Талдықорған қаласындағы “Қайнар АКБ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасымен берілген мемлекеттік субсидиядан үміткер ретінде даму бағытындағы өз жоспарларын жүзеге асыруда белсенділігімен танылды. Осы бағыттағы серіктесі “Қазақстан темір жолы” акционерлік қоғамына қажетті өнім шығаруды қолға алған қайнарлықтар талап-мақсаттың өтелуі үшін күш-мүмкіндіктерін еселей түсуде.
Бұған дейін экспортқа бейімделген кәсіпорын өз өнімдерінің 70 пайызға жуығын алыс және таяу шетелдерге шығарып, нарықтың алғашқы қиын жылдарында да жұмысын жалғастырып, өз мәртебесін төмендетпеген еді.
Кәсіпорын аккумулятор шығаруда көшбасшы Италия, Германия, АҚШ мемлекеттері тәжірибесін қолданып, басты көрсеткіш сапаға көңіл бөлуі нәтижесінде Үкімет тарапынан қолдауға ие болып келеді. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы сыйақының пайыздық мөлшерінің үштен екі бөлігі “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасымен мемлекет өтеп, кәсіпорынның қаржылық жағдайының жақсаруына негіз қаланған. Ал, Кеден одағындағы өнімді экспорттау үрдісінің жеңілдетілуі, әкімшілік-қаржылық ресурстарға қолжетімділік, тағы басқа жеңілдіктер өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік жасаған.
Қолдауды ұтымды пайдаланған кәсіпорын бұған дейін тұтынушыларға аккумулятордың 35 түрін ұсынса, енді жаңа аккумулятор шығаруды бастады. Аталған жаңа өнімге деген сұранысты “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы бергендіктен қазіргі кезде цехтан болат жол бойында пайдаланатын семафорлық аккумуляторлардың алғашқы легі өтіп, сынақтан өткізілуде. Алғашқы нәтиже қуантарлық. Оның үстіне ТМД мемлекеттері арасында мұндай өнімді шығаратын алғашқы кәсіпорын екенін де айтқан жөн.
Биылғы жыл аталған ұжым үшін айтарлықтай табысты деуге болады. Өйткені, табанды ізденіс жемісін беріп, кәсіпорын халықаралық рыноктағы бәсекелестерімен иық тірестіруде. Әрдайым өз мәртебелерін қорғаған ұжым өткен жылы 6000 данадан астам жүк және жеңіл автокөліктерге арналған аккумуляторды саудаға салса, ол тұтынушыдан жақсы бағасын алған.
Талдықорғанда өткен “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауына қатысқан “Қайнар АКБ” серіктестігінің “Барыс” атымен шығарылған аккумуляторы “Жыл бренді” атағын иеленіп, Елбасы Жолдауы тапсырмасын орындау жауапкершілігін жете сезінгенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, кәсіпорын ұжымы биылғы өнім көлемін 1,5 есеге көбейтуді де мақсат етуде.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.