• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Астана Саммиті — елдік сыны

509 рет
көрсетілді

Янез ЛЕНАРЧИЧ: БІЗ ҚАЗАҚСТАНМЕН БІРЛЕСІП ТАМАША ӘРЕКЕТ ЕТУДЕМІЗ

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқы жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) директорының “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбаты

Алдымен тақырыпшадағы ДИАҚБ сөзінің мәнін түсіндіре кетелік.  ЕҚЫҰ құрамындағы белді бұл буынның толық аталуы – Демокра­тия­лық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро. Қазірше баспасөзде бюроның аты қысқартылған күйде кейде үйреншікті БДИПЧ, кейде ДИАҚБ түрінде жазылып жүр. Екі нұсқада да үлкен қателік жоқ. Қазақы аббре­виатурада да дәстүрлі түрде орнығып қалған біраз сөз бар екенін  ескерген жөн. НАТО, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, ЮСАИД сияқ­ты халықаралық терминдер қатарына қосылып кеткен сондай атаулардың бірі – БДИПЧ. 1990 жылы Еркін сайлау жөніндегі бюро ретінде құ­рылған бұл институт 1992 жылы Хельсинки құжатына сәйкес “адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық құрметтеуді қам­тамасыз ету, заңдылық негізінде жұмыс істеу, демократия қағидаттарын өмірге ор­нықтыру, осы орайда демократиялық инсти­тут­тарды жасау, қалыптастыру және қорғау, сондай-ақ бүкіл қоғам көлемінде төзімділік қа­ғи­даттарын дамыту” мақсатымен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерге көмек көрсету мандаты­на ие болған. Содан бергі кезеңде ДИАҚБ өз мандатының шеңберінде қыруар жұмыс атқарып келеді. ДИАҚБ қызметінің ең белгілі саласы – сайлауларға байқау жасау. Рас, бірқа­тар елдер бұл институттың байқаушылар жұ­мысын оншалықты жоғары бағалай бермейді, реті келген жерінде сынға алып та жатады. ДИАҚБ  ауқымында атқарылатын іс-шара­лар­да айтылатын сөздің бәрі бірдей ақи-тақи ақи­қат бола бермеуі мүмкін екенін біз де білеміз. Соның өзінде де 2008 жылдың шілдесінен бері Словения өкілі, халықаралық деңгейде мойын­далған саясаткер Янез Ленарчич басқаратын бұл ұйымның биік мандатымен қашанда сана­сып, құрмет тұта жұмыс істеп келеміз. Біздің сұрақтарымызға Ленарчич мырза қайтарған жауаптардың арасынан оның Қазақстан ДИАҚБ мандатын құрмет тұтады деген бағасына ерекше назар аударғымыз келеді. – Құрметті Ленарчич мырза, менің сұрақтарыма жауап қайтаруға ықылас білдіргеніңіз үшін алғы­сымды айтамын. Сіздің ойыңызша, ЕҚЫҰ мен ДИАҚБ-ның Еуроатлантика және Еуразия кеңіс­тігінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі қандай? – ЕҚЫҰ Ұйым жауапкершілігіндегі аймақта әлдеқайда қауіпсіз кеңістік қалыптастыру жөнінде үнқатысу үшін мүше мемлекеттердің жақында­суын­да маңызды рөл атқарады. Бұл орайда біз қауіп­сіздіктің тек қана дәстүрлі әскери немесе саяси қыр­ларын ғана қарастырмаймыз. ЕҚЫҰ-ның бірегейлігінің өзі сонда, бұл ұйым мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігі үшін экологиялық проб­ле­малардың шешім таппағандығы да, адам құқының бұзылуы да олардан кем қатер төндірмейтінін мойын­дайды. Ұйымға мүше елдер бұл салаларда бір­қатар кешенді үлгі-қалыптар талдап-жасады және, әрине, өздеріне оларды ұстану жөнінде міндеттеме қабылдады. ЕҚЫҰ институттарының бірі – мен басқаратын Демократиялық институттар мен адам құқы жө­ніндегі бюроны мүше мемлекеттер өздерінің адам құқын қорғау және демократияны дамыту жө­нін­дегі міндеттемелерін жүзеге асыруға көмектесу үшін құрған. Келесі жылы ДИАҚБ өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді, сонда да, қол жеткен едәуір ілгерілеуге қарамастан, алда атқарар жұмыс қыруар. Атап айтқанда, бұл Еуропадағы коммунизмнің күй­реуінен кейін бой көтерген “жаңа демокра­тияларға” қатысты. ЕҚЫҰ-ның көптеген елдерінде саяси плюрализмге, демократиялық сайлауларға, соттардың тәуелсіздігі мен БАҚ бостандығына көшу әлі аяқталған жоқ. Сонымен бірге біз Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың былайша қара­ғанда қалыптасқан демократияларының өзі адам құқын қорғаумен байланысты проблемалардан қорғал­мағанына көз жеткіздік, айталық, этностық және діни азшылықтарға қатысты төзбеушіліктің өршіп бара жатқаны осының дәлелі. – ЕҚЫҰ-ны алғаш рет Орталық Азия мемлекетінің басқарып отыруының қандай маңызы бар деп ойлайсыз? – Расында да, Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ тарихында болып көрмеген жағдай: бұған дейін бұл ұйымды ешқашан Орталық Азия мемлекеті бас­қармаған. Сөз жоқ, мұның өзі Ұйымның назарын Орталық Азия өңіріне және сондағы елдер бетпе-бет келіп отырған проблемаларға аударуға септесті. Мен өз қызметімнің саласынан мысал келтіре аламын. Біз мемлекеттердің адам құқын сақтау ісіндегі өз міндеттемелерін орындауының барысына баға беру үшін ұдайы жиналып отырамыз. Биылғы жылы біздің іс-шараларымызға қазақстандық қатысушылар айрықша көп болды, үкіметтің және азаматтық қоғамның өкілдері сіздің еліңіздегі демократиялық реформаларды белсенді талқылады. – Биылғы жылдың маусым айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның толеранттылық пен кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясының нәтижелерін Сіз қалай бағалайсыз? – 29-30 маусым күндері Астанада өткен кон­фе­ренция мемлекеттердің төзбеушілікке төзбейтінін көрсетті және заң шығарушылық, құқық қорғау және білім беру салаларындағы төзбеушілік пен кемсітушіліктің алдын алу мен тиісінше баға беруге бай­ланысты көптеген шараларды ұйымдастыруға бастамашы болды. Конференция сонымен бірге кемсітушілік пен төзбеушілікті жою үшін алда ат­қарар жұмыс көп екенін де көрсетті. Азаматтық қоғам өкілдері болып табылатын көптеген қаты­сушылардың мәлімдемесі осыны растады. Бұл кон­ференцияның ерекшеліктерінің бірі азаматтық қоғам­ның ресми делегаттармен тең жағдайда қатысуы екенін де айтайын. Міне нақ осының өзі ЕҚЫҰ іс-шараларын үнқатысудың нағыз форумына айналдырады. – ДИАҚБ мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының мүше елдерде 2010 жылы өткізілген сайлауларға байқау жасауды ұйымдастырудағы өзара іс-қимылы жөнінде не айтар едіңіз? – Сайлауларға байқау жасауды ұйымдастыру ісінде ЕҚЫҰ төрағасы ретінде біз Қазақстанмен бірлесіп та­маша әрекет етудеміз. Қазақстан төраға­лығы Ұйымға мүше елдер айқындаған ДИАҚБ ман­да­тын құрметтейді. Соған орай, ДИАҚБ өңірдегі сай­лауларға бақылау жасауға және олардың ЕҚЫҰ міндемелеріне, басқа да халықаралық үлгі-қалыптар мен ұлттық заңнамаларға сәйкестігін бағалауға өкі­летті. Біз мұны қатаң түрде ешкімді алаламай, объек­тивті және саясаттандырылмаған негізде жасаймыз. – Енді соңғы сұрағымды қояйын. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекеттер және үкіметтер басшыларының Астанада ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін шақырылатын Саммиті халықаралық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Сіздің жеке өзіңіз Саммиттен не күтесіз? – Мен, кем қойғанда, Саммитке қатысушылар өздері осыдан 35 жыл бұрын Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылғалы бері қабылдаған міндет­те­мелердің толық шоғырын басы ашық күйде қуат­тай­ды деп күтемін. Алайда, өзіміздің көріп жүрге­німіздей, мәселе көбіне көп міндеттемелердің жоқ­тығына емес, оларды орындауға деген саяси ерік-жігердің жоқтығына келіп тіреледі. Сондықтан да мен мемлекеттер басшылары ЕҚЫҰ аясында қабылданған міндеттемелерді жүзеге асырудың жаңа тетіктерін бекітеді және бұрынғы тетіктерді одан әрі жетілдіре түседі деп үміт етемін. – Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. ВАРШАВА.

ТӨРЛЕТІҢІЗ!

Мәртебелі қонақтарды қарсы алуға дайындық қарқын ала түсті

Тәуелсіз мемлекет құрғанының 20 жылдығын енді тойлағалы отырған Қазақ елі 35 жылғы тарихы бар, Еуропа мен Азия мемлекеттерінің қауіпсіздік және әріптестік мәселелері бойынша басын біріктірген ірі халықаралық Ұйымның Саммитін өз жерінде өткізбекші. Астананың халықаралық деңгейде сынға түсер кезі бұл. Дегенмен, қонақжайлығымен аты шыққан қазаққа Астана Саммитінің мәртебелі қонақтарын күту қиындық туғыза қоймайтыны анық. Осы орайда, Елбасының өзі биыл Парламенттің төртінші сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: “Біз барша әлемге қонақжайлығымызды, дархандығымызды әйгілеп, жауапкершілігіміздің жоғары екенін танытатынымызға бек сенімдімін”, деген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммитінің қа­зақ жерінде шақырылуының еліміздің абы­ройы үшін маңызы жоғары екенін түрлі жиын­дар­да үнемі айтып келеді. “Мұндай жоғары дең­гейдегі жаһандық басқосуды өткізу Қа­зақ­стан­ның әлемдегі беделін арттырып қана қой­май, елдің дамуына жаңаша серпін береді”, дей ке­ле, Елбасы Саммитке дайындыққа жұрт бо­лып жұмылуға шақырды. “Саммитке дайындық мәселелерін түгелдей ше­шетінімізге сенімім кәміл. Парламент те, Үкі­­мет те, барлық мемлекеттік органдар да бұл жа­уап­кершілікті сезінуі керек. Біз тек дайын­дық­ты ғана емес, басқосуға келетін қонақтарды жақ­сы деңгейде қарсы алып, саммитті жақсы өт­кізіп, ең бастысы, бұл халықаралық сам­мит­тің негізгі құжаттарын қабылдауымыз керек”, деді Президент. Сонда Астана Саммитіне келетін мәртебелі қо­нақтардың саны қанша? Ресми деректерге жү­гінсек, желтоқсанның 1-2 күндері елордаға 6000-нан астам қонақ келмек екен. Президент Әкім­шілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшім­баевтың айтуынша, алдағы саммитке 55 мем­лекеттен делегация келеді. Бұдан басқа 60-қа жуық халықаралық ұйым басшылары, 500-ден астам үкіметтік емес ұйым өкілдері, шет­ел­дік 1500-дей журналист келетін болады. Шетелдік журналистердің жұмысын ұйым­дас­тыру мақсатында арнайы баспасөз орталығы ашылмақ. Айтулы басқосудан хабар таратудың жа­уапкершілігі де зор болмақ. Бұл күндері мем­ле­кеттік телеарналар саммит жұмысын тікелей эфир арқылы көрсетеді. Байланыс және ақпарат министрлігінің ха­бар­лауынша, осы күндері саммитке арналған га­зет шығып, телеарна жұмыс істейді. “Саммит ТВ” деп аталатын телеарна хабарлары рес­пуб­ли­ка­лық телеарналардың бірінің негізінде хабар та­ратады. Мұнда Қазақстан жөнінде тарихи, этно­мәдени, танымдық хабарлар көрсетілмек. Сам­мит отырыстарынан тікелей көрсетілім бе­рі­ліп, мәртебелі қонақтармен сұхбаттар жа­са­ла­ды. Сондай-ақ “Астана Таймс” деп аталатын га­зет тек ағылшын тілінде шығарылып, мәр­те­белі қонақтарға қажетті ақпаратты топ­тас­тырып беріп отырмақ. “Саммит өтетін күндері барша әлем назары біз­дің елордамызға ауады. Осы тұста біз әлемдік БАҚ-тардағы ең басты жаңалықтың ны­санасы боламыз. Әрине, сондықтан да сам­-мит кезінде БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне ла­й­ықты жағдай жасау мен олардың Қазақстан ту­ралы, Қазақстандағы өмір туралы көбірек мағ­лұмат алып, тәуелсіздіктің кейінгі жыл­да­рын­дағы айтулы жетістіктеріміз жайында біліп қай­туы үшін біздің мойнымызға артылатын жа­уапкершілік жүгі орасан”, дейді Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев. Биік дәрежелі мәртебелі меймандарға қа­зақ­тың дархан пейіл, қонақжай мінезін көрсету – үлкен әрі жауапты міндет. Қазіргі уақытта Президенттің Іс басқармасы елордадағы аса қадірлі қонақтар келетін бірқатар объектілерді та­лапқа сай әзірлеп, ел абыройын асқақтату ісі­не айрықша үлес қосуда. Президенттің Іс бас­қа­рушысы Сарыбай Қалмырзаевтың ай­туын­ша, “Елбасымыз атап көрсеткендей, саммит күндері біз барша әлемге қонақжайлығымызды, дар­хан­дығымызды танытып қана қоймай, Қа­зақ­станның қарыштап дамыған өркениетті ел еке­нін жан-жақты дәлелдейтін боламыз”. Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ депар­та­мент директоры Сержан Әбдікәрімовтің мә­лім­деуінше, қазіргі таңда 40-тан астам мем­ле­кет басшылары Астана Саммитіне келетінін ха­бар­лап үлгерген. Бұл қонақтардың дені – Еуропа континентінен. Астана Саммитіне келетінін нақтылаған пре­зиденттердің бірі – Ресей басшысы Дми­трий Медведев. Мәскеу Астана Саммитін өткі­зу­ге мүдделі екенін жасырған емес. Бұған дейін Қазақстанның ЕҚЫҰ аясында ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, НАТО, Еуро­одақ сынды ұйым жетекшілерінің кездесулерін өт­кізу жөніндегі ұсынысын Ресей құп көрген еді. Қазан айының соңында Санкт-Петербургте өт­кен “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен болашақ бағыттары” атты халықаралық пар­ламенттік конференцияны осы келісімнің нә­тижесі деп санауға болар. Ресей Президенті Дмитрий Медведев Өс­ке­менде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі ке­зін­де Астана Саммитінің күн тәртібіне енгізуге ұсынылатын мәселелердің басым көпшілігін қол­дайтынын мәлімдеген еді. Астананың да, Мәс­кеудің де ұстанымына сәйкес, ЕҚЫҰ мү­ше­лері әлеуметтік, экологиялық қауіпсіздік мә­се­лелері бойынша шұғыл әрекет етуге қабілетті бо­луы керек. Ұйым аясындағы қауіпсіздік стра­те­гиясын басқа ұйымдармен әріптестік жағ­дайында үйлестіре алуы тиіс. Сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның конфессияаралық және ұлт­-ара­лық татулық мәселелеріндегі ұстанған саясаттарында ұқсастық бар. Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәлім­-де­уінше, Мәскеу Жетінші саммит соңғы бір жа­рым-екі жыл ішінде пайда болған оң ағымды ны­ғайтуға ықпал етеді деп үміттенеді. Астана Саммитіне келу-келмеуі әлемдік ақ­па­рат құралдарында көп талқыланған мәртебелі қонақ – АҚШ президенті Барак Обама еді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мем­ле­кет­тік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қа­нат Саудабаев қыркүйек айының соңында АҚШ президентіне Нұрсұлтан Назарбаевтың ша­қыруын табыстағаннан соң-ақ бұл тақырып тө­ңірегінде алып-қашты сөз көп. Әлі күнге де­йін “келеді-келмейді” деген қарама-қайшы ақ­па­раттар айтылып жатыр. Ресми дерек көздеріне жүгінсек, Барак Обама шақыруды жылы қабыл алып, АҚШ-тың Қазақстанмен тығыз әріптестік қарым-қа­ты­наста қалатынын мәлімдеген. Кейбір ақпарат көз­деріне қарағанда, Обама келе алмаған жағ­дай­да, саммитке АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қатысуы мүмкін. Дегенмен, бұл мәселе Астана Саммиті қарсаңындағы бас­-ты саяси оқиғалардың бірі болғалы тұр. Қазақ мұн­дайда, “тойдың болғанынан боладысы қы­зық” дейді. Астана Саммитіне келетінін анық жария­ла­ған тағы бір тұлға – Италия Премьер-министрі Сильвио Берлускони. Мұны Италия сыртқы іс­тер министрі Франко Фраттина Қанат Сау­да­баев­пен кездесуінде растады. Ал Австрияның экс-канцлері Альфред Гузенбауэрдің ай­туын­ша, көптеген мемлекет басшылары Астана Сам­митіне Нұрсұлтан Назарбаевты сый­ла­ған­дық­тан-ақ келеді. Қазан айының басында Қазақ­станға келген саясаткер Елбасы қа­был­да­уынан шыққан соң былай деді: “ЕҚЫҰ Ыс­там­бұл саммитінен соң 11 жыл ішінде көптеген мем­лекеттердің үкіметтері осындай басқосуды өт­кі­зуге талпынған еді, бірақ мұны Қазақстан ға­на жүзеге асырды. Осының өзі – үлкен жетістік”. “Меніңше, бұл саммит Нұрсұлтан Назар­баев­тың беделінің арқасында өткелі тұрған сияқты. Көптеген мемлекет басшылары бұл кез­десуге Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа де­ген жеке сый-құрметі үшін-ақ келеді”, деді ол. Жалпы, Астанаға мәртебелі қонақтардың ал­ғашқы легі қараша айының 26-28 күндері ке­ле­ді. 500-ден астам делегат Астана шолу кон­фе­ренциясына қатыспақ. Қазіргі таңда Астанада мәртебелі қонақ­тар­ды күтіп алатын қонақ үйлердің тізімі дайын. Астана қалалық әкімдігі баспасөз хатшы­лы­ғы­ның мәліметіне жүгінсек, мұндай құрметке 68 қонақ үй лайық деп танылған. Олардың 4-уі – “бес жұлдызды”, 7-уі – “төрт жұлдызды”, 17-і – “үш жұлдызды” қонақ үйлер. Қал­ған­да­ры бірінші және екінші категорияға жатады. Мәртебелі қонақтардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету – басты назарда. Саммит қар­са­ңын­да Төтенше жағдайлар министрлігі елор­да­да арнайы тактикалық жаттығу ойындарын өт­кіз­ді. Оған 1500 адам мен 200-дей техника қа­тыс­тырылған. Осылайша, төтенше жағ­дай­лар­дың алдын алудың қамы жасалуда. Бұл күндері астаналық қолөнер шеберлері Қазақстан мемлекеттік рәміздері мен саммит бел­гілері таңбаланған сый-кәделер дайындап жа­тыр. Олар да Астана Саммитін қазақ­стан­дық­тар үшін ғана емес, мәртебелі қонақтар үшін де есте қалар оқиға етуге елеулі үлес қос­пақ. Гүлбиғаш ОМАРОВА.