• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2010

Талғар шыңындай табыс тілейміз

515 рет
көрсетілді

Нақ ертең, сәрсенбінің сәтті күні елі­міз­дің қонақжай төрі бүкіләлемдік державалар мен халықаралық қоғам­дастықтар, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер үшін айқара ашылмақ. Сөй­тіп, бұдан он бір жыл бұрын өткен Ыстам­бұл форумының сабақтасқан жалғасындай болып Жетінші Астана Саммитінің өз жұмысын бастауы бүкіл қазақстандықтармен бірге, біздің талғарлықтарды да ерекше мерейлендіріп, үлкен қуанышқа бөлеуде. Елордамыз тағы да бітімгершілік идеялар мен тағдыршешті ой-жоспарларды тербетіп тудырар алтын бесіктей бейбітшілік пен ізгілікті іске асыру мақсатын көздеген әртүрлі саяси көзқарас­тар өкілдерін өз төңірегіне топтастырып, біріктіре түспек. Астана әлемдік өркениеттер тартылы­сы­ның кіндігі сынды үнқатысу алаңына ай­на­лып, барлық әлемдік жалаулар байтағымыз­дың көгінде асқақтай желбіреуде. Мұның өзі еліміздің, ең алдымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделінің жарқын көрінісі. Қазақстанның табыстары алпыстан астам әлемдік көшбасшыларды ЕҚЫҰ мұраттары мен міндеттерінің төңі­ре­гіне біріктіре алған Елбасы тұлғасымен ажы­рамас байланыста. Осы орайда Ұлт Көшбас­шысы, әріден толғайтын кең ауқымды сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев республикамызды бұрын болмаған биік деңгейге көтеріп, барлық елдер Қазақстанды Орталық Азия республикаларының ішіндегі ең ілгері кеткен озық ел, халықаралық қатынастардың тең құқықты әрі әділетшіл субъектісі деп есептейтін болды. 2010 жыл біздің Талғар өңірі үшін де мәнді оқиғалармен дараланған толымды жыл болуда. Өйткені, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер­дің алдын ала кездесулері біздің аудан аума­ғын­дағы, Іле Алатауы баурайындағы “Ақбұ­лақ” спорттық-сауықтыру кешенінде өткені мәлім. Нақ осы арада биылғы жылдың шілдесінде табиғаттың тамаша қойнауына әлемнің 56 елінің өкілдері ЕҚЫҰ Мем­лекеттері басшыларының Жетінші Саммитін өткізу жөнінде мәселе талқылап, ел үшін тағ­дыршешті шешім қабылдау үшін жинал­ған болатын. Сол кезде Алматы қаласы мен Алматы облысына келген барлық елдердің мәртебелі министрлері талқыланған мәсе­лелер бойынша, соның ішінде алдағы сам­миттің өткізілер орны мен уақытын белгілеп бекіту туралы пікірлері үйлесіп, мырза пейілге ырза көңілмен аттанған еді. Бұған қасиетті Талғар өңірінің көрікті табиғаты, тұнық ауасы, кәусар суы, адами рия­сыздығы, үнқатысудың үлгілі өткізілуі де септігін тигізбей қалмаған болар деп ой­лай­мын. Сөйтіп, осының бәрі алқалы жиынның ақтығында толымды мәуесін беріп, саяси ауқымды шараны өткізу орайындағы біздің еліміздің мерейін үстем еткен-ді. Мен сая­сат­кер болмасам да, еліміздің әлемдегі тұ­рақ­тылықты сақтау, демократияның терең­дей түсуі жолындағы қажырлы еңбегін жан-жүрегіммен сезінемін. Адамзаттың ортақ құндылықтары мәселелері бойынша саяси үнқатысуды біздің еліміздің жолға қоюы бір жағынан мақтанышқа бөлейді. Қақтығыс­тар­дың алдын алу және реттестіру, қауіп­сіз­дікті бірінші кезекке шығару арқылы еліміздің бейбітсүйгіштігі, ізгілікті саясаты әлемге таныла түсті. Астана Саммиті алмағайып әлемдегі ЕҚЫҰ-ның орны мен рөліне жаңа көзқарас философиясын орнықтырып, соның өзі Ұйымға қатысушы барлық елдер үшін құн­дылықтың бір бағдарына айналатындығына сенім зор. Қауіпсіздік мәселелері, Ауған­стан­дағы ахуал, толеранттылық тақырыбы саммитті мазмұнды ете түспек. Адамдық өлшемдер күн тәртібіндегі өзекті тақырып болып отырған­дығы да ғажап. Соның ая­сындағы гуманитар­лық өлшемдер жөніндегі бірінші қосымша кеңес гендерлік тепе-теңдіктің ілгерілеуіне, әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге қатысу мәселесіне арналмақ. Сондай-ақ Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құ­қықтары жөніндегі бюросының әйелдердің мемлекеттік құрылымдарға қатысуын ұлғай­ту жөніндегі бағдарламасына демеушілік етуі де аса құптарлық жәйт. Біздің еліміз мемлекеттік дамудың ірге­тасы ретінде тұрақтылық пен өркендеу үлгі­сін танытуда. Осы тұрақтылықты бекітіп ны­ғайтуда өзінің жағрафиялық орналасуы һәм геосаяси ілкімділігімен басымдыққа ие болып отырған біздің өңіріміз де елеулі рөл атқаруда деп айта аламыз. Оңтүстік астана­ның айнымас серігі деп есептелетін Талғар өңірінде Елбасының халыққа Жолдауында айтылған міндеттері орайымен іске асы­рылуда, сыртқы және ішкі саясаттың тұрақ­тылығын нығайтуға бағытталған қадамдар бірауыздан қолдау табуда. Ауданымыз қуатты стратегиялық және инвестициялық әлеуетке ие, көркем табиғаты туристік бизнес үшін де тартымды. Жақында оның аумағынан Қытайға қарай газ құбыры және Жетіген-Қорғас жаңа темір жол тармағы өтпек. Көз жауын алған Мұз сарайымен қоса, “Ақбұлақ” тау шаңғысы дем­алыс кешенінің бітімі бірегей дей аламыз. Алдағы Азиадаға дайындық аясында шаңғы-биатлон кешені қатарға қосылуда. Көп ұзамай Әскери кадет корпусы пай­да­лануға берілмекші. Түрік-қазақ лицейінің бірінші тасы қаланды, заманауи медицина­лық стационар тұрғызылуда, елді мекендерді түгел қамтитын газдандыру басталды. Иә, біз татулық пен тыныштық, өзара сый­ластық пен түсіністік қанат жайған қа­сиет­ті мекенде өмір сүрудеміз. Осы ретте елі­міздің саяси мәртебесінің әлемдік дең­гейде танылуы жасампаздық табыстары­мыз­дың гүлтәжіндей болып көрінеді дер едім. ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың мұндайлық то­лым­ды мәреге жетуі мерейлендіреді. Отанымыз­дың осыншалық мәртебелі халықаралық Ұйымға басшылық етуі бәріміз үшін бақыт. Биылғы жыл да мәреге таяп қалды. Оның сәтті аяқталуы бір жағынан Қазақстан төрағалығының сәттілігіне байланысты деп сеніммен айтуға болады. Игіліктер көбейіп, ұзақ мерзімге арналған жақсы жоралғылар молая түскендігі қуантады. Астана Сам­ми­тінен күтер үмітіміз де көп. Бұл саммит Қа­зақ­стан төрағалығының Талғардай биік шыңы болғалы тұрғаны да рас. Содан тара­ған шуақты сезімдер, парасатты пайымдар біздің Талғар ауданындағы қалың қауымның жүрегіне нұр болып ұялары сөзсіз. Бұл жағдай талғарлықтардың да тасы ілгері өр­леуіне, оң өзгерістерге ұмтылуына шарапа­тын тигізері анық. Демек, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және бейбітшілікті сақтауға талғарлықтар да өз үлесін қоса бермек. Олар үшін ЕҚЫҰ мен Қазақстан ұғымдары жаңа көкжиектер, жаңа мүмкіндіктер деген сөз. Олай болса, Астана Саммитіне Талғар шыңындай толағай табыс тілеуіміз орынды болмақ деп білемін. Талғат ӨМІРӘЛИЕВ, Талғар ауданының әкімі. Алматы облысы.