• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Әлем өткен аптада

472 рет
көрсетілді

Азаматтық қадам Сербия президенті Борис Тадич 1991 жылғы соғыста сербтердің жа­са­ған қылмысы үшін Хорватия елі­нен кешірім сұрады. Және оны Хор­ватияға барып, сол қаза бол­ған­дар қабіріне гүл қою рәсімі кезінде атқарды. Сол қанды қырғынға қолдау көр­сеткен бұрынғы Сербия прези­денті Слободан Милошевич сияқ­ты­лар кешірім сұрамақ түгілі, өзде­рін кінәлі санағысы да келмеді. Пре­зидент Тадичтің үлкен азамат­тық қадамы басқаларға өнеге болғандай. Қытай қанша? ҚХР-да халық санағы өтіп жа­тыр. Қазір бұл елде 1,3 миллиард адам бар деп есептеледі. Шын мә­нінде одан әлдеқайда көп болуы мүм­кін. Бір баладан артық тумау заңына байланысты “артық бала­ны” біраз адам жасыруы да ықтимал. Әңгіме Қытайдағы қытайлар жайында ғана. Басқа елдерде өмір сүретін, уақытша жүретіндер есепке алынса, “қара қытай қаптайды” деген де заман келіп қалған шығар. Ең құдіретті кім? Атақты “Форбс” журналының пікірінше, әлемдегі ең ықпалды қай­раткер ҚХР төрағасы Ху Цзинь­тао көрінеді. Ол бір жағы елінің халқы көптігінен де шығар. Ал экономикасы ең күшті ел АҚШ-тың басшысы Барак Обама екінші орында екен. Таңданатын жәйт: Сауд Ара­биясының басшысы Абдалла бин Әбдел Әзиздің үшінші орында болуы. Ресей үкіметінің төрағасы В.Путиннің төртінші орны да таңдандырады. Президент Д.Мед­ве­дев тек 12-ші орында. Сондай-ақ Рим папасы, ГФР канцлері Ангела Меркель, Британия премьері Д.Кэ­мерон, Үндістан билеуші партия­сының көсемі Соня Гандилер де ондыққа кіреді. Халық бірлігі күні Өткен аптада ресейліктер төрт күн бойы мереке құшағында бол­ды. Бұл елде 4 қараша – халық бір­лігі күні. Осы күні 1612 жылы олар Мәскеуді поляктардан азат еткен екен. Тойлаған соң, мықтап тойлай­ық деп 5 қарашадағы жұмыс күнін 13 қарашадағы сенбіге ауыстырып­ты. Араағайындықтан бас тартты Сауд Арабиясы Ауғанстан үкіметі мен талибандар арасындағы келіссөзге қатысудан шығатынын мәлімдеді. Сірә, ұзаққа созылған бұл келіссөзден бәтуа жоқтығын аңғарған болар. Келісімге келген күннің өзінде талибандар оны орындай қоятындай түрі жоқ. Өз қаруыңмен қорған Алжир үкіметі “Әл-Каида” лаңкестерінен қорғану үшін халық­қа қару таратуға мәжбүр. Мұны халықтың өзі сұрапты. Ал лаңкестерден қауіптену негізсіз емес. Сол “Әл-Каиданың” осы Солтүстік Африкадағы жасақ­шы­ларын қаруландыруға 100 мил­лион доллар қаржы жұмсағаны белгілі болып отыр. Елші қайта келді Мәскеуден өз еліне шақырып алынған Жапония елшісі Масахара Коно жексенбі күні қайтадан Мәскеуге оралды. Жапондар Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Оңтүстік Курил аралдарына сапарына наразылық ретінде өз елшісін кері шақырып алған болатын. Олар Оңтүстік Курил аралдарын өз жері санайды. Екінші дүниежүзілік соғыста бұл аралдардың Ресейге өткенін заңсыз көреді. Ақшасы көп қорықпайды Иран Орталық банкінің бас­шысы Махмуд Бахшани елдің ал­тын-валюта қоры 100 миллиард дол­лардан асатынын мәлімдеп, санк­циялармен қаржы қоры 4-5 мил­лиард доллардан аспайтын­дар­ды ғана қорқытуға болады деп күпінді. Қанды сейсенбі Иракта өткен сейсенбіде бір мезгілде дерлік 15 жарылыс жасалып, одан 100 адам қаза тауып, 200-дей адам жараланған. Жарылыс болған жерде негізінен шииттер тұратынына қарағанда, бұл лаңкестік әрекеттің діни негізі бар-ау деп тұжырымдауға болғандай. Одан екі күн бұрын католик соборын басып алған “Ирактағы ислам мемлекеті” деген ұйым мүшелері өздерінің қамаудағы серіктерін босатуды талап етті. Талап орындалмағаннан кейінгі атыстан 58 адам қаза тапты. Тырысқақ дендеп барады Бір елде тырысқақ (холера) ауруымен бір адам ауырса, оның өзі төтенше жағдай саналып, дабыл қағылатыны белгілі. Ал Гаитиде бұл аурумен ауырғандардың ғана емес, қаза тапқандардың саны 500-ден асып отыр. Тырысқақ көбіне әлеуметтік жағдайы төмен елден шығады. Орталық Америкадағы кедей ел жер сілкінісінен әлі еңсесін көтере алмай жатқанда, нөсер жаңбыр естен тан­дырып тұр. Бұл ел әлем жұртшы­лығынан көмек сұрауға мәжбүр. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.