• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2010

“Еліміз ЕҚЫҰ менталитетін өзгертті”

485 рет
көрсетілді

Елбасының бұл айтқаны күн өткен сайын осы ұстанымды толықтыра түскен істермен айшықталып отыр – Қазақстанның төрағалық етуінің нәтижесінде ЕҚЫҰ-ның менталитетінде едәуір өзгерістердің болғаны байқалады. Сондықтан да биылғы жыл Ұйымның тарихындағы жаңа кезеңнің басы бола алады, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Бельгияға жасаған ресми сапары кезінде New Europe басылымына берген сұхбатында. “Біз төрағалықтың тізгінін қолымызға ала отырып, бір жылдың ішінде барлық мәселелерді шешіп тастау мүмкін еместігін түсіндік. Алайда, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық басымдықтары бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, көптеген жетістіктерге жетті”, деп атап өтті Президент. Мемлекет басшысы, ең алдымен, Орталық Азияның бүгінгі мәселелеріне халықаралық қоғамдастықтың назары аударылғанын атап айтты. “Қазақстан­ның тарапынан болған іс-әрекеттердің нәтижесінде Қырғызстандағы жанжал тоқтатылды. Сондай-ақ, Ауғанстан да ұмыт қалған жоқ. Біз осы ислам рес­пуб­ликасына халықаралық деңгейде гу­ма­нитарлық көмек көрсетуді кү­шейт­кі­міз келеді”, деп мәлімдеді Н. На­зар­баев. ЕҚЫҰ-ның болмысының өзгергені­не бір дәлел, “еуропалық қауіпсіздік” де­ген ұғымды Қазақстан “еуразиялық қауіп­сіздікке” өзгертті. Өйткені, бір-бі­рі­нен бөлінбейтін Еуропа мен Азияның қауіпсіздігі де біртұтас қарастырылуы қа­жет. Сондықтан да Қазақстан төр­аға­лық тізгінін ұстаған соң Азиядағы тұ­рақ­сыздықтың үлкен ошақтарының бірі – Ауғанстанға ерекше назар аударды. Өйт­кені, ауған мәселесі аймақтық және жаһан­дық қауіпсіздік тұрғысынан алған­да, халықаралық коалициялық күш­терге көп жылдар бойы жүйелі көмек көрсеткен Қазақстанның сыртқы саясатының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Атап айтарлығы, Қазақстан төр­аға­лық­­ты қолына алған күннен бастап ЕҚЫҰ-ның кеңістігімен шектелмей, Ұйымға мүше елдерді шекаралас мемлекеттердің аумағынан төніп тұрған қауіп-қатерлерге жаңаша көзқараспен қарауға шақырды. Мысалы, Ауғанстан жаһандық деңгейде атышулы лаң­кес­тік­тің, діни экстремизмнің, есірткі сау­да­сының үлкен ошақтарының бірі бо­лып саналады. Ал бүгінгі таңда ЕҚЫҰ-ның үш мүшесі Ауғанстанмен шек­ара­лас орналасқаны, Ауғанстанның өзі ЕҚЫҰ-ның әріптесі болып табы­ла­ты­ны белгілі. Осыған орай, төраға мем­ле­кет қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мақ­са­тында Ауғанстандағы ахуалды тұрақ­тан­дыру үшін барлық ерік-жігерін Азия құр­лығындағы әріптес мемлекеттермен үн­қатысуды одан әрі нығайтуға жұм­са­ды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 2007 жылғы Мадрид кездесуіндегі Ауғанстанға қатысты шешімдерін басшылыққа ала отырып, төрағалық қызметіне кіріс­кен­ге дейін ауған халқына көрсетілетін көмектің көлемін ұлғайту жөнінде бас­та­ма көтерді. Десек те, ЕҚЫҰ-ның Ауған­станға тереңдеп көңіл бөлуіне ЕҚЫҰ-ның төрағасы, Мемлекеттік хат­шы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың ағымдағы жылдың 28 қаң­тарында Лондонда өткен халық­ара­лық конференцияда ауған мәселесіне қатысты сөйлеген сөзі ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арасындағы пікір­та­лас­ты одан әрі жандандырды. Қанат Саудабаев қысқа мерзім ішінде Кабулға үш мәрте арнайы сапармен барды. 2009 жыл­дың қараша айындағы, 2010 жылдың ма­мыр және шілде айларындағы Ауған­стан президенті Хамит Карзаймен және сол елдің жоғары басшылығының өзге де өкіл­дерімен болған кездесулер ЕҚЫҰ та­рапынан ең қажетті деген тұстарда көмек көрсетудің бағыт-бағдарларын айқындап берді. Қазіргі кезде Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан арасындағы шекараларды басқару деңгейін көтеруге, трансшекаралық ынтымақтастықты да­мы­туға, Ауғанстанның шекаралық және полицейлік күштерінің мүмкіндіктерін арт­тыруға бағытталған іс-шараларды жү­зе­ге асыруда. Ауғанстанды қалпына келтіру және дамыту дегенде, ең алдымен, жа­һандық лаңкестік, діни экстремизм жә­не есірткі трафигімен тиімді күресу мә­се­лелері қарастырылады. Осыған орай, біз­дің еліміз жаһандық жаңа қауіп-қа­тер­лермен күреске бағытталған халықаралық қа­уымдастықтың ұжымдық күштерін же­тіл­діруді, жоғары деңгейге көтеруді мақсат тұтып отыр. Еліміз Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сер­жан Әбдікәрімовтің айтуынша, Ұйым шең­берінде Қазақстан ең маңызды мә­селелерді шешуде және созылмалы дағ­да­рыс жағ­дай­ларын реттеуде үйлестіруші мис­сияға ерек­ше көңіл бөлуде. “Мәселен, Қа­зақстанның Қырғызстандағы дағ­да­рыс­ты реттеуде аса маңызды үйлестіруші рөл атқарғанын ЕҚЫҰ-дағы барлық әріп­тес­тері жоғары бағалауда. БҰҰ мен Еуроодақ сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, қысқа мерзімде түпкілікті шешім қабылдадық”, дейді ол. Сержан Әбдікәрімовтің пікірінше, бүгіннің өзінде Астанада өтетін саммиттің субстантивті толығуы анық байқалады. Мәселен, ЕҚЫҰ шеңберіндегі барлық мін­деттемелерді жоғары деңгейде қайтадан бекіту, еуроатлантикалық және еу­разиялық қауіпсіздікті нығайту мақ­сатында мемлекет­тер арасындағы сенімді қал­пына келтіру, 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінде қабыл­дан­ған Вена құжатын жаңарту, трансұлттық жаңа қауіп-қа­тер­лермен бірігіп күресу, Ауғанстан мәселесі, жер бетіндегі созыл­малы жанжалдар, Қыр­ғызстандағы ахуал, ЕҚЫҰ-ның екін­ші өлшеміне арналған стратегиясын іске асыру, төзімділік, кемсітпеушілік және мә­дениетаралық үнқатысу құру сияқты адамзатты алаңдатқан күрделі мәселелер талқыға түсетін айтулы басқосуға жер-жаһанның халқы түгелге жуық елеңдеп отыр. Алқалы жиынды ұйым­дас­тыру­шы­лар­дың айтуынша, бұл саммиттің “келісімдер саммиті” болмайтыны анық. Өйткені, жо­ға­ры дәрежедегі бұл жиын осыдан 35 жыл бұрын Хельсинкиде басталған процесті жа­ңа өмірдің шындығына бейімдеуге, ЕҚЫҰ-ның жаңару процесіне соны сер­пін беруге, стратегиялық бағдарларды байыптауға және біздің жүйелі да­муы­мыз­дың “Жол картасын” айқындауға арналып отыр. Бүкіл ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін та­рихи оқиға болып саналатын жоғары дең­гейдегі осы кездесуді өткізу жөніндегі ше­шім, ең алдымен, Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары бе­делінің, бейбітшілік пен қауіпсіздік, да­му бағытындағы көпжылдық үздіксіз ең­бе­гінің нәтижесінде қабылданғанына ешкім дау айта алмас. Отандық және ше­тел­дік сарапшылардың пікірінше, бұл саммит Қазақстанның әлемдегі беделінің өс­кенінің және Елбасының жоғары бе­де­лінің айқын дәлелі. Астанадағы Kazenerjy форумына қа­тыс­қан Австрияның федералдық экс-канц­лері Альфред Гузенбауэр ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көптеген бас­шы­лары Астана Саммитіне Нұрсұлтан На­зар­баев­қа деген жеке құрметі үшін келеді де­ген пікір білдірді. “ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұл­да­ғы саммитінен кейін, 11 жыл ішінде көп­теген елдердің үкіметтері осындай фо­рум ұйымдастыруға әрекеттенді. Бірақ, бұл Қазақстанның ғана қолынан келді. Осы­ның өзі – үлкен жетістік. Екіншіден, сам­мит Қазақстанның осынау беделді Ұйымдағы алатын маңызды орнын көрсетеді. Менің ойымша, сіздерге бұл фо­румды ұйымдастыруға барлығынан бұ­рын Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік дең­гейдегі зор беделі көмек берді”, деді мәртебелі мейман. Бұл пікірге біздің қосарымыз, үлкен Ұйым дағдарысқа ұрынған кезеңде және гео­саяси мүдделер қақтығысы артқан за­манда мұндай басқосуды өткізу – Қазақ­стан Президентіне деген халықаралық сенімнің айқын көрсеткіші. Аталған жиын арқылы Қазақстан халықаралық қауіп­сіз­дік жүйесін нығайтуға, әлемді дамыту үшін жаһандық үнқатысуды өткізуге деген ұм­тылысын байқатуда. Қазақстанның ұс­та­нымынша, халықаралық саясаттың жаңа замандағы басты ұраны: өзара сый­лас­тық пен сенім, пәтуашылық пен төзім­ділік болуы қажет. Қалай десек те, Астана Саммитінің еліміздің егемендігі үшін де, Ор­талық Азия елдерінің тағдыр-талайы үшін де маңызы зор. Біріншіден, бұл Ор­та­лық Азия аймағының шетін мә­се­ле­ле­ріне жаһандық қоғамдастықтың назарын аударуға деген тамаша мүмкіндік. Яғни, ха­лықаралық ұйымдардың күш-қуатын атал­ған аймақтағы проблемаларды шешуге пайдалануға болады. Бұған нақты мысал: Ауғанстан мен Қыр­ғызстандағы мәселелерді шешу. Өйткені, бұл елдердегі тұрақсыздық Ор­та­лық Азияның басқа мемлекеттеріне зор қа­уіп төндіруі мүмкін. Екіншіден, жо­ғарыдағы және басқа да мәселелердің ше­шілуіне ықпал етіп, сенім мен ашықтық қа­ғидаттарына негізделген аймақтағы қауіп­сіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыра оты­рып, Қазақстан басшылығы елдің және оның азаматтарының стратегиялық қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге әрекет жа­сай­ды. Мұндай саясат Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың төмендегідей қа­ғи­дат­тарға негізделген нақты ұс­та­ны­мы­нан шы­ғады: бүгінгі ғаламда кез-келген мемлекет­тің қауіпсіздігі, ең алдымен, әскердің санымен және қуатымен емес, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі үнқатысу, ашықтық және белсенділік саясатымен көрініс табуы қажет. Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.