Тәуелсіз еліміздің ең биік жетістігі – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы. Қазақ халқы өзінің көп ғасырлық тарихында дүниежүзілік қауымдастықтың назарын дәл мұндай жоғары деңгейде аудартқан емес. Бұл – біздің ұлы жетістігіміз. Бұл – біздің жас мемлекеттілігіміздің айқын табысы. ТМД, тіпті Азия елдері ішінен Қазақстан мәртебесі мен абыройы биік халықаралық ұйымға ең алғашқы болып төрағалық міндетін абыройлы атқарып келеді. Еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалығына сайлануына оған мүшелері – әлемдегі 55 мемлекеттің бірауыздан дауыс бергені – біріншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітсүйгіш, адам құндылықтарын жоғары қоятын азаматтық қоғам құруға бағытталған саясатын мойындағаны. Екіншіден, Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулыққа, экономикалық өрлеуге сенім білдіруі деп түсінуіміз қажет. Өйткені, ЕҚЫҰ секілді мәртебелі халықаралық ұйымға төрағалық етуші елдің әлемдік қоғамдастық тағылым аларлықтай үлгі-өнегесі болуы керек. Мәселеге осы тұрғыдан ой жүгірткенде Қазақстанда өзге елдердің басшылары үйренетіндей үрдістер молынан кездеседі. Бұған басқа мысалдарды айтпағанда, әлдебір елдер адамзат үшін өте қауіпті атом қаруын жеделдете дамытуға емеурін білдіріп жүргенде, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 90-жылдардың басында осындай жойқын қару сақталған Семей полигонын жабуға шешім алуының өзі-ақ жетіп жатыр емес пе!?
0Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық барысында жаңа да биік белесті бағындырды. Яғни, тәуелсіз еліміз ендігі жерде әлемдік саясаттың бұрынғы сырттай бақылаушысы қатарынан оны айқындаушы мемлекеттер қатарына қосылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің арасында бұрыннан жаһан жұртына кеңінен танымал мемлекеттер бар. Олар да осы ұйымға төрағалық міндетті атқарды. Бірақ олар үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезекті міндет, күнделікті атқарылуға тиіс шаруа сияқты. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл солар секілді ойлаған жоқ. Еліміз осы ұйымға төрағалық міндетін атқара бастағанда-ақ ЕҚЫҰ-ның беделі мен мәртебесін биіктетудің, сөйтіп, халықаралық ұйымның жаңа төрағасы – Қазақстанның төрт “Т”-дан тұратын қағидаттарын жария етті. Және осы ұйымға төрағалық кезінде міндетін адал атқарудың, адамзат тыныштығына қауіп кез келген жанжалды реттеудің түйінін тарқатудың жолын табуға болатынын дәлелдеген тың қадамдар жасады. Міне, осылайша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге көз тіге қараған жаһан жұртына жаңаша бір қырынан танылды. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың тек бір мемлекетті өркениетті жолға бастаушы ұлт көшбасшысы ғана емес, адамзатты дау-жанжалдардан құтқарушы, бір-бірімен арбасқан мемлекеттер басшыларын татуластыра алатын мәмілегер, саясатты әлемдік ауқымда ойластыра алатын кемеңгер тұлға екендігі.
Қазақстан халықаралық деңгейде әлемдегі бейбітшілікті сақтауда ұтымды бастамаларымен танылып отыр. Әрине, осындай беделді халықаралық ұйымға төрағалық ету елімізге зор жауапкершілік жүктеді. Сондықтан Қазақстан төрағалықтың алғашқы күнінен бастап жауапты қызметіне үлкен дайындықпен кірісті. Қазақстан ұйымға төрағалығы қарсаңында алдына айтарлықтай күрделі міндеттер қойып, соның ішінде ЕҚЫҰ мен оның институттарының ұсыныстары үнемі ескеріліп отырды. Көптеген заңға тиісті өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының ұсынысына сәйкес саяси партиялар қызметіне жол ашылды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері ұлғая түсті. Ең бастысы – елімізде этносаралық, конфессияаралық үнқатысулар бойынша үлкен тәжірибе жинақталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тұрғындарының татулығына үлкен үлес қосып келе жатқан әлемде баламасы жоқ қоғамдық институт болып табылады. Мұндай институтты дүние жүзінде алғаш рет Қазақстан құрды деп мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, өз аумағында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының қатарынан үш мәрте съезін өткізіп, дінаралық келісімге халықаралық деңгейде атсалысып отырған бірден-бір ел. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында елімізді және тұтастай алғанда, Орталық Азия өңірінде елдерді кешенді жаңғыртуға ұмтылыс танытуда. Және ұйымды оған мүше мемлекеттер игілігі үшін реформалауға бастама көтерді.
Мемлекетіміз бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы елдер ішінен ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші тұңғыш мемлекет болғанымен, ұйымға мүше мемлекеттер біздің елдің кикілжіңдерді шешуге деген ықыласына, ұмтылысына оң баға беруде. Атап айтсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун: “Қазақстан – ядролық сынақ алаңының жұмысын тоқтату, қолында бар ядролық қару-жарақтан бас тарту, Орталық Азиядан ядролық қарусыз аймақ құру секілді маңызды мәселелерді толық шешіп, өз ісімен әлемге үлгі болған мемлекет. Мұндай маңызды істердің ақиқатқа айналуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшіл, сындарлы саясаты қозғаушы күш болғанын білеміз. Сондықтан да мүше мемлекеттер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым төрағалығына ұсынылған Қазақстан кандидатурасын қолдады. Қазіргі таңда Қазақстан Респубикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде аймақтық текетірестерді бәсеңдету, Ауғанстан, Таяу Шығыс, Қырғызстан, Днестр жағалауы, Кавказ елдері мәселелерін шешуде іскерлік танытуда. Сондай-ақ, дүние жүзінің қиыншылықты бастан кешіп жатқан аймақтарына гуманитарлық көмек ұйымдастыруда да Қазақстанның белсенді жұмыс істейтініне сенемін. Адам құқықтары, демократияны дамыту, есірткі саудасы, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды таратпау, лаңкестік, экстремистік әрекеттердің алдын алу секілді бүгінгі күннің өзекті мәселелерін шешуде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы мемлекеттің қолынан келеді деп ойлаймын”, – деді.
Шындығы да солай ғой. Қазір Қазақстанның даулы аймақтардағы қайшылыққа қатысты ұстанымы біреу. Ол – Әзірбайжанның, Грузияның, Молдованың аумақтық тұтастығының сақталуы. Бұл – Қазақстанның өз тарихына да қатысты мәселе. Біз үшін, ғасырлар бойы осынау құтты мекенде өсіп, өркендеп жатқан Қазақ елі үшін аумақтық тұтастық – қасиетті ұғым. Жалпы, басты мақсат – дауласқан жұрттардың бір-біріне жау ретінде қарамауына қол жеткізу. Проблемалардың шешілмей қордалана түсуі, қарапайым адамдардың азаматтық құқықтарына байланысты қиындықтар көруі екі арадағы түсінбеушілікті ұлғайта түседі. Сондықтан Қазақстан төрағалығы тұсында осы кедергіні азайтуға күш салуда. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастық барысында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының нақты көрсеткіші “Қырғыз оқиғасы” кезінде айқын көрінді. Қырғызстандағы саяси дағдарыс басталысымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамамен, Ресей президенті Дмитрий Медведевпен жедел мәмілеге келіп, Қырғызстандағы қанды қақтығыстың одан әрі ушығуын болдырмады. Бұған әлем жұртшылығы куә болды.
Елбасымыз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерді 2010 жылы жоғары деңгейдегі кездесуді шақыру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырған болатын. Бұл ұсынысты ұйымның мүше елдері қолдап, енді, міне, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті 1-2 желтоқсан күндері қазақ сахарасында тұңғыш рет өткізілмек. Бұл шараның мемлекетіміз үшін маңызы өте зор. Осы бағытта Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев алдағы саммиттің қазақстандық отансүйгіштік сезімін насихаттаудағы үлесін былайша атап көрсетті: “Бұл шараның мемлекетіміздің имиджі үшін маңызы өте зор. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның әлемдегі беделдігінің артуы мен Елбасы абыройының асқақтауының көрінісі. Саммиттің біздің елімізде ұйымдастырылуы – Қазақстанда патриотизмді дамытып, мемлекетіміздегі әрбір азаматтың мақтанышы болуға лайық оқиға екені сөзсіз”.
Ел тәуелсіздігіне 20 жыл толуын атап өткелі отырған Қазақстан азаматтары үшін мақтанарлық деректер баршылық. Атап айтсақ, Қазақстан ЕҚЫҰ секілді әлемдік саясаттағы ең беделді, ең мәртебелі ұйымға төраға болды. Осы ұйымның ХХІ ғасырдағы алғашқы саммитін өз жерінде өткізуді қолға алған Орталық Азиядағы, кешегі Кеңес Одағы кеңістігіндегі тұңғыш мемлекет. Еуропалық сарапшылардың Қазақстанды мұсылман мемлекеттері қатарына жатқызатынын ескеретін болсақ, бұл төрағалықтың маңызы арта түспек. Сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылғанына 35 жыл өтсе де, осы кезге дейін мемлекет басшылары деңгейіндегі бас қосуы 6 рет өткізілген екен. Негізінде, “Париж хартиясы” бойынша, мұндай жоғары деңгейдегі саммит екі жылда бір рет өткізілуі тиіс. Ал Қазақстанның тікелей ұйымдастыруымен өткелі отырған бұл саммит – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарихындағы жоғары деңгейдегі 7-ші басқосу. Саммитке келетін ресми делегацияның саны мен сапалық құрамының өзі бұл шараның саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызын арттыра түседі. Бұл төрағалық Қазақстан мамандарының еуропалық дипломатия тәжірибесімен жақынырақ танысуына, тәжірибе алмасып қана қоймай, оңды тұстарынан тәлім алуына мүмкіндік берді. Жыл басынан бері Еуропадағы беделді ұйымда жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны артты. Қазақстан төрағалығының тағы бір ерекшелігі, ұйымның бюджеті соңғы бес жылдан бері бірінші рет уақытында қабылданып үлгерген. Бұл жағдайды да Қазақстан басшылығының саяси ерік-жігерінің арқасында жүзеге асты деп айтуға болады. Бюджет шығындарының дер кезінде бекітілуі ұйымға қарасты институттардың қарқынды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жоғарыда көрсетілген ерекшеліктерді ескергенде 11 жылдан бері шақырылмаған, енді, міне, Астанада өткізілетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 7-ші саммиті Қазақ елі үшін ғана емес, 56 мүше мемлекеттер үшін де айтулы оқиға болатыны анық.
Ресей Федерациясының Премьер-министрі Владимир Путиннің “ТМД мемлекеттері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағалығына Қазақстанды ұсынар кезде оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы күн санап өскен зор беделіне, көрегендігіне және іскерлігіне сенім артты. Біз осы уақытқа дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан екі жақты ұстаным қалыбын көргендей болып келдік. Мәселен, бір елдердің лаңкестері немесе қылмыскерлері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің батысеуропалық бөлігіндегілерден пана тауып жатады. Міне, осындай бір мәселеге екі көзқарас болмауын Қазақстан төрағалығы қалыптастырады деп ойлаймын. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағалығы кезінде Қазақстан бұл ұйымның беделін өсіргенін байқап отырмыз. Бұл сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі дана саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарламалық іс-әрекетінің жемісі. Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан да адамзаттың қол жеткізген құндылықтарына жанашырлықпен қарайды және оны байыта түсуге күш салады. Астана Саммиті осындай бір кешенді істің бастауы болмақшы. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының беделін өсірген ел болып тұр”, – деген сөзі Елбасымыздың ұлы саясаткер, зор беделді тұлға адам екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі мұндай жоғары мәртебеге ие болуына елімізде жүргізілген саяси жаңғырту мен демократияландыру үдерістерінің табыстылығы, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің өзіндік үлгісін әлемнің мойындауы деп білемін. Қазақстанның осындай дәрежеге жетуі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан екенін жалпақ жаһанға жария етті. Бір кезде болашағы бұлыңғыр болған Қазақстандай тәуелсіз елді жаңаша тұрпаттағы мемлекет ретінде қалыптастырып қана қоймай, оны бүкіл дүние жүзіне таныту, сөйтіп, өзге ел мойындайтын, есептесетін, құрметтейтін мемлекетке айналдыру, шын мәнінде, үлкен де жаңашыл реформатордың, халқының қалаулы перзентінің ғана қолынан келеді. Бұл – тек қазақстандықтар ғана емес, жаһан жұрты да мойындаған шындық. Қазақстан төрағалығы да осы сөзіміздің айқын айғағы.
Киікбай ЖАУЛИН, Атырау қаласы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы.
Атырау облысы.