• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2010

“Жыл брендіне” ие кәсіпорын өнімі

443 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы “Қайнар АКБ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарлама­сы­мен берілген мемлекеттік субсидия­дан үміткер ретінде даму бағы­тын­­дағы өз жоспарларын жүзеге асыруда белсенділігімен танылды. Осы бағыттағы серіктесі “Қазақ­стан темір жолы” акционерлік қо­ғамына қажетті өнім шығаруды қол­ға алған қайнарлықтар талап-мақсаттың өтелуі үшін күш-мүм­кіндіктерін еселей түсуде. Бұған дейін экспортқа бейім­делген кәсіпорын өз өнімдерінің 70 пайызға жуығын алыс және таяу шетелдерге шығарып, нарықтың ал­ғашқы қиын жылдарында да жұ­мысын жалғастырып, өз мәртебесін төмендетпеген еді. Кәсіпорын аккумулятор шы­ға­руда көшбасшы Италия, Германия, АҚШ мемлекеттері тәжірибесін қолданып, басты көрсеткіш сапаға көңіл бөлуі нәтижесінде Үкімет тарапынан қолдауға ие болып келеді. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы сыйақының пайыз­дық мөлшерінің үштен екі бөлігі “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дарламасымен мемлекет өтеп, кә­сіпорынның қаржылық жағдайы­ның жақсаруына негіз қаланған. Ал, Кеден одағындағы өнімді экспорттау үрдісінің жеңілдетілуі, әкімшілік-қаржылық ресурстарға қолжетімділік, тағы басқа жеңіл­дік­тер өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік жасаған. Қолдауды ұтымды пайдаланған кәсіпорын бұған дейін тұтынушы­ларға аккумулятордың 35 түрін ұсынса, енді жаңа аккумулятор шығаруды бастады. Аталған жаңа өнімге деген сұранысты “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы бергендіктен қазіргі кезде цехтан болат жол бойында пайдаланатын семафорлық аккумуляторлардың алғашқы легі өтіп, сынақтан өт­кізілуде. Алғашқы нәтиже қуан­тар­лық. Оның үстіне ТМД мемлекет­тері арасында мұндай өнімді шы­ға­ратын алғашқы кәсіпорын екенін де айтқан жөн. Биылғы жыл аталған ұжым үшін айтарлықтай табысты деуге болады. Өйткені, табанды ізденіс жемісін беріп, кәсіпорын халық­аралық рыноктағы бәсекелестері­мен иық тірестіруде. Әрдайым өз мәртебелерін қорғаған ұжым өткен жылы 6000 данадан астам жүк және жеңіл автокөліктерге арналған ак­кумуляторды саудаға салса, ол тұтынушыдан жақсы бағасын алған. Талдықорғанда өткен “Қа­зақстанның үздік тауарлары” бай­қауына қатысқан “Қайнар АКБ” серіктестігінің “Барыс” атымен шығарылған аккумуляторы “Жыл бренді” атағын иеленіп, Елбасы Жолдауы тапсырмасын орындау жауапкершілігін жете сезінгенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, кәсіпорын ұжымы биылғы өнім көлемін 1,5 есеге көбейтуді де мақсат етуде. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.