• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2010

Баспасөз-2011

355 рет
көрсетілді

СЫР БОЙЫНДА БАС ГАЗЕТ БӘСІ БИІК Келесі жылдың мерзімді ба­сы­лымдарына жазылу науқаны ке­меліне келе түскен шақта “Егемен Қазақстан” республикалық га­зеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов Қызылорда облысына атбасын тіреді. Мұнда басылым басшысы алдымен қаладағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер са­рай­ында қалың оқырманмен жүздесті. Кездесуді ашқан облыс әкі­мі­нің орынбасары Рзақұл Нұртаев басқосудың мақсатын саралап ай­тып шығып, сөз кезегін қонаққа берді. “Егемен Қазақстан” га­зе­ті­нің басшысы өз сөзінде былтыр ғана шыға бастағанына 90 жыл толған басылымның тарихына қыс­қаша тоқталып өтіп, қазіргі таңда алдағы тұрған негізгі мін­дет­тердің жайын баяндады. Елімізде “Жол картасының” қолға алын­ғанына бірқатар уақыт болып қал­ды. Үдемелі индустриялық-инно­вациялық бағдарлама шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар қызу қарқын алуда. Кешегі посткеңестік елдердің арасында бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төрағалық ету құқығына қол жеткізген рес­пуб­ликамыз алдағы желтоқсан айы­ның басында осы қабырғалы халықаралық ұйымның Саммитін өткізу үшін дайындық жұмыс­та­рын жүргізіп жатыр. Қазір міне, осы айтулы оқиғалар Отаны­мыз­дың бас газетінің басты назарында тұр. Бұдан кейінгі сөз тізгінін Қы­зыл­орда мемлекеттік универ­си­те­ті­нің ректоры, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор Бай­зақ Момынбаев алып, өзі же­текшілік ететін жоғары оқу орны жөнінде әңгімелеп берді. Кезінде екі институттың негізінде қайта құ­рылған университетте қазір елі­міздің бас басылымының оқыр­ман­дары өте көп. Газетте жарық көрген тарихи-танымдық, сондай-ақ білім беру саласы мен педа­го­ги­каға қатысты материалдарды оқы­тушылар өздерінің дәріс­те­рінде қосымша әдебиет ретінде пайдаланып тұрады. “Егемен Қазақстан” – елдің газеті ғой. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің күнделікті жазылып жатқан жылнамасы секілді. Онда Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, мемлекеттік орган­дардың күн сайынғы дерлік халық игілігі, елдің келешегі үшін ат­қа­рып жатқан жұмыстары жүйелі түрде көрсетіліп тұрады. Сондық­тан өз елінің лүпілдеп соққан тыныс-тіршілігі мен қарыштап басқан қадамына құлағы түрік жүретін озық ойлы әрбір азамат ата басылымды жаздырып оқуға тиіс. Бұл — ешбір талас тудырмай­тын талап. Осыған ұқсас ойларды универ­ситеттің оқытушысы, филология ғы­лымдарының кандидаты, про­фессор Ұлжан Жаңбыршиева да айтты. Ол өзінің сөзінде сондай-ақ бас басылымда шығып жатқан материалдарға ұдайы шолу жасап тұратындарын жеткізді. Сонымен қатар айтылатын ұсыныстар да жоқ емес. Мәселен, газет бетінде экономика және ауыл шаруа­шы­лы­ғы салалары бойынша талда­ма­лы материалдар жиі жарияланып тұрса. Оқырмандар арасында қызу пікірталас туғызатын полемикалық бағыттағы дүниелерге де мән берілсе. Ал университет оқыту­шы­сы, тарих ғылымдарының кан­ди­даты Меруерт Аңсатова газетте қыздардың тәрбиесіне байланысты арнайы бет болуын қаласа, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Дүйсен Нұ­ры­мов Арал теңізінен ұшып жат­қан тұзды шаң-тозаңның әлі алаң­дататынын айтты. Университеттегі жүздесуден соң Сауытбек Абдрахманов облыс әкімі Болатбек Қуандықовпен кез­десті. Әңгіме-дүкен бары­сында газеттің соңғы уақыттары көтеріп келе жатқан тақырыптары турасында сөз қозғалды. Облыс басшысы мұнда бас басылымның қаперінен тыс қалмаған аймаққа қатысты екі мәселенің нәтижесіне назар аударды. Бірінші, кезінде көп талас тудырған Көксарай қарсы реттегіші өзінің мақсатын толығымен ақтап, бүгінде жұрттың игілігіне жарай бастады. Биыл су қанша көп болғанымен, су реттегіштің қызметі арқылы дария жағасындағы жұрт тасқынға ұрына қоймады. Екінші, осы Көкса­райдың арқасында Сыр диқандары күріштен мол өнім алудан үсті­міз­дегі жылы соңғы 25 жылдың бе­дерінде болмаған мол көрсеткішке қол жеткізді. Облыста 77,4 мың гектар жерге күріш дақылы егіліп, оның әр гектарынан 48,6 цент­нер­ден түсім түсті. Аймақ егіншілері мұндай көрсеткішке соңғы рет сонау 1985 жылы иек артқан еді. Диқандардың осындай табысқа жетулеріне мемлекет тарапынан беріліп келе жатқан субсидия көлемінің арта түсуі де оң ықпал жасап отыр. Осы кездесулерде қозғалған әңгімелердің арқауы мен олардағы ойлар түйіні Сыр бойында ата басылымның беделі мен бәсі биік болып қала беретінін байқатты. “Егемен-ақпарат”. * * * ОҚЫРМАНҒА ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ЖАЗАТЫН БАСЫЛЫМ КЕРЕК Еліміздің бас басылымын жаздырып алуда оңтүстікқазақстандық оқырмандар республикада көш бастап келеді. Былтыр 25 мыңнан аса адам “Егемен Қазақстанды” таңдағанын әңгіме ыңғайында баяндай кетейік. Осы өңірге жұмыс сапарымен келген “Егемен Қазақстан” рес­пуб­ли­калық газеті” акционерлік қо­ға­мы­ның президенті Сауытбек Абдрах­мановты облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іссапарда жүруіне байланысты облыс әкімінің орын­басары Әли Бектаев қабылдады. – “Егемен Қазақстан”– әм­бе­бап басылым, – деді Әли Әбді­кә­рім­ұлы. – Елбасының сындарлы саясаты мен мемлекеттің тыныс-тір­шілігін, Үкімет қабылдаған бағ­дарламалардың қалай орындалып жатқанын “Егемен Қазақстан­да­ғы­дай” ешкім көрсете алмайды. Сон­дықтан бұл ата газетті басқа оқыр­мандарды былай қойғанда, әрбір мемлекеттік қызметкер жаз­дырып алуға тиіс деп ойлаймын. Облыс әкімінің орынбасары қонаққа мұнда атқарылып жатқан оң өзге­рістерді сала-сала бойынша баян­дап берді. Содан соң ол өңір бас­шы­сы­ның бастама, бақы­лауымен биз­нестің әлеуметтік жауапкер­ші­лігі аясында салынған нысан­дар­дың құрылысымен та­ныстырды. Атап айтқанда Төле, Қазыбек, Әйтеке би­лердің көшелері тоғыс­қан жердегі “Тәуелсіздік мону­менті”, “Ту төбе”, “Шәмші гүл­зары”, “Неке сарайы”, “Қыз­ғал­дақ” жас­тар аллеясы мен “Хакім Абай мұ­ра­жайы”, “Даңқ” мону­менті сияқ­ты қала көркін ашып, маз­мұнын байытқан келісті ны­сандарды кө­ріп, тамашалау бары­сын­да құры­лысқа қатысқан меке­ме­лер және жеке кәсіпкерлер жай­ын­да жылы да жақсы әңгімелер айтылды. Түстен кейін басылым  бас­шысы Сайрам ауданына сапарын жалғастырды. Аудан әкімі Уәлихан Қайназаров мейманды қала ше­тін­де орын теп­кен Мұхтар Оразалиев атын­да­ғы “Ұлан” спорт кешенінің жұмыс барысымен таныстырды. Әлі то­лық пайдалануға беріле қоймаған ғимарат Еуропадағы мақтаулы спорт орталықтарынан бір де кем емес. Жазғы футбол алаңын былай қой­ғанда, жабық баскетбол және жасанды төсеніші бар жабық фут­бол алаңының өзі мұндағы спорт­шыларға қажет барлық жағдайдың туғызылғанын толық көрсеткен­дей. Ауданның Ақсукент елді ме­ке­нін­дегі жеке кәсіпкер салған ба­ла­бақша 120 бүлдіршінге лайық­тал­ған. Бұл жердегі мемлекеттік шы­ғын – қызметкерлердің жал­ақысы және коммуналдық төлем ғана. Екі жаққа да ыңғайлы мұндай жо­ба “Балапан” бағдарламасының орын­далуына жақсы көмек бермек. Оқырмандармен кездесуде Сауытбек Абдрахманов басылымға жазылудан бөлек, ел өміріндегі келелі мәселелердің мә­нісін байыппен таратып, тарқатып айтты. Осы Сайрамда “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Пах­рид­дин Қаратаев деген жайсаң азамат бар. Ол – “Егемен Қазақстан­ның” шынайы жанашыры. Бұл жолы да қолында аға газет бар ақкөңіл жан басылымда жария­лан­ған Ө.Байгел­дидің “Қазағым, қайда барасың?” мақаласын тұшы­нып оқып, өз көңіліндегі сауал­дарына толық жауап тапқанын айтты. Газет оқыр­мандарының көп болатындығына, таралы­мы­ның артатындығына сенетіндігін білдірді. Кездесуге ауыл әкімдері де көп келген екен. Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ақылбек Құр­ман­беков 18 ұлттан құралған ауыл­да “Егеменнің” оқырмандары жыл сайын көбейіп келе жатқанын айт­са, Қайнарбұлақ ауылдық окру­гінің әкімі Нұрболат Қарабаев ба­сылымның мемлекеттік мәселе­лер­ді насихаттаудағы орны ерек екендігін тілге тиек етті. Шағын ауылдың мемлекеттен алған үлесі 1 млрд. теңгеден асады екен. Қай мемлекет мұндай тәуекелге бара­ды?!. Сәл кемшілік тапса соған қуанып, сүрінгендерді сүзгілейтін басылым­дарды емес, жұрт жақ­сылыққа жаны үйір, ел берекесіне шын қуана алатын газетке жазылу керек, таңдауды солай жасау керек деді ол. Жиынды аудан әкімі Уәлихан Қайназаров қорытты. Айналдыр­ған он жылдың ішінде таралымын 38 мыңнан 160 мыңға жеткізген бас басылым қалың қазақ жұртына ең керек газет. Таралымының ар­туы­на бәріміз де үлес қосамыз деді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. ---------------------------------- Суреттерді түсірген Хусан АЗИЗОВ.