Ұлық мереке құтты болсын!
Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!
Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін! Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Асылы, “Құрбан” сөзі де араб тілінен аударғанда, “жақын болу”, “жақындау” мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран кәрімде: “Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді” (“Хаж” сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты шынайылық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда “Аллаһумма минкә уә ләке” (Уа, Алла тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес. Құрбан айт күндері шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 г. алтынға тең ақшасы бар, басы азат, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға кем-кетіксіз бір жастағы қойды, не ешкіні яки бір адамнан жеті адамға дейін ниет ете отырып екі жасар сиыр немесе бес жасар түйені құрбандыққа шалу уәжіп. Құрбандықтың уәжіптігі қасиетті Құранда: “Раббың үшін (айт намазын) оқы, құрбандық шал” (“Кәусәр” сүресі, 2-аят), – деп бұйырылған. Ал, әз-Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”, – деп ескерткен. Бұл хадис құрбан шалу мерзімін бейқамдықпен өткізіп алмауға үндейді һәм сараңдық танытып, уәжіпті орындаудан бас тартудың күнә екенін білдіреді. Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы сүннетіне аса байыппен қарап, шын ризашылықпен дұрыс шалынған мал Алла тағала разылығына қол жеткіздіруі мүмкін. Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, қабыл болсын деу арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, қош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәкбір айту хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті. Сондықтан бұл күндері шариғат мұсылмандарға мешітке жиналып, бірге айт намазын оқуды, бақилық болған жақын-жұрағаттарына Құран бағыштауды бірін-бірі мерекемен құттықтауды, үйлерінде тәтті тағамдар жасап, келген қонақтарды күтуді, алыс-жақын туған-туысқандарымен жүздесуді, олардың ішінде қиыншылыққа тап болғандарына қарайласып, көңілдерін аулап, сыйлық беруді, сырқаттарға зиярат жасауды, араздасқандарға татуласуды міндеттейді. 2010 – Отанымыз үшін ерекше жыл. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер арасында Қазақстан тұңғыш рет 56 мемлекет құрамына енетін халықаралық аса беделді – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Әлемдік үлкенді-кішілі мемлекеттердің басшылары мен ірі қайраткерлердің, сарабдал сарапшылардың бұған қатысты берген бағасы мен пікірі мейлінше жоғары. Құрбан айттан кейін Астанада осы ұйымға кіретін мемлекет басшылары мен халықаралық беделді ұйымдар өкілдерінің келелі басқосуы – Саммиті өтпек. Онда әлемдік күрделі мәселелер қаралып, талқыланады. Осының бәрі тәуелсіз Қазақстанның, оның дана басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор абыройы мен беделінің арқасы екенін әлем танып, мойындап отыр. Мұны әрбір отандасымыз зор мақтаныш етіп, үлкен жетістік деп біледі. Бұл үшін Алла тағалаға сансыз мақтауларымыз бен шүкірлігіміз болсын! Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар! Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін! Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей! Жаратушы Иеміз сүйікті Қазақстанымыз бен ел қамында жүрген Елбасымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей! Әмин! Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.