• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қараша, 2010

Адалдық

868 рет
көрсетілді

Белгілі бір қаламгердің шығармашылығы жайында сөз қозғау қашанда жауапкершілікті қажет ететіні белгілі. Өйткені, бас салып мақ­тасаң да немесе сын садағына іліндірсең де, бәрібір төреші уақыт жылдар өте келе бәрін өз орнына қояды. Белгілі қаламгер Нұр­дәулет Ақыштың шығармашылық өмірбая­нына шағын шолу жасау барысында бәрімізге белгілі осы бір қағидат көкейімде тұрғандай болды. Өйткені, жазған туындылары түрлі талдаулардың өзегі болып, оқырмандар тара­пынан бағасын алып келе жатқан белгілі қа­лам­гер туралы кезекті әңгіме қозғау бары­сында бір жаңалық айту қиын сияқты. Де­ген­мен, қолға тиген кейінгі тың шығармалары қолға қалам алдыртты. Нұрдәулет Ақыштың есімі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында белгілі бола бастады. Ұмытпасам, 1978 жыл болу керек, жас жазушылардың “Арман қанатын­да” атты жинағы шықты. Сол кітаптан Нұрдәулеттің “Қоңыр өгіз” деген әңгімесін оқығаным бар. Сондағы Бәбең ақсақалдың бейнесі өз ауылымыздағы кейбір ақсақалдарға ұқсап, әдемі әсер қалдырған. “Бейуақта жан­ған от” атты таяуда жарық көрген хикаяттар мен әңгімелер жинағындағы “Баба Таня”, “Көзбен көрген...өтірік”, “Көнбіс бәйбіше” тәрізді көркем әңгімелері автордың ауызша әңгімешілдігінің тура жазбаша нұсқасындай. Нұрекең жай әңгіменің өзін майын тамызып, көркемдеп, тұздықтап айтады ғой. Мына шығармаларынан сол айна-қатесіз аңғарылып тұр. Газеттерде біраз жыл бірге қызмет істегендіктен оның шытырман оқиғалы дүниелерге, жазу машығында новеллалық күтпеген шешімдерге жақын екенін білемін. Мына әңгімелерінде де осындай күтпеген шешім, тосын финал оқырман ретінде менің ризашылығымды туғызып жатты. Әу баста талантты прозашы ретінде әдебиетсүйер қауымның назарын аударған ол ұзамай, әдебиет сыншысы ретінде таныла бастағаны жадымызда. Прозадағы алғашқы қадамынан-ақ көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың ілтипатына ие болған жас қаламгердің тек прозаның ғана сүрлеуімен жүріп қоймай, берекесі де, абыройы да аз сын жанрына бет бұрғаны несі деп ойлағанбыз. Одан кейін қаламы жүйрік журналист ретінде көрініп, республикалық басылымда халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді дөп басқан проблемалық мақа­лаларды үсті-үстіне жариялап жатты. Өзім жур­налист болғандықтан, сол тұщымды ма­қалалары арқылы мен Нұрдәулетті журналист ретінде бағалап, кездесе қалғанда қазақтың жанын ауыртатын ортақ әңгімелерді жиі сөз ететінбіз. Газетші деп жаныма жақын тарта­тынмын. Ортақ тақырыпты әр қырынан алып жарыса жазған кездеріміз де болды. Әсіресе, ұлттық проблемаларға келгенде әріптесімнің қаламын құлаштай сілтеуге тырысатынын да байқап жүретінмін. Бірақ біз сияқты газетшілермен жарыса қалам сілтей жүріп, өзінің дарынды прозашы екендігін де үнемі оқырман есіне салып отыратын. Оған дәлел сонау сексенінші жылдары жарық көрген “Жұмбақ іздер” атты алғашқы кітабынан бастап күні кеше ғана жарық көрген “Бейуақта жанған от” атты прозалық жинақтарына дейінгі аралықта оқырмандар қолына тиген оннан астам прозалық еңбегі. Осыларды көктей шола отырып, кез келген туындысын оқып шыққан оқырманның, ең алдымен, назарына ілігетіні кейіпкердің динамикаға толы жан дүниесі. Қай тақырыпты жазса да, ең алдымен, көңіл бөлетіні – адамның ішкі әлемі, қилы тағдырлары. Жазушы өмір философиясын да содан іздейді. Оның шығармашылығына кө­ңіл бөліп жүретін жекелеген оқырмандардың аузынан: “Нұрдәулет әр түрлі тақырыпта, әр түрлі жанрда жазады. Онан да қалам қуатын белгілі бір бағытқа арнамай ма?” деген пікірлерді де естіп қаламыз. Меніңше, шығармашылық әлеміне олай шектеп қараған онша дұрыс бола қоймас. Мәселе қай тақырыпта, қай жанрда жазса да, қаламгер, ең алдымен, өзінің шеберлігін көр­сете білсін. Ал белгілі бір салада жақсы жағы­нан байқалған қаламгер келесі бір жанрдың егініне түскенде шеберлігін төмендетіп алып жатса, онда әңгіме басқа. “Мынаны қоя ғой. Шамаң келмейтін шоқпарды беліңе қыс­тырма”, деп айтуға болады. Мен Нұрдәулет замандасыма олай деп айта алмас едім. Мейлі ол шытырман оқиғалы, өткір сюжетті шығармаларымен балалар әдебиетіне қалам тартсын, мейлі астарлы ой айтуға ұмтылыс жасайтын байсалды, парасатты прозада бағын сынасын, тіпті әдебиеттану саласында талдаулар жасасын, әйтеуір ойын жүйелі де, сауатты жеткізе алатынын байқайсың. Тіпті кейде соны тіркестер, өрнекті сөздер арқылы, тосын көркем шешімдер арқылы қалам қуатын танытып қояды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында “Жатақхана қыздары” атты жинағы жазушыға кезекті бедел әкелді. Кезінде ол жастардың іздеп оқитын кітаптарының бірі болғанына куәміз. Қазақ қыздарының тағдырын түрлі шиеленістер, психологиялық әрі әлеуметтік талдаулар арқылы көрсете отырып, прозашы оқырманын жылатты да, күлдірді де. Бір сөзбен айтқанда, ол рухани сұранысты қанағаттандыра алатын шығарма жаза алатынын көрсетті. Сонымен бірге, жоғарыда айтқандай, өткір сюжетті повестері арқылы оқырманды оқиға мен образ тереңіне ұйыта білу де шеберлік нышаны. Егер ол шығармада тек жалаң оқиға ғана емес, астарлы ойлар, бояуы қанық образдар болса ше? Оның үстіне тіл қолданысы да талапқа сай болып, жатық стильмен жазылса ше? Неге біз мұндай шығармаларды сыртқа тебеміз. Бүгінгідей, экрандық жылтылдақ жеңіл өнер үстемдік етіп бара жатқан заманда көркем әдебиетке оқырманды тарту үшін осындай өткір сюжетті шығармалар тіптен қажет. Әдебиет үшін қажет. Мен әдебиет үшін қажет деп әдейі айтып отырмын. Әйтпесе, Н.Ақыштың жоғарыда аталып кеткен “Жұмбақ іздерін” немесе одан кейін жазылған “Әбдіреден шыққан қылыш” пен “Қамысты көлдің қарақшыларын”, тіпті болмаса мына соңғы прозалық жинағындағы “Саяқ жауынгер” мен “Құз хикаясы” экрандауға әбден лайық дер едім. Газеттердің бірінен Нұрдәулет Ақыш туралы “әңгіме жанрының шебері” деген анықтама оқығаным бар. Қаламгер туралы пікір айтуға әркімнің де қақысы бар. Бірақ Нұрдәулет қазақтың әдеби тілін бір кісідей меңгерген қаламгер екендігі әдебиетсүйгіш қауымға жақсы таныс. Қызықты да, образды тіркестер кездесіп қалып жатады. Сөйлем құрудағы тиянақтылығы, айтар ойының мығымдығы көрініп тұрады. Автордың өз қаламына ғана тән бейнелі тіркестерді кейде көңіл де бөле оқып жатамыз. Сонау жетпі­сінші жылдардың ортасында бастаған сын­шылық бағытын Нұрдәулет осы ғасырдың басынан бастап әдбиеттану ғылымына әкеліп ұштастырды. Меніңше, бұл салаға сәл кештеу кіріскен сияқты. Бірақ бұл салада да өзінің беталысы бар ғалым екенін байқатты. Бұл жөнінде қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаевтың: “Айналайын Нұрдәулет! Уақытқа сөз бар ма! Әдебиет табалды­ры­ғынан аттағаның күні кеше ғана сияқты еді. Енді, міне, елуге келіп, еліңе нағыз ат басындай абыройлы, атан жілікті қайраткер азамат ретінде танылып отырсың. Адал пейі­ліңмен, терең біліміңмен, нәзік талғамыңмен ұлттық руханиятымыздың ар­ғы-бергісіндегі шын асылдары мен ақ­ықтарын әділ бағалауға атсалыстың. Балақтан жабысар қауыпкелдік пен шауыпкелдікке ұрынбай, сарабдал да салиқалы сыншы, ғалым бола білдің. Ұрпаққа ұлағаты мол тәлім­герлік көркем шығармалар тудырып, өркениетті елдерге тән жасөспірімдерге арналған ақ жүріп, адал сөйлер ақылман әдебиетімізді қалыптас­тыруға айта қаларлық үлес қостың. Өмір танытқыштық парасаты, кісі танытқыштық пәтуасы, жігер қайрайтын рухани уыты мол кітаптар жаздың. Әдебиет базарының керексіз қоқысын емес, зәрулігі мол қазынасын көбейтістің. Береріңнен де, аларыңнан да көбі алда. Тәңір мен тағдыр алған бетіңнен адастырмасын. Алға баса бер!” деген ағалық пейілдегі пікірі Нұр­дәулеттің бұл бағыттағы еңбегін дәл ашып тұр ғой деп ойлаймын. Оның “Зұлмат жыл­дары қазақ прозасында” атты монографиясы мазмұнының тереңдігімен, ғылыми сарабдал ойларымен әдебиетшілердің назарын ау­дарды. Қазақ халқының басына төнген небір ғаламат қасіреттердің бірі 1932-1933 жыл­дардағы алапат ашаршылық. Осынау ауыр тақырыпты қазақ қаламгерлері қалай ашты, қандай көркемдік жетістіктерге жетті, нендей кемшілік, қандай айтылмаған мәселелері бар деген сияқты қадау-қадау сұрақтарға жауап іздеген еңбек дәлелді ойларымен тұжырымды шыққан. Ғалымның “Қазақ мемуарлық романы” атты докторлық еңбегі де осы жанрда жазылған романдардың басын біріктіре зерттеп, бірсыпыра қомақты ойларға, тосын тұжырымдарға тізгін береді. Ең әуелі мемуарлық роман дегеннің өзі не, оның жанрлық анықтамасы қандай болуы тиіс және қазақ мемуарлық романдары қандай түрлерге бөлінеді деген сияқты теориялық мәселелерді бір қаузап алып, өзімізге таныс шығармарлардың беймәлім қырларына үңілтеді. Менің өзіме, әсіресе, ұнаған тұсы – еліміз тәуелсіздік алғалы бері өмірге кел­ген мемуарлық шығармалардың табиғатын ашып, етінен сүйегін айырғандай етіп жі­ліктеп көрсете білгендігі. Көпшілігіміз көңіл бөле бермейтін, тіпті сыншы, әдебиеттанушы ағайындардың қырағы көздеріне іліне қоймаған көркемдік мәселелерін тамыр­шыдай таратып беруі зерттеушінің ғылыми әдіснаманы жүйелі түрде меңгере алғанын көрсетсе керек. Бір қызығы – Нұрдәулет Ақыш қай жанрда жазса, сол жанрдың табиғатына біржола еніп кетіп жазады. Нақтылап айтсақ, оның көркем шығармаларында журналис­тиканың лебі де болмайды, сол сияқты сын­шылығы мен ғалымдығына жазушылығы араласпайды. Ғылымда нақтылық, ал прозада бейнелілік керек екендігін айқын ажырата алатын қаламгерге тән мінез. Шамасы, жа­зушы Нұрдәулет ғылыми еңбек жазғанында өзінің жазушы екендігін былай ысырып қойып, өзінің ондай қырын ұмытып кететін сияқты. Әйтеуір қай жанрға да адал екендігі шығармашылық жауапкершілікті сезіне білгендігінің көрінісі болар. Біз танымал қалам иесіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, одан алдағы уақытта да нәрлі де әрлі дүниелер күтетінімізді еске сала кеткіміз келеді. Марат ТОҚАШБАЕВ, журналист-жазушы.