• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2010

Жетінші саммит. Сәрсенбінің сәті

722 рет
көрсетілді

Қазақстанның мерей-мәртебесін асырсын, Қазақ елінің қасиетін танытсын “Егемен Қазақстан” газетінің осы жылғы 15 қа­зандағы санында “Төрағалық деп осыны айт!” деген тақырыппен жарияланған шетелдік бел­гілі үш саясатшы қайраткермен блиц-сұх­ба­тын басылым басшысы Сауытбек Абдрах­ма­нов мынадай ой түйіндеумен аяқтаған еді: “Нұр­сұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің таңсәрі ша­ғынан бері ел өміріндегі санаулы да сал­та­натты оқиғаларды сәрсенбінің сәтіне орай­лас­тырып келтіретінін көзі қарақты қауым жақсы бі­леді. 2010 жылдың 1 желтоқсаны да – сәр­сен­бі. Айтқандай, ұмыта жаздап барады екен­біз, Астана Саммитінің рет санын білесіз бе? Бұл – жетінші Саммит. Жеті – қазақ үшін қа­сиет­ті сан. Иә, сәт!”. Нақ осы тілеуқор сөздер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына мүше елдер мемлекет басшылары қа­тысатын биік дәрежелі, ұлық мәртебелі Астана Саммиті хақында елдік әрі ұлттық мерей-мүдде тұр­ғысындағы кейбір толғамдарды тара­тың­қы­рап ізерлеуге шақырып тұрғандай. Иә, халқымыз қашанда жақсы лепесті жа­рым ырысқа балаған, игі нышанды ырым ет­кен. Осыны ләзім дей тұра, қазақты қасиетті же­тіге қоңсы қондырған, сәрсенбінің сәтті кү­нін сауырынан сипатқан құдірет – нақ өзі­міз­дің бүгінгі елдігіміз бен бірлігіміз екенін естен әсте шығарғымыз келмейді. Ұшпаққа жет­кіз­ген, ұшар шыңның басына шығарғалы тұрған қыдырлы қанатымыз – тәуелсіздігіміз. Өзіндік “мені” бар, арғы бабаларымыз сыйынған аспан түс­тес, көк байрақты, нысаналы меңі бар мем­ле­кеттігіміз. Бұл – біздің әу бастан-ақ кеудесі биік, парасаты зор, керегесі кең, басқалармен те­резесі тең мықты мемлекет құруды бағдар ет­ке­німіздің әмбе айғағы. Қарап отырсақ, алаш алаш болғалы, қазақ қазақ болғалы әлемге мұндай әйгіленгеніміз жоқ еді деген тебіреністі шалқыма сөздер де көп айтылуда. Шыны да сол-ау. Бәлкім, ары­да­ғы Абылайдың асы мен берідегі Абай тойы осы шырқау биікке көтерілу кезеңдеріндегі дәуір­лік баспалдақтарымыз болған шығар. Қа­лай десек те, Абылай аспас Сарыарқаның бе­лін­де, Арқа төсіне орнаған жаңа Астананың тө­рін­де қасиетті Жетімен көмкерілген Сәр­сен­бінің сәтіне жетудің жолы қазіргі ЕҚЫҰ тө­р­ағасы – Қазақстан деген мемлекетті құраушы қазақ ұлтына оңай болған жоқ. Осы азапты жол­да халқымыздың қара жерден де ауыр қи­сап­сыз қасіреттерді бастан кешкендігін тағы да қайталап айтып жүрекке мұң ұялата бер­мейікші. Өткен өтті. Кеткен кетті. Халқымыз мұратына жетті. Негізгісі осы емес пе. Біздің айтпағымыз: ата-бабаларымыздың осындай мерейлі күнге жетуді мың жыл бойы көз майын тауыса сарғайып арман еткендігі. Халық­тың сол бір асыл аңсары Күлтегіннің көк та­сынан бастап әрбір ғасырдың бедерінде таң­ба­ланудан жазбады, әр заманда зарлы құстың жы­рындай қанат қағып талпынудан, тол­қы­ну­дан талмады. Дүниенің төрт тарабымен жалғасудың Жібек жолын әлемде бірінші болып біздің аталарымыз тартты десек, артық па. Он сегіз мың ғаламның жұмбақ жамалын Әл-Фараби сынды перзенті арқылы танып-білуге тырнақалды құштарлығын оятқаны ойсыздық па. Халқы үшін қайғы-дүр болған Асан баба­мыз “Еділ бол да Жайық бол, Ешкімменен ұрыс­па”, деп өрелі өсиет айтып, заманның елұйығын, қоныстың жерұйығын іздеп жел­мая­ла­тып жер шалғаны бүгінгі сәрсенбінің сәтін көз­деген бағзыдан бергі асыл арман емес еді деп те айта алмаспыз. Солай да солай, көмекей әу­лие Бұқар-екең айтқандай, “сегіз қиыр шар­тарап, төрт құбыланы түгел қып, төрінде жатып салмақтануды” мұрат тұтқан халқыңыз да нақ осы қазақ болатын. Сәрсенбінің сәтіне сонау ықылым заман­дар­дан-ақ сапар салған шиыр соқпақтан көз жазып адасқан, асыл арман ғасыл бола жаз­даған, “қалың елі, қазағы, қайран жұрты үшін ұлы Абайды күңірендірген кеселді кезеңдер, дерт­ті дәуірлер де болмай қалған жоқ. Елдігің де, ерлігің де, бірлігің де бордай тозып бо­дандықтың зіл қамытының астында қабырғасы бір-бірлеп сөгіліп қақырап жатты. “Бас-басына би болған өңкей қиқымнан” азап шеккен да­ныш­пан “өз ырқы өз қолынан кеткен елдің енді түзелеріне” көзі жетпей торықты. Нұсқасы ке­тіп, жығасы қисайған елі үшін күйзеліп: “Кетті бірлік, Сөнді ерлік – Енді кімге бет­те­мек?”, деп наза күйін кешті. Сөйтіп, “өмірдің өрін тауысқан, білімсізбен алысқан, сенісерге жан таба алмай, ит жүректі сенделткен” хакім ата қа­пас қараңғыдағы еліне келер заман – көк тұ­маннан жол ашар жарық сәуле шашып кет­ке­нін білді ме екен? Білген шығар данышпан, сез­ген шығар ұлы жүрек. Әйтпесе: “Адамзаттың бә­рін сүй бауырым деп”, деген ұлы өсиетін айтпас еді ғой, ұрпақ болашағының нақ бүгінгі заман­дағы ең ізгілікті сара жолын нұсқамас еді ғой. Абай нұсқасын тұтынған Алаш арыс­та­рының жолы ауыр, соры қалың, азап-тауқыметі зілбатпан болды. Сөйте тұра олар да әлемге деген, адамзатқа деген жүректерін таза ұстады, тілектері мен ниеттеріне кір шалдырмады, күл­лі дүниеге кектенбеді. Керісінше, өнер-білім­мен өрге сүйремекке, басқалармен өз хал­қы­ның жан сарайын жаңғыртып, іштен түлей оты­рып теңелмекке күрес ашты. Өздері де қазақ­ты оятудың қамында, қараңғылықтың кегі үшін қараңғы қазақ көгіне Күн болып жар­қы­рап шығуға ұмтылды. Иә, Әлихан, Ахмет, Мір­жа­қып, Мағжан, Сұлтанмахмұттар солай етіп, хал­қына қызмет жасады. Түптің түбінде ғасырға жуық уақыт бойы халық рухын көтеруге, көкірек көзін ашуға үндеген осы күрес жолы діт­теген жеңіс межесіне бастай берген. Кеңестік қы­зыл империя құрамындағы он бес одақтас республиканың бірін құрған қазақ халқы елдігі мен ерлігін, өрлігі мен теңдігін қайта тапқандай бол­ған. Бірақ ол алдамшы әсер, өткінші елес екен. Десек те, сол кезеңде елдікке, дер­бес­тікке, мемлекеттікке бір қадам болса да жа­қын­дай түскенімізді несін жасырамыз? Өнер-мә­де­ниет, білім саласында, рухани арнада зор та­быс­тарға жеттік. Бүгінгі айдай әлемге мәшһүр Қа­зақстан Республикасының қаңқасы ғана емес, жұлын-жүйесі, қан тамырлары сол кезде сұл­ба­ланды. Әйткенмен, сол үшін берген құр­бан­дығымыз да ауыр еді: нәубетті жылдарда ха­лық­тың тең жарымынан өлідей айрылсақ, ақыл-ой мен зиялымыздың қатпарлы қай­ма­ғы­нан сыпырылып және ойсырасақ, діл мен тілді жо­ғалту зардабынан ендігі қалғанынан тірідей айрылу қаупі туған-ды. Халық санасын жұлын-құрт­тай кеулеп жеген құлдық психология өші­ре, өшіге өршіп, өрттей қаулап бет қаратпай тұ­рып алғанда бетіміз қайтуға шақ қалғаны да ащы шындығымыз болатын. Соған да қарамастан қайсар дарын Қа­сым­дар: “Елу жаста елім бар деп айта алмай, Кет­пес естен өкінгенің, мұңлы Абай. Елім бар деп ай­та­тұғын туды күн, Елім бар деп шырқатайын мен бүгін, Қойсын енді Қорқыт күйі сарна­май!”, деп тебірене шалқыған-ды. Алдауы мен ар­бауы көп кеңес заманындағы жан дүние­міз­дің қайшылыққа толы болғаны да рас. Тек осы бір арыстан ақын елдік мұраттан жаңылмады. “Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы!”, деп жарқылдай жырлаған биік кеуделі ас­қақ­ты­ғынан жазбады. “Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, қараймын келбетіңе мен та­ңыр­қап”, деп келешекте нағыз елдік келетініне се­німін үзбеді. Иә, тәуелсіздікпен дидарласқан, көк байра­ғы­мызды желбірете көтерген, сәрсенбінің сә­тін­де байтағының төрінде дүйім дүние дүрлерін қарсы алар, шын мәнінде Елім бар деп айта алар, Қасым ақын айтқан бақытты ұрпақ біз екенбіз. Жай елдікке ғана жетіп қойған жоқ­пыз. Елдігіміз мақтаныш тұтар, мерей етер дә­ре­жедегі елдік болғаны және бір ғанибет. Өз бойы­мыздан сондай бір мақтанышты біз өткен жыл­дың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясының жұмысын жазып көрсету мақсатымен барғанда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріндегі Қазақстан Туының қасында суретке түсіп, сол жерде еліміздің Сыртқы істер министрі – Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтан сұхбат алғанда сезініп едік. “Би болмаса да, би түсетін үй болсын” дегендей, ертең елу алты елдің мемлекет басшылары елордамызда ал­қалы жиында бас қосатын болуы соның айғағы. Бар әлемнің біздің елге деген ілтипаты мен құр­меті. Солай деп білеміз. Бұл мәртебеге өзі­міз ғана емес, бүкіл түркі туысқандарымыз, бар­лық мұсылман үмбеті сонымен бірге, жалпы Азия­дағы әмбе әріптестеріміз қолдау білдіріп қуанатын реті де жоқ емес. Бүркіт Ысқақов деген айкөл азамат ағамыз болған. Сол кісі елу жылдың арысында айтады екен: “О, Азия, ұлысың, Ұлылығыңды қай­тей­ін, Еуропаның құлысың!” деп. “Бас кеспек бол­са да, тіл кеспек жоқтың” жөнімен айтып сот­талып та келген. Сол кісінің айтуы қайт­кен­де де рас болатын. Бүгінде ешкімге дес бермес Қытай да, жолбарыстай серпінді Жапония да, ұлы үндестік иесі Үндістан да Батыстың ал­дын­да бағынышты, Еуропаның алдында еңселері төмен­шік еді. Енді бүгін келіп сөйткен сормаң­дай Азияның бел баласы Қазақстан Еуропаның төбе биігіне айналып, өзінің бас қаласында жаһандық жиын шақырған мәртебеге жетсе, бұған бүкіл Азия да мерейленетін реті бар дейтініміз де сол себептен. Олай болса, ақ пейіл әріптестік ықылас танытып, қуанышы­мыз­ға ортақтасу орайында азиялық ағайындар да жолдан жығылып жатпағандығына тағы бір шүкір. Сегіз қиыр шартарапқа тарамдалған төрт­күл дүниемен бірге саясат та жаһанданды де­сек, әлемдік саясаттың сара да дара саммит ша­қырған азиялық бірегей ту ұстаушы серкесі Қа­зақстан болып отырғандығы, қазақы ұғымға сал­ғанда, халқымыздың бұла көңілі үшін ол да бір жоралғылы оң нышан екендігі сөзсіз. Сонымен, 1 желтоқсан, сәрсенбінің сәтті күні Астана байтақта саммит. Еліңе, төріңе қо­нақ келеді. Құдасы мен қонағын құдайындай сыйлайтын қазақ үшін “Келгенше қонақ ұяла­ды, келген соң үй иесі ұяладының” кебі де нақ осы жерде келіп тұр. Ал енді қонақтың аз оты­рып, көп сынайтыны өзге болмаса да, әсіресе, бізге ежелден мәлім жәйт. Саммитте көкейкесті әң­гіме де айтылар, маңызды мәселелер де қа­ра­лар, халықаралық саясат та жілік майы ша­ғы­лып сараланар. Ол міндет саясаткерлердің ен­шісінде. Бізді алаңдататыны – біз жайында, сам­мит өткізген ел жайында ұлық мәртебелі меймандар­дың не деп кететіні; мың жылдық тари­хы бар, мемлекетіміздің мәйегі болып отырған халқымыз жайында қандай пікір қалып­тастыратыны. Ендеше, абыз ақынымыз Қа­дыршылап айтқанда: “Нағыз қазақ осы, міне, танып қой!” дегендей, қазақтарды шет­ел­дік қонақтарға таныстырудың нағыз орайы енді келген сияқты. Осындайда Ақтамберді жырау бабамыздың ағыл-тегіл дарқан арманы, көл-көсір ақжарма пейіл-ниеті ойға оралады. “Кеуде бір жерді жол қыл­сам, Шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жан­ды көп жиып, Өз алдына ел қылсам!”, де­меп пе еді. Бұдан өткен мерейлі мұрат болар ма. Асқар бір тауды жайласам, Желілеп бие байласам, Күнде жиын, күнде той, Қыз-бозбала ойнатсам, Тентегін түзеп байқа деп, Ішінен биді сайлатсам, Құлым бір ұлдай киінсе, Көркемін көрген сүйінсе, Атымтай жомарт секілді Атағым жұртқа білінсе! Өзім бір бөлек жайласам, Жігіттен нөкер сайласам, Ойпаң жерге он отау, Қыраң жерге қырық шатыр тігіп, Қонағымды жайғасам! Пышақтан малым кетпесе, Қазаным оттан түспесе, Ауылдан топыр үзілмей, Ошақтың оты өшпесе. Май жемесе қонағым, Қан жемесе барағым. Он кісіге жараса Бір кісіге арнап тартқан табағым! Халыққа атым білініп, Шүлеңгір мырза атанар ма екембіз!? Осы қазақы рух, көл-көсір пейіл, асқақ айбын, шүлеңгір мырзалық саммит қонақтарын күтіп, сый-құрмет қызметінде жүрген жиырма бі­рінші ғасырдың жаһанданған қазағының бойынан оқта-текте өзіндік ерекше өрнекпен жалт ете қалып, ұлттық төл даралығын таныта, жарқырай көрінсе, әрине, нұр үстіне нұр болар еді. Жақсылар кеңес құрғанда Шерхан Мұртаза аға­мыздай мұрттары өрге шаншылып бұрын да сөйлейтін аймаңдай азамат, нарқасқа жігіттер бұл қазақта да бар екенін, мол екенін қонақтарың көріп-біліп кетсе, құба-құп. Қазақ­тың батыр халық екенін, ақын халық екенін, на­мысты халық екенін, ұлттық дәстүрге бай өнер­лі халық екенін саммит аясындағы шараларда көрсетуді қаперден шығармаған абзал. Еуропалық, қала берді, әлемдік мәдениетті бойына сіңіре тұра, өркениеттің за­ма­науи үлгілерін жете игере тұра, ұлттық да­ра­лық пен төл бітім-болмысымыз сақталып қалған еуразиялық сипаттағы жаңа тұрпатты халық екенімізді халықаралық биік мәртебелі қауым-халайық білген үстіне біле түскенін қалар едік. Өйткені, қандай да бір елдің қадір-қасиеті жалпыадамзаттық құндылықтарға, экономика, ғылым мен мәдениет салаларын­да­ғы заманауи да жаңашыл жетістік­тер­ге қоса, ұлт­тық сыр-сипатымен, ұлттық рухымен, сол ха­лықтың тек өзіне тән дәстүрлі құнды­лық­та­ры­мен де бағаланатынын біз де бағамдайық. Сондық­тан, әсіре өркениетшілдікке, әсіре жа­һан­­шылдыққа ұрынып қалудан абай болғанның өзі дұрыс. Қоғамдық орындарда, қонақ үйлер­де, мейрамханаларда, салтанат рәсімдерде қыз­мет көрсетуші қыз-жігіттеріміз ағылшынша еркін сөйлеп-ақ тұрып, ұлттық мәдение­ті­міз­ден, ұлттық тарихымыздан, ұлттық ділімізден ма­құрымдығын аңғартып алса, ұяттың үлкені сол болмақ. Ондай жағдай жиілеп кетсе, Елба­сы­мыз алапат еңбекпен әлемге әйгілеп жүрген Қазақстан деген қадірменді елге құрмет те солғындай түспек. Міне, елдігің сынға түсер сағатта бұл мәселеге осындай намысты жауап­кер­шілік тұрғысынан қарау керек болар. Ел­жан­дылығымыз да, отаншылдығымыз да бір көрінетін тұс осы. Қазіргі заңғар жазушымыз, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Мұхтар Мағауин Абай тойы хақында ой толғамында былай деген екен: “Қазақ мерекесі сән мен салтанаттың, береке мен бірліктің, өнер мен мерейдің көрінісі бол­ды. Өткен ғасырда қазақ жерінде болған орыс және батыс зиялылары қазақтың өзгеше тұр­пат­ты ұлттық мерекесі – ас пен тойдың бол­мыс-бітісіне қайран қалған; бүгінгі бізге қиял­дай көрінетін, ғажайып суретке толы қаншама куә­лік жазбалар қалдырған; ас пен тойды қазақ­тың жомарт дарқандығы, күші мен қуа­ты­ның, өнері мен ақыл-парасатының өлшем-көрсет­кіші ретіне қабылдаған”. Бажайлап бай­қа­сақ, Мұхтар ағаның осы топшылауында үлкен мән-мағына жатқандай. Әлбетте, саммит – айт пен той, сауық-салтанат емес, ол үлкен халық­аралық, әлемдік деңгейдегі ресми һәм саяси, мемлекеттік маңызы зор форум. Бірақ сол саммитті қалай өткізуінен мемлекеттің қуат-күші, іргетасының беріктігі, негізінің мық­тылығы байқалып тұрмақ. Саммит аясындағы мәдени іс-шаралардан, саммит төңірегіндегі жағдаяттардан, концерттік бағдарламалар мен көрме-мұражайлардан, Астананың ғажайып кел­бетінен-ақ халқымыздың зиялылық әлеуеті, мәдениеті мен ақыл-парасаты көрініс таппақ. Соның өзі жақсы қырынан, жарқын жағынан көрінсе, Қазақстанның мемлекеттік мерейі арта түспек. Қазақ елінің шеттен келген қай қонаққа да ұялмай, жадыра жүзбен көрсетер жақсылығы, ұлттық мәдениетіміздің кемел көріністері же­тер­лік, мақтаныш етерлік рәміздеріміз не сан. Бәйтерек пен Алтын адамнан бастап санай беріңіз. Саммит Қазақстан жетістіктерін паш ете­тін көрме емес. Сөйте тұра алқалы жиын ке­зінде ретін тауып, оңтайлы ойластырып жақсы атағымызды шығара алмасақ, серт өзімізде. Бір ғана мысал. Жақында ғана марқұм авторлары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған, асқақ рух пен тебіреніске толы Әнұранымыз – “Менің Қазақстанымды” тыңдаған әрбір адам сөзін түсінбесе де, терең мәнді сырын ұғынып, қазақ деген халықты, Қазақстан деген елді жа­қын тани түсер еді, оған деген құрметін жани тү­сер еді деп пайымдаймын. Хал­қы­мыз­дың шы­найы сүйіспеншілігіне бөленген, Жел­тоқсандағы шеруімізді бастаған осынау шын мә­ніндегі халықтық Әнұранымыздан басқа ұлт­тық мәдениетіміздің, өнеріміздің, тари­хы­мыздың асыл жәдігерлері, қымбат құн­ды­лық­тары қаншама. Солар арқылы қазақтың асқақ ру­хын, мәйекті қасиетін саммит аясында та­ны­тып қалуға ты­рысайық. Бұл ретте тек ресми хаттама шең­бері­мен шектелмей, қиял қанатын самғата ша­рықтатқан да жөн шығар. Сөйтіп, әлем жұрт­шы­лығына қазақ халқының жүрегінің дүрсілін тың­дататын, Қазақстанның мерейін асыратын мүд­делі күндерде қапы қалмайық, ағайын. Жетінші Астана Саммитінде Сәрсен­бі­нің сәті орайымен келіп, айы оңынан туып, Қазақ елінің мерейі үстем бола бергей. Иә, сәт! Қорғанбек АМАНЖОЛ.