жүзеге асыру ісіне қатысуға деген ынтасын арттыруы әбден мүмкін. Аталған мәселелерді жүзеге асыру үшін қазіргі қолданыстағы заңдарға, соның ішінде еліміздің Су кодексіне, “Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске өзгерістер енгізілуі тиіс. Сонымен қатар жобаларды кон­цессияға тапсырудың қанатқақты тізімі айқындалып отыр. Мәселен, Қарағанды облысының Балқаш, Шығыс Қазақстан облысының Семей, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қалаларында мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізінде қанатқақты жобаларды жүзеге асыру көзделуде. – Осы бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қанша қаржы бөлінбек? – Қазірден бастап 2020 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік бюджеттен 944 миллиард 476,6 миллион теңгенің қаржысы бөлінуі қажет. Мұны 624 миллиард 926,6 миллион теңгесі респуб­ликалық бюджеттің, 319 миллиард 550 миллион теңгесі жергілікті бюджеттердің есебінен қарастырылатын болады. Мұның сыртында аталған бағдарламаны қаржыландыруға даму институттарының, су шаруашылығындағы кәсіпорын­дар­дың өз қаржылары да тартылатын болады. Оған енді отандық және шетелдік инвесторлардың бағдарламаны жүзеге асыруға қосатын үлесін қосыңыз. Оның көлемі әзірге айқын емес. Бұл жөніндегі көп мәселе іс барысында ше­шіл­еді. Сонда аталған бағдарламаны қар­жыландыру ісіне аз қаржы жұмса­лайын деп отырған жоқ. Міне, осының барлығы халықтың қамы, оның әлеуметтік проблемаларын шешу мақсатында іске аспақ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ. * * * ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ? Егемендігінің жиырмасыншы жылдығы қарсаңында тұрған тәуел­сіз Қазақстан осы қысқа уа­қыт аралығында әлемге танымал, әріптестік қатынастарда беделді ел ретінде қалыптасып қана қоймай, сонымен қатар өзінің ішкі әлеу­меттік-экономикалық пробле­ма­ла­рын батыл шеше алатын қуатты мемлекет ретінде бой көрсетіп отыр. Егер соңғы бір-екі жылдың ара­сындағы оқиғаларға саралай көз салатын болсақ, мұның көп­теген белгілерін мейлінше айқын байқауға болады. Әлемдік экономикалық дағ­да­рыс­тың салмағы халықаралық қауымдастықпен интеграцияланып үлгірген елімізге барынша ауыр тисе де мемлекет қуатының арқа­сын­да оның ауыртпалығын сезін­ге­міз жоқ. Мұның сыртында Қа­зақ­станды индустриялық тұрғыдан жаңаша дамыту ісі сол дағдарыс тұсында жоспарланып, қызу бас­талып кетті. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 74 индустриялық-инновациялық жоба іске қосылса, жыл аяқтал­ғанға дейін тағы да осыншама нысан пайдалануға берілмек. Әрине, жаңа тарихы бар бол­ға­ны 20 жыл уақытты ғана қам­ти­тын жас мемлекетімізде барлық мәселе шешімін тапқан деп айта алмаймыз. Соның маңызды бірі су ресурстарының мәселесі, соның ішінде ауыз су проблемасы болып табылады. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің биылғы жазда солтүс­тік облыстарға сапары барысында көп айтылған проблемалардың бірі осы халықты ауыз сумен қамту мәселесі болғаны белгілі. Бұл проблема Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына тегіс қатысты болып шықты. Демек, осы мәселені бүкіл елімізге тән деп айтуға болады. Жалпы, су ресурстары мәселесін кең көлемді қарастыратын болсақ, ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін оның ең толғақты тақырыптар қатарына шығатындығын байқаймыз. Қазіргі күні тұщы су көздерінің мәселесі, соның ішінде халықтың таза ауыз сумен қамтылуы жайы жер шарындағы эко­ло­гия­лық ахуалдың ушыға түсуінің астарында адам­заттың ортақ проблемасына айналды. Көпте­ген сарапшылар ендігі кезекте ел мен елдің, өңір мен өңірдің арасында болуы мүмкін дау-жанжал­дар нақ осы мәселеден өрбуі мүмкін деген қауіп ай­тады. Демек, әр мемлекет өздеріндегі су ресурс­тары мен оны тиімді және үнемді пайдалану ісіне алдағы уақытта барынша мән бере түспек. Еліміздің су ресурстарын нығайту мен оның қорларын сақтау мәселесіне Қазақстан басшы­лығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қатты көңіл бөлуде. Елбасымыз бізбен көрші мемле­кеттер басшыларымен болған кездесулерінде трансшекаралық өзендер суларын пайдалану ісін әрдайым мемлекетаралық қарым-қатынастардың негізгі мәселесі ретінде көтеріп келеді. Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп Су консор­циумын құру, Сібір өзендерінің суларының бір бөлігін Қазақстан мен Орталық Азияға қарай бұру, Арал­ды қалпына келтіру ісін халықаралық деңгейде жүзеге асыру, Ертіс пен Іленің, Сыр­дарияның суларының азаюына жол бермеу, Қазақстанды ашық теңізге шыға алатын мемлекет ретінде қалыптастыру үшін Каспий мен Қара теңіз немесе Азов теңізі арасында канал тарту – міне, бұлар Елбасымыз бастамашы болып, үлкен халықаралық мінбер­лерде батыл да табанды түрде көтеріп келе жатқан маңызды мәселелердің бір парасы. Аталған істе нәтижелер де жоқ емес. Кіші Арал қалпына келе бастады. Оңтүстік өңірді сумен қату және көктемгі тасқынның алдын алу үшін маңызды болып есептелетін Көксарай қарсы реттегіші салынды. Ауыл шаруашылығында суды барынша үнемдеп пайдалану үшін тамшылатып суару технологиясы белсенділікпен енгізілуде. Су қоймаларының жұмыстары да ретке келтіріле бастады. Сонымен қатар Елбасының жуықта Өскемен қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің ынтымақтастығы саммитінде Сібір өзендерінің суларының бір бөлігін Қазақстанға бұру мәселесін қайта бір көтеріп, оны Ресей Президенті Медведевтің назарына салғаны белгілі. Біздің ойымызша бұл тақырып алдағы уақытта өзіндік маңызға ие бола түсетіндей. Ал енді еліміздің ішкі жағдайына келсек, мемлекет басшылығы халықты таза ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғандығы байқалады. Өйткені, бұл мәселенің халық денсаулығына тікелей қатысы бар. Сондықтан да осы мәселені шешудің маңызды бір жолы ретінде елімізде Елбасының тапсырмасымен 2002-2010 жылдарға арналып “Ауыз су” бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама аясында ауылдық елді-мекендерді ауыз сумен қамту үшін қаржы­лан­дырудың барлық көздерінен 195 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Мұның сыртында қалалық жерлердегі проблема­ларды шешу үшін 140 миллиард теңге бөлінді. Сөйтіп, аталған мақсатқа бүгінгі күнге дейін бү­тін­дей алғанда 335 миллиард теңге қаржы жұмсалды. “Ауыз су” бағдарламасы халықтың осы жөніндегі мұқтаждығын шешуге едәуір дәрежеде ықпал еткендігін айтуымыз керек. Ең бастысы, бұл бағдарлама ауыз су мәселесінің ушығуына жол бермеді. Соның ішінде Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан секілді облыстарда жағдайдың бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсара түсуіне игі ықпалын тигізді. Ал жалпы еліміз бойынша алсақ, орталықтан­дырылған су көздеріне халықтың қолжетімділігі 7 пайызға артса, судың ысырабы 8 пайызға төмендеген. Бағдарламаның ең жақсы жетістігі ретінде ауылды жерлердегі тасып жеткізетін суды пайдаланушылар саны 2002 жылғы 445,2 мың адамнан 82,9 мың адамға дейін азайғандығын айтуға болады. Яғни еліміздегі ауыз суға барынша мұқтаж адамдар саны соңғы сегіз жылда 82,4 пайызға азая түскендігі белгілі болып отыр. Бұл үлкен жетістік. Бірақ, осы ретте айта кететін бір мәселе, аталған бағдарламаның осындай жетістіктерімен қатар, оны орындау барысында кемшіліктер де болмай қалған жоқ. Осы кемшіліктердің бірі бұл бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде бірдей деңгейде орындалма­ған. Сөйтіп, мәселені түбірінен шеше алмаған. Мұның өзі, ең алдымен, бағдарлама жұмыс істеген кезеңде ауыз су желілерінің тозуының бар болғаны екі пайызға ғана азайғандығынан көрініп отыр. Сонымен қатар елімізде әлі күнге дейін жұмыс істемей тұрған 140 су құбыры бар. Әлі де 83 мың адам суды бұрынғыдай тасымалдап ішуде. Ал қалалық жерлерде су желілерінің тозуы 6 пайызға арта түскен. Үкімет аталған мәселені түрлі деңгейдегі басқосуларда бірнеше рет талқылай отырып, орын алған кемшіліктердің негізгі себептерін айқындады. Солардың қатарында бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыруда жүйелен­ген, сараланған бірыңғай әдіс-тәсілдердің болма­ғандығын, орталық және жергілікті органдардың арасында өзара іс-қимыл әрекеттестігінің жүйелі де оңтайлы жолдарының қалыптаспағандығын, бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланылғандығын, соның салдарынан кейбір болашағы жоқ, бірақ қымбат тұратын жобалардың бірінші кезекте жүзеге асып кеткендігін, жобалау-іздестіру жұмыстарының сапасының төмен болғандығын, іске қосылған су құбырлары мен нысандарын дұрыстап, талапқа сай пайдалануға жеткілікті мән берілмегендігін айтуға болады. Сондықтан Елбасы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке аталған бағыттағы, яғни халықты сапалы ауыз сумен қамтудағы жұмыстарды қайта жалғастырып қана қоймай, оны түбірінен шешудің мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдерін қарастыру жөнінде тікелей тапсырма берген болатын. Осы тапсырманың негізінде халықты ауыз сумен қамту мәсе­лесін жақсартуға арналған жаңа бағдарлама әзірленіп, қабылданды. “Ақбұлақ” деп аталған бұл бағдарлама 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтымақ. Жаңа бағдарламаны әзірлеу кезінде осыған дейін орын алған кемшіліктердің барлығы ескерілген. Оны әзірлеу үшін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жедел тапсырмасы бойынша Экономикалық даму және сауда министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы мүдделі мемлекеттік органдардың барлығын қатыстыра отырып, жаңа тұжырымдама жобасын бірлесіп жасаған. Жұмыс тобы мемлекеттік және жеке меншік су арналарының қызметін талдау барысында мемлекет меншігіндегі мекемелерге қарасты су жүйелерінде есептегіш құралдарды орнатудың жеке меншік су құбырларына қарағанда әлдеқайда төмен екендігін анықтады. Осы ретте су құбыр­лары кезең-кезеңімен жеке меншік қолына тапсы­рылған Шымкент қаласының тәжірибесі жете зерттелінді. Бұл қалада сумен қамту құбырлары мен желілері бюджет қаржысының құйылуынсыз тиімді дәрежеде жұмыс істеп келеді. Мәселен, осы қаладағы “Водные ресурсы-Маркетинг” ЖШС өзінің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыра отырып, барлық жерлерге су өлшегіш құралдарын орнатқан. Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен келісе отырып, өзін өзі ақтайтын орта кезеңдік тариф жүйесін жасап шыққан. Кәсіпорындарды дамыту үшін өз қаражатын пайдаланған. Демек, осындай жақсы тәжірибелерді негізге ала отырып халықты сумен қамту мәселесін одан әрі дамыта түсудің тиімді жолдары қарастырылып, айқындалуы қажет. Жұмыс тобы қаржы министрлігімен бірлесе отырып жаңа тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін 2020 жылға дейін әр жыл сайын 90 миллиард теңгенің қажет болатындығын есептеп шыққан. Мұның 60 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен, 30 миллиард теңгесін жергілікті бюджеттерден қарастыру көзделген. Тұжырымдаманы тиімді жағдайда жүзеге асыру үшін төмендегідей әдіс-тәсілдер екшеленіп алынып отыр. Бірінші, мемлекет-жеке меншік әріптес­тігінің әртүрлі формаларын енгізу қажет. Сенімді басқаруға беру, жартылай және бірте-бірте жекешелендіру, концессияға тапсыру секілді әдіс-тәсілдер арқылы еліміздің су шаруашылығы саласына жеке инвесторлардың келуіне жол ашқан жөн деп табылады. Осы үшін еліміздің солтүстік, шығыс, батыс және оңтүстік өңірлеріне мемлекет-жеке меншік әріптестігінің қанатқақты жобалары жүзеге асырыла бастайды. Осы жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда олар кеңінен өріс алатын болады. Екінші әдіс халықты сумен қамтуға қажетті жаңа нысандарды салу мәселесін жүйелеу және біріздендіруді көздейді. Осы үшін бағдарламаны жүзеге асырудың белгіленген кезеңі бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады. Оның құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, мамандандырылған жобалау ұйымдарының өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар енгізіледі. Олар жүзеге асырылатын және асырылу үстіндегі барлық нысандарда болып олардың қаншалықты тиімді екендіктерін анықтайтын болады және осы зерттеулердің қорытындысында Үкіметке арнайы есеп тапсырады. Сөйтіп, ауылдық және қалалық елді мекендерді сумен қамту жобаларының бірыңғай тізімі әзірленеді. Оны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жетекшілік жасайтын ведомствоаралық комиссия әр жыл сайын бекітіп отыратын болады. Үшіншіден, елді мекендерге жақын орналас­қан жер асты суларын пайдалануға барынша мән беріледі. Осы үшін жер асты суларын іздестіру-барлау жұмыстары күшейтіледі. Бұл жұмысты жүзеге асыру­ға 2018 жылға дейін әр жыл сайын 6,2 мил­лиард теңге қажет болады. Әр жыл сайын шамамен алғанда 400 ауылға қажет болатын жер асты су көздерінің қорлары іздестіріледі. Мұның сыр­тында 63 қаланы сенімді су көзімен қамтама­сыз ету үшін осы уақытқа дейін айқындалған 194 орындағы су қорларының көлеміне қайта бағалау жасалынады. Еліміздегі су мәселесін талқылаған әр деңгейдегі мәжілістерде, соның ішінде Үкіметтің отырыстары мен селекторлық кеңестерде негізгі әңгіме өзегіне айналып, жуықта ғана қабылданған жаңа бағдарламаның біз байқаған кейбір қырлары осындай. Шынында да бұл бағдарлама, мемлекетіміздің экономикалық қуатын, оның әлеуметтік бағытын көрсететін, ел денсаулығына пайдасы көп өміршең жобалардың бірі болады деп есептейміз. 900 миллиард теңге дегеніміз халқының саны өзіміздей кейбір елдердің жылдық мемлекеттік бюджетіне тең қаржы. Міне, осындай көлемдегі ірі қаржыны мемлекет тек бір ғана мәселеге – халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесіне арнамақ. Халық денсаулығы жолында мұндай мол шығын жұмсау – екі елдің бірінің қолынан келмесі де ақиқат. Сайхан САНАТ, журналист.