• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

Халықаралық шаңғы трамплині – әлемдік үздік жобалардың бірі

664 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына жұмыс сапары шеңберінде бірқатар нысандарда болды. Мемлекет басшысы халықаралық шаңғы трамплинін аралап көріп, Шығыс айналма жолының аяқталған бірінші кезегінің мүмкіндігімен танысты. Сондай-ақ сан мыңдаған ауыл жастарының киелі қарашаңырағы — Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқытушылармен және студенттермен кездесіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өнерсүйер қауыммен жүздесті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі Алматы қаласына жұмыс сапары аясында бірінші кезекте Халықаралық шаңғы трамплині кешенінде болып, оны аралап көрді. Жаңадан салынып, іске қосылған спорттық кешенде Қысқы Азиада-2011 аясындағы жарыстар өткізілмек. Елбасы Қысқы Азия ойындары қарсаңында оған қатысатын үздік шаңғышылармен және оларды жаттықтырумен айналысып жүрген тәжірибелі бапкерлермен кездесіп, ой бөлісті. Дүбірлі дода – “Азиада-2011” сайыстарына қатысудан үміт­кер шаңғышылар Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан  Назарбаевпен жүз­десу барысында қазақ­стандық­тар үмітін ақтап, сенімінен шығуға бар күш-жігерлерін жұм­сайтын­дықтарын атап айтты. “Кең-байтақ Қазақ елінде ал­ғаш рет өткізілетін әлемдік дең­гей­дегі ірі жарыс – біздің де, яғни шаң­­ғышылардың да шеберлігі мен тәжірибесін, дайындығын сынға салатын жауапты сәт. Сондықтан да, әлем алдында мемлекетіміздің абы­­ройын биіктету, сөйтіп, сайыста басымдыққа ие болу алдымыздағы үлкен мақсатымыз. Менің ойымша, біз­дердің –  қазақстандық спорт­шы­­лардың бұл сайыстарда жоғары орындардан көрінуіне толық жағ­дай жасалған”, – деді қазақстан­дық үз­дік шаңғышы Николай Кар­пенко. Шын мәнісінде, Қысқы Азия ойындары қарсаңында құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген Ха­лық­аралық шаңғы трамплині ке­шені ерекше сәулетімен айналаны көріктендіре түскендей. Көкпен та­ласып асқақтаған Алатау баурайын­дағы сұлу қала – Алматының Әл-Фа­раби даңғылының солтүстік бө­лігіндегі “Есентай” өзенінің ба­ты­сында орналасқан шаңғы трам­п­ли­ні негізінен 5500 көрерменге ар­налған мінбермен жабдықталған. Сонымен қатар, қазіргі заманғы көп­ функциялы ғимаратта түре­геп тұратындарға арналған 400 орын да дайындалған. Сөз реті кел­генде атап айтарлығы, оңтүстік ас­та­нада бой көтерген мұндай озық үлгідегі халықаралық шаңғы трам­плині кешенінің өзіндік артық­шы­лықтары жеткілікті. Ең бастысы, осыған ұқсас трамплин кешен­дерінің саны әлемде көп те емес,  бір­нешеу ғана екендігі көп нәрсе­ден хабар берсе керек. Алматы қаласындағы Халықара­лық шаңғы кешенінің басты ерекшелігі – мұнда екі трамплин бар. Оның бірінің ұзындығы 125 метр болса, екіншісінің ұзындығы  95 метрді құрайды. Сала басшы­ларының айтуынша, Халықаралық шаңғы трамплині кешені құры­лы­сын халықаралық сарапшылар мен спорттық функционерлер техника­лық жағдайы мен сәулеті жағынан әлемдегі ең үздік жоба деп баға­лау­да. Соған орай, Алматыдағы ха­лық­аралық шаңғы трамплині кешені құрылысын келешекте тек спорт­тық мақсатта ғана емес, сонымен қатар, мәдени-ойын-сауық орта­лығы ретінде де пайдалану жос­парлануда. Ал бұл орталықтарда әртүрлі концерттер мен шоу-бағдарламалар өткізілетін болады. Бақыт БАЛҒАРИНА.