• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2010

Жоспарланған іс-шаралар толық жүзеге асырылды

555 рет
көрсетілді

Кеше үш күнге созылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Шолу конференциясы аяқталған соң, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов Шолу конференциясының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Алғашқы болып сөз алған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сының арнайы елшісі Константин Жигаловтың атап өтуінше, Ұйым­ның жоғары деңгейдегі саммиті осыдан он бір жыл бұрын Ыстамбұл қаласында өтті. Жетінші саммит жаңа мыңжылдықтың басында Ас­та­нада өткелі жатыр. Ал бүгін қоры­тындысы шығарылған Шолу кон­ференциясы табысты аяқталды. Онда Ұйымның үш өлшеміне байла­нысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды. – Ұйымның құрылымы мен функ­цияларына, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның қызмет үдерістерін күшейту туралы көптеген ұсыныстар мен пікір­лер айтылды, – деді ол. – Оның ішінде, Астана Саммитінің қорытынды құжатына қатысты ұсы­ныстар да бар. Шолу конферен­ция­сындағы ең басты нәтиже – Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы Астана Саммитінің қарсаңында өздерінің алған міндеттемелерін толықтай орындауға шынайы ниетте екендіктерін танытқандары болды. Астана Саммитінде сол нәтижелерге қол жеткізіледі деп ойлаймыз. Бұдан кейін Константин Жи­галов Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде жүзеге асырылған іс-шараларға тоқталды. Іс басындағы төрағаның арнайы елші­сінің тоқталып өтуінше, Қазақстан азаматтық қоғам институттарын да­мы­туға ерекше назар аударып келеді. Әсіресе, ол Қазақстанның Ұйымға төрағалығы барысында жан-жақты көрініс тапты. Бұған мысал ретінде елші 26 қарашада Азаматтық форум­ның жоғары деңгейде өткенін, кеше және бүгінгі өткен, өтетін жиындар негізінен осы үкіметтік емес ұйым­дардың жұмысына арналатынын келтірді. Ал ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо алдымен Шолу конференциясының не себеп­терден өткізілетініне тоқталды. Бас хатшының айтуынша, Ұйымға қа­тысушы мемлекеттер Ұйымның үш өлшемі аясында өздеріне алған мін­деттемелерін орындауы тиіс. Өйткені, міндеттемелер ЕҚЫҰ кеңістігінде бейбіт ынтымақтастық орнату арқы­лы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиімді. Сонымен қатар, қатысушы ел­дерде демократияны дамытып, аза­маттық қоғамды өрістетуде өзіндік рөл атқарады. Бас хатшы Марк Перрен де Бри­шамбо әрі қарай өз сөзіне 1975 жыл­ғы Хельсинки Қорытынды құжа­ты­нан бергі кезеңдердегі Ұйымның саммиттері мен шолу конференция­ла­рын арқау етті. М.П. де Бришам­бо­ның атап өткеніндей, осындай шолу конференцияларында айтылған ұсыныстар мен пікірлер жинақталып, солар арқылы Ұйым кеңістігіндегі елдердің үш өлшем аясындағы мін­деттемелеріне мониторинг жасалады. Шолу конференцияларын өткізу сол үшін қажет әрі пайдалы. ЕҚЫҰ сол себепті бірегей халықаралық Ұйым болып табылады. – Шолу конференция­лары­ның аса тиімділігі, – деп жалғастырды сөзін Бас хатшы, – оған азаматтық қо­ғам институттарының, үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдері де қатысып, ұсы­ныстарын ашық білдіреді. ЕҚЫҰ – бірегей халықара­лық Ұйым болғандықтан, оның жиындарында мем­ле­кет­тік басқарудың тиімділігін арттыруға, қару-жараққа бақылау жасауға, басқа да өткір мәселелерге байла­ныс­ты мәселелер қарасты­ры­ла­ды. Ал Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Шолу кон­ференциясына көптеген үкіметтік емес ұйымдардың қатысуына бар­лық жағдай жасағаны жиын ке­зінде айқын көрініп тұрды. Қа­зақстан биылғы жылы өзінің төрағалығында жоспарла­ған іс-шаралардың барлығын жоғары деңгейде табысты жүзеге асырды. Бұдан кейін ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбо мен Ұйымның Іс басындағы төрағасы­ның арнайы елшісі К.Жигалов БАҚ өкілдері та­рапынан қой­ыл­ған сұрақ­тар­ға нақты және тұщымды жауап­тар қай­тар­ды. Түркия агенттігінің тілшісі ке­лесі жылдың екінші жар­ты­сынан бастап ЕҚЫҰ Бас хатшы­сының өкілеттік мерзімі аяқта­ла­тынын, қазіргі Бас хатшы Бас хат­шылық лауазымға Түркия өкілінің кандидатурасына қолдау көрсетуге қалай қарайтынын сұрады. Бас хатшы М.П. де Бришам­боның жауабы нақты және қысқа болды. “Ұйымның қазіргі Бас хат­шысы және Ұйымның болашақ­та­ғы Бас хатшысы бейтарап жағдай ұштануы, сондай-ақ ақиқатшыл болуы тиіс, – деді ол. – Бұл лауа­зым­ға үміткерлер ЕҚЫҰ-ның елшілерінің ұсынуы бойынша таңдалады, талқыланады. Бас хат­шы консенсустық негізде сайла­нады. Сондықтан да ол жекелеген елдердің емес, Ұйым кеңістігіндегі барлық елдердің мүддесі үшін қыз­мет етеді. Ал түркиялық үміткерді жақсы танимын, біз 12 жылдан бері бірге жұмыс істейміз, әрі доспыз”. Келесі сұрақ Ұйымды рефор­ма­лау туралы қойылды. ЕҚЫҰ Бас хатшысының жауабына қа­рағанда, ЕҚЫҰ конституциялық Ұйым емес, әрі заңды тұлға болып са­налмайды. Біраздан бері бұл қа­растырылып жатыр. Қазіргі кезде бұл мәселе бойынша консенсус жоқ. Ал Константин Жигаловтың мәлім етуінше, осы мәселе Шолу конференциясында да көтерілді. Ұйымның жарғысы да болуы керек. Аталған мәселелерді Қазақ­стан да көтерген болатын. Баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ-ны Еуроатлантикалық-Еур­азиялық ұйымға айнал­дыру жөнінде де айтылды. Бас хатшы М.П. де Бри­шам­бо бұған қолдау білдіретін­дігін атап көрсетті. Оның сө­зіне қарағанда, ЕҚЫҰ Азия кеңістігіне баса назар ауда­рып отыр. Енді бір-екі күн­нен соң, Астанаға Ұйымға мүше елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері келе бастайды. Бұл Қазақстанды әлемге жаңа қырынан танытады, бұл олардың Астананы тануына мүмкіндік береді. Өйткені, Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғастыратын көпір болып табылады. Журналистер тарапынан Таулы Қарабақ проблема­сы­на байланысты да сұрақ қойыл­ды. Баспасөз мәс­лиха­тын өт­кізушілердің пікірін­ше, Таулы Қарабаққа қатысты Армения мен Әзірбайжан арасын­дағы ұзаққа созылған жанжалды бейбіт жолмен реттуде соңғы жылдары ілгері басушылық бар. Әсіресе, Минск тобына үлкен үміт артылып отыр. Ал Қазақстан Ұйым­ға төраға ретінде алғашқы сапарын Әзірбайжан мен Арме­ниядан бастады. Бұл ресми Аста­наның ұзаққа созылған жан­жал­дарды бейбіт жолмен реттеуге деген шынайы ұмтылысын, нақты ұстанымын білдіреді.