“Нұр Отан” ХДП Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қоғамдық және сарапшылық қолдау көрсету жұмысына, сондай-ақ аталмыш беделді Ұйымның маңызды өлшемдерін жүзеге асыруға барынша атсалысып келеді. Жыл басынан бері партия өкілдері халықаралық және республикалық деңгейде кең көлемде түрлі пікірсайыстар мен форумдар ұйымдастырып келсе, сенбі күні Алматыда ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында “Шиеленістен кейінгі жағдайды шешудегі ЕҚЫҰ тетіктері мен құралдары” тақырыбында өткізген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы сол шаралардың заңды жалғасындай болды.
Қырғызстаннан “Ар-Намыс”, “Ата-Мекен”, “Жасасын Қырғызстан”, “Ата-Жұрт” сияқты партия жетекшілері және Қазақстан мен Ресей сарапшылары, мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысқан басқосуды “Нұр Отан” ХДП хатшысы Ерлан Қарин ашып, жүргізіп отырды.
– Бүгінгі басқосуымыздың мақсаты – екі жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, қақтығыстардың алдын алуға бағытталған шараларды бекіту. Менің ойымша, мұндай кездесулер тек халықаралық байланысты күшейтіп қана қоймай, сондай-ақ азаматтық қауымдастықтар арасындағы келісімді дамытады, – дей келе, Е.Қарин еліміздің мәртебелі Ұйымға төрағалық аясындағы аймақтық шиеленістерді реттеудегі жетістіктеріне талдау жасады және әріптестерін ашық әңгімеге шақырды. Төсекте басы, төскейде малы қосылған көрші қырғыз ағайындарында қақтығыс орын алысымен еліміз алғашқылардың бірі болып, гуманитарлық көмек жіберіп, келіссөздер өткізуге бастамашылық танытқан болатын. Осыны ескерген қырғыз сарапшылары бүгінгі басқосуды пайдаланып, алғыстарын білдірді.
– Мен Қазақстанның осы кезге дейінгі жасаған қарышты қадамдары мен саяси шешімдерін жоғары бағалаймын, – деді “Ар-Намыс” партиясының төрағасы Феликс Кулов. – Оған ешкімнің дауы жоқ шығар. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен бір жылда Қазақ жұрты посткеңестік елдерде орын алған текетірестерді реттеу бағытында күш-жігер жұмсады. Сонымен қатар, Азия мен Еуропаның арасына бейбіт көпірдің қалыптасуына сеп болды.
Одан әрі қырғызстандық партия төрағасы бірінші күннен бастап Қазақстан өздеріне ағалық көмегін көрсеткенін, ең маңыздысы, Қазақстан тек көрші ретінде ғана емес, сондай-ақ ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де қақтығысты реттеуге барын салғанын, ол үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстары шексіз екенін, Қазақ елі басшысының Қырғызстанда тыныштық орнатуға айтарлықтай үлес қосып, әлі де көмегін аяп отырмағанын жеткізді. “Сіздерде өтетін ЕҚЫҰ Саммиті қазір орын алып жатқан көп мәселеге нүкте қояды. Сонымен қатар, саммитте тәжірибелік пікір алмасу мәселесі реттелмек. Бұл, әсіресе, біз үшін нақты бір саяси жүйе қалыптастырып, оны қолдануымызға жол ашпақ, деді Ф.Кулов.
Сондай-ақ, конференцияда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында аймақтық шиеленістерді реттеу ісіне қазақстандық тараптың қатысуы мәселесі талқыланып, аталған Ұйымның жауапкершілік кеңістігінде қақтығысты жағдайларды реттеудегі ЕҚЫҰ тәжірибесі мен әлеуетіне талдау жасалды. Осы тұрғыда Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандырудағы Қазақстанның және оның Көшбасшысы Н.Назарбаевтың рөлі мәселесіне айрықша мән берілді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелде бас қосқандар “экономикалық дереу көмек көрсету” тәсілін талқылады. Саяси сарапшылар болса: “Қырғыз еліндегі жағдайдың толық тұрақтануына әлі де нақты бір жүйе қажет. Дипломатиялық келеңсіздіктердің алдын алуға, шиеленістердің бейбіт түрде шешілуіне арнайы тетік керек, бұл мәселе алдағы саммитте түйінін тарқатады деп сенеміз”, деген ойларын ортаға салды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.