• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2010

Қатардағы қаһарман

544 рет
көрсетілді

Өмірге келген әр адамның соңынан жалықпай қуып жүретін, оның әлсіреген сәтін аңдитын, түбі алмай қоймайтын бір тажал бар. Оның аты – ажал. Осы ажал Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Алға ауылының үлкен ақсақалы Назыке Қара­молдаевты 1994 жылдың 11 желтоқсаны күні Мерке санато­рий­інде қуып жетті. 1928-1937 жылдардағы қуғын-сүр­­гінді көріп, одан әупірімдеп аман қалған, одан кейін Ұлы Отан соғысының қан кешу, қасап шайқастарын бастан кешіріп, бір Алланың медетімен одан да аман өткен ардагер қарт сарбаз әрі үлкен жүректі ұстаз осы арада өзінің 85 жасқа қараған шағында, өмірдің қызығын шуақтап, ұрпақ­тың қызығын тамашалап жүрген сәтінде ешбір ауы­рып сырқамаған ың-шың­сыз қалпында сәл ғана мыз­ғып алу үшін ұйықтап кеткен адамның кейпімен мәңгілікке көз жұмды. “Сағаттың шықылдағы емес ермек, Һәмишә өмір өтпек ­– ол білдірмек. Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек”, – деген ғой Абай атамыз. Назыке Қарамолдаев өз өмірінде Абай­дың өлеңдерін жанындай жақсы көрген, қырық жылдық ұстаздық қызметінде Абай өлеңдерін шәкірттеріне жалықпай жаттату­мен өткен, әуелі Алла деп, сонан кейін Абай деп өмір сүрген адам екен. Өлгенде де жастығының басынан Абай өлеңдері жазылған блокноты, содан кейін өз ұрпақтарына арнап жазған хаты табылған. Осыған қарап-ақ Назыке ақсақалдың Абай өлеңдері мен қара сөздерінің мағынасын ұғып қана қоймай, оның философиялық тұңғиығы мен дәстүріне мейлінше бой ұрғандығын, мына өмірдің өткінші екенді­гін ұғып, оның алды-артын болжап жүретін өте ұқыпты, ұсынықты адам болғандығын аңғаруға болады. Хатында ақсақал өзінің азан шақырып қойған шын аты-жөні Назаралы Құлманбет баласы екендігін жазып, “жаман айтпай жақсы жоқ” де­гендей, егер алда-жалда олай-бұлай болып кететін болса, қабірінің басына шын аты-жөнін қоса жазуды табыстаған екен. Кім біледі, өмірді мейлінше жақсы көрген, сол үшін күрескен, оның мейілінше мағынаға толы болуын ұрпақтарына, шәкірттеріне жалықпай үндеумен өткен ақсақал соңынан қуып келе жатқан ажалдың есіктен кірер сәтін сезініп үлгерді ме, қайдам?.. Жоғарыдағы сөз арасында біз Назыке ақсақалдың 30-шы жылғы аштық пен 37-нің қуғын-сүргініндегі ажал тырнағынан аман құтылғанын айтқан едік. 41-дің қа­­һарлы күндерінде де бұл кісінің не өліммен бетпе-бет келген сәттері аз болған жоқ. Сондағы от кешулерде де талай рет ажал тырнағынан аман қалды. Соның бір-екеуі туралы баяндай кетейік. Назыке Қарамолдаев Смоленск – Рос­­лавль бағытын жаудан азат ету шайқасына қатысады.  Мұндағы ұрыстардан соғысушы екі жақтан да көп адам шығын болды. Мәселен, тарихи деректер бойынша Смо­ленск бағытын азат ету жөніндегі опера­ция­ға кеңес жағынан 1,2 миллион адам қаты­сып, оның 107 мыңнан астамы қаза тапты және тұтқынға алынды, 350 мыңнан астамы жаралы болды. Ал неміс жағынан 850 мың­нан астам адам қатысып, 250 мыңы оққа ұшып, жараланды. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі”, дегендей Назыке аға­мыз жан беріп, жан алысқан бұл ұрыс­тардан да аман өтті. Осы арада жауынгер бастан кешірген мына бір жайды баяндай кетейік. Өзі мұсылман баласы болғандықтан, әрі жастайынан басынан қауып-қатерлерді көп өткізіп жүргендіктен күн сайын ұйықтар алдында Құдайға жалбарынып, елінің амандығын, денінің саулығын күбірлеп сұрап жатады екен. Қасындағы орыс жолдастары онысын ұқпай: “Не деп әндетіп жатырсың, айтсаң қаттырақ айтпайсың ба?” дейтін көрінеді. Бірақ, қазақ сарбазы өзінің Аллаға сенетіндігін, күн сайын одан медет тілейтіндігін, мақсаты бір болса да діні бө­­­лек достарынан жасырады. Өйткені, тү­сін­бестік пайда болуы да мүмкін еді. Бір түні кезекті шайқастан кейін әбден шаршаған бұлар орман жиегінің ашық алаңқайындағы жалғыз еменнің түбінде 4-5 жауынгермен бірге ұйықтап жатады. Сонда: “Өй, неғып жатырсың? Тез тұр!” деген дауысты естіп, басын көтеріп алады. Жан-жағына қараса, ағаш түбінде бірге түнеп жатқан жол­дас­тарынан басқа көзге ешкім шалынбайды. Әрі бұған мұндай сөзді айта қоятындай маңайында өзінен басқа қазақ та жоқ. Содан жай елес болар деп қайтадан қалғуға көшеді. Осы сәтте тағы да біреу құлағына: “Тез тұр да, суға бар”, деп ап-анық сыбырлайды. Қайтадан селт етіп оянып кетеді. Аспан алакеуімдене бастаған таң алдындағы сәт екен. “Қой, бұл бекер дыбыс болмады. Әлде әке-шешем аян беріп жатыр ма екен?!” деп ойлайды. Оның үстіне өзінің шөлдеңкіреп жатқандығын сезінеді де не де болса орнымнан қозғалай­ын деген оймен әудем жердегі бұта-бұтаны қуалап, сылдырай ағып жатқан бұлақ суына орнынан тұрмастан еңбектеген күйі жетеді. Судан қанып ішіп, артына бұрылғаны сол еді, жаңа ғана өзі жатқан еменнің түбіне жаудың атқан бір снаряды ышқынып ке­­­ліп бұрқ етіп жарылып, те­­ректі төңкеріп тас­тай­ды. Осыдан кейін-ақ айна­ланы азан-қазан қыл­ған оқ нөсері баста­­лып жүре берді. Бұл немістердің шабуылға шығар ал­дын­­дағы әре­ке­ті еді. Ау­ыр артилле­рияның кү­ші­мен күрт басталған ша­буылдан көп­теген адам шығын бо­лады. Мұ­нымен бір еменнің астында бірге ұйықтаған жауынгер­лер­дің бар­лығы алғаш­­қы сна­ряд­тың жарылысынан-ақ түгелдей опат болып кет­кендігін ұрыс аяқ­тал­ған соң барып бір-ақ біледі. Қазақ сарбазы На­зы­ке Қарамолдаев соғыста осындай жағдайларды көп бас­­тан кешіп, ерлікпен шайқасып, 1943 жылғы қарсы шабуылдардың бірінде қол-аяғынан жаралы болды да, екі саусағын майдан даласына қал­ды­рып еліне оралды. Бейбіт еңбекке ара­ласты. Жар сүйіп, тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Жеті перзентіне жоғары білім әперді, екі баласы орта арнаулы оқу орнын бітірді. 1946 жылы Қордайдың Қызылсай, Сор­төбе ауылдарында, ал 1947 жылдан бастап Алға ауылындағы орта мектепке директор болып тағайындалып, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Алма­тыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық инсти­тутын бітірді. Өз ауылында тапжылмастан 1969 жылы зейнеткерлікке шыққанша мектеп басқарып, ұстаздардың ұстазы атанып жұмыс істеді. Алға ауылындағылар Назыке ақсақалды үлкен-кішісі бірдей тегіс құрметтеді. Адам­гершілікке берік, ісіне таза, қатал мінезіне бас иетін. Өйткені, ұстаз бүкіл ауылға тәр­­­бие көрсетіп, шәкірттері үшін жанын салды. Осы адам болады-ау деген шәкірттерді Ал­матыға өзі апарып, оқуға сүйреді. Жалықпай ағаш ектірді. Шекісіп қалғандарын тату­­ластырды. Жас отбасылардың тәлім-тәр­бие­сіне дейін араласып, өнеге көрсетіп отырды. Назыке ақсақалдың шәкірттерінің бірі Далбай Омаров бүгіндері Алға ауылынан үлкен мешіт ашып, елді имандылыққа ша­қырып, сауапты іс атқарып жатқан, ел сый­лаған қадірлі азамат. Ал Әбдірахман Ма­ма­шев Жамбыл облыстық білім басқарма­сының бастығы болып ұзақ жыл қызмет ат­­қарған жан. Педагогика ғы­лым­да­рының докторы ол Назыке ұстазы жай­лы естелік­тер жариялап, кейінгі жас­тарға өмірін өнеге етіп отырады. Назыке ақсақалдың балалары ата-ана тәрбиесіне сай бойлып өсті. Бүгінгі таңда өмірдің әр сала­­сында қоғамға игілікті қызмет ету­де. Қыздарының бірі Баян өзі ту­ған Қордай ауданындағы халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарып, мемлекеттің әлеуметтік саладағы саяса­ты­ның жергілікті жерде дұрыс орындалуына, ел жағдайының жақсаруына барынша үлес қосуда. Балаларының бір­қатары әке жолын таңдады. Аналары Зәмзе әжейді алақан­дарына салып, аялап отыр. – Өзі де өңді, бойшаң әкеміз әр нәрсеге эстетикалық талғаммен, ал өмірге үлкен ой көзімен қарайтын. Абай өлеңдері мен қара сөздерін халыққа үлгі етіп айтып отырушы еді. Үстіне шаң жуытпайтын. Балаларынан 30-дан астам немере, 15 шөбере көріп кетті. Бір тісі түспестен, белі бүгілместен 85 жа­сында ешбір ауырып-сырқап қиналмастан дү­ниеден өтті, – дейді бұл күндері Қа­зақстан Ұлттық Банкінде бас маман болып жемісті қызмет істеп жүрген қызда­рының бірі Бақыт Назыкеқызы. Жаратушының өзі “сақтансаң сақтай­мын” деген ғой. Өмірде көп қатерді бастан кешір­ге­німен, қиындықтың бәрін қайыспай көте­ріп, өзін сақтай білу, өмірді ардақтай білу ар­қылы соңында рулы елге лайық ұр­пақ қал­дырған, қоғам үшін көптеген шәкірт тәр­бие­­лег­ен, сөйтіп, өмірін мағынаға толты­рып, ай­наласын гүл-бақшаға айнал­дырған қарт сар­баз­дың, үлкен жүректі ұстаздың жүріп өт­кен жо­­лы осы­нысымен ардақты да өнегелі демекпіз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. Жамбыл облысы, Қордай ауданы.