• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2010

Ел әл-қуаты құрылыс қарқынынан көрінеді

619 рет
көрсетілді

Құрылыс саласын дамыту, құрылыс өнеркәсібі өнім­дерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру бүгінгі өркениет заманындағы да­мыған мемлекет­тердің эко­но­ми­ка­лық және саяси мін­дет­терінің басты бағыттарының бі­рі­нен саналады. Жалпы алғанда, құрылыс кешені ел экономикасына, оның ішінде тұрғын­дардың әлеумет­тік әлеуе­тінің артуына шешуші ықпал етеді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ба­ламасыз бастамасымен елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері құрылыс индус­трия­сы қарқынды дамып, ел экономикасын өсіп-өркендеудің жоғары баспалдақтарына көтерді. Сонау бір тоқсаныншы жылдардың тығырыққа тіреген кезінде Елбасы тарихта теңдесі жоқ батыл бастама көтеріп, еліміздің астанасын арайлы Алматыдан Арқадағы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Сол кезде Елбасы “Астана – ел экономика­сы­ның локомотиві болады. Құ­ры­лыс индус­трия­сы қарқынды дамиды, ол экономи­ка­мыз­дың басқа салаларын дамытуға ықпал етеді”, деп атап көрсеткен болатын. Уақыт ты­­нысын тамыршыдай тап басатын тұңғыш Президентіміздің айтқаны келді, мақсат орындалды. Өткен жылы еліміздің ішкі жалпы өнімі кө­лемінде құрылыс саласының үлесі 8 па­йыз­ды құрады. Статистика агенттігінің де­ре­гі бойынша, 2009 жылы құрылыс са­ла­сы­ның негізгі капиталына тартылған инвес­ти­ция көлемі 4 546,9 млрд. теңге болды. Бұл одан бұрынғы жылмен салыстырғанда 2,1 па­йыз жоғары еді. Құрылыс-монтаж жұ­мыс­тарын игеру көлемі 1 825,7 млрд. теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысы са­ла­сына 290,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, 6,4 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы пай­далануға берілді. Кез келген дамыған елдің әлеуметтік әлеуетін айқындайтын көрсеткіш – пайда­ла­нуға берілген тұрғын үйлердің көлемі болса керек. Бұл ретте елімізде тұрғын­дар­дың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында тә­уелсіздік алған жылдардан бері тұрғын үй құ­рылысы саласын дамытуға барынша ба­сым­дық беріліп келе жатыр. Ел Пре­зи­ден­ті­нің Жарлығымен Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­да тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға араналған мемлекеттік бағ­дарламасы қабылданған болатын. Осы бағ­дарлама аясында өткен жылдарда тап­сыр­мадағы 15,8 млн. шаршы метрдің ор­нына 17,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пай­да­лануға берілді. Жаһанды жалпағынан жайлап, кәрі құр­лық­тың дамыған мемлекеттерінің өзін тұ­ра­ла­тып кеткен кешегі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде де елі­міз­де тұрғын үй құрылысы саласының то­қы­ра­уына жол берілген жоқ. Мәселен, 2008 жы­лы еліміз бойынша 6,9 млн. шаршы метр тұр­ғын үй құрылысы пайдалануға берілсе, 2009 жылы 6,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Еліміздің әрбір тұрғынына 1 жылға шақ­қан­да 2009 жылы 0,40 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл Тұрғын үй құ­ры­лысын дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сы қабылданғанға дейінгі көрсеткіштен 2,4 есе артық. Бұл көрсеткіш 2004 жылы 0,17 шар­шы метр болған. Дағдарыс жағдайындағы мәселелерді ес­ке­ре отырып, Қазақстан Республикасында 2008-2010 жылдары тұрғын үй құрылысын да­мытудың мемлекеттік бағдарламасына бір­қа­тар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан қам­қор­лық көрсетілуі тиіс азаматтарды тұрғын үй­мен қамтамасыз ету үшін жалға берілетін пә­­терлер құрылысы көлемін арттыру мақ­сатында 15 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жалпы көлемі 250,8 мың шаршы метр болатын жалға берілетін 3000 пәтер салуға мүм­кіндік берді. Жалға берілетін пә­тер­лер­дің жалпы көлемі 730,6 мың шаршы метр немесе 8 900 жеке пәтерден тұрады. Бұл бар­­лық сұраныстың 12 пайызын құрайды. Қа­зір­гі кезде әкімдіктерде пәтер алу кезе­гін­де 73,5 мың отбасы тіркелуде тұр. Оның 47,7 мың адамы мемлекет тарапынан әлеу­мет­тік қамқорлыққа алынған тұрғындар бол­са, 25,8 мыңы мемлекеттік және бюд­жеттік сала қызметкерлері болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің үлескерлерінің мүддесін қорғау мақ­сатында Үкімет бірқатар кешенді ша­ра­лар­ды жүзеге асырды. Осы мақсат үшін мемлекет тарапынан 518,782 млрд. теңге қар­жы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюд­жеттен және Үкімет резервінен 215,782 млрд. теңге, Ұлттық қордан 240 млрд. теңге “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ-тан 33 млрд. теңге, Стресті активтер қорынан 30 млрд. теңге ау­дарылды. Республикалық бюджеттен және Үкі­мет резервінен бөлінген қаржы мына өңір­лерге: Астана қаласы әкімдігіне 137 млрд. теңге, Алматы қаласы әкімдігіне 62,7 млрд. теңге, Алматы облысының әкімдігіне 11,6 млрд. теңге берілді. Үлескерлерді қолдау мақ­сатында қабылданған осындай қолдау ша­раларының нәтижесінде 2007 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың маусымына дейін 62 мың үлескерлер қатысқан 450 тұр­ғын үй кешенінің 45,5 мың үлескерлері пә­тер кілтін алған 353 тұрғын үй кешені пай­да­лануға берілді. Елімізде жеке меншік тұрғын үй құрылысының (ЖТҚ) үлес салмағы да соң­ғы жылдары едәуір артты. ЖТҚ-ның жалпы тұр­ғын үй құрылысы көлеміндегі үлесі бұрын­ғы жылдары 58-60 пайыз болып келсе, әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан біршама қысқарып, 2008 жылы 51 пайызды құрады. Өңір әкімдіктерінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда азаматтарға ЖТҚ са­лу үшін бөлінген 136 мың гектар жер телімі бар. Егер осы бөлінген жер телімдері бо­йын­ша ЖТҚ-лар салынатын болса пайдалануға бе­рілетін ЖТҚ көлемі 14 млн. шаршы метр­ді құрамақ. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй ны­сан­да­ры бой көтеретін аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 2005-2010 жылдары өңір әкімдіктері тара­пы­нан 155,5 млрд. теңге, оның ішінде ЖТҚ са­лы­натын аймақтарға 50 млрд. теңге қаржы бөлінген. Тұрғын үй құрылысы саласын дамыту мақ­сатында Үкімет белгілеген дағдарысқа қар­сы іс-қимыл жоспарының ерекше нә­тиже бергендігі анық. Жылжымайтын мүлік рыногын жандандыру арқылы біз ел экономикасының дамуына ықпал етіп қана қой­май, сонымен бірге халық мүддесін, оның ішінде үлескерлердің проблемасын ше­шуге қол жеткіздік. Дағдарыс жағдайында бір­де-бір елдің мысалында мемлекет та­ра­пы­нан үлескерлерге қолдау көрсету мақсатындағы кешенді шаралар белгіленген жоқ. Халық мүддесін бәрінен жоғары қоя­тын Елбасының қамқорлығының арқасында алаяқ компаниялардың алдауына түсіп қал­ған үлескерлер мемлекет көмегінің нә­ти­же­сін­де пәтер кілттерін алуға қол жеткізді. Елі­міздің даму стратегиясы аясында тұрғын үй құ­рылысын жандандыру арқылы халқы­мыз­дың әл-ауқатын жақсартуға жан-жақты жағдай жасалынды. Үкіметтің тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында алға қойып отыр­ған стратегиялық бағдарламасының мақсаты да осы болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” партиясының 2009 жылғы 15 ма­мыр­да өткен кезектен тыс съезінде сөйлеген сө­зін­де еліміздің құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін да­мы­ту мақсатында жаңа бағдарлама белгілеу жө­нінде тапсырма берген болатын. Мем­лекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы Қазақстан Республикасында 2010-2014 жылдарда құрылыс индустриясын және құ­рылыс материалдары өнірісін дамыту жө­ніндегі бағдарлама жасалып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты Қазақстанда тұрақты да жоғары мәдениетті құрылыс индустриясын қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызу, тұрғын үй құрылысы саласының мәсе­лелерін шешу мақ­сатында сапалы да қауіпсіз құрылыс ма­те­риалдарын шығару, тұрғындардың басым бө­лігін қолжетімді тұрғын үймен қам­тамасыз ету, тиімді, экологиялық таза құ­ры­лыс материалдары өндірісін одан әрі ке­ңей­ту және құрылыс саласына жаңа тех­но­ло­гиялар енгізу болып табылады. Бұл бағдарлама 2010-2014 жылдар ара­лы­ғында кезең-кезең бойынша жүзеге асыры­ла­ды. 2010-2012 жылдар аралығындағы бірін­ші кезеңде құрылыс саласын қолдау жә­не дамыту мақсатында инфрақұрылым базасын нығайту көзделініп отыр. Сонымен бірге, құрылыс индустриясында жалпы қо­сым­ша құнды кемінде 40 пайызға жеткізу, отандық құрылыс материалдарының үлесін 70 пайызға дейін арттыру, құрылыс ма­те­риал­дары өнеркәсібінде әрбір адамға шақ­қандағы еңбек өнімділігін 52800 АҚШ дол­ла­ры көлеміне жеткізу, құрылыс саласы өндірісі және құрылыс материалдары сек­то­рын­да өндірілген өнімнің 1 200 мың тон­на­сын немесе 12,9 пайызын экспортқа шы­ғару және басқа кешенді шаралар белгіленіп отыр. Бағдарламаның 2012-2014 жылдарға арналған екінші кезеңінде құрылыс са­ла­сын­да қалыптасқан әлеуетті тиімді пай­да­ла­на отырып одан әрі дамыту мақсаты көз­де­лі­ніп отыр. Екінші кезеңде құрылыс индустриясындағы жалпы қосымша құнды 76 пайызға дейін арттыру, құрылыс ма­те­риал­дары өнеркәсібінде әрбір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 63 000 АҚШ доллары көлеміне жеткізу, құрылыс саласы өн­дірісі және құрылыс материалдары сек­то­рын­да өндірілген өнімнің 2 700 мың тон­насын немесе 20 пайызын экспортқа шы­ғару, құрылыс индустриясы және құ­ры­лыс материалдары өндірісін техникалық қай­та жарақтандыру, құрылыс мате­риал­дарының кең ауқымды және тиімді рыногын қалып­тастыру мақсаттары жүзеге асы­рыл­мақ. Тұрғын үй құрылысы “Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдарламасының ең ба­сым бағыттарының бірінен саналады. Ол со­ны­мен бірге жалпыұлттық мақсаттағы алда тұрған көкейкесті міндеттердің бірі болып табылады. Аталмыш бағдарламаны іс жүзіне асыру арқылы мемлекет халқымыздың басым бөлігін қолжетімді, атап айтқанда, бір шар­шы метрі 56 515 теңгеден аспайтын тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шеш­пек. Бұл ретте пәтерлердің жалпы көле­мін­дегі бір шаршы метрінің бағасы өңірлер бойын­ша мемлекеттік сараптау жобаларын жүр­гізу арқылы анықталатын болады. Бағдарлама шеңберінде тұрғындарға банк­тер тарапынан сыйақы ставкасы тө­мен несиелер бөлу шаралары да қарасты­рылған. Үкі­мет қаулысымен қабылданған “Нұрлы көш” бағдарламасына қатысушы­лар үшін жергі­лікті атқарушы органдар белгіленген тәр­тіп бойынша 2010-2012 жылдар ара­лы­ғында республикалық бюд­жеттен бөлінген қар­жы есебінен нөлдік ставка бойынша не­сие беру мәселелерін қарастырады. Елімізде құрылыс индустриясын, оның ішінде, тұрғын үй құрылысын дамыту мақ­са­тында жаңа бағдарлама шеңберінде өңір­лер бойынша құрылыс индустриясы ком­би­нат­тарын (ҚИК) құру көзделініп отыр. Таяу болашақты Қазақстанда қуаты жылына 900 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын са­лу­ға арналған 6 ҚИК құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана қаласында жылына 150 мың шаршы метр тұрғын үй құры­лысын салатын 2 ҚИК, Алматы қа­ла­сында жылына 150 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын салатын 2 ҚИК, Шымкент және Ақтөбе облыстарында әрқайсысы жы­лы­на 150 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын тұрғызатын бір-бір ҚИК бой көтермек. Еліміздің экономикасы дамып, әлеуеті арт­қан сайын халқымыздың әлеуметтік жағ­да­йын жақсартуға мүмкіндігінше басымдық бе­ріліп келеді. Соның бір айқын көрінісі, елі­міздің өңірлерінде соңғы кезде бой кө­тер­ген тұрғын үй құрылысы ны­сандары болып табылады. Мемлекет белгілеп отыр­ған 2010-2014 жылдарға арналған бағ­дар­ла­мада құрылыс индус­триясын дамытумен қа­тар, тұр­ғындарды қолжетімді, арзан пәтер­лер­мен қамтамасыз етуге де барынша қолдау көрсету шара­лары белгіленген. Ендеше, осы бағдар­ламада белгіленген игілікті шара­ларға байланысты елімізде тұрғын үй құрылысы саласында жаңа бір даму дәуірі басталмақ. _________________________________________________________________________________ Көрсеткіштер бірлігі Өлшем           2005 ж.    2006ж.     2007 ж.    2008 ж.    2009 ж. ________________________________________________________________________ Негізгі капиталға тартылған           млрд. инвестиция — барлығы, о.і.              теңге                2421,0        2824,5        3392,1        4210,9        4546,9 Шетел инвестициясы                          млрд. теңге                578,4          569,4          622.5          1064.8        1682.1 Құрылыс жұмыстарының                  млрд. көлемі (қызмет)                                      теңге                1066,3        1441.2        1617.5        1785,0        1790,0 Құрылыс-монтаж                                  млрд. жұмыстарына инвестиция               теңге                1145,2        1341,1        1789,9        1995,7        1825,7 Тұрғын үй құрылысының                    млрд. инвестициясы                                         теңге                254,3          368,4          490,4          468,0          290,4 Жалпы нысандар көлемі                   мың ш.м.        6740           8458           9835           10254         9883 Оның ішінде тұруға арналмағандары                                   мың ш.м.        1748           2045           2886           3798           3875 Құрылыс ұйымдарының саны       бірлік               5624           6278           7087           7383           5242 Орташа жылдық саны-барлығы   мың адам       179.6          206.9          236.7          231.4          212.4 Құрылысшылардың орташа айлық жалақысы                                   теңге                47921         55672         70778         81573         93858 ІЖӨ-дегі құрылыс үлесі                      %                      7.8              9.8              9.4              8.1              8 ________________________________________________________________________________ Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.