• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2010

Жақын да қашық Орынбор қаласында Алаш арыстары ардақталды

808 рет
көрсетілді

Қайран, Орынбор... Бүгінде бұл қала жөнінде әрқайсымызды әр­дай­­ым екіұдай сезім билейтіні хақ. Иә, бүгінде ол әр қазақ баласы үшін әрі жақын, әрі қашық қалаға айналған. Оны жанымызға айрықша жақын тұтатынымыз Ор­ын­бор XX ғасырдың алғашқы ши­ре­гінде Қазақ елінің алғашқы аста­на­сы атанды. Мұнда Алаш арыс­тары қазақтың дербес мемлекетін құру жөніндегі аяулы да асқақ мұраттарын паш етті. Қашық дейтініміз, Орынбор бізге, Қазақстанға жағрафиялық тұр­ғыдан жақын болғанымен ол қазір Ресейдің құрамында. Сон­дық­тан да бүгінде оған екі бірдей мем­лекеттің шекаралық тексе­ру­лерінен өтіп ба­рып жетесіз. Газеті­мізде бұған дейін хабарлан­ғанындай, өткен аптада сәрсенбінің сәтті күні Орынборда Алаш тари­хына арналған ескерткіш тақталар ашылды. Орынбордағы Пушкин көше­сін­де болып па едіңіз? Осындағы Алаш қайраткерлерінің ізі қалған ғима­рат­тарды көріп пе едіңіз? Қа­ланың қақ орталығында орналасқан бұл көше қазақ мемлекеттілігінің тарихына қа­тысты талай сырды бү­гіп жатқандай көрінеді. Міне, №39 үй. Әлі сынын да, сырын да бұз­ба­ған қалпында тұр. Осы үйдің күн­гей бетіне Алаш арыс­тарына ар­нал­ған ескерткіш тақта ілінген. Өйт­кені бұл еңселі үйде 1917 жылы бүкіл қазақтық бірінші және екінші съездер өткен. Әрі мұнда 1913-1918 жылдары Ахмет Байтұр­сы­нов, Міржақып Дулатов және Әли­хан Бөкейханов халық санасын ояту үшін “Қазақ” газетін шығарып тұрған. Бұл басылым қазақ даласын­дағы жағдайлар мен сол кездегі билік ты­нысын, оның оңды істері мен олқы істерін әрі тіл, әде­биет­та­ну тақы­рыптарына қатысты мате­риалдар жариялады. Мұның денін газет редакторы Ахмет Байтұр­сы­новтың өзі жазған. “Қазақта” жа­рия­ланған дүниелер ақиқатты ба­рынша ашық айта білуімін ерек­ше­ленгені баспасөз тарихынан белгілі. Сол кездің өзінде газет таралы­мы­ның сегіз мың данаға жетуі де он­ың азулы әрі мазмұнды болға­ны­нан хабар бере алады. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қа­растырғанда қазақтың либералдық-демократиялық сипаттағы алғашқы партиясы “Алаш” қайраткерлеріне Ресейде орнатылған ескерткіш тақ­та­лар екі елдің достығын одан әрі тереңдете түсуге септігін тигізбек. Бұл екі ел басшыларының ара­сын­дағы өзара түсіністік пен Ресей мен Қазақстанның тату-тәтті қарым-қатынастардың айқын айғағы. Та­рихты қастерлей білудің, көрші ел­дің өткеніне құрмет көрсетудің тап­тырмас үлгісі. Міне, осындай дос­тық пейіл мен сабақтастықты Ресей мен Қазақстандағы бүгінгі жас­тар­дың саналарына да сіңіре білуіміз керек. Аталған шараға байланысты сөйле­ген сөзінде Қазақстанның Ре­сей Фе­де­рациясындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Зауытбек Тұ­рысбеков өз ойын осылай сабақ­та­ды. Бұдан әрі Мәдениет минист­рі­нің орын­ба­сары Ғазиз Телебаев Ал­аш арыс­та­рының рухына көрсеткен құрметтері үшін Ресейдің атқарушы органдар бас­шыларына ризашы­лы­ғын ­жет­кіз­ді. Сонымен бірге бо­ла­шақта бұл маңды Достық гүлза­ры­на айналдыру жө­нінде пікір біл­дір­ді. Осынау ойлы ұсынысты Ор­ын­бор қаласының мэрі Юрий Ме­ще­ря­ков бірден қолдады. Ескерткіш тақ­талардың ашылу рәсімі кезінде ол былай деді. – Мұндай бірлескен шаралар екі бауырлас ел – Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы дос­тықты нығайта түседі. Мен Қара­ған­ды облысында туып өстім. Сон­дықтан да Қазақстан маған айрық­ша ыстық. Соның ішінде Ахмет Бай­тұрсынов­тай қазақ зиялылары­ның есімдерін мәңгі есте қалдыру шараларын бірлесіп атқару қастерлі парыз. Міне, бұдан жеті-сегіз ай бұ­рын қолға алынған шаралар ойда­ғы­дай аяқтал­ды. Оның іске асуы, жаңа Қазақ­стан­ның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұ­рыс­­беков айтып өткендей, екі елдің одан әрі жа­қын­дасуына қызмет етеді. Қос мем­ле­кет президенттері Дмитрий Медве­дев пен Нұр­сұл­тан На­зар­баевтың бізге тапсырып отыр­ғаны да осы. Орынбор облысының Қазақ­стан­мен шекарасы екі мың шақы­рым­­ға жуық. Біз Қазақстанның бір­неше об­лысымен шектесеміз. Соның ішінде Батыс Қазақстан об­лы­­сы­мен тығыз қарым-қатынас­т­а­­­­мыз. Әсі­ресе, Орал мен Орынбор қа­ла­ла­ры ара­сында жасалған келісімге сәйкес көп­теген жұмыстар атқа­ры­лып келе­ді. Бір-бірімізге жиі барып көкей­кес­ті мәселелерді бірге тал­қы­лап шешіп жүрміз. Бұл дәстүр алда­ғы уақытта да жалғаса бермек. Арада шай қайнатымдай уақыт өткенде Чичерин көшесіндегі №75 үйге ілінген тақтаның да жамыл­ғысы сы­пырылды. Бұл үйде 1913-1918 жыл­дары “Алаш” партия­сы­ның қа­быр­ғалы қайраткерлерінің бірі, қазақ тіл білімінің көш­бас­шысы, ұлттың ру­хани көсемі Ахмет Байтұрсынов тұр­ған. Осы арада айта кетерлік мәселе – қазақ қай­рат­керлеріне Орынборда орна­тыл­ған қос тақтаны да Алма­тыдағы “Қа­зреставрация” кәсіпорны жасаған. Түс ауа Орынбордың төріндегі Кеңестер үйінде “Ресей-Қазақстан қарым қатынасы: тарихи және қазіргі кезең” атты тақырыпта ал­қа­лы жиын өткізілді. Бұл бас­қо­суды Орынбор облысы губерна­то­рының бірінші орынбасары Ва­ле­рий Рогошкин ашып, сөз сөйледі. – Ресей мен Қазақстан ара­сын­дағы экономикалық байланыс пен гуманитарлық мәдени қарым-қатынастың қайырын Орынбор өңірі де көріп отыр. Орынбор облысын­дағы тауар айналымының үштен бір бөлігі Қазақстанның үле­сін­де. Ағым­дағы жылдың алғашқы тоғыз айында өзара сауда-саттық 2009 жылдың то­ғыз айымен салыс­тырғанда 25 пайыз­ға артып, бір миллиард АҚШ долла­рын құрады. Экономикалық инте­гра­ция қар­қы­ны да айтарлықтай. Мы­са­лы, 2010 жылы Орынбордың газ-хи­миялық кешенінде Қарашы­ғанақтан жө­нел­тілген 6,4 миллиард тек­ше метр табиғи газ бен 1,5 мил­лион тонна газ конденсаты өңделді. Қазақ­стан­дық инвесторлар соңғы бес жылда Ор­ынбор облысының эконо­ми­ка­сына 170 миллион доллар инвес­ти­ция салды, – деді вице-губернатор. Бұдан әрі ол бүгінгі таңда Ор­ынбор өлкесінде 126 мыңға жуық қазақ тұратынын айтты. Бұл облыс халқының 5,8 пайызы. Орынборда жергілікті қазақтардың 13 ұлттық мәдени бірлестігі тұрақты жұмыс іс­тейді. Мектептерде факульта­тив­тік сабақтар өтеді, үйірмелер бар. Қазақ тілі 35 мектепте оқытылады. Оған мыңға жуық жеткіншек қам­тыл­ған. Қазақ тілінде “Жаңа “Ай­қап” атты газет шығып тұрады. Қазақтың 1200 қыз-жігіті Орын­бор­дың іргелі білім ордаларында таң­даған мамандық­тарына сай білім алып жүр. Жиынды жүргізіп отырған Ор­ынбор облысы мәдениет, қо­ғамдық және сыртқы байланыстар ми­нис­трі Виктор Шориков төмендегідей жәйттерді баяндап берді. – Орынборда Ыбырай Ал­тын­сарин мен Әліби Жангелдиннің атында көшелер бар. Облыс бойын­ша қазақтардың 69 ұлттық-этно­гра­фиялық ансамблі құрылған. Сондай-ақ біз жыл са­й­ын қазақ күресінен жарыс өткізіп тұрамыз. Оған Орын­бор өңірін ме­кендеген барлық ұлт өкілдерінің ба­луандары білек сы­ба­нып қатысады. Бұдан соң “Ресей-Қазақстан қа­рым-қатынасы: тарихи және қазіргі кезең” атты алқалы жиынға қа­тыс­қан қазақстандық және ресейлік ға­лымдар “Алаш” партиясының та­рихы мен Алаш қайраткерлерінің мұ­раларын зерттеуді одан әрі те­рең­дету жөнінде өзара ой-пікір ал­масты. Жү­рек жылытарлық осындай ша­ра­лардан соң бізге Орын­бор бұ­рын­ғы­сынан да жақындай түскен­дей көрінді. Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,  журналист. Темір ҚҰСАЙЫН, Ресей Федерациясы, Орынбор облысы.