• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

“Ақжайық” шипажайы ауруға ем, сауға қуат дарытып келеді

5330 рет
көрсетілді

1985 жыл. Шіліңгір шілде. Орал қаласынан 41 шақырым қашық­тықта, Жайық өзені жағалауындағы ит тұмсығы батпайтын қалың тоғайдың тұсынан жаңа шипажай ашылды. Бұған дейінгі “Орал” демалыс үйі базасында керегесін көтерген шипажайға “Ақжайық” атауы берілді. Осының алдында ғана бұл жерден табиғи минералды сулардың бай қоры табылуына байланысты бұл ем алу мен демалу орны бальнеологиялық сипатқа ие бола бастады. 25 жылдың жүзінен көз тастаған шақта “Ақжайықтың” ашылуына бастамашы болған басшының есі­мін айтпай кетсек шындыққа қия­нат жасап алармыз. Ол сол кездегі Орал обкомының бірінші хатшысы Мұстақым Ықсанов болатын. Сөйтіп, “Ақжайық” суының емдік қасиетіне көз жеткізгендер қатары жылдан жылға көбейе бастады. Бұл жәйт Жайық жағасындағы шипа­жай­ға республиканың өзге өңір­ле­рінен, Ресейдің көршілес Орынбор, Самара, Саратов, Астрахань және Волгоград облыстарынан келген­дер­дің қатарын молайта түсті. Әсі­ресе, жүрек-қан тамырлары ауруына бұл жердің суы мың да бір ем екені жиырма бес жылдың тәжірибесінде толығымен дәлелденді. Осыған бір мысал. 1987 жылы Алматыдан “Ақжайыққа” ем алуға ҚазМУ-дің журналистика факультетінде бірге оқыған курстасымыз Абдулхамит Досыбаев келді.Ол студент кезінен бері қан қысымы дертінен зардап шегіп жүретін.Әбекеңе емдеуші дәрігері аталмыш шипажайға келіп ем алуға кеңес беріпті. Айтып айтпай не керек, оған “Ақжайық” суы майдай жақты десе де болады. Алматыға аттанарда көңіл-күйі өте көтеріңкі болатын: қан қысымым 120/80 ғарышкердікіндей деп еді ол сонда бізге. Амал қанша екі-үш жыл өткен соң журфакқа он жыл трактор айдап келіп түскен курстың “ақсақалы” А.Досыбаевтың өмірден өткенін естідік. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсына қарай “Ақжайық” шипажа­йы­­на қарасты нысандар ескіріп азып-тоза бастады. Оның жұмыс іс­теуі маусымдық сипат алды. Қыс айларында есігі демалушылар үшін жабық тұрды. 1985-2008 жылдар аралығында “Ақжайық” шипажайы көмірмен және сұйық отындар – мазутпен, жағармаймен жылы­тыл­ды. Осы тұста газетімізде “Ақ­жай­ық” санаторийі жетімсіреп тұр де­ген сын мақала жарияланды. Бұдан соң тағы да бірнеше дүркін “Еге­меннің” бетінде осы бір тамаша дем­­алыс орнының ажары тая баста­ғаны жөнінде сараптамалық мате­риалдар жарық көрді. Бұған елдің барлық өңірлеріндегі оқырмандар үн қосып, газет көтерген мәселе үлкен жаңғырық туғызды. Бұл кезең 2007 жылдың жаз жә­не күз айларына тұспа-тұс келеді. Шипажайға араша түсуді сұраған ел зиялылары мен соғыс және еңбек ардагерлерінің өтініш хаттары сол кезде Елбасы Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Бақтықожа Ізмұхам­бе­товке де түскен екен. Сөйтіп, жаңа облыс басшысы­ның тікелей араласуымен көп ке­шікпей бес қабатты жатын ғимарат, мәдениет үйі және асхана қалпына келтірілді. Оның бергі жағында ку­рорт басшылары өз күштерімен үш қабатты әкімшілік ғимаратына күр­делі жөндеу жүргізген екен. Олар­дың бәріне жаңа құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алынған. Күр­­делі жөндеумен қатар абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізілді. Жайық өзені жаға­лауына дейін жарықталған жол салынды. “Ақжайық” шипажайының та­рихында 2008 жылдың қараша айы сірә алтын әріптермен жазы­лып қа­латын шығар. Бұл кезде оған Жай­ық өзені арқылы газ құбыры жет­кі­зілді. Су айдынының асты ар­қылы газ өткізу – өте күрделі тех­нология. Мұндай жаңашыл қа­дам­ға газ өндірісшілерінің бәрі бір­дей тәуекелі тұра бермейді. Сон­дық­тан да мұны халық игілігі үшін жа­салған ерлікке татитын іс десе де ар­тық емес. Осыдан кейін шипа­жай ем алушылар мен дем алу­шы­ларға жыл бойы үздіксіз қызмет көрсете бастады. Жасыратын несі бар шипажайдың жиырма бес жылдық тарихында оны басқару­шы­лардың өте жиі ауысуы ұжым­ның берекесін кетірді. “Ақжайық­тың” арқауы босауына да бұл жәйт­тің тигізген теріс әсері жоқ емес. Өткен жылдың сәуір айында “Ақжайық” шипажайының дирек­то­ры болып бұған дейін республи­каның курорттық-санаторийлік жүйелерінде басшы қызметтерде болған, осы уақыт аралығында өзін іскер ұйымдастырушы ретінде көр­сете білген азамат Хайдар База­ра­лиев тағайындалды. Ол аз уақыт­тың ішінде шипажайдың толық қайтарыммен жұмыс істеуіне негіз қалай алды. – Бюджеттен бөлінген қаражат­ты жұмсауға көп ақылдың қажеті шамалы. Өресі тек соған ғана жете­тін курорт басшыларынан Хайдар­дың басты бір айырмашылығы әрі артықшылығы шектен тыс шаруа­қор­лығында. Құнттылы­ғында. Ыл­ғи да бірді екі, екіні төрт етіп оты­руында. Ол бір жылдың ішінде жи­ыр­ма бес жылдан бері ауыстырыл­маған жер астындағы және жер үстіндегі инженерлік жүйелерді бюджеттен көк тиын алмай өз қа­ра­жатына жаңартып шықты. Міне, басшы болса осындай болсын деп өз ой-пікірін білдірді осы мате­ри­ал­ды жазу барысында Батыс Қазақ­стан облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы комите­ті­нің төрағасы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Әділғазы Нұрға­лиев. Осы пікірді Орал қалалық ар­да­­гер­лер кеңесі төрағасының орын­ба­­­са­­ры Сағи Алдабергенов те қостады. Бұған қосарымыз жаңа басшы­ның тұсында “Ақжайыққа” келіп демалатындар саны 2,5-3 есеге дейін көбейген. Шипажай қызмет­керлерінің орташа жалақысы биыл 55 мың теңгеге ұлғайған. Бұдан екі жыл бұрын ол 34 мың теңге көле­мінде болыпты. Әрине, осыған қарап “Ақжай­ық” шипажайының төрт құбыласы түгелденіп, барлық мәселелер то­лық шешімін тапты деуге сәл ер­терек болар. Атап айтқанда, жоға­ры­да көрсетілгендей соңғы жыл­дары емделушілер санының күрт өсуіне байланысты емдеу ғимараты тарлық жасай бастады. Оның үстіне әлеуметтік қорғау органдарының арнайы жолдамасымен келетін со­ғыс ардагерлері мен зейнеткер­ле­р­­дің және мүгедектердің қатары да көбейіп келеді. Сондықтан да алдағы жылдары емдеу ғимаратын кеңейту шаралары белгіленіп отыр. Сондай-ақ емдеу мен жатын ғи­мараттары арасында ұзындығы 250 метрлік ашық жер бар. Бұл күздің желі мен қыстың аязды күндері, лай­­саң жауынды-шашынды күн­дер­де емнен терлеп шыққандарға қолайсыз тиіп жүр.Осы ыңғай­сыз­дықты ретке келтіру де әзірге ше­ші­мін таба қойған жоқ. Мұның бас­ты жолы аталған екі ғимарат арасын жалғастыратын жабық, өтпелі дәліз салу болмақ. Тек сонда ғана емнен терлеп шыққандар жұқа киіммен жатын жайларға қарай сол терлеп-тепшіген күйінде емін-еркін бара бермек. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суретте: “Ақжайық” шипажайы­ның сыртқы көрінісі.